«білім берудегі 4к моделі: теория мен әдістеме» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік



Pdf көрінісі
бет8/138
Дата08.10.2023
өлшемі2.86 Mb.
#480116
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   138
Bilim-berudegi-4K-zhina-y

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. 
Оразбаева Ф.Ш., Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. – Алматы: Print-S, 2005. – 170 б.
2. 
Шелякин М.А. Функциональная грамматика русского языка. – М., 2001. 
3. 
Кобрина Н.А.Понятийные категории и их реализация в языке. – Л., 1989.–46 с. 
4. 
Мещанинов И.И. Понятийное категории в языке // Гр. ВИИЯ.- Москва, 1945, №1.–С.7. 
5. 
Проблемы функциональной грамматики: категории морфологии и синтаксиса (коллективный труд). – 
Санкт-Петербург, 2000. – 305 с. 
 


13 
«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫНАН 
 
Г.Ж. Орда 
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., проф. 
Қазіргі таңда мектеп оқушыларына арналған «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» оқулығы – 
білім саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл – заңды құбылыс. Басқа 
пәндерге қарағанда тіл мен әдебиеттің ұлт болашағын қалыптастыруға қосар үлесі шексіз. 
Сондықтан қай дәуірде де әдебиет төңірегінде қызу айтыс-тартыстардың жүріп жатуы 
құптарлық.
ХХ ғасыр басында қызу айтыс-тартыс қоғамның әр саласында кең етек жайған десек, 
идеология майданында да осы көрініске кезігеміз. Қазақстан топырағында 1922-1923 
жылдардан бастап «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет», «Ақ жол», 
«Шолпан», «Темір қазық», «Сана», «Лениншіл жас» секілді баспасөздерде әдебиет мәселесі 
кең талқылауға түсті. Осы талқылау кезінде көркем әдебиет төңірегіндегі шиеленіскен 
айтыстарға қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері белсене араласты. Әдеби айтыстар әдеби мұраға 
деген көзқарастан өрбіді. Сондай-ақ, әдеби мұраға қалай қару керек, қазақ әдебиеті қай 
бағытта даму керек, ақын кім, ол кімнен үлгі алу керек, қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар? 
т.б. өзекті мәселелер қарастырылды. Бұл айтысқа әдебиеттің майталмандары ғана емес, ұлт 
болашағын ойлайтын, көзі қарақты жандардардың барлығы дерлік түгел араласты.
Сол тұста А.Құнанбаев, Ә.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, 
Қ.Кемеңгерұлы сынды ақын-жазушылар «байшыл», «ұлтшыл» атанып, оларға қазақ халқының 
тұрмыс-тіршілігін шынайы суреттегені үшін кеңес өкіметіне қарсы деген солақай сындар 
тағылды. Баспасөзде жарияланған пікірлерге қарағанда Абайдың өзіне кеңес өкіметіне қарсы 
деген сын айтылған. Таптық көзқараспен ұлы ақын Абай шығармалары өткір сынға түсіп 
жатқанда басқа ұлтшылдарға деген көзқарас тіптен нашар еді.
Білім саласы үшін өткен ғасырдың қырқыншы жылдары тарихта «сойқанды жылдар» деп 
атанды. Оны партизан жазушы Ә.Шәріповтің «Сойқанды жылдар» атты деректі хикаясынан 
оқуға болады. Бұл шығармаға майдангердің майдан даласындағы емес, Оқу министрлігінде 
(халық комиссариатында) қызмет еткен жылдарындағы аты шулы айтыс-тартыстар негіз 
болған. Ол өзі куә болған оқиғаларды өзгеріссіз, шынайы қалпында баяндаған. Сондықтан да 
мұнда өмірде болған адамдар мен нақты оқиғалар таратыла сөз болады. Жекелеген оқиғаларды 
баяндау барысында Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы 
П.К.Пономаренко, Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің 
орынбасары Гаврилов Журин, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Ташенов, 
Орталық партия комитетінің үгіт-насихат және мектеп бөлімінің меңгерушісі Храмков сынды 
басшылардың толымды бейнесі жасалды.
Әди Шәріпов 1944-1958 жылдары – Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары, 1958-1963 
жылдары – Қазақ ССР Оқу министрі қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында 
басқыншы жаумен күрескен ол бейбіт өмірде оқу-ағарту саласында да үлкен күрескерлікпен 
танылды. Бүкіл елді алаңдатқан 1947 жылғы «Қазақ Ғылым академиясының Тіл және әдебиет 
институтының өрескел саяси қателері туралы» Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің аты 
шулы қаулысы ұлттық мұраларымызға қауіп төндіргені белгілі. Ал, осы қаулыға тікелей жауап 
беретін Оқу министрінің мектеп жұмысын басқаратын орынбасары екені айтпаса да түсінікті. 
Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған Храмков «кертартпа, ұлтшыл 
ақын» саналған Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Дулат және Ғұмар Қарашев сияқты ақындарды 
мектеп оқулықтарынан алып тастауды талап етеді. Ә.Шәріпов басқарған Оқу-методикалық 
кеңестің С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Қ.Жармағанбетов, Ә.Сыздықов, Н.Сауранбаев, 
С.Аманжолов, С.Кеңесбаев тәрізді мүшелері оларды түгел алып тастауға болмайтындығын 
ескеріп, шығармаларын ашықтан-ашық сынап айту керек дегенге тоқтайды. 


14 
Осы тұста коммунист Ә.Шәріпов партияның шешіміне қарсы шығып: «Әр халықтың 
әдебиетінде екі түрлі ағым болады. Қазақ әдебиетінде кертартпа, оған қарсы прогрессивтік 
бағыт болды. Сондықтан біз екі түрлі ағымдағы әдебиетті қарама-қарсы қойып талдаймыз», – 
деген пікірді бетке ұстап, оларды түгелдей алып тастауға болмайтындығын дәлелдеп, 
табандап тұрып алады. Бірақ Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов сынды авторларды мектеп 
оқулығында қалдыруға шамасы жетпей дал болады. Тұрақты авторларынан айрылған тұста 
Әдекең тағы бір батырлыққа барып, 1951 жылы орта мектептің ҮІІІ-ІХ сыныптарына арналған 
«Қазақ әдебиеті» оқулығын «Редакциясын басқарған – М.Ғабдуллин» деп шығарып жібереді. 
Екі батырдың осы ерлігін ол кезде баспада редактор болып жұмыс істеген Тұрсынбек Кәкішев 
«Қамқоршы» деген естелігінде тарата айтқан болатын. Қ.Жұмалиевтің аты-жөні алынып 
тасталғанмен, оқулық мазмұны сол қалпында қалғандықтан Әдекең бұл ерлігі үшін жауап 
берді. Басшылық осындай өрескел қателікке барған, «Оқу құралдарының авторларын дұрыс 
іріктеп алмаған» баспа директоры Әбу Сәрсенбаевты қызметтен босатады. Сонымен бірге 
тексеру комиссиясы мектеп оқулықтарына «И.Маманов, Ш.Кәрібаев, Ә.Шәріпов, Ғ.Бегалиев, 
С.Кеңесбаев сияқты тағы басқа ірі байлардың балалары авторлардың құрамында әлі жүр» 
деген айып тағады. Қырағы партияның қудалауына іліккен Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиевтер істі 
болып, М.Әуезов Москва университетіне, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, С.Кеңесбаев сияқты 
белгілі ғалымдар қызметтерінен босап, жер аударылды. 
Мектеп оқулықтарының тұрақты авторларынан айырылған соң, жас авторларды 
дайындауға бел шеше кіріскен Ә.Шәріпов сол тұста әдебиетке белсене араласып жүрген 
З.Қабдолов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Б.Сахариев тәрізді жастарды оқулық 
жазуға тартады. Аға буын өкілдерінің жаппай қуғын-сүргінін көрген бұл буынға заманның, 
қоғамның өзі үлкен міндет жүктеді. Сондықтан бұлардың авторлығы ұзақ сақталып, ХХ 
ғасырдың екінші жартысы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мектеп оқулықтарында 
қалды.
Қазіргі таңда мектеп оқулықтары үнемі сынға ұшырап жатады. Оның басты себебі – 
авторларының тәжірибесіздігі. Біз мектеп оқулығының авторларын тұрақтандыруда Әди 
Шәріповтің әдісін қолданғанымыз жөн. Оның өзі іріктеп алған, өзі тәрбиелеп шығарған 
авторлары не себепті 50-60 жыл мектеп оқулығына автор болғанын жадымызда ұстауымыз 
керек.
Қиын-қыстау заманда, 40-50 жылдары жазылған 10-сынып оқулығына үңіліп көрелік. 1948 
тұңғыш рет Ғ.Мүсірепов, Х.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, С.Сейітовтардың қатысуымен Қазақ 
ССР Оқу Министрлігі бекіткен орта мектептің 10-сыныбына арналған оқу құралы жарық 
көрді. Аталған кітаптың құрылымы «Кіріспе», «Максим Горький», «Қазақ совет әдебиетінің 
негізгі өсу кезеңдері», «Жамбыл Жабаев», «Сәбит Мұқанов», «Мұхтар Әуезов», «Ғабит 
Мүсірепов», «Асқар Тоқмағамбетов», «Туысқан республикалар әдебиетінен» деген 
тараушалардан тұрады. Бұл оқулық білім нәрінен сусап отырған халық үшін баға жетпес 
құрал болды. Бірақ осындай зәру еңбекті үш жылдан кейін Орталық Партия Комитеті қайта 
жауып тастады. 1949 жылы «Қазақ совет әдебиетінің очеркі» шықты.
Жоғарыдағы оқулыққа тыйым салған соң, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, С.Қирабаев сынды 
жаңа авторлардың құрастыруымен ІХ сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» атты оқу құралы 
жарық көрді. 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы президумы мәжілісінің қаулысы 
бойынша белгілі ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқановтардың басшылығымен М.Базарбаев 
(Е.Лизунова, А.Нұрқатов, Х.Сайкиев, С.Сейітовтармен бірге) жоғарыда аты аталған оқу 
құралын жазатын авторлардың құрамына енді. Оқулық жазуға араласқан жас әдебиетшілердің 
ішінен М.Базарбаевтың (Т.Беисов, Б.Сахариев,) алғашқылардың бірі болып жазған 10-класқа 
арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы 1954 жылы жарық көрді. Бұл оқулықтың талап-
тілекке сай жазылғандығын 1986 жылға дейін 11 рет қайта басылғанынан да көруге болады. 
1966 жылдан бастап (1986 жылға дейін) Т.Беисовтың орнына 9-сыныптың оқулығын жазуда 
көзге түскен жас маман С.Қирабаев тартылды. Толықтырылып, түзетілген осы оқулық 1989 
жылы 11 класқа арналып қайта жазылды да, 1994 жылға дейін басылып отырды.


15 
М.Базарбаев, Т.Беисов, Б.Сахариевтардың қатысуымен қайта жазылған орта мектептің 10-
класына арналған оқулықтың құрылымы басқаша. Бұл оқулық «Кіріспе», «Максим Горький», 
«Азамат соғысы және халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуіріндегі әдебиет», «Алғашқы 
бесжылдықтар дәуіріндегі әдебиет», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет», «Соғыстан 
кейінгі құрылыс дәуіріндегі әдебиет», «Жамбыл Жабаев», «Сәбит Мұқанов», «Мұхтар 
Әуезов», «Ғабит Мүсірепов», «Ғабиден Мұстафин», «Тайыр Жароков», «ССРО халықтарының 
әдебиеті» деген үлкен-үлкен бірнеше тарауға бөлінді. Әрбір тарау өз ішінен бірнеше 
тараушаларға бөліне отырып сөз болды. Екінші оқулықта алғашқы оқулықтағы «Асқар 
Тоқмағамбетов» тарауы қысқаруға түсіп, оның орнына «Ғабиден Мұстафин», «Тайыр 
Жароков» деген жаңа тараулар қосылған.
Еліміз егемендік алғаннан кейін 1994 жылы жоғарыда аталған оқулық 11-сыныпқа арналып 
қайта жазылды. Бұл жылдары оқулық жазуға Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, 
Р.Нұрғалиев сынды авторлар тартылды.
Бұл оқулықтың негізгі жетістігі – сексенінші жылдардың соңында ақталған алаш 
әдебиетімен толығуы. Әдебиеттің тұтастай бір дәуірі жаңа есімдермен толықты. Мектеп 
оқушыларына арналған оқулықта ХХ ғасыр әдебиеті үлкен екі кезеңге бөлініп зерттелген. 
«Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет» атты шолу тарау беріледі де сол кезең 
әдебиетінің А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, 
І.Жансүгіров сынды ірі-ірі өкілдеріне монографиялық тараулар арналған. «Соғыс кезеңі мен 
онан кейінгі жылдардағы әдебиет» атты шолудан кейін осы дәуір әдебиетінің көрнекті 
өкілдері Ж.Жабаев, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерге монографиялық 
тараулар арналған. «Қазіргі әдебиет пен сын», «Рухани байланыс» тарауларында қазіргі 
әдебиеттің жай-күйінен біршама хабар беріледі.
Бүгінгі таңда 10-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығында қалыптасқан осы үрдіс өзгеше 
сипат алып отыр. Ұзақ жылдар бойы әр дәуірге қатысты шолу тараулар мен сол дәуір 
әдебиетіне ерекше үлес қосқан көрнекті қаламгерлердің шығармашылық портреттері 
жасалды. Ондағы мақсат – әр дәуір әдебиетінің негізгі ерекшеліктері мен жетістіктерін 
түсіндіру болатын. Қазіргі таңда біз осы үрдістен айырылып қалып отырмыз. Блум 
таксономиясын негізге алған білім жүйесі саннан сапаға қарай өзгерді. Осының салдарынан 
көзі қарақты жандар мектепте қазақ әдебиетінің тарихы оқылмайтын болды деп дабыл қағуда. 
Осы тығырықтан шығу мақсатында осыған дейінгі бағдарламалардың артықшылықтары мен 
кемшіліктерін ескере отырып, «Жалпы және негізгі орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен 
әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған желілік Абай 
мектептерінің 5-11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған 
мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы» жасалды.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының 
жоғарыдағы айтылып өткен бағдарламалардан өзгешелігі бар екендігін айта кетуімізге 
болады. 5-9 сыныпта «Әдебиеттік оқу» негізге алынса, 10-11 сыныпта «Қазақ әдебиетінің» 
тарихи курсы оқытылады. 5-9 сынып аралығында І тоқсанда ауыз әдебиеті үлгілері, ежелгі 
дәуір әдебиеті, шешендік өнер, хандық дәуір әдебиеті; ІІ тоқсанда ХІХ ғасыр әдебиеті; ІІІ 
тоқсанда ұлттық әдебиеттің «Алтын дәуірі» атанған ХХ ғасыр әдебиеті; ІҮ тоқсанда қазіргі 
қазақ әдебиеті, дәлірек айтсақ соңғы отыз жыл тұсында жазылған тәуелсіздік дәуір әдебиетін 
оқыту көзделіп отыр.
Бұған дейінгі оқулықтарда сақталған шолу тарауларды 10-11 сыныпта «Қазақ әдебиетінің» 
тарихи курсын оқытқанда жүзеге асыратын боламыз. 10-сыныптың І тоқсанында «ХІХ ғасыр 
әдебиеті», ІІ тоқсанда «ХХ ғасыр басындағы әдебиет», ІІІ тоқсанда «1920-1940 жылдардағы 
әдебиет»,
ІҮ тоқсанда «1950-1960 жылдар әдебиеті»; 11-сыныптың І тоқсанында «1960-1980 жылдар 
әдебиеті», ІІ тоқсанында «1990 жылдар әдебиеті»,
ІІІ тоқсанында «Тәуелсіздік жылдар әдебиеті», ІҮ тоқсанында «ХХІ ғасыр әдебиеті» 
оқытылатын болады.


16 
Блум тоаксономиясындағы қарапайымнан күрделіге қарай оқыту, шиыршық әдістері 
мұнда да сақталып отыр, біздің тарапымыздан қосылған әдебиетті дәуірмен хронология 
бойынша оқыту және шолу тараулар беру. Орта сынып оқушыларына шағын жанрлар 
оқытылса, жоғары сыныптарда кең құлашты эпикалық жанрлар (роман, поэма) оқытылатын 
болады. Мұнда шиыршық әдісін хронология бойынша жүзеге асырғалы отырмыз. Сондықтан 
да 5-9 сынып аралығында барлық тоқсан бір ізбен оқытылмақ.
Оқытудың мақсат-мінждеттері де біршама жетілдірілді. Қолданыстағы оқу мақсаттары 
«Түсіну және жауап беру», «Анализ бен интерпретация», «Бағалау және салыстыру» деп 
жүйеленсе, жаңа бағдарламада «Оқу және түсіну», «Талдау және жинақтау», «Бағалау 
(салыстыру) және шығармашылық (өнім)», сонымен қатар, дағдыларды қалыптастыратын 
бөлімшелерден құралған. Бағдарламаның бұл бөлімі пән бойынша оқу мақсаттарынан тұрады. 
1. «Оқу және түсіну» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады: 
1) пайымдап, мәнерлеп, талдап оқу (сөздің, сөз оралымдарының мәнін ашу, мәтіндегі 
қолданысын анықтау); 
2) шығарма үзінділерімен жұмыс; 
3) шығармадағы өзекті мәселе, идеялық мазмұн; 
4) интерпретация (ауызша, жазбаша).
2. 
«Талдау және жинақтау» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады: 
1) 
әдеби шығарманың композициялық құрылымы
2) 
көркем шығарманың образдар жүйесі, типтік характер; 
3) 
көркем шығарманың тілі, стилі; 
4)
көркемдік тәсілдер. 
3. «Бағалау (салыстыру) және шығармашылық (өнім)» бөлімі келесі бөлімшелерден 
тұрады: 
1)
шығармадағы тарихи шындық және көркемдік шешім; 
2)
рухани және көркем-эстетикалық құндылығы; 
3)
әдеби шығармашылық; 
4)
әдеби сын. 
Қорыта айтқанда, осы бағдарлама бойынша оқыған әрбір оқушы ұлттық әдебиеттің арғы-
бергі тарихынан мол мағлұмат алатын болады. Бағдарламаның мақсаты – сөз өнеріне деген 
оқушылардың қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетке өз үлесін қоса алатын 
шығармашылық иесін тәрбиелеу, қоғамда өзіндік орны бар, мемлекеттің дамуына өз үлесін 
қоса алатын тұлға қалыптастыру. Осы мақсатты жүзеге асыру – шәкірт тәрбиелеген әрбір 
ұстаздың міндеті. Абай желілі мектептерінен білім алатын әр баланың Қазақ мемлекетін 
дамытуға үлес қосатынына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, әр қазақ үміт 
артуда. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет