БІРЫҢҒАЙ ТОЛЫҚТАУЫШТАРДЫҢ ЛЕКСИКА- ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
А.М. Әділбек, ф.ғ.к., доцент
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ., Қазақстан
Ана тілі аясы: тіл мен әдебиет теориясы және лингводидактика мәселелері республикалық ғылыми-теориялық және әдістемелік конференция материалдары. – Астана: ЕҰУ 2012 б.б.
Адильбек А.М. – к.ф.н., доцент
Кафедра практического казахского языка ФФ ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, ул.Мунайтпасова 5
e-mail: amangul_a69@mail.ru; корпоративная почта: kafedra_kaz@enu.kz
Аннотация В статье расcматриваются лексика-грамматические особенности однородных дополонении в прозе С.Сейфуллина.
Adilbek A.M. – Candidate of Philology Sciences
Department of practical Kazakh Language, Faculty of Philology, L.N.Gumilyev Eurasian National University, 5 Munaitspasova street. e-mail: amangul_a69@mail.ru; Email: Adilbek_am@enu.kz
Abstract. The article deals with lexical grammar peculiarities of similar objects in the works of S.Seifullin
Кілт сөздер: Сейфуллин, проза, толықтауыш, лексика-грамматика, ерекшелік
Жай сөйлемдердің іргесін кеңейтіп, оларды жайылмаға айналдыратын тұрлаусыз мүшелердің бірі - бірыңғай толықтауыштар.
Қазақ тіл білімінде алғаш рет А.Байтұрсынұлы өзінің «Тіл тағылымы» деген еңбегінде: «Толықтауыш деп нәрсе, амалын, болмысын толықтыру үшін айтылатын сөзді айтамыз. Солай болған соң, толықтауыш көбінесе баяндауышты толықтау үшін айтылатын сөйлем мүшесі болып шығады»,- деп жазады [1, 279 б.]. Тіл білімінде бірыңғай толықтауыштарға мынадай анықтама беріледі: «Бұлар сөйлемдегі қызметіне, байланысына қарай бастауыш пен баяндауыштың маңына топталып, алдымен соларға қатысты болып тұрады. Бірыңғай толықтауыштар өзінің қатысты болатын сөзінің (көбінесе етістіктің) мағынасына заттық (обьектілік) мағына үстеп, етістік арқылы айтылған баяндауышты я басқа мүшені әр жағынан айқындап толықтырады» [2, 72 б.]. Демек, бірыңғай толықтауыштар өзінің мазмұнына сай, сөйлемде баяндауышқа қатысты болып, онымен барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері жалғауларының бірінде байланысады. Бірыңғай толықтауыштар мағынасына және синтаксистік қызметіне қарай тура және жанама болып екі топқа бөлінеді. Тура және жанама бірыңғай толықтауыштар жай сөйлемдердің көлемін ұлғайтып, жайылмаландырып отырады.
Бірыңғай тура толықтауыштар заттың қимылын, іс-әрекетін білдіретін сабақты етістіктермен тығыз байланыста болады. Сабақты етістікті қажет етіп, оны ілестіре жұмсалатын бірыңғай тура толықтауыштар табыс септігінің жалғауында тұрады. Демек, табыс септігі жалғауында тұрған бірыңғай тура толықтауыштар зат есім, заттанған сөз таптары, есімше, тұйық етістік тұлғаларында қолданылады. Мысалы:
Болысты, тілмашты шақырып әрең деп тоқтаттық (Тар жол тайғақ кешу, 31 б.).
Милиция кімді, нені қорғамақ (Жер қазғандар, 82 б.).
Қолға түскен жақсы-жайсаңды, мықтыларды талай бастаған (Тар жол тайғақ кешу, 201 б.).
Алаш шешендері газеттерінің беттерінде большевиктерді сөгуді, жамандауды үдетіп жатты (Тар жол тайғақ кешу, 13 б.).
Не айтқанымды, не қойғанымды қазір өзім де білмеймін (Жер қазғандар, 87 б.).
Осы сөйлемдердегі бірыңғай тура толықтауыштар қызметінде зат есімдер (болысты, тілмашты), есімдіктер (кімді, нені), сын есімдер (жақсы-жайсаңды, мықтыларды), тұйық етістіктер (сөгуді, жамандауды) қолданылып тұр.
Тура толықтауыштардың жалғаулы, жалғаусыз болып келетіндігі жөнінде түрлі көзқарастар қалыптасқан. Көпшілік ғалымдар бірыңғай тура толықтауыштардың жалғаулы, жалғаусыз жұмсалу себебін, белгілілік, белгісіздік төңірегінде түсіндіреді. Ғалым М.Балақаев былай пайымдайды: «Сөздердің тура толықтауыш қызметінде үнемі жалғаулы болуының негізгі себебі олардың мағыналық мазмұнының белгілі болуында емес, ол сөздердің синтаксистік негізгі қызметінің өзгешелігінде болу керек. Олар арнаулы бастауыштар, олар сөйлем ішінде толықтауыш қызметінде айтылғанда бастауыш болып кетпеу үшін, синтаксистік қызметі айқын болу үшін әр уақытта толықтауыштың формалық белгісін, табыс жалғауын сырттан қабылдап тұрады» [3, 151 б.]. Яғни, сөйлем ішінде обьектілік мағынасы анық сөздер бірыңғай тура толықтауыш қызметінде жалғаусыз айтылады. Ғалым тұжырымына сүйене отырып, мынадай мысалдар келтіреміз. Мысалы:
Өз киімдерімізді алып, жаман кенептен жасаған түрменің көйлек, дамбалын берді (Тар жол тайғақ кешу, 350 б.).
Найза, сойылдарын төндіріп үшеуі де оңтайланған (Айша, 107 б.).
1. Сөйлемдегі тура толықтауыш болып тұрған сөздерге логикалық екпін түссе олар жалғаулы түрінде жұмсалады:
Ойды, қырды, даланы теп-тегіс тұтасып қаптаған қою жасыл қалың шөп дүниені қаптаған жасыл теңіз тәрізденді (Тар жол тайғақ кешу, 205 б.).
2. Кісі аттары бірыңғай тура толықтауыштар қызметінде жұмсалса оларға табыс жалғауы жалғанады:
Тәшібайдың үлкен құба үйіне Баймағамбетті, Иса молданы, Әріпті, Қамбарды, Жапарды түсірген (Сол жылдарда, 293 б).
3. Мағынасы абстракт туынды зат есімдерден болған бірыңғай тура толықтауыштар көбінесе жалғаулы болады:
Батырлығы мен ақылдылығын таршылықта көрсеткен адамға кісі бас имес пе? (Тар жол тайғақ кешу, 406 б.)
Ілиястың кедейлігін, жалаңаштығын, аштығын айттым (Тар жол тайғақ кешу, 398 б.).
-
Тәуелдік жалғауы жалғанған сөздер бірыңғай тура
толықтауыштар қызметінде қолданылғанда әрқашан табыс жалғауы жалғанады:
Мойынымды, кеудемді, белімді ауыр салмақ шанаға жаныштай түседі (Тар жол тайғақ кешу, 382 б.).
-
Бірыңғай тура толықтауыштар қызметінде қолданылған зат есімдер қос сөздер болып келгенде олар әрдайым жалғаулы болады:
Азық-түлікті, киім-кешектерді қолмен ала бастады (Тар жол тайғақ кешу, 397 б.).
Бәрінің үсті-бастарын, бет-ауыздарын қап-қара қылып тас көмір күйесі басқан (Жер қазғандар, 319 б.).
Сонымен, бірыңғай тура толықтауыштар өзі қатысты сөздерден алыс тұрса, әрдайым жалғаулы, ал сол сөзбен қатар келсе кейде жалғаулы, кейде жалғаусыз жұмсалады.
Қазақ тілінде кейбір грамматикалық тұлғалар сөйлем ішінде грамматикалық көрсеткішсіз нөлдік тұлғада жұмсалады. Нөлдік форма көбінесе түбір сөздермен тұлғалас болып келеді. Жалғаулардың түсіріліп қолданылуы нөлдік тұлға жайында профессор Н.Оралбаева: «Қосымшалардың тиісті орында бірде қолданылып, бірде қолданылмауы кездейсоқ бірлі - жарым құбылыстарға жатпайтыны анық. Қосымшалардың контексте түсіп қалуының да өзіндік заңдылықтары бар, қосымшаларды кез келген жерде түсіріп айта беруге болады»,- десе, [4, 24 б.] ғалым Ы.Маманов қазақ тіліндегі мынадай грамматикалық тұлғалардың нөлдік қосымшада жұмсалатынын атап көрсетеді:
-
ілік септік
-
табыс септік
-
бұйрық райдың ІІ жақ жекеше түрі
-
барыс, шығыс септіктері (сирек кездеседі) [5, 24 б.] .
Қазақ тіліндегі септік жалғауларының нөлдік тұлғада да, қосымшалы тұлғада да қолданылатынын Ж.Балтабаева жалпылық, белгісіздік мағынаны білдіруімен байланысты деп зерттеу еңбегінде дәлелдеген [6, 170 б.].
Демек, обьектіні білдіретін бірыңғай тура толықтауыштар да сөйлем ішінде нөлдік формада жұмсала береді. Сондай-ақ түркі тілдерінің зерттеушілері табыс септігінің нөлдік тұлғасын атау септігімен тең дәрежеде қарастырып, бұларды белгісіз септік дейді. Табыс септігінің нөлдік формасы түбір сөз тұлғасындағы атау септігімен бірдей екені рас, бірақ атау септігі сөйлемде бастауыш қызметін атқарады, ал табыс септігі болса тура толықтауыш қызметінде қолданылады. Сонымен табыс септігінің нөлдік тұлғасы ойды қысқа айтуға, жазуда орынды үнемдеуге қызмет етеді. Мысалы:
Жастардың көбі айбалта, найза, қанжар соқтырып жатыр (Тар жол тайғақ кешу, 40 б.).
Бұлар бізге нан мен май әкеп кенелтті (Тар жол тайғақ кешу, 293 б.).
Мысалдардағы нөлдік тұлғалы бірыңғай тура толықтауыштар абстрактілі обьектіге байланысты жалғаусыз қолданылған.
Тіл білімінде бірыңғай жанама толықтауыштар деп барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, сабақты және салт етістіктердің жанама обьектісі болатын бірыңғай жанама толықтауыштарды айтады. Олар бірыңғай тура толықтауыштар сияқты сабақты етістікпен ғана байланыста болмай, салт етістікпен де айтылып, олардың мазмұнын толықтырып отырады. Бірыңғай жанама толықтауыштар қызметінде зат есімдер және заттанған сөз таптары қолданылады.
1. Зат есімдерден жасалған бірыңғай жанама толықтауыштар:
Хандарға, патшаларға қарсы большевиктерден қорғамақ (Тар жол тайғақ кешу, 135 б.).
2. Зат есімнен басқа сан есім, сын есім, етістік, есімше, тұйық етістік тұлғасындағы сөздер де заттанып барып бірыңғай жанама толықтауыштар қызметінде жұмсалады. Мысалы:
Жастары отызға, қырыққа келген (Жер қазғандар, 57 б.).
Күнде бестен, оннан кісі өліп тұрады (Тар жол тайғақ кешу, 32 б.).
Жасына, үлкеніне біртүрлі меңіреу күш біткен (Жемістер, 402 б.).
Нанның тәуірін жегенінше майды ауруларға, әлсіздерге береміз (Тар жол тайғақ кешу, 307 б.).
Құтырған қасқыр именуден, ойланудан кетеді (Тар жол тайғақ кешу, 414 б.).
Бірыңғай жанама толықтауыштар жасауға негіз болатын барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері сөйлемде әр түрлі синтаксистік қатынаста айтылуына байланысты бірыңғай жанама толықтауыштардың мағыналары да әр түрлі болып келеді. Зат есім және заттанған басқа да сөз таптары барыс септік жалғауында тұрып, іс-қимылдың жанама обьектісін білдірумен бірге оның орнын, бағытын, кімге, неге арналғанын да білдіреді. Мысалы:
Омбыдағы достарға, таныстарға хат жазбақ болдық (Тар жол тайғақ кешу, 283 б.).
Иісіне, түсіне жер астында жүріп жұмыс қылатын жұмыскерлер әбден үйренген (Жер қазғандар, 102 б.).
Семейдегі «Алашорда», «Сарыарқа» газетіне телеграммалар соқты.
Әскер жасауға, үкімет құруға қарсы сөз болған жоқ (Тар жол тайғақ кешу, 173 б.).
Бұл сөйлемдердегі барыс жалғаулы бірыңғай жанама толықтауыштардың басты мағыналары іс - қимылдың кімге, неге арналғанын (туысқандарымызға, достарымызға; иісіне, түсіне), бағытын («Алаш», «Сарыарқа» газетіне), мақсатын (әскер жасауға, үкімет құруға;) білдіріп тұр. Кейде барыс септігі бірыңғай толықтауыштарға тікелей, кейде тәуелденген бірыңғай толықтауыштардың әрқайсысына жеке-жеке жалғанады. Мысалы:
Шалтай тілмашқа, Исатайға, Жайлаубекке қарап қойып сөйледі (Сол жылдарда, 353 б.).
Омбыдағы Мұқанға, Жанайдарға хат жазып салдым (Тар жол тайғақ кешу, 356 б.).
Мәсенді мен де көзге, мұрынға періп-періп жібердім (Жер қазғандар,
53 б.).
Туғандарымызға, достарымызға қашу шартын айттық (Тар жол тайғақ кешу, 235 б.).
Мылтықтарына, бөріктеріне қызыл шүберек байлаған (Сол жылдарда, 399 б.).
Жатыс септік жалғаулы бірыңғай жанама толықтауыштар зат есім және заттанған басқа да сөз таптарынан жасалып, іс-әрекет жайылған обьектіні, заттың орнын білдіреді:
Әрбір сөйлеген сөздерінде, үнінде, қимылдарында ылғи ірілігін көрсетуге тырысады (Тар жол тайғақ кешу, 466 б.).
Маңдай шашында, қабағында аппақ қырау (Тар жол тайғақ кешу,
39 б.).
Тоғыз ай қапаста, қамауда, қараңғыда болдық (Тар жол тайғақ кешу, 319 б.).
Шығыс септігіндегі бірыңғай жанама толықтауыштарды салт және сабақты етістіктер меңгеретін болғандықтан, олардың мағыналық шеңбері, қолданылу өрісі кең болады. Мысалы:
Момын жұртты малынан, жерінен түңілтті (Тар жол тайғақ кешу,
422 б.).
Естен, ақылдан айрылған қалың надан тобыр сәйгел қуалаған сиырдай (Тар жол тайғақ кешу, 210 б.).
Ғайни екі солдаттың арам түрінен, дыбысынан арам ниеттерін сезді (Сол жылдарда, 399 б.).
Өзеннің бойында жар, ши, шұқанақ, томарлардан басқа паналайтын ешнәрсе жоқ (Айша, 210 б.).
Ертең қалалық жаңа уездік комитет сайланғанда әр халықтан, әр таптан, әр қауымнан, әр ұйымнан кісілер бірдей кіреді екен (Тар жол тайғақ кешу, 56 б.).
Сонымен шығыс септігі бірыңғай жанама толықтауыш қызметінде жұмсалып қимыл-қозғалыстың қандай обьектінің маңында болғанын, себебін білдіріп тұрады.
Көмектес септік жалғаулы бірыңғай жанама толықтауыштар іс-әрекет иесінің басқа субьектімен ортақтас болғанын, орындалу құралын, заттың ерекше белгісін білдіреді.Мысалы:
Танабай балаларымен, малайымен өзінің қырдағы жылқысына бет түзеп келе жатты (Жемістер, 410 б.).
Маңдай терін жеңдерімен, қолдарымен сүртті (Жер қазғандар, 27 б.).
Нілді, Спасскі, Қарағанды заводтарымен қатынасымыз жиіленіп, байланысымыз күшейді (Тар жол тайғақ кешу, 177 б.).
Кейде көмектес жалғаулы бірыңғай жанама толықтауыштар сөз тіркесінен жасалып, күрделеніп те айтылады:
Ертеңінде тағы да көксоқта болып еріген қармен, көлкіген сумен, сазданған жермен малтығып тағы да ауыр азап көрдік ( Тар жол тайғақ кешу, 372 б.).
Қорыта келе, қазақ тіліндегі бірыңғай толықтауыштар туралы мынадай тұжырымдар жасауға болады. Бірыңғай толықтауыштар мағынасына қарай тура және жанама бірыңғай толықтауыштар, құрамына қарай дара және күрделі бірыңғай толықтауыштар болып бөлінеді. Олар сөйлемнің басқа да бірыңғай мүшелері сияқты барлығы ортақ бір баяндауышқа бағынып салаласа байланысады, олардың жалғаулықты түрі де, интонация арқылы санамалап байланысу түрі де кездеседі. Бірыңғай тура толықтауыштар табыс септік жалғауымен де, табыс септік жалғауынсыз нөлдік тұлғада да жұмсалады.
Әдебиет:
1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992. – 448 б.
2. Шаяхметова М. Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері. – Алматы, 1980. – 103 б.
3. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі. – Алматы, 1987. – 272 б.
4. Оралбаева Н. Сөзді қосымшасыз қолданудың сыры // Сөз өнері. – Алматы, 1978. – Б. 24-27.
5. Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2007. – 488 б.
6. Оралбаева Н. Сөзді қосымшасыз қолданудың сыры // Сөз өнері. – Алматы, 1978. – Б. 24-27.
Достарыңызбен бөлісу: |