ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІ
ДАМЫТУ ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫС БӨЛІМІ
БІЗ – ҚАЗАҚ,
ЕЖЕЛДЕН ЕРКІНДІК АҢСАҒАН
(Әдістемелік жинақ)
СЕМЕЙ - 2010
Кіріспе
Тәуелсіздік! Ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздік! Тәуелсіздік жолында халқымыздың басынан нелер оқиғалар өтпеді! Халық қамы үшін қан кешіп, құрбан болған ерлеріміз қаншама!
Өткен ғасырлардағы, үстіміздегі ғасырдың басындағы қанды шайқастар, ірілі-ұсақты небір көтерілістер, ең ақырғысы тарихқа «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енген, кейіннен «Желтоқсан» ұлт-азаттық көтерілісі деген бағаға ие болған.1986 жылғы жастар мен студенттердің жанкештілігі, тәуелсіздікке қан төгіссіз бейбіт жолмен қол жеткізу үшін арпалысқан ел ағаларының ерен ерліктері халық санасынан өшер ме?!
Тарихымызда ерекше орны бар, бәріміз куәсі болған халқымыздың қасіреті мен ар намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған бұл оқиғаның алғашқы құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджановаларды еске алып, олардың рухына тағзым ету парызымыз.
Халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен аға апаларымыздың ерлігін насихаттай отырып, сіздерге пайдасы тиер деген ниетпен «Біз – қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты көмекші құралды ұсынып отырмын. Құрал бірнеше тараудан тұрады. «Желтоқсан құрбандары» тарауында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджановалардың өнегелі өмірі мен азаматтық істері баяндалған. «Желтоқсан желі – ызғарлы» атты тарихи кеште өткізілетін кештің жобасы, жоспары берілген. «Қазақстан – елім менің» атты инттеллектуалдық ойын ұйымдастыруды ұсынамын.
Тәуелсіздік күніне қатысты кештеріңіздің мазмұнды өтуіне сәттілік тілеймін!
МАЗМҰНЫ
-
Кіріспе
-
«Желтоқсан құрбандары»
(Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мухамеджанова,
Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова)
-
«Желтоқсан желі – ызғарлы» /Тарихи кеш/
-
«Қазақстан – елім менің» /Интеллектуалдық ойын/
ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВ
Қайрат Рысқұлбеков 1966-жылы 13-наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде дүниеге келді. Қайрат 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылына орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып сегіз жылдық білім алды. Мектепте сабақты жақсы үлгеріп, кластан класқа емтихансыз көшіп отырды. Қоғамдық жүмыстарға белсене аралаласып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды.
Ал 1981-1983 жылдары Бірліктегі бұрынғы Киров атыңдағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істеді.
1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласыңда әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986-жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. 1986-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның бас тізгіні қайдағы біреуге тапсырылуына бейбіт наразылық білдірген жастар мен студенттерге қосылып, Орталық алаңға шығып, шеруге қатысты.
Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, айуандықпен тепкілеп, кейбіреулерін, тіпті, қаныпезерлікпен көк мұзға отырғызуға дейін барды.
Міне, осылай оспадар-озбырлыққа шыдамаған, ана қауымын пір тұтып сыйлап өскен ер-намысты жігіттер қыздарға араша түсіп "бұзық" атанды. Араша түскендердің бел ортасында жүргеңдердің бірі Қайрат еді. Қайрат рухына байланысты өткізіліп жүрген шаралардан қалыспай, ақ ниетті тілегімен құран, дұғаларын аруағына бағыштаумен жүрген ауыл молдасы Абас Смайылов ақсақал былай дейді:
- Біз 1977- жылдары "Көктерек" совхозының Көлтабан бөлімшесіне көшіп келген едік. Қайраттың ата-анасы бізбен көрші тұратын. Бала-шағалары көп еді. Анасы Дәметкен сауыншы болатын да, әкесі Ноғайбай көбіне бақташылық жұмыстар атқарды. Менің кіші қызым Раушанкүлмен жастары шамалас болғандықтан ба, Қайрат біздің үйге жиі келіп тұратын. Сол кездері-ақ үлкенді-кішілі бауырлары кір-қожалақ болып жүргенде, не бары он жастағы Қайрат мұнтаздай таза да, әдемі де, сүйкімді қалпынан таймайтын. Басқа балаларға қарағанда өзгеше де бөлек жаралғанын сонда-ақ байқаған болатынмын. Және де балғын жастығына қарамастан үлкен адамдарша байыпты сөйлей алатындығына қызығатынбыз. Әйелім Резван да іші тарта жақсы көріп, ол келгенде әрдайым тәттілері мен бауырсақтарын ұсынатын...
Қайратты Төле би ауылыңдағы С. Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқытқан ұстазы Александра Михайловна Поласкалина былай дейді:
- Қайрат өте тәртіпті, үлгілі оқушы еді. Өзім оны ерекше жақсы көретінмін. Мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына ұсынған мен болатынмын. Қаралы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қайрат ұсталыпты деген хабарды естігенде, оның "бұзық әрекеттерге барғанына" менің жүрегім сенген жоқ. Қайраттың ақ екендігін қызметтес әріптестеріме талай рет айттым да...
(1991-жылы қараша айыңда Қайраттың әкесі Ноғайбай Рысқұлбековпен бірге қатысқан мектеп-интернаттың ұстаздары мен шәкірттерінің кездесу жиынында айтылған әңгімеден).
Қайраттың кластас құрбысы Сәлима Исаева:
- 3-сыныптан 8 жылдықты бітіргенше Шу ауданы, Төле би ауылындағы С. Шәкіров атындағы мектеп-интернатта Қайратпен бірге оқыдым. Бұл оқу орны негізінен Мойынқұм мен Шу ауданы малшыларының балаларына арналған еді. Сол кезде бірге оқыған кластас құрбыларымның ішінде Қайрат ерекше дараланатын. Мен келгенде ол 3-сыныптың командирі екен. Алғашында байқағаным Қайрат бұзықтау бала болып көрінді. Жүре келе ол бұзық емес, келеңсіз жайларға шыдамай жаны күйзелсе, бар ойын кімге болса да ашық та батыл айта салатын жан екендігін көрсетті. Өжет те қайсар болатын. Бізбен Қадиша деген қыз оқыған еді. Сол қыз шашын тарамай, сабалақ-сабалақ болып, бет-аузының кірін де жумай сабаққа келе беретін. "Іздегенге сұраған" демекші, мен де тазалық тексергіш-санитарка болып сайланған едім.
- Әй, сені де санитарка дейді ғой, неғып ана Қадишаның шашын таратып, қолының күсін жуғызбайсың?- деп, менің де жанымды шығаратын.
Ол кезде мұғалімнің бетіне қарап сөйлеуге жүрексінетінбіз. Ал Қайрат болса, класс жетекшінің өзіне де қаймықпай:
- Тәтей, ана Қадишаның түріне қаранызшы, "таза жүр" деп, айтпасаңыз, соның қолының кірінен жиіркеніп, тамақты да дұрыс іше алмаймыз,- деп тіке айтатын...
Қайраттың қызықты қылықтарының бірі: кей балалар екілік алғандарында дәптерлерін, күнделіктерін жыртып, лақтырып жіберетін. Сол оқушылардың туыстары келгенде, Қайрат жаңағылардан бұрын алдынан шығып, олардың іс-әрекеттерін бұрынырақ жеткізетін. Әрине, тәртіп бұзғандар өкпелейтін. Бірақ Қайрат олардың да өкпелерін тез тарқататын. Оның тағы бір қасиеті - қолында барын бөліп беретін жомарттығы мен ақ көңілдігі. Бір жағынан, Қайрат адам баласына, әсіресе жапа шеге, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкентайымнан әкемнің туған апайының қолында өскенмін. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уақыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интернаттың басшылары бір күні оқушыларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отырған шығар деп, көңілім әбден құлази мұңайып қалдым. Бұл 6-сынапта болатын. Сол кезде Қайрат менің қасыма келіп:
- Сәлима сен бұған ренжіме, бұл киімдерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ретінде беріп отыр ғой,-деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес.
Сондай-ақ, Қайрат замандастарымен хат жазысып тұрғанды да ұнататын. Тіптен Кореяның, Германияның, Монғолияның пионерлерінен жиі-жиі хат алып тұратын.
Қайрат 1-сынаптан бастап бірге оқыған Гүләйім Құттыбековамен жыр шумақтарын жарыса жазысатын да, бірге талқыласатын. Қайрат болса, өз шығармаларын көбіне көпшілікке көрсетуге ұялатын. Ал Гүләйім керісінше, жазған өлеңдерін түрлі жиындарда да, жайшылықта да оқып беретін...
Сегіз жылдықты тамамдаған соң, мен - Мойынқұмға, Қайрат туған ауылы Бірліктегі орта мектепке орналасқаннан кейін де хабарласып жүрдік. 1984-жылы Қайрат Армия қатарына шақырылғанда, "қыздардың жолы жіңішкелігінен" аттап кете алмай, қоштасып шығарып сала алмадық. 1986-жылы мамырда Азаматтық борышын өтеп, ауылға оралғанын, кешікпей өз күшімен Алматыдағы сәулет-құрылыс институтына оқуға қабылданғанын естігенмін. Шыңдығын айтқанымда, сонау балғын шақтардан бастап-ақ Қайрат пен Гүлайым бір-бірін ұнататын. Гүлайым Қарағандыдағы жоғарғы оқу орныңда оқып жүргенде де Қайратпен хат алысып, хабарласып тұрған еді. Кейінгі хабар ошарларды тек Гүлайым арқылы біліп жүрдім.
1986-жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатынасып, "Қайрат адам өлтіріпті дегенде, жағамызды ұстап, өз құлағымызға өзіміз сенбей, есеңгіреп қалдық... Ал Қайрат қайтыс болды дегеңде, бәріміз дерлік қан жылап, қасіретті қайғыға ұрындық.
Әсіресе қаралы қаза Гүләйімнің жас жүрегін жаралап, өте ауыр дертке ұрынған халде қалды... Сондай қайғылы халде күйзеле жүрген шағында Қайраттың рухына мынадай өлең шығарыпты:
Ұзын да емес, қысқа да емес, ортамын,
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын.
Қанды қақпан қармағына іліккен,
Қайрат құрбым, торқа болсын топырағың!
Ерлігіне қуанам да сүйінем,
Қайрат құрбым, рухына мен иілем.
Бәйшешектің солғанына аһ ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.
Жыр шашатын жүрегің де тілінді,
Есімің де ел аузына ілінді.
Тіршілікте елеусіз боп жүрдің де,
Көз жұмған соң, кім екенің біліңді.
Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің ұстазы Ажар Әбжапарқызы Кененбаева:
- Қайрат бұл мектепте 9-10 кластарда оқыды. 2 жылғы класс жетекшілігімде оның мінезінің қыр-сырын толық білдім деп айта алмаймын. Бірақ Қайраттың мінезі салмақты, әр нәрсеге байыппен қарайтынын байқап едім.
Гитарада ойнайтын, өлеңде шығаратын. Суретті де жақсы салатын. Парталас құрбыларының арасында сыйлы, беделді болды. Өзіне тапсырылып, міндеттелген қоғамдық жұмыстарды дер кезінде орыңдайтын. Мереке күңдеріне орай шығарылатын газеттерді әсемдеп, сурет салып, өз өлеңдерін қоса жариялайтын. Спортпен шұғылдануды ұнататын. Сондықтан орта бойлы, денесі шымыр сомдалып, иықтылау болды. Ауданаралық дәрежедегі футбол жарыстарыңда әрдайым озат ойыншылар қатарыңда көзге түсетін. Көп балалы от басында тәрбиеленгендіктен бе, Қайрат көпшіл, шыншыл, әділ еді...
1987-жылдың көктеміне қарай болу керек, әкесі Ноғайбай аға біздің мектепке келіп: "Ажар, сен 2 жыл Қайратты оқыттың ғой, оның қаңдай екенін білетін шығарсың. Мінездеме қажет болып тұр -деген еді. Жоғарғыдай мағынада үлгілі қасиеттерін көрсете жазып, мектептің сол кездегі директоры Тәжібай Сүйімбековке мөр бастыруға әкелгенімде, онымен танысқаннан кейін: "Мектептің атынан мұндай мақтау құжат жіберуге болмайды",- деп жыртып тастады. Тәжекен де жоғарғылардан жалтақтаған шығар. Ноғайбай ағай мұңая күйзеліп, екі иығы салбырап шығып кетті...
Шіркін, Қайрат егер тірі болғанда, қазақтың аяулы азаматы болып өсер еді...
Мен 1980-жылдары "Көктерек" совхозыңда сүт таситын машинаны жүргізетінмін. Сол кездерде Қайрат Шу ауданы Төле би ауылыңдағы мектеп-интернатта оқитын. Жексенбі күңдері ауылға келгеңде, Таудағы ата-анасына көбіне менің автокөлігіммен қатынайтын. Бүгін есімде қалғаны: Қайрат анау-мынау тентек балаларға қосылмай, жеке дара жүргенді ұнататын. Мінезі сабырлы да салмақты еді. Жастайынан әскер қатарына шақырылғанша, бақташы әкесі мен сауыншы анасына әрдайым қолғабыс жәрдемін көрсетіп, еңбекке араласатынын жиі байқайтынмын.
Қайрат қайтыс болған соң, 1988-жылы жазға салым, жылжымалы моншамен таудағы малшыларға барып қалғанымда, анасы Дәметкенге көңіл айта отырып:
- Алланың жазуы осы шығар, көп мұңая бермеңіз. Ұзамай шыңдық орнау керек. Колбин кеткен соң көрерсіз әлі, Қайраттарды ақтап, оларға батыр атақтарын береді, деген болатынмын. Құдайдың өзі аузыма салды ма, ерекше бір рухани күш айтқызғаңдай халде едім...
Қайраттың ауылдағы құрбысы Айнаш Омарова:
- Өзіміз құралқы жастар бұрынырақтарда аңда-санда мереке күңдерін ойын-сауық ретіңде бір үйге жиналып атап өтетінбіз. Біз сол тамашаларға Қайрат қатынасса ғана баратынбыз. Ол кештің еш жанжалсыз, қызықты-тартымды өтуіне ықпал ететін. Қайрат ішімдікке жоламайтын, жеңіл-желпі қызып алған ер балалардан қорғай жүріп, қыздардың барлығын дерлік үйді-үйлеріне өзі-ақ ерінбей-жалықпай жеткізіп салатын...
Көп балалы ана Келімжанова Маржангүл: - Қайрат Киров атындағы орта мектепте егіз ұл-қызым Асқар, Гаухармен бірге оқып еді. Біздің үйге жиі келіп тұратын және өте кішіпейіл, бауырмашыл болатын. Мені ылғи "мама"деп атайтын. Отбасымызға соңғы рет 1986-жылы 10-желтоқсаңда келіп Асқарды әскерге шығарып салды. Көп ұзамай-ақ жаңа жылда Қайратты ұстап алып кетті деп естідік те, таңқалдық. "4000 сом берсе, түрмеден шығарып алуға болады екен",- деген хабарды ести сала, өзімен бірге оқыған ұл-қыздарды, жора-жолдастарымен ақылдастыра отырып, ақша жинай бастадық. Шамасы келгендері 100 сомнан, арты 50 сомнан берді. Қаражат жинауға Тұмақбаев Амангелді, Тұмақбаева Алтын, Құлбаев Берік, Шілдебаев Нұрлыбай, Бояубаев Сатай, Әйтішев Жұмақан, Тұрынбаева Гүләйім, т.б. белсене көмектесті. Бүгін де Жамбыл облыстық ауруханада тіс дәрігері болып қызмет істейтін қызым Гаухар қаржы жинаса, Армия қатарындағы Асқардың орнына өзім 100 сом қостым. Қайраттың құрбы-жолдастары Талжігітов Мейірхан - жүргізуші, Алматыда ҚАЗМУ-де оқитын Исадыков Нұрлан және Арғымбекова Жасұландар жиналған қаражатты Алматыға апарып, Қайратқа жолыға алмай, анасы Дәметкенге табыстаған.
Сол 40 шақты жора- жиналған ақшаны алып баратын балаларға, қаржы бергендердің тізімін ақ қағазға қызыл бояумен жазып, терезеден Қайраттың өзіне көрсетіңдер деп едім, ол ойым іске аспады.
Жас боздақтың өміріне араша түсе алмағанымыздың өкініші есіме түссе, осы күнге дейін өзегім өртенеді. Ғ. Насыров (ол кезде студент):
- Марқұм Қайрат Рысқұлбековтің алаңда жиналғаңдарға: "Жігіттер, үш күнге шыдадық. Үш күн ішінде біздің даусымыз «Біріккен Ұлттар Ұйымына жетеді!» деген жан дауысы әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді.
"Атамекен" газетінен 12 желтоқсан 1991-жыл. Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева:
- Қайраттың мінезінің қаңдай екеңдігін туған анасы мен тұрмақ, жора-жолдастары және ұстаздармен қатар бүкіл ауылымыздың халқы бес саусақтай біледі. Басқа ұл-қыздарымнан ерекшелігі: ол ақ жарқын да ақ пейілді, ешкімнің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасыңда үлгілі де қадірлі болатын.
Жоғарғыдай мінездемелер мен деректерді ой сарабына салып таразылағаңда, мәртебелі мырзалармен олардың жағымпаз жандай Қасіретті Желтоқсан оқиғасының бар ауыртпалықтары мен "бәле-жаласын" он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын Қайратқа арқалатып, оны қаралап қана қоймай, өміріне қастандық жасауын ойласақ, жан түршігеді.
1987-жылы 21- мамырда Қайраттың қайтыс болғанын "Америка дауысы" Радиохабарламасынан естіген белгілі құсбегі Жапар Сатылғанов қапалана отырып, "Қайрат қайтыс болғанда" атты өлеңін дүниеге келтіреді. Бірақ жалтақ сарашылардың арқасында бұл шығарма кезінде жарық көрмеген еді.
Асанова Ләззат Алтынайқызы (27.07.70 Алматы обл. Панфилов ауд. Ақжазық а.25.12.86 Алматы) - Желтоқсан көтерілісінің құрбаны.1985ж. Алматыда П.Чайковский атынд. муз. уч-щеге оқуға түскен. Алматыда 1986 ж 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп-төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа алаңға алғашқы ереуілшілер қатарында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген ұранмен шықты.Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін басқа да ұсталған 87 адам қатарында Алматыға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылып, қамауға алынды. 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қ-нда болған оқиға түпкілікті баға беру жөнінде респ. Жоғ. Кеңесінің Төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф.Игнатовтың мәлеметтеріне қарағанда Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін муз. уч-ще жатақханасынан табылғанда, ол туралы «жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген » деген қауесет таратылған . Осыған қарамастан мәйіті Алматы обл. Панфилов ауд-ндағы Ақжазық кентіне Ішкі істер министірлігі мен Мемл.қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жуып, аруланған кезде оның екі білегіне салынған темір бұғаудың қалдырған көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталды. Осыған қарағанда ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ғана Асанова жөніндегі шындық қалпына келтіріле бастады. Ләззаттың ерлігіне арналған ән, ол жөнінде баспасөз беттерінде ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері жарық көрді.
Cыпатаев Ербол Мұқажанұлы (10.03.1964 ж. Алматы облысы Панфилов ауданының еңбекші ауылы - 23.12.1986 ж. Алматы) – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1981-1982 жылдары Кеңшарда жүргізуші болып істеді. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1985 жылы Алматыдағы энергетика институтына оқуға түсті. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. 18 желтоқсан күні ауыр жараланып ауруханаға түсіп, сонда қайтыс болды. Мәйітін ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана Сыпатаев жөніндегі шындық айтыла бастады. Ол туралы баспасөз беттерінде, Желтоқсан көтерілісіне байланысты жарық көрген жинақтар мен кітаптарда жазылды.
Сабира Мухамеджанова
Желтоқсан оқиғасының тағы бір қызғалдақ құрбаны-Сабира Мухамеджанова. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылындағы Ленин жолы атындағы 8 жылдық мектепті үздік бітірді, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты, осы арқылы мұғалімдер мен оқушылар арасында зор беделге ие болды.1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітірісімен, Өскемен қаласында мұғалімдер даярлайтын оқу орнының қазақ бөлімінде оқиды. 1986 жылдың 19 желтоқсанында Өскемен қаласындағы әмбебап дүкенінің маңайына жиналған жастар Алматы оқиғасының шындығын білуге, ізгі-тілек, ниетін білдіруге барған. 16-желтоқсан күні өткен жиналысқа анасымен бірге барған Сабира атып тұрды Ол: (Саңқ-саңқ етіп)
-Бәріне кінәлі мен. Алаңға мен үгіттеп апардым .Оларды оқу орнынан қумандар. Шеруді де мен ұйымдастырдым, -деп таймастан. Күтпеген жерден кесіп айтқан Сабираның сөзінен жұрт тынып қалды. Оларды семсердей сөздің сесі басты.-О, не дегенің, қызым-ау,- деген анасының шарасыз даусы ғана естілді. Кенеттен Сабира жиналысты тастай салып жүгіре жөнелді. Дүрбелеңге үн қосқаны үшін, өзінің ар-намысына, анасына атасына масқара сөздер айтып, балағаттағанына, училищеден жазықсыз шығарылғаны үшін шыдай алмай Өскемен педучилищесінің 1-курс студенті Сабира Мухамеджанова жатаханың 5-қабатынан құлап өледі.Үлбіреген қызғалдақ мезгілсіз қиылды. Біз Сабира әпкемезді желтоқсан құрбаны ретінде мәңгі есте қалдырамыз.
Елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жанын пида еткенЖелтоқсан Батыры, отан сүйгіштік пен патриоттық тәрбиенің нақты үлгісі емес пе. Сабираның ерлігі туралы халқымызға, жас ұрпаққа кеңінен айтып отыру керек. Себебі, Сабираның балалық шағы, мектептегі оқыған кезі туралы мәліметтер жинау керек. Ал болашақта батыр қыздың өмірі, ерлігі туралы арнайы кітап, поэмалар жазылып, есімі еліне, тіпті бостандық аңсаған барша адамзатқа да белгілі болатындығы анық.
Сабира 1970 жылы Ақмектеп ауылында өмірге келіп,-деп еске алады Сабирамен 8 жыл бойы бір сыныпта оқыған Ғабдуллаева Мәриям,-балалық бал-дәурен шағын өткізді. Осындағы мектепте 1-ден 8 сыныпқа дейін оқыды. Мектепті бітіргенше үнемі сынып старостасы болды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетін кез келген іс үстінде көрсете білетін еді. Оқуды өте жақсы оқыды. Жыл сайын оқу үлгерімі және ұйымдастырушылық жұмыстардағы өнегелі істері үшін мақтау қағаздарымен марапатталып келді. Сабира бос уақытында кітап оқуды, оның мазмұнын сыныптастары арасында талқылауды, тоқыма тоқуды ұнататын. Еңбек сабақтарында бізге тоқыма тоқуды үйреткені әлі есімде.Қолы босай қалса, үлгерімі нашар оқушыларға көмектесетін. Тәрбие сағаттарын өткізуге белсене қатысатын. Әсіресе, оқушылар арасындағы өткізілетін патриоттық, отансүйгіштік тақырыбын ұнататын. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан нағашы атасы Шонаев Төреханның майдандағы ерліктерін мақтан ететін. Сабира өзінің алған бетінен қайтпайтын, табанды, өжет қыз еді. Осындай ақжарқын қайсар мінезінің арқасында ол достары мен ұстаздары арасында беделді еді. Күні бүгінге дейін сыныптастары бас қосқанда Сабираның әрбір ісін мақтанышпен еске алады.Яғни сол кездегі 16 жастағы Сәбираның көрсеткен ерлігі, шыншылдығы, досына деген жанашырлығы Өскемен қаласындағы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын қолдау наразылықтарына қатысқан қазақ жастарын қорқыту мен жазалау кезінде барынша айқын көрінді. Ол сабаққа бармау арқылы кеңестік қоқан-лоқылық күшке өздерінің қарсылығын білдірген өрімдей жас студент қыздарды жазықсыз жазалаудан құтқаруды мақсат етті. Күн өтіп бара жатқан, әміршіл жүйеге қарсы
наразылығын Сабира өмірін қиюмен білдірді. Сабираның ерлігі сол кездегі қоғамның әділетсіздігінеқарсылықтың көрінісі.
20 ғасырдың 80 жылдарындағы Қазақстандағы қазақ халқын кемсітушілікті ол айқын ұққаны анық.Ол мектепті бітіргеннен кейін қазақ тұрғыны мүлдем аз Өскемен қаласына келгенде-ақ екіжүзді саясатты түсіне білді. Ана тілін кемсіту, туған тарихы мен салтын қорлау, қазақ халқын қоғамдық өмірдің барлық саласында орын алған шеттетушілік оны да ашындрғанын түсіну қиын болмаса керек. Қарапайым ауыл балалары сияқты, Сабираның бойында да империяға өшпенділікті қалыптастыра бастағандығы анық. Осылардың барлығы олардың бойында алдымен түсімбеушілік, одан әрі реніш, наразылық тудырғаны анық. .
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ – ЫЗҒАРЛЫ
( Тарихи кеш )
Мақсаты:Тәуелсіз Қазақстаның болашағын құрайтын жастарды, шәкірттерді дүниені дүр сілкіндірген Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі мен оның себеп-сипатымен таныстыру. Қалыптасып қалған әкімшіл-әміршіл тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігін баян ету.
Тәрбиелік Отан-Ананы құрметтеу, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға жерін қорғауға тәрбиелеу.
Түрі: Тарихи кеш
Барысы: Кіріспе сөз.1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы әр қазақтың жан жарасы. Қалың тарихтың парақтарына қанмен жазылған бұл күндер жайында толғана да тебірене айтуға болады. Сол жылдарда Қазақстанда ұлтаралық қатынастар ушығып тұрған еді. Қазақ тілі мәртебесінің төмендетілуі, қазақ мектептерінің, балабақшаларының жаппай жабылуы, өзге ұлт өкілдерінің жер-жерлерде қазақтарды төмен санауы, қала берді Алматы қаласына ауылдан келген ағайындарымыздың есепке тұра алмай, қор болуы, өз жерлерінде жүріп тұрғын үйге зар болуы сияқты себептер қазақ жастарының намысын оятты. Осы кезде Қазақстан Орталық Партия Комитетінің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың түсіп, онын орнына Мәскеуден ұлты орыс-Колбиннің тағайындалуы отқа май құя түсті. Тарих сахнасына енді солар шықты. Ол ерлер жастар болатын.1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы-КСРО-дағы демократиялық қозғалыстардың ең үлкені.
Көрініс:
1-жүргізуші:
Желтоқсан айы естесің
Дауыл боп бұрқап ескенсің.
Азаттық күйі қашаннан
Көкейін елдің тескенсің.
Бұрқ етті қазақ баласы
Кеудеде өршіп наласы.
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы.
2-жүргізуші:
Дауылға желтоқсанның желі айналды,
Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы.
Күтпеген іс ақыры «не болды» деп,
Күллі әлем Алматыға қарай қалды.
Кез емес жаугершілік «аттан» атты,
Алаңның шеруі емес салтанатты.
Қытымыр қыстың басы сол бір айда,
«Желтоқсан» жеті әлемді жалт қаратты.
Бастаушы:Ұлттық намыстан басқа ештеңе ойламаған жастар-студенттер, жұмысшылар «Ел мен жер біздікі, неге бізді басқа жақтан келген біреу басқарады?»-деген сұраққа жауап іздеп алаңға шықты. Кеуделерін намыс кернеген олардың жүздеп, тіпті мыңдап көбейе бергенінен қорыққан билік алаңдағы жастарды «нашақорлар», маскүнемдер деп атап, елге жалған ақпарат таратты. Бейбіт түрде демонстрацияға шыққан жастар теңдік сұрады. Мәскеуден жастардың толқуын басу туралы бұйрық келіп, жан-жақтан әскерлер келіп, жігіттерімізді ұрып соғып, қыздарды шашынан сүйреп, итке талатты, қызыл қанға бояды.Көшеде, алаңда ерсілі-қарсылы жүрген адамдар. Тәртіп сақшылары. Екі күзетші Ләзатты тоқтатып, құжат сұрап, тексере бастайды.
1-жүргізуші:
Тапталмасын деп қазақтың кек-ары
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Топты бастап шықты Ләззат алаңға
Толған еді он алтыға небәрі.
Қаһарман қыз, ғажап қыз-
Ұрандады Ләззат қыз
Ләззат:
«Жасқанбаған жауыңнан
Біз-қазақпыз, қапсыз!
Өмір керек азапсыз
Ел боламыз егемен
Сонда ғана азатпыз».
2-жүргізуші:
Азаптады қарақшылар қанқұйлы
Қазақ қыздар қорлық көрді сан қилы.
Арпалысып теңдігі үшін халқының
Батыр Ләззат желтоқсанда жан қиды.
1-жүргізуші:
Елі үшін ерлігімен елене
Абырой мен атағына бөлене
Ләззат сынды қазақ қызы қаһарман,
Ұрпағына болар мәңгі өнеге!
2-жүргізуші:
Түн, бірақ бұл түн өзгеше еді. Себебі бұл түнде қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұры-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатыкездікті көрген оларға араша түсем деп жүргендердің арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар.
1-жүргізуші: Иә, халық басына төнген осы бір қасіретті сәтті от тілді, қайсар ақын Қайрат былай деп суреттейді:
Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қыршыныңнан қиылып,
Арулап қолдан көмсеші-ай.
2-жүргізуші: 1987 жылдың 16 маусымдағы үкімімен Қайрат Рыссқұлбеков қылмыстық істер кодексінің 60-бабы бойынша қылмысты деп тауып, ең жоғарғы жаза өлім жазасына кесті.
Айыпкер, ақтық сөзіңді айт.
Қайрат:
Күнәдән таза басым бар
Қазақ деген атым бар
21-де жасым бар
Қасқалдақтай қаным бар
Босторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар.
Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар.
Мен не етермін, не етермін
Мен келмеске кетермін
Көрмеген қош бол таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Хош, аман бол артымда,
Ағайын-туыс, азамат,
Артымда қалған ата-анам,
Ел жұртым саған аманат!
1-жүргізуші: КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының шешімімен 1988 жылдың 28 сәуірдегі Жарлығымен Қ.Рысқұлбековке кешірім жасалып, 20 жыл бас бостандығынан айырумен ауыстырды. Алайда бұл хабар Қайратты қуанта алған жоқ..
Қайраттың хаты: «Міне өздеріңіз естігендей ату жазасын 20 жылға ауыстырды. Бұл әрине біреуге қуаныш, біреуге азап. Өз басым бұл үшін қуанғам жоқ, өйткені, асыл анашым, түсініңізші! Мен сорлы бұл тас зынданда жазықсыздан жазықсыз еш отырғым келмейді. 11 ай ішінде жүйке тамырым жұқарды. Әбден шаршадым. Сол себептен 20 жыл бойы өз-өзімді қинағым келмейді»
2-жүргізуші:1988 жылғы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21 камерасындағы Қайрат 21 жасында « өзін-өзі өлтірді» деген атпен құпия түрде қаза тапты.
Қыршыннан қиылған Қайрат ақынның өлеңдерін оқу.
1-оқушы:
Түрме жыры
Темір тор жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың
Телміріп темір торға қаматқанша
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың.
Ауылдағы жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.
Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұстатары үш тілім нан
Өлмейтін саған ішер осы несіп.
2-оқушы: Анама
Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,
Құпия шерттім осы жан сырымды.
Қош енді жолықпасам, қайран анам,
Көзімнен ақ жаулығың жасырынды.
Қайран анам, күзеткенің түгел ме,
Көктеректе жазықсыз екенімді білеме?
Бейшаранды мазақ етіп жоқ әлде
Саған дағы елің, жұртың күле ме?
1-жүргізуші:
Желтоқсан оқиғасының тағы бір құрбаны-Ербол Сыпатаев.1986 жылдың 18- желтоқсанында сағат 20- да ауруханаға бас сүйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Энергетика институтының екінші курс студенті Сыпатаев әкелінді. Ол есін жимастан қайтыс болды. Ербол Сыпатаев Талдықорған облысы, Панфилов ауданының Ленин атындағы совхоздын екінші бөлімшесінде туып өскен. Ербол бір үйдің жалғыз баласы еді. Мектепті жақсы бітіріп, қазақ әдебиетіне ерекше бейімділігі жөнінде мақтау қағазын қоса алды.Әскер қатарында жүргенде де, институтта да мақтау қағазымен мадақталды. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізде қалдырамыз.
1-оқушы: Е.Сыпатаевқа:
Алтын баулы лашын
Биікке жазбай құлашын,
Қарақұсқа жем болы-ай!
Алтын баулы лашын
Момыным-ау, жуасым...
Ербол, Ербол атыңды
Ер болсын деп қойдым ба?
Қыршыныңнан қиылып,
Жер болсын деп қойдым ба?
Байғұс анаң күні-түн
Зарласын деп қойдым ба?
Құлыным-ай, қайтейін,
Қайғы-шерін заманның
Қозғасын деп қойдым ба?
Қайтейін-ай қарағым,
Кімге айтамын алғысты,
Жаным менің шер-шемен
Жүрегімді зар қысты-ай.
2-оқушы:
Томағалы қыраным,
Қасқыр алмай мерт болды-ай
Жұбана алмай жыладым,
Жазылмас маған дерт болды-ай
Боталаған ботамды
Бор қылды ғой құдірет.
Талай асыл боздақты
Қор қылды ғой құдірет.
Замананың шоқпарын
Зор қылды ғой құдірет.
Орталық деген кәпірді
Сор қылды ғой құдірет.
Айырып сана-сезімнен
Сансыратқан құдірет.
Ет-бауырым езіліп
Қансыратқан құдірет.
Боталаған ботамды
Ұрлап көмген заман-ай.
Құл бұғауын ұлынан
Қымбат көрген заман-ай.
2-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасының тағы бір қызғалдақ құрбаны- Мухамеджанова Сабира 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай Ауданында дүниеге келген. Сабира 1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітірісімен, Өскемен қаласында мұғалімдер даяралайтын оқу орнының қазақ бөлімінде оқиды. Анасын шақырып, демонсрацияяға барлық қыздар Сабираның ұйымдастыруымен шықты деген жала жүйкесіне тиген қыз анасын көріп мауқын басқан соң жатахананың 5-қабатынан секіріп өледі. Үлбіріген қызғалдақ мезгілсіз қиылды.Біз Сабира әпкемізді желтоқсан құрбаны ретінде мәңгі есте қалддырамыз.
Сабираның анасының жоқтауы:
1-оқушы:
Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр күн
Қан жылатқан құрқыр күн.
Медет болмай Алладан,
Қызығымды жалмаған
Тұнжырыған жұлдыр күн.
Ақбілектей сүйрігім,
Алаштан озған жүйрігім.
Алтын діңгек қазығым,
Аққудай аппақ нәзігім.
Сабирам опат болған күн.
Сүйетінін сүйе алмай,
Киетінін кие алмай,
Қайғыдан жауы кезерген
Қастасқан жауы кезерген
Қанішердің қолынан
Тілге де келмей тез өлген.
Сабирам опат болған күн.
Тал бесікті тербеттім
Одан зор бақыт көрмеппін.
Құлдыр-құлдыр құлыным,
Құлдыраудан жүгірдім.
Шегедей екен шегір мұң,
Ол кезде мен не білдім.
2-оқушы:
Қазаққа да еркіндік
Тиетін күн бар ма екен.
Өтеміз бе қарағым
Еркіндікке жарымай,
Өжет едің өткір ең,
Жалтақтығың жоқ білем,
Өзің салған ақ жолда
Найқалар ма көп түмен.
Көз жасын мынау парлаған
Қызыл тілім зарлаған,
Жалынып медет сұрайын
«Жәрдем ет» деп Алладан.
Айналайын, құдайым,
Тыныштық бер еліме,
Ғұмыр бергін жасыма.
Енді қайғы төндірме
Қартайғанда басыма.
Бастаушы: Міне, осылайша алаңға шыққан қазақ жастары қорлық көріп, жәбір шекті. Оладың бірқатары түрмеге жабылып, сотталды, бірқатары оқудан шығарылып, қызметтерінен айырылды, қатаң сөгістер алды, ішкі істер қызметкерлерінің үнемі назарында болды. Қаншама қазақ жастары денсаулықтарынан айрылып, мүгедек болып қалды. Дегенмен, қазақтың өр Рухы өлмеді.
Тарихтың беті айналып, 1991 жылы көп аңсап, арман еткен тәуелсіздігімізді алдық. Осы жолда Желтоқсан оқиғасының орны ерекше. Қазақ даласындағы өзге ұлт-азаттық көтерілістерден Желтоқсан көтерілісінің бір өзгешелігі-мұнда кілең сайдың тасындай қыз-жігітеріміздің қатысуы. Ұлттық намысты ту еткен олар қандай мақтауға да лайықты.Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандардды біз ардақтап, құрметтей білуіміз керек.
1-жүргізуші:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтып,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі шөлі белі-
Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас, деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.
2-жүргізуші:
Қымбатты оқушылар, кешіміздің қадірлі қонақтары! Осымен «Желтоқсан желі-ызғарлы» атты тарихи кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Аман-сау болыңыздар!
ҚАЗАҚСТАН – ЕЛІМ МЕНІҢ
(Инттеллектуалдық ойын.)
Мақсаты: Оқушыларды еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі жеткен үлкен табыстарымен таныстыру, білімдерін молайта түсу:
Оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыта отырып, дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру. Отанын, тілін, жерін сүюге, болашақ Қазақстанды өркендететін өздері екендіктерін сезіндіру, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық рухта тәрбиелеу.
Әдісі: сұрақ-жауап.
Түрі: инттеллектуалдық ойын.
Жоспары:
1-бөлім: « Бәйге» бөлімі тәуелсіздік күніне арналады. Бұл бөлімде тарихи сұрақтарға, тәуелсіздік алған кезеңіміздегі аса маңызды жаңалықтарға орын береміз.
2-бөлім: «Мың бір мақал ойыны» Батыр. Отан. Туған жер туралы мақалдар айту.
3-бөлім: Поэзия минуттары. Отанын сүйе білген ақындардың жырларын оқу.
Бастаушының кіріспе сөзі:
Туған Жері-түп қазығы, айбыны,
Туған Тілі-мәңгі өнеге айдыны,
Жан Байлығы, Салт-Дәстүрі- тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және Туған Тарихы.
Жүргізуші: Армысыздар қадірменді ұстаздар, оқушылар, жақсы ниетпен келген ұлағатты қонақтар. Отан, туған жер, атамекен, елім,ауылым деген-жүрек тебірентіп, шаттық сезімді оятатын қасиетті сөздер мен туған жердің тарихын, шежіресін білу-әрбір ұрпақтың азаматтық борышы. «Қазақстан-елім менің» тақырыбы аясында өтетін интелектуалдық тарихи-танымдық ойын сағатын бастаймыз.
Тарихи сұрақтарға кезек берейік:
3 оқушы шығады. Көп ұпай жинаған оқушы марапатталады.Ендеше, іске сәт!
1. Тәуелсіздік Монументінің авторы кім?-Шот-АманУәлиханов бастаған шығармашылық топ.
2. Қазақстанның шығысындағы үлкен өзен-Ертіс.
3. Абылай хан қай жылдары билік құрды?-1771-1781 жылы.
4. Қазақстан қай жылы БҰҰ-ға мүше болды?-1992 жылы.
5. 1941 жыл Түркістан легионында болған кезде Берлинде қайтыс болған тарихи тұлғаны ата?-Мұстафа Шоқай.
6. Астана қаласындағы «Бәтеректің» биіктігі қанша метр?-97 метр.
7. Қазақстанның оңтүстігіндегі шеткі үстіртті ата?-Шардара.
8. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды қай жылдан бастап басқарып келеді?- 1989 жылдан бері.
9.Тұңғыш қазақ ғарышкері Т.Әубәкіров қай жылы, қай айда ұшты?-1992 жыл 2 қазан.
10.«Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру» туралы елбасының Қазақстаның халқына жолдауы қай жылы жарияланды?-2006 жыл.
11. Қазақстан Республикасының 1920-1924 жылдардағы астанасын ата?-Орынбор.
12. Қазақстаның ең биік шыңын ата?-Хан Тәңірі.
13. Кенесары Қасымұлының тәуелсіздік үшін соғысы қай жылдары болды?-1837-1847 жылдары.
14. «Алаш Орда» партиясының негізін қалаушы-Әлихан Бөкейханов.
15. Қазақстаннан шыққан тұңғыш инженерді ата?- М.Тынышбаев.
Жүргізуші: Енді тәуелсіздік алған кезеңіміздегі аса маңызды жаңалықтарға тоқталайық.1991 жылғы желтоқсанның 1-де Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республикамыздың Президенті етіп сайлады.
-
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сессиясы «Тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет» деп жариялады.
-
1991 жыл. 29 тамыз. Ядролық полигоның ресми жабылуы.
-
1992 жыл. Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері таныстырылды. Тіл туралы заң қабылданды.
-
1993 жыл. Төл теңгеміз дүниеге келді.
-
1995 жыл. 1 наурыз. Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылды. 30 тамыз ҚР қазіргі конституциясы қабылданды.
-
1995 жылы ақыл-ойдың данышпаны, қазақ халқының дана ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толды.
-
1996 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 5 жылдық мерекесі атап өтілді. Бұл күні Алматыда Тәуелсіздік ескерткіші ашылды.
-
1997 жыл- «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленді.
-
1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» болды.
-
1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы болып белгіленді.
-
1999 жыл. 24 ақпан. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы халық санағы өткізілді.
-
2000 жыл. 10 қазан. Жаңа халықаралық ұйым Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.
-
2000 жыл. «Мәдениетті қолдау» жылы болды.
-
2001 жыл. Еліміздің ҚР Тәуелсіздігін 10 жылдығын атап өтті.
-
2002 жыл. Қазан, Түркістан қаласында, Дүниежүзілік қазақтардың екінші құрылтайы өтті.
-
2002 жыл «Денсаулық жылы» болып жарияланды.
-
2003-2005 жылдар аралығы «Ауылды дамыту жылдары» болып жарияланды.
-
2003-2005 жылдары «Ресейде Қазақстан жылы» өтті.
-
2004 жыл Қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің туғанына жүз жыл болды.2004 жылы «Қазақстандағы Ресей жылы» өтті.
-
2005 жыл ҚР Ата заңына 10 жыл толды.
-
2006 жыл. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауының қабылдану жылы.
Жүргізуші:Ортаға көрермендерімізді шақырамыз.
1-тапсырма. Отан туралы мақалдар айту.
-
Халықтың ортақ үйі-Отаны.
-
Атаңның ғана ұлы болма,Отанның да ұлы бол.
-
Үйіңде атаңның намысын қорға,.
Шет жерде Отанның намысын қорға.
-
Отан-ер ұлын ұмытпайды.
5) Отаны бардың-оты өшпес.
6)Отан үшін отқа түс-күймейсің.
7)Отан-оттан да ыстық.
2-тапсырма:Батыр мен туған жер туралы мақалдарды аяқтау.
1) Батыр туса - ел ырысы... (Жаңбыр жауса жер ырысы)
2) Ер – елдің ық жағының қаласы... (жел жағының панасы)
4) Шын ер жеңсе – тасымас... (жеңілсе жасымас).
5) Ежелден ел тілегі -ер тілегі...(адал ұл ер боп туса – ел тілегі)
6) Басқа елде сұлтан болғанша...(өз еліңде ұлтан бол)
7) Ерден аспақ бар... (елден аспақ жоқ)
Жүргізуші:Тәуелсіздік тақырыбын шығармаларына арқау ете отырып, елін, жерін, Отанын сүйе білген ақындардың жырларын кезек берелік.
1-оқушы. Тәуелсіздікке тағзым (толғаныс)
Бостандыққа ғұмырын арнағанда,
Бабалар баяғыда салған арна...
Адамзат атаулының аңсары бұл
Азаттықтың рухы барда қанда...
Тәңірім – табынарым:қолда,қолда!
Тағы да жалынамын:оңғар Алла!
Түбі бір көк бөрінің ұрпағымыз
Тәуелсіз қазақ елі бар ғаламда!
2-оқушы.
Тап келген халқым талай зар заманға,
Жем болды: қорғау, құзғын, қарғаларға...
Бодандықтың бұйдасы бас тұқыртып,
Барар жер, басар тауы қалмағанда
Айрылып ата-жұрттан, қолда бардан,
Айнала төңірекке толды арман...
Салтын сақтап қалуы мұңға айналып,
Халқын сақтап қалу да болған арман
Бұл бақыт басымызға зорға қонған!
3-оқушы.
Көк тәңірінің қайсар рухты ұлы едік,
Күнім туып,тағы қайта түледік.
Көгілдір ту! Дархан дала қыраны
Зеңгір көкте самғай ұшып жүр, әні!
Елтаңбамда – жанжағынан жарқын түсті
уықтары жамырап,
Көрген сайын көзіңе оттай басылатын Шаңырақ!
Алтын қанат, ай мүйізді қос пырақ,
Барлық ұлтты бөлектемес бейбіт көңіл бос-пырақ
Биік самғап болашақта ұмтылар,
Маңдай тұста мәнгілік шуақ шашып, Күн тұрар!
4-оқушы.
Тәуелсіздік -елімнің шамшырағы,
Тәуелсіздік-халқымның бәйге пырағы
Тұрақты болсын, қуатты болсын әрқашан
Шырағы мен пырағының тұрағы.
Жүргізуші:Балалар, бүгінгі кешіміздің аяқталуына да келіп жеттік.Енді кештің соңында Отанға, туған елге деген жүрек жарды сөздеріңізбен түйіндесеңіздер.
Қортындылау: « Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің көркеюі жолында жан теріңмен еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» (Н.Назарбаев.) Елім, отаным деген сезімдеріңіз ешуақытта сөнбесін атамекеннің жас ұландары.
Е. Хасанғалиевтің Қ. Мырзалиевтің сөзіне жазған «Атамекен» әнімен аяқтау.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Беркімбаев, Т. «Желтоқсан-1986» қалай бағаланды?// Ақиқат.
-2001.- №11.
|
Дәулетбаева, М. Желтоқсан куәгерлері.// Сыныптағы тәрбие.
-2009.- №3.
|
Қапарова, Қ. Желтоқсан қасиетті де қасіретті.// Қазақстан тарихы.
-2009.- №5.
|
Қарашин, Ө. Тәуелсіздік тағылымы.// Ақиқат.-2006.- №11-12.
|
Мамытова, К. Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға
жыққан алауы.//Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар.- 2008.-
№10.
|
Мәжитов, М. Тәуелсіздік белесінде.// Ақиқат.-2003.- №12.
|
Таниязова, Б. Менің Отаным – Қазақстан.// Қазақстан мектебі.
-2006.- №3.
|
Тіленбаева, Қ. Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ұлы рухы.//
Мектептегі мерекелер.-2008.- №5.
|
Шаханов, М. Желтоқсан эпопеясы.// Жалын.-2006.- №11.
Қарасаев, Ғ. Қаһарман қыз -Сабира.// Қазақ әдебиеті.-2006.
-№45.
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |