Түркістан өлкесіндегі үйездік пен болыстық шенеуніктерінің қызметі



Дата03.07.2016
өлшемі146.7 Kb.
#174364
Түркістан өлкесіндегі үйездік пен болыстық шенеуніктерінің қызметі
Назарова А.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Үйездердің күнделікті өмірінде әкімшілік құрылымның үйездік шенеуніктері басты роль атқарды. Мұрағат деректері олардың қызметі мен құқығының әсіресе полицейлік және жазалаушылық қызметтерінің үнемі ұлғайып отырғанын көрсетеді. XIX ғасырдың 70-ші жылдарындағы әкімшіліктің осы буынына жасалған мұндай «қамқорлық» былай негізделеді: «Басқарманы құру барысындағы ең басты ой мынаған келіп саяды: Түркістан өлкесінің Ресейге қосылмай тұрып қатаң жазалауға ғана бағынып үйреніп қалған түземдіктер, олардың сәл болса да бұйрығын орындамаса қатаң жазаға тартуға бағдарланған биліктен басқаны елестете алмайды» [1, 8-п.].

Түркістан өлкесінің алғашқы генерал губернаторы К.П. Кауфманның мұндай ашық мәлімдемесі отарлық билік құрылғаннан бастап басқарушы шенеуніктердің кәсіпқойлығына емес, ең алдымен халықты қатаң жазалаушы және қарулы күшке сүйенетін билікке бағдар алғанын көрсетеді. Дегенмен сол кездің өзінде Кауфманның айналасындағы адамдардың арасында мұндай саясаттың ұзаққа бармасын түсінгендер бар еді. Соның бірі кеңсе басшысы П. Хомутов болатын, ол Кауфманға: «үйез басшыларының барлығы да өзінің қызметін жоғарғы деңгейде атқара алмауы мүмкін, тіпті олардың арасында бақылау жоқтығын өз бас пайдасына пайдаланушылар да шығары сөзсіз» [1, 6-п.], - деп ескерткен болатын.

П. Хомутовтың қаупі бекер болмай шықты, отарлық жүйенің жарты ғасырға жуық аралығында үйездік шенеуніктердің көпшілігі өз басының қамын ойлаушылар болды. Жергілікті халықтың негізгі бөлігі тұрған алыс шалғайдағы ауылдарды басқарған қандай адамдар еді?

Үйез басқармасы шенеуніктерінің қызметі облысқа жіберіліп отырылған олардың саны, арнайы шен берілгендері, сот немесе тергеуде жүргендері және т.б. туралы толық қосымшалары бар есептерде нақты көрініс тапқан.

Бұл мәліметтер облыстардың әскери губернаторларының бастауымен жүргізілген жергілікті тексеру және жоспарлы түрде сенаторлар Гирс пен Пален жүргізген тексеру есептерінде де көрсетілген. Осы мәліметтерден 70-ші жылдардың басында-ақ «өлкелік басқару жүйесінің барлық деңгейлері мен сатысының ішіндегі үйездік басқармалар жұмысы ең нашары болып табылғандығын» [2, 4-п.] анықтауға болады. Мұндай жағдайлардың орын алуын тексерушілер үйездердің шалғайлығын, кеңселерде істердің жиналып қалуымен, шенеуніктердің жергілікті тілді білмеуінен және жергілікті халықпен тілдесу үшін тілмаштар тартуыммен түсіндіреді. Ал тілмаштар болса «айтылған сөзді толыққанды аудара алмайтын, бірақ көбіне орыс билігі мен жергілікті халық арасындағы делдал бола отырып, соңғысын өз бас пайдасына пайдаланушылар болып табылатын» [3, 80-п.].

Үйездік шенеуніктерге сот орындары, бақылаушы және қазынашылық палаталар тарапынан да олардың сұрауларына дер кезінде жауап бермеу және іс қағаздарды жөнді жүргізбеу туралы сындар жиі айтылатын. Бұл туралы Гирс өз есебінде былай деп көрсеткен: «Үйез басшылары келген құжаттарға немқұрайлы қарап, басшылыққа маңызды істер бойынша уақытында ақпар бермейді» [3, 15-п.]. Ферғана облысының әскери губернаторының Наманган үйезінің басшысының рапортына жасаған резолюциясында былай делінген: «Байқағанымыздай, көбіне үйез басшылары алым-салық жинаушылар, болыс басшылары мен басқа да қызметкерлер үстінен лауазымын пайдаланған қылмыстарына қарсы іс қозғаған кезде, тіпті қамауға алған кездің өзінде де жоғарыға бұл туралы ақпарат бермейді» [4, 15-п.].

Үйездік басшылықты орындамаушылық пен салақтығын сынай отырып жоғарғы басшылық оларға халыққа жақын болуға, олардың мұң-мұқтажына құлақ асуға, «олармен тығыз қарым-қатынас жасауға» шақырды. Бірақ үйездік шенеуніктер мұның бірін де орындауға ниеттенбейтін де еді. Бұл Жетісу облысының бір тұрғыны: «Біздің үйез басшымыз бізбен бірге қырғыз жайлауында емес, өзінің басқармасымен бірге облыс орталығындағы қалада, үйездің шетінде тұрады. Орыс билігі біздің ауылдарға бас сұқпайды, біздің өміріміз туралы біледі ме екен, бізге белгісіз»[5, 186 б.]. - деп айтқанынан айқын көрініп тұр.

Заңсыз пайда табу тұрғысынан үйездік шенеуніктер көп мүмкіндікке ие болатын: олардың қолында халықтан жиналатын салықтардың барлығы шоғырланды, болыстық және ауылдық басқарушыларды сайлау, оларды орнынан алып тастау мен тағайындау сияқты т.б. мүмкіндіктері болды. Мұрағаттық дереккөздерден білетініміздей, осылардың барлығы шенеуніктердің «пайдаға» кенелуіне мол мүмкіндік беретін.

Мысалы, Прежевальск үйезінің басшысы полковник Иванов өзінің тілмашы Күшіков екеуі «жабайы ешкілерге саятқа шығуды» жақсы көретін. Осы үйез тұрғындары өз арыздарында: «саятқа шығу 30-40 атты шолушылардың көмегімен жасалып, бірнеше күнге созылатын. Біз үйез басшысын қалың нөкерлерімен бірге саят жасаған кезінде дастархан жайып, оған өз есебімізден жоғары шенді лауазым иелері жақсы көретін қымбат қызыл және ақ шарап, балықтың түр-түрінен және тәттілерден сатып алып шығынға батамыз» [6, 93 б.], - деп жазады. Бұдан басқа Күшіков пен Иванов болыстықтар мен ауылдарды аралағанды ұнатады. «Сайлау кезінде олар заңға сәйкес жер-жерге баратын және «әр барған сайын» олар сайлау уақытында болыстық басшылыққа таласқан адамдардан өзара алдын-ала келіскен сомасынан 20 мың рубльге дейін жинап қайтатын» [6, 92-93 бб.].

Бірақ та бұл тонау ешқандай жазалаусыз қалатын еді. Жергілікті халықтың арыз-шағымдары жылдап қаралмайтын. Арыз-шағым қаралған күннің өзінде үйез басшылары арызданушыларды қуғындайды, ал бұл арызды жоққа шығарады. Әскери губернаторлар кінәлілерге тек ескерту беріп немесе басқа облыс пен үйезге қызметке алмастырумен ғана шектелетін.

Үйездік басшылық болыстық басшылықты алмастыру немесе тағайындау құқығын кеңінен пайдаланды. Ф.К. Гирс өз есебінде былай деп жазады: «Облыстағы 98 болыстың үш жыл ішінде жоғарғы басшылықтың бұйрығымен өз қызметін дұрыс атқармағандығы, заңға қайшы істері сияқты желеумен 45 болыс басшысы қызметімен қош айтысты, бұл дегеніміз жалпы құрамның 45 пайызын құрайды» [3, 66 б.].

Көріп отырғанымыздай, үйездік шенеуніктік өз іс-әрекетімен жергілікті әкімшілікті «баламалы сайлауды» өз бақылауына алып, нағыз көзбояушылыққа айналдырды. К.К. Пален «өлкедегі жергілікті халық пен орыстарға қатысты әрекет ету, жазалау құқықтар мен құзырларының көптігі жергілікті әкімшілікке жемқорлық пен қызмет бабын кеңінен пайдалануға жол ашқанын» [7, 7 б.] нақты көрсетуге мәжбүр болды.

Бұл ретте болыстық лауазымды саудаға салу қатардағы жайт сияқты болып кетті. Бұл туралы өз есебінде К.К. Пален де атап көрсетті. Шындығында ол орыс билігінің «шынайы бет пердесін» қоғамдық пікірталастан аман алып қалу мақсатында, тек Закаспий облысын мысалға келтірумен шектеледі. Онда орыс әкімшілігі болыстық орын тақ үшін 200 ден 2000 рубльге дейін баға қойғандығын айтады [8, 151 б.]. Паленнің бұл мәселеде «жасырынбақ ойнағаны», жоғарғы бюрократияның бүкіл жүйеге тарап кеткен мұндай әлеуметтік қылмыстың алдын алуда, көзін жоюда қауқарсыз екендігін нақты дәлелдейді.

Үйез басшыларының іс-әрекеттерін олардың көмекшілері мен учаскелік приставтардан да байқауға болады. Егер де басында мұндай әрекеттерге бармағандар бар болса, онда кейіннен қызмет барысында тез үйреніп кететін.

Учаскелік басқарма отарлық билік пирамидасының негізін қалады, бұл орыс әкімшілігінің ең төменгі буыны күнделікті «қара» жұмысты, яғни өздері мен басшылығына «нан» табушы атқарушылар болды. Өз учаскелерінде барлық билікке ие учаскелік приставтар алым-салықтардың түсімін, жергілікті халыққа қойылған тыйымдар жүйесін орындалуын бақылап, тергеу жүргізіп, сот жүргізді. Олардың тікелей қатысуы мен араласуы арқасында заңсыз қызмет көрсетулер, қара халықтан елеулі көлемдегі салық пен құрылыстарға арнап қаржы жинаған. Бұл туралы көптеген құжаттар мен үйез басқармаларына жасалған ревизиялық есептер дәлел болады. Осы есептер учаскелік приставтардың «ауқымы» мен «қырларын» нақты сипаттап көрсетеді.

Халықтан заңсыз қаржыны Сырдария облысының Жетісу әкімшілігі де жинаған. Учаскелік пристав Боборыкин қылмыс жасаған адамды жазалау орнына «өз тарапынан ешқандай тергеу жасамастан» [9, 152 б.] арыз жазған адамды қамап тастайды.

Облыс губернаторына шаруалар өз арыздарында: «Перовск үйезі Жөлектің приставы болыс А. Нәлібаев екеуі бір-біріне «қымбат заттай сыйлықтар жасағанды ұнатады» және пристав «болыстың заңсыз әрекеттеріне арызданып келушілерді сабап тастады» [6, 114 б.],– деп шағымданған.

Отарлық билік жүйесінің жартығасырлық ғұмырында мұнда арыздар жүздеп, тіпті мыңдап кездеседі. Байқап тұрғанымыздай, осы жүйенің негізі мен ең биігінде өзіндік түсінігі, ұстанымдары, дәстүрі және «ерекше» құқықтары мен артықшылықтары бар шенеуніктер бірлестігі қызмет етті. Өзінің күрделі, білімді және жергілікті тілді үйренуді, тәжірибе дағдыларын қажет ететін қызметін олар оның тек қарабайыр көшірмесімен алмастырды.

Басынан бастап жергілікті халыққа шексіз билік жүргізуге бағытталған отарлық әкімшілік шенеуніктері отаршыл биліктің ең сорақы атрибуттары - заңсыздық, зорлық-зомбылық тәсілдерін табысты игеріп алды. Нақ осы тәсілдер басқарудың барлық буындарында жалғыз сенімді құралы болды.

Патшалық үкімет болыс басқарушылары мен ауыл старшындарына ең алдымен төменгі полицейлік орган ретінде қарады. Осы мәселеге байланысты Ресейдің ішкі істер министрі 1871 жылы: «Түркістан өлкесіне жоғарғы болсын, жергілікті басқару орындарына болсын жергілікті халықтың келісімімен санаспайтын, өз іс-әрекеттерінде дербес шешім қабылдайтын күшті билік қажет» [4, 56-п. ], - деп өз пікірін ашық білдірген еді. Бұл патшалық биліктің жергілікті жерлерде өзін өзі басқаруға берген жарлығының таза декларативті сипатта екенін білдіреді. Үкімет әдемі сөйлеп жергілікті тұрғындардан жаңа шенеуніктік құрылымдар жасақтауды көздеді және барлық күштерін «әскери халықтық» жүйені нығайтуға бағыттады. Алдыңғы тарауда жергілікті билік мекемелерінің құрылымы мен қызметтері қарастырылған болатын. Өкінішке орай, жергілікті әкімшілік шенеуніктерінің жеке құрамы туралы мәліметтер ала алмадық, олардың тек қызметтеріне тоқталамыз.

Жер иеленушілерге арқа сүйеу патшалық үкіметтің негізгі ойы болатын, олар «жеке меншік мемлекеттік құрылымның нық болуының ең негізгі де ең басты шарты» деп санады, сондықтан «орнатылған билікті қолдауға мүдделі жер иеленушілер табының пайда болуы» [8, 69-п.] ең маңызды шара болып саналды. Жоғарыда айтылғандар негізінде отаршыл билік «орыс мемлекеті мұсылман елдерін жұтып қойып, орыс мемлекетінің рухына сай отырықшы шаруашылық пен өмірін» [9, 67-п.] енгізуді мақсат етіп қойды. Осы «отырықшы шаруашылық пен өмір» саясатының негізгі ойы Түркістанды Ресей империясының аграрлы-шикізаттық қоймасына айналдыру болды. Бұған болыс, ауылдық старшындар, қазылар, билер мен т.б. ретінде жергілікті әкімшілік көмектесуі тиіс болатын.

Жергілікті әкімшіліктің мемлекеттік қызметтегі алым-салықты жинауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және т.б. жұмыстарға кеткен уақыттары мен күштерінің ақысы патшалық қазынадан емес, сол қара халықтың қалтасынан төленіп отырды. Мұнан бөлек әкімшілік қазына мен мемлекет шеккен зияндар мен шығындарды өтеуге заңды және материалдық тұрғыда міндеттенді.

Жергілікті жерлерде өзгерістер енгізіп басқаруға кіріскен патша үкіметі «өлкені Ресей иелігіне мықтап бекітуден бөлек», «ол жерлерді басқару шығындарын азайту және табыс көлемін көбейтуді» көздеді. Мемлекеттің көздеген мақсатының ішінде негізінен «табыс көлемін ұлғайту» ғана орындалды. Ал «билікті нығайтып бекітуге» келетін болсақ, болыстық және ауылдық деңгейдегі әкімшілік органдары мемлекет институттары болып тіпті жүйенің соңғы күндеріне дейін қалыптасқан жоқ. Осы деңгейдегі басқару жүйесі жоғарыда ашып көрсеткеніміздей, үйездік әкімшіліктің қолында болып шықты, ал оны басқарғандар жемқорлық пен зорлық-зомбылық істерінде бірігіп әрекет еткен әскери офицерлер мен жергілікті уақытша байшыкештер еді. Осы жерде пародоксальді жағдай орын алғандығын айта кету керек, биліктің осы буыны тұрақсыздықты, анықталмағандықты және қауіпсіздікті аса қатты сезінді. Мұндай жағдайдың орын алуы белгілі бір дәрежеде жергілікті деңгейде әскери-әкімшілік жүйені лауазымды тұлғаларды сайлау арқылы енгізу тәртібінен туындады. Түркістандық қоғамның осы жаңалыққа бет бұруы көп кедергілерден өтті. Мысалы, болыстық жиналыстардың жалған шешімдерін жасау, сайлаушылардың даусын сатып алу және басқа да заңсыз іс-әрекеттер жалпылама сипат алды. Олар Н.Г. Галузоның еңбегінде кеңінен қаралған.

Мысалы, ерекше тапсырмалар шенеунігі Бродовский 1880 жылдың қаңтарында Кауфманға жасаған өзінің баяндамасында «болыстық және ауылдық әкімшілікке қызметке сайлау барысында ашық та әрі кеңінен сайлаушылар дауысын сатып алу етек алып бара жатыр.... Қызметке үміткер адамдардың әрқайсысы саулаушылардың дауысын сатып алу үшін 3 мыңдай рубльді жұмсайды» [10, 166-п.],-деп мәлімдейді. Яғни, 10 жыл өткен соң ақ жүйенің әрекеті келесідей анықтамада берілген: «сайлаушыларды кеңінен әрі ашық сатып алады». Кауфман бұл хабарламаны келесідей қабылдайды: «сатып алу, байқағанымыздай, барлық жерде белең алған секілді» [10, 16-п.]. Оның губернаторлар мен үйез басшыларынан осы мәселе бойынша алған көптеген хабарламалары арқылы таныс болғаны анық. Кауфманның жақын төңірегіндегілердің басы Сібірге жер аударылғандығын білеміз, ал өзгелерінің істері осы кезде Империяның басты аппеляциялық инстанциясы Сенатта қайта тергеуге алынып жатқан болатын.

Әулие Ата үйезінің басшысы Каллаур өзінің 1890 жылдың қазанындағы генерал-губернатор Вревскийдің атына жазған рапортында: «Ауылдық старшындар ауылдың жиналысын жасаған кезде тек өзінің жақтастарын ғана шақырып, жиналысқа тең жарымынан аспайтын адам жиналып, қалғандарын ескертусіз қалдырады. Осының арқасында өткізілген болыстық сайлауда.... қарапайым дауыс көпшілігімен өткізеді, ал нақтысында дауыс берушілер саны аз болады, өйткені ауылдың жиналысына қатысуға тиісті көпшілік сол жиналыстың болатынан бейхабар болады. Ауылдың старшындары жай ғана жалған ауыл жиналысының хаттамасын толтырып, онда жиналыста ауылдың жартысынан астамы қатысты деп көрсетіп шешім шығарады, ал нақтысында болыс сайлауына аз ғана сайлаушы қатысады» [11, 169-170-пп.], - деп мәлімдейді.

А.П. Вревский Тойтөбе болыстығындағы сайлау науқанының нәтижесін тексертеді. Тексеру барысында жалған шешім өте кең таралғандығы анықталды. Мысалы, осы болыстықтағы бесінші ауылда 169 адамның сайлаудың әділ өткендігін тек 30 адам ғана растаса, тоғызыншы ауылда 136 адамның тек 20-сы ғана растаған, т.т.с. [11, 170-п.].

Дауыс сатып алу мен жалған қорытынды жасау 90-шы жылдары дәл 80-ші жылдардағыдай кең етек алды.

Міне, тағы 10 жыл өткеннен кейін де құпия кеңесші Нестеровскийдің генерал-губернатор Ивановтың атына жазған баяндамасынан: «Жергілікті әкімшілік қызметіне өзінің жеке бас пайдасы мен өзге де қылмыстық істері үшін сайлау дауысын сатып алатын немесе қитұрқы әрекеттермен қол жеткізетін кейбір жекелеген тұлғалар мен партия өкілдері ғана сайланады. Лауазымды қызметке көбіне қоғамның мұң-мұқтажын жоқтайтын сыйлы да қадірлі кісілер емес, түземдіктерге ықпал етуші байлардың белгілі партиясына қажетті болған адамдар өтуде» [12, 156-п.],- дегенді оқимыз. «Баламалы сайлау негіздері» құжаттарда көрсетілгендей, бюрократиялық пайдакүнемділік, жалған құжаттау мен тонын теріс айналдыру сияқты қылмыстарының ішінде жоғалып кетті. Дегенмен мұндай бассыздықтар үйез әкімшілігінің қатысуынсыз дегеннен гөрі, олардың үнсіз келісімімен, қатысуымен және қолдауымен орын алды деген дұрысырақ. Ол жоғарыда атап өткеніміздей, сайлау шешімдерін өзіне пайдалы жағына қарай икемдей алатын еді. XX басында дауыстарды сатып алуға өте үлкен көлемдегі қаржы жұмсалды, кейде бұл 40-50 мың рубльге дейін жететін [13, 56 б.]. Бұл қаржының бір бөлігі осы сайлауды бақылайтын және болыстарды қызметке бекітетін адамдардың тікелей қалтасына барып түсетіні ешкімге құпия емес еді.

Кейбір уақытша қызметке тартылғандарды қызметінен босату істің мәнін өзгерте алмады. Бір құжатта көрсетілгендей, «қажетті оң өзгерістер» сайлау бастамасын тоқтату туралы дәлелдемелерді халық «бағалай» алмады, басшылық тарапынан қолдау таппады. Мұның барлығы шенеуніктердің, аппараттың барлық деңгейін, тіпті Петерборға дейін шарлап шығатын өзара хат алмасуымен аяқталып тынды. Жылдан жылға 50 жылдың көлемінде көптеген комиссиялар мен ревизиялар арқылы аталған мәселенің шешіліп жатқандығын көрсететін көрініс қана жасалды. Ал нақты шындығында биліктің бұған қарсы қояр баламасы жоқ болатын.

Әртүрлі рулар, тайпалардан, бірақ бірыңғай берік діні, тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ортақ күрделі құрамнан құралған қоғамы бар Түркістанды ассимиляциялау мүмкін еместігі отаршыл биліктің сайлау жүйесін сақтап қалуына мәжбүр етті. Тіл білмеуі мен бұрынғы биліктегі ақсүйектерді басқарудан шеттету, жаңа биліктегілерді руларды қырқыстырып қою, бір-бірімен қарсылас шайқасушы топтар құру, қызметке тек отаршылдық жүйеге оң қабақ көрсеткен адамдарды ғана тағайындау арқылы өзіне әріптес іздеуге итермеледі.

Халықты құлдық бұғауға қамыттау арқылы басқарудың мұндай «технологиясы» сайлау науқанының «шығындарын» молынан өтеді, кейде халықтың наразылығынан толқулар болып тұрды, бұл толқулар кейде өте кең ауқымдарды шарпып, кескілескен ұрыстарға алып келіп отырды. Қазір сондай сайлау соғыс орындарынан бірнеше хабарламаларын мысалға келтірейік.

1880 жылдың 10 маусымында Құрама үйезінің дихандары Хурдан болыстығындағы болыс сайлауына қарсы шықты. Үйездік басқарушы бұл оқиғаны былайша сипаттайды: «...Мен оларға шығып, съезд болатын жерге баруларына қайталап бұйырдым. Сол кезде қалың тобыр ортасынан ол жаққа бармайтынын айтып біреулер айқайлады, мен бұл тобырды таратып жіберуге бұйырғанмын. Бірақ та бұл тобырдағылар менің жігіттерім мен бұйрығымды орындаушы адамдарға қарсылық көрсетті. Қарсылық көрсетушілер менің жігіттеріме қол жұмсап, осы тобырды ұйымдастырып, айдап салушы Мұхамедқұл Қабланов менің тілмашымның жағынан тартып жіберді. Тілмашым менің бұйрығымды оларға аударып бергеннен кейін, бірнеше адам тілмаш пен үйез басшысының бірнеше адамын өлтіру қажет және бұл үшін оларға не істей аласыңдар деді, ал мұндай батырлық жасағандар туралы даңқ кеңге жайылып, қажет болса қолымызға қару алып соғысуға дейін барамыз деді. Сол кезде мен тобыр жиналған жерге бардым ... сосын оларға мұндай заңды бұйрықтарға бағынбау заң бойынша қатаң жазаланатындығын жеткіздім. Менің сөзімді түгел дерлік естіп болғаннан кейін де, жиналғандар орнынан қозғалған жоқ, бірақ кейбіреулерінің ештеңеден қорықпайтынын, тіпті Сібірге жер аударып жіберсеңдер де тарқамаймыз деген дауыстары шығып жатты» [14, 2-3-пп.].

1887 жылы Наманған үйезі Бағыш болыстығындағы Нанай қыстағындағы сайлауда «бір топ қырғыздардың бас көтеруі болды» - деп үйез басшысы рапорт жазған болатын. Мұның бәрі патшалық режимнің Түркістандағы әкімшілік саясатының теріс әсерінің жарқын дәлелі бола алады. Үнемі әлеуметтік қысым көрген халық отарлық жүйенің қыл бұрауына қарсы келді. Түркістан бюрократиясының жұмыс істеу тәсілдері билік пен қоғамды отарлық режимнің ішінен іріп-шіруіне алып келетін саяси, экономикалық және әлеуметтік кикілжіңдерге терең тарта берді, ал бұл оның күйреуіне тікелей себепкер болды. Бұған халықтың тегін еңбек жұмыстарына тарту, салықтан бас тарту секілді қарсылық келтіруі, дихандардың жер мен суға күресі сияқты түрлері дәлел. К.К. Пален өзінің есебінде Түркістанның үш байырғы облыстарындағы әртүрлі тегін жұмысқа тарту деректерін келтіреді: 1902 жылы 5 054 789 жұмыс күніне тартылған болса, 1904 жылы – 1 327 265 күнге, 1905 жылы бұл көрсеткіш 597 172 күнге дейін кеміген, ал 1907 жылы 68 273 күнді ғана құраған [13, 94-95 бб.]. Қарсылық көрсеткен қозғалыс кең етек жайды және билік бұларды «басқару тәртібіне қарсы келу», «тәртіп пен тыныштықты бұзу», «ар-намысқа тіл тигізу» және т.б. деп сараптады. Дәл осындай сараптамалар ұлт-азаттық қозғалыстары мен төңкеріс жылдары кезеңдегі сот статистикасында жиі көрсетіліп отырылды.

Билік пен қоғам арасындағы кикілжің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тіпті асқынып кетті. Отарлық билік соғыс жағдайында жергілікті халыққа қаржылық-салықтық қысымды үдете түсті, нақтырақ айтсақ 1 қаңтардан бастап соғыс салығы салынды, оның көлемі тікелей салықтың 21 пайызын құрады. 1914 жылдан 1917 жылға дейінгі аралықта соғысқа деп «ерікті» түрде жиналған қаржы көлемі 3,2 млн. рубльден астам болса, оның ішінде 2,8 млн. рубль жергілікті халықтан жиналған еді [15, 95 б.]. Жергілікті халық, оның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатындары жергілікті биліктің, оның ішінде ауылдық және болыстық басқарушылардың көптеген және өте ауыр алым-салықтарынан бас көтере алмады. 1915 жылдың күзіндегі шағымдануда: «барлық халық серпіліп бас көтерді», сонымен бірге «халықтың мұқтаждығы өсіп келеді, ал онымен бірге өшпенділігі де өсіп, мұның арты толқуларға алып келуі мүмкін» [15, 96 б.], - деп атап көрсетілген.

Осылайша, патшалық отарлық басқару жүйесінде әскери және азаматтық шенеуніктік аппарат басты рөл атқарды. Ол отарлау кезеңінен бастап, кейін отарланған жерлерді бекіту, оны басқарудың саяси, құқықтық және экономикалық негізін жасау және өлкені отарлау мәселелерін шешу барысында да айқын басым болды.

Шенеуніктік аппарат әскери және азаматтық қызметтерді қатар атқара жүріп, «менің шекарам менің солдатымның табаны жеткен жерде» деген феодалдық ұстанымдарға сәйкес әрекет ететін, өзіне жақын әрі түсінікті алғашқысына басты екпін салды. Түркістанның жергілікті тұрғындарының мұқтаждықтары шенеуніктердің жоспарларынан мүлдем ысырылып тасталды, барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы шаралар негізінен самодержавие «ұстанымдарының бұлжымастығын» қорғау, ұзақ мерзімді және алғашқы кезектегі мақсаттарды есепке ала отырып, өлкені отарлау жұмыстарының ауқымды кешенін шешу басты назарларында болды.

Орталық билік өзінің шынайы жоспарын азиялық қоғамда «азаматтық қоғам негіздерін құру», оған «еуропалық бастау енгізу» және «бұратана халықты өркениетке жеткізу» сияқты игі бастамалар пердесінің артына жасырып осы шаралардың идеологиялық негізін жүзеге асырып отырды. Сонымен қатар, қоғамнан шенеуніктік аппараттың көптеген жағымсыз фактілерін жасырып, «кемшін тұстарын» көрсетпеуге тырысты. Мұндай саясаттың нәтижесінде Түркістан халқының кедейленуі мен артта қалуы айқындала түсті.

------------------



  1. ӨР ОММ, И-1қ.,20-т., 8884-іс.

  2. ӨР ОММ, И-1қ.,27-т., 1509-іс.

  3. Отчет о состоянии Туркестанского края, составленный сенатором, тайным советником Гирсом, командированным для ревизии края по высочайшему повелению, в 2-х частях –ч.1. Администрация. Управление краем. Ч.2. Суд. Финансы. – СПб.,1888.

  4. ӨР ОММ, И-1қ.,20-т., 1513-іс.

  5. Арендаренко Г.А. Досуги в Туркестане. – СПб.,1889. – 667 с.

  6. Галузо П.Г. Туркестан — колония (Очерки истории колониальной политики русского царизма в Средней Азии). 2 - изд. - Ташкент: Госиздат, 1929. - 226 с.

  7. Всеподданнейшая Записка, содержащая главнейшие выводы отчета о произведенной в 1908—1909 гг. по высочайшему повелению, сенатором гофмейстером графом К.К.Паленом ревизии Туркестанского края. Часть II, Административный строй. Органы краевого, областного, уездного и сельского управления. - СПб., 1910. – 53 с.

  8. ӨР ОММ, И-127қ.,1-т., 596-іс.

  9. ӨР ОММ, И-1қ.,20-т., 5134-іс.

  10. ӨР ОММ, И-1қ.,11-т., 196-іс.

  11. ӨР ОММ, И-1қ.,11-т., 601-іс.

  12. ӨР ОММ, И-1қ., 25-т., 89-іс.

  13. Отчет по ревизии Туркестанского края, произведенной по Высочайшему повелению Сенатором Гофмейстером Графом К.К. Паленом. Сельское управление: туземное и русское. - СПб., 1910. - 226 с.

  14. ӨР ОММ, И-1қ., 19-т., 908-іс.

  15. Ковалев П.А. Революционная ситуация 1915-1917 годов и ее проявления в Туркестане. - Т., 1971. – 267 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет