Болашақ маманның кәсіби біліктілігін қалыптастырудағы қазақ тілінің рөлі



Дата17.06.2016
өлшемі77.92 Kb.
#141426
ӘОЖ 372.881.122

Болашақ маманның кәсіби біліктілігін қалыптастырудағы қазақ тілінің рөлі

Әбдірова Г.М., С. Сейфуллин атындағы ҚАУ, Астана қ.


Соңғы жылдары қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби білікті маман даярлау ісі қолға алынуда. Жоғары оқу орындарында білім берудің мемлекеттік стандарты негізінде жасалған қазақ тілінің типтік бағдарламасында студенттердің кәсіби деңгейін жетілдіру көзделіп, мамандық әлеміне арнайы бір семестр арналған. Бұл семестрде студенттің өз мамандығына қатысты терминдермен, тілдік ұғымдармен танысуына кең мүмкіндік туылады. Яғни он бір жыл бойы қазақ тілін мектеп бағдарламасы бойынша оқып-біліп келген жас талап ендігі жерде кәсіби тілде сөйлеп, өзінің өмірлік кәсібіне қатысты мәліметтерге қанығуы қажет.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілде оқыту – бүгінгі күн талабы екендігін ойластыра отырып, кәсіби қазақ тілінен бақылау жұмыстары және оларды орындауға әдістемелік нұсқаулар жазылды. Студенттерді аралық бақылауға дайындауға және ағымдағы бақылауларды, емтиханды өткізуге тестер жинағы құрастырылды, бұлар бірте-бірте қажетті материалдармен толықтырылып отырды. Болашақ экономистерді кәсіби қазақ тілін меңгертіп, оны күнделікті өмірде қолдануға үйрету мәселесін шешу мақсатымен мемлекеттік тілде «Жұмыс дәптері» жазылып, басылымнан шықты. Жоғары оқу орындарындағы орыс бөлімі студенттерінің кәсіби тілін дамытуға арналған ғылыми зерттеулер дүниеге келді, оқулықтар жарық көрді. Солардың ішінде З.Күзекова, Г.Қарақұсовалардың (экономика факультетіне арналған) қазақ тілі оқулықтарынан өзімнің сабақтарыма сәйкестерін алып, пайдаланып жүрмін.

Адамдардың қоғамда өзара қатынас жасап, пікір алысып түсінісетін құралы – тіл екендігі баршамызға аян. Тілдік ұғымдарды меңгеру, оларды күнделікті тәжірибеде қолдану, түрлі ғылыми пәндер жүйесін меңгерудің бәрі де тілдік атау сөздерімен, ұғымдарымен бейнеленеді. Сөйтіп адамның ойлауы мен сөйлеуі қанат жайып өрістеп, дүниенің сырын танып біледі.

Тілдің осындай ерекшеліктерін айта келіп, алдымызда отырған студенттік аудиторияны алсақ, олардың көбінің ауызекі сөйлеу тілі де, қатесіз жазу жақтары да әлі толық қалыптаспағанын байқап жүрміз.

Өкінішке орай, жоғары оқу орындарының өзінде-ақ тіл дамыту сабақтары, кәсіби арнайы мәтіндерді меңгеру жұмыстары көбіне студенттердің жазу, айту жақтарын түзетуге, ережелерді еске түсіруге, сондай-ақ кей сәттерде тілдік мәселелерді қайта түсіндіруге жұмсалады. Ауызекі сөйлеу тілін кәсіби мәтіндер арқылы дамыту – заман талабы.

Оқытылуға алынған мәтіндер құрылымына тоқталсақ, бұл мәтіндер үйренушінің тілдік қабілетіне сәйкес жеңілдетілген, түсінікті болғаны жөн. Сабақта пайдаланылатын мәтін ғылыми тұрғыда сұрыпталған, өңделген болуы керек. Мұндай мәтіндерді сұрыптауға зерттеушілер әр қырынан келіп, көптеген талаптар қояды: «Мәтін шартты түрде екі қырынан: мазмұндық-әдістемелік және лексика-синтаксистік, стильдік жағынан тексеріліп, бағаланады» [1; 43].

Мазмұндық-әдістемелік сипатына: ғылыми мазмұны, оның қажеттілігі, қайталаусыз, жүйелі баяндалуы, теориялық абстракциялық деңгейі, өткен материалмен сабақтастығы, күрделірек деңгейі, студенттердің білімі мен логикалық ойлау деңгейіне сәйкестілігі, терминологияның бірізді қолданылуы, түрлі ақпараттық және фактілік материалдардың мөлшері т.б. мәселелер жатады.

Ал лингвистикалық-стилдік сипатына: студенттердің лингвистикалық әзірлік деңгейінің ескерілуі, сөйлемдердің тым ұзын, шұбалаңқы немесе кілең тақ-тұқ қысқа да болмауы, оқылуы мен жазылуы қиын көп буынды сөздердің сирек қолданылуы, абстракт мағыналы және бейтаныс сөздердің қажетті мөлшерде әрі мағынасы мәтін ішінде түсінікті болатындай етіп жұмсалуы, сөздердің бір мәтінде екіұшты мағына беретіндей қолданылмауы жатады.

Сабақта қолданылатын мәтін студенттің психофизикалық ерекшелігіне бейімделіп немесе бейімделмей де алынуы мүмкін. «Мәтінді сұрыптағанда мынадай факторлардың кешенді жүйесін ескерген жөн: студенттердің мамандығы бойынша актив сөздер мен түсіндірме терминдердің ауқымы; лексико-грамматикалық материалдың ерекшелігін қамтамасыз ету; мәтіннің қиындық деңгейін анықтау критерийі; мәтіннің семантикалық моделін құру мүмкіндігі; мәтінде ойлау-танымдық мәннің болуы; контекстік көркемдік пен жанрлық шектеулік; тақырыптық принцип; мәтіннің композициялық-мәндік құрылымы мен стилі» [2; 18].

Р.А. Шаханова мәтінді сұрыптауға үш түрлі шарт қояды:

1. мәтіннің лингвистикалық мақсатқа;

2. мазмұнының танымдық-педагогикалық ұстамға;

3. әдістемелік нысанаға сәйкес болуы керек [3; 111].

Осындай факторларға негізделіп, белгілі бір тақырып бойынша сараланған мәтіндерден бір модуль құруға болады. Атап айтқанда, әрбір модуль мазмұны жағынан бірін-бірі толықтыратын бірнеше мәтін жиынтығынан тұрады. Мәселен, «Экономика және біз» модуліне «Экономиканы білу пайда», «Экономика – біздің өмірде», «Қазақстан Республикасындағы экономиканың дамуы», «Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жағдайы» сияқты т.б тақырыптағы мәтіндер жиынтығы кіреді. Бұл мәтіндер мазмұнын түсініп, ұғыну көп жағдайда оның дұрыс сұрыпталып берілуіне байланысты. Сондықтан да университетте орыс аудиториясына қазақ тілін меңгерту барысында жоғарыда аталған талаптарды ескере отырып, әр мамандыққа, әр салаға қатысты мәтіндерді жеке-жеке топтастыруды жөн көрдік. Мәселен, экономика мамандығына ұсынылатын мәтіндер осы салаға қатысты ұғымдар мен түсініктерді, экономика мамандығының өзіндік ерекшеліктерін қамтыса, жерге орналастыру саласына қатысты мәтіндер жердің қыр-сыры, жерге орналастыру, жер кадастры мамандықтарының ерекшеліктері мен осы мамандықтарға арналған термин сөздерді берумен өзгешеленеді.

Ал осы мәтіндерді толық және дәл ұғыну оның ішіндегі сөздердің дәл мағынасын түсініп, білуге байланысты. Сондықтан да әрбір модульге енген мәтіндер соңында сөздік материалдар да берілуі тиіс. Сондай-ақ бұл сөздер жеке талданып, студенттердің сөздік лексиконын толықтыруы қажет.

Сабаққа қажетті мәтін осылай сұрыпталып алынған соң, онымен жүргізілетін жұмыс мынадай кезеңдерге бөлінеді:

1. Мәтінмен жұмыс алдындағы кезең. 2. Мәтінмен жұмыс кезеңі. 3. Мәтін соңындағы жұмыс кезеңі.

Мәтінмен жұмыс алдындағы кезең оқытушының басшылығымен жүргізіледі. Мұнда алдын-ала мәтінде кездесетін сөздер, сөз тіркестері іріктеліп алынып, түрлі тапсырмалар, коммуникативтік, грамматикалық жаттығулар жүйелі түрде беріледі. Бұл үйренушінің алдағы оқытылатын мәтінді қиналмай түсінуіне дайындық болмақ.

Мәтінмен жұмыс кезеңінде мәтінді оқу, мазмұнын түсіндіру, мәтін бойынша сұраққа жауап беру, жоспар жасату, бірнеше бөлімдерге бөлдіру, қорытынды жасату, т.с.с. Бұл жерде үйренушінің мәтінді түсініп, мәнерлеп оқуына, оқу жылдамдығына көңіл бөлінеді.

Аталмыш тәсіл үйренушінің осы тақырып бойынша сөздік қорын дамытып, сұрақ қоюға және оның шешімін табу үшін ойын жетілдіріп, өз пікірін еркін айтуға төселдіреді.

Келесі мәтін соңындағы жұмыс кезеңі мәтінге түсініктеме беру, ондағы мамандыққа қатысты терминдерді күнделікті қарым-қатынас кезінде, болашақта, қызмет барысында еркін қолдану үшін жасалынады. Үйренушінің мәтінді қаншалықты меңгергендігі түрлі тапсырма, проблемалық тақырып, пікірсайыс арқылы жүзеге асады.

Негізінен, ауызша сөйлей білуге, ондағы сөздердегі дыбыстарды бұзбай дұрыс айтып, ойын білдіруге үйретуде мәтінмен жұмыстың орны ерекше. Мысалға экономика мамандығында оқитын студенттерге арналған мына бір мәтінді алайық:



Экономиканы табиғатпен салыстыруға болады. Экономика да, табиғат та объективті. Экономика заңдары табиғат заңдарымен тығыз байланысты, ол да объективті. Егер табиғатты түсінбесек, табиғат байлығын игере алмаймыз. Экономика да солай. Егер экономиканы білсек, ол бізге байлық, пайда әкеледі.

Экономика – бұл үй шаруашылығын игеру, басқару өнері дегенді білдіретін көне грек сөзі. Бір сөзбен айтсақ, экономика дегеніміз - өзіміздің тұрмысымыз.

Экономика сіз өмірге келгеннен бастап-ақ өміріңізге араласа бастайды. Жігіт үйленеді, қыз тұрмысқа шығады, кішкентай мемлекет пайда болады. Ал кішкентай мемлекетті басқару - үлкен өнер. Шетелде жастар үйленген кезде некелік контрактқа тұрады. Кәдімгі екі мемлекет сияқты. Контрактіде көп мәселе қамтылады; болашағымыз бала десек, некелік контрактіде сол баланың болашағына дейін ойластырылады.

Осы мәтінді меңгерту барысында ең алдымен төл дыбыстарымыз бар, айтылуы қиын сөздер мен сөз тіркестеріне студенттердің назарын аудартуымыз қажет: үй шаруашылығы, заң, тұрмыс, үйлену, тұрмысқа шығу, қамтылу, ойластырылу.

Жаңа сөздерді орысша аудармасы арқылы меңгерту:

Басқару – управлять

Табиғат заңдары – законы природы

Пайда – польза

Байлық - богатство

Тұрмыс – быт, жизнь

Күнделікті тұрмыс – обычная жизнь

Мемлекет - государство

Экономика заңдары – законы экономики

Мүмкіндік – возможность

Некелік контракт – брачный контракт

Салыстыру – сопоставить, сравнивать.

Студенттердің барлығын қатыстыра отырып мәтінді оқыту, мәтінді орысшаға аударту, яғни мағынасын түсіндіру; тақырыпты қаншалықты меңгергендігін байқау мақсатында мәтін мазмұнын қысқаша баяндау, мәтінге қатысты сұрақтарға жауап беру негізге алынады.

Бұған қоса, С. Рахметова [4; 184] мәтінмен жұмысты оқушының мәтінді қабылдау әрекетімен байланысты зерттейді де, төменгі жұмыс түрлерін ұсынады:


  1. мәтінді оқушылар дұрыс қабылдау үшін, алдымен оқушыны психологиялық жағынан дайындау;

  2. мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;

  3. мәтінді оқу;

  4. мәтіннің жоспарын құру;

  5. оқыған мәтіннің мазмұнын айту.

  6. мәтіннің мазмұны бойынша шығармашылық жұмыстар.

Бұған Т. Әбдікәрімова [5; 8] мәтін арқылы тілді оқыту мәселесін қосқан. Осы айтылған талаптарға сай жоғарыда келтірілген мәтінмен жасалатын жұмысты кеңейте түссек, мәтінге былай жоспар құруға болады:

  1. «Экономика» сөзінің шығу тегі.

  2. Экономика және табиғат заңдарының байланысы.

  3. Экономика – біздің өмірде.

Одан кейін мәтінді мазмұндату жұмысын жүргізуге болады. Сонымен қатар республикамыздағы экономиканың дамуы жайлы хабарламаны әзірлеу жұмысын беруге болады.

Мәтінмен жасалатын бұндай жұмыстар студенттерді төл сөздерімізді дұрыс айтуға, сөздік қорын дамыту, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, ауызекі сұрақ-жауап жұмыстары арқылы тілін дамыту, мамандыққа қатысты білім беру, т.б көптеген мәселелерге машықтандырады.



Қорыта келгенде, туған тіліміздің қадір-қасиетін, оның байлығын, еліміздің болашақ мамандарын ана тілінде сөйлей білу мүмкіндіктеріне жеткізу – тіл мамандарының алдына қойылған үлкен міндеттердің бірі. Бүгінгі студент – ертеңгі маман білім ордасынан білімді, білікті, жаңа технологияны меңгерген жаңашыл тұлға ғана емес, мемлекеттік тілді жақсы, кәсіби қазақ тілін жетік меңгерген тұлға болып шығуы керек. Осы орайда студенттерге мамандықтарына қатысты мәтіндермен жұмыс жасату әбден қажет. Студенттер мәтінмен жұмыс жасау кезінде мамандықтарына қатысты термин сөздерді меңгергеннен кейін, өз беттерімен диалогтар құру мүмкіндігіне ие болады және де хабарлама, реферат жұмыстарын әзірлеу арқылы өздері де мәтін құрастыруды үйренеді. Бұлардың барлығы орыс аудиториясында оқитын студенттерге мемлекеттік тілді меңгерту жұмысын жетілдіруге, мамандыққа қатысты термин сөздерді сөйлеу дағдыларында белсенді түрде қолдануға зор мүмкіндік береді.
Әдебиеттер

  1. Құсайынов А.Қ., Асылов Ұ.Ә. Оқулықтанудың өзекті мәселелері. Алматы. – 2000.

  2. Жақсылықова К. Мәтінмен жұмысты ұйымдастыру.//Қазақ тілі мен әдебиеті. N5-1999.

  3. Шаханова Р.А. Қазақ тілін оқытуда мәтіндердің жалпы сипаттамасы//Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. N8-2004.

  4. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы. – 1991.

  5. Әбдікәрімова Т. Бастауыш класта текспен жұмыс істеудің әдістемесі. Алматы. – 1993.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет