Целиноград ауданы
Шалқар орта мектебі
2014-2015 оқу жылы
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерей тойына
орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел
«Шын жүректен»
Мақсаты: Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейтінін, сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын оқушыларға ерекше ұғындыру.
Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие екенін, қаза тапқандардың рухына тағзым ететінімізді түсіндіру.
Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіретініне, жанымызға қуат беріп, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуына тәрбиелеу.
БАРЫСЫ:
Жүргізуші:
Қымбатты ардагерлер, тыл еңбеккерлері мен сіздерді бүгінгі қасиетті де қастерлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтаймын. Сұрапыл соғыстың біткеніне, міне, 70 жыл толды. «Кеңес Одағы» деген үлкен мемлекеттің миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Егер де ойлап қарасақ, халқымыздың басына түскен 30-шы жылдардағы зұлматтан кейінгі қазақтың басына түскен екінші бір сұрапыл қырғын Ұлы Отан соғысы болғандығы ақиқат. Бұл соғыста біздің азаматтарымыз ерлік пен қаһармандықтың ең жоғары деңгейдегі үлгісін көрсетті.
558 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды, ал оның ішінде қазақ азаматтары да аз емес еді. Уақыт өткен сайын аға толқын – сіздердің қол жеткізген ауқымды жетістіктеріңіздің, ірі табыстарыңыздың маңызы артып келеді. Соғыстан кейінгі күйреген экономиканы қалпына келтіруде ардагерлер қажырлылық танытып, атсалысты. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз, отансүйгіштіктеріңіз, бірліктеріңіз, бауырмалдық және ынтымақтастық қасиеттеріңіз бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық болып табылады. Сондықтан да сіздерге басымызды иеміз. Мұның өзі, әсіресе, биылғы жылы өз тәуелсіздігінің жиырма төрт жылдығын атап өтетін жас мемлекетіміз үшін өте маңызды. Бір құптарлығы, аға ұрпақтың ұланғайыр жеңісі мен еліміздің бүгінгі жеңісі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер де жеңімпаз әкелеріміздің ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекетті құра алмас едік.
Туған Отанының бостандығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен, сөйтіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестеріңізді қоса білдіңіздер.
Тек қана майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға көпшіліктің, анығырақ айтқанда, бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.
Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс.
Видео көрініс: «Вставай страна огромная»
Кіріспе сөз: «Халықтың тылдағы ерлігі»
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор.
1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600 000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі — 20%, әйелдер — 58%, жасөспірімдер — 22% болды. Яғни, майданды азық- түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.
Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық- түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауылшаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942—1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4 111 трактор, 1 184 жүк машиналары, 30 318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ын ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пүт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пүтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды.
1942 жылы 450 мың гектар тың және тыңайған жер жыртылып, егін салатын жер ауданы 17%-ға өсті. Осы жылы Қазақстанда 6 809 колхоз болды, оларда еңбек етуге жарамды 4 912 001 ерлер, 593 407 әйелдер еңбектенді. Нәтижесінде 1942 жылы Қазақстанда егін жақсы шығып, республика бойынша 84,3 млн. пүт астық жиналды. Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Семей облыстары астық жинау жоспарын 102,2-ден 114,9-ға асыра орындады. 1943 жылдан бастап республикада егін егісі қысқара бастады. 1940 жылы егістік 6 808,6 мың га болса, 1945 жылы 6 039,9 гектарға кеміді. Себебі, 1943 жылдан бастап жаудан азат етілген жерлерге егін салу жандана бастады. Керісінше, картоп, бау-бақша өнімдерін егетін жер көлемі жылдан-жылға өсті. Бұл өнімдер 1940 жылы 214,2 мың гектар егістікке егілді. Сондықтан 1944 жылы колхоздар мен совхоздар мемлекетке 1943 жылмен салыстырғанда 18,2 млн пүт қант қызылшасын, 7 ц. көкөніс, 150 000 ц. мақта артық өткізді. Бұл жылдары республиканың барлық колхоздары мен совхоздары жоспарларын орындаумен шектелмей, асыра орындауға бар күштерін салды.
Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауылшаруашылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.
Құттықтау сөздер: Мектеп директоры-Камзебаев Е.Қ.
Ауыл әкімшілігінен бас маман-Касенова Ж.С.
Ардагерлер ұйымының төрағасы-Рахимбеков Б.С.
Тасимова К.К.
Мектеп әскери жетекшісі-Закарьянов Қ.Н.
Ән: «Катюша» - соғыс жылдарындағы осы әуен бүкіл совет халқының көңілін серпіп, жеңіске жетем деген ой тудырған. Сіздерге де осы ән шет емес деп ойлаймын. Ендеше, тыңдайық та бірге жырлайық.
Стихотворение: «Досвидания, мальчики!» /Марлен, Наргиза/
Сұхпаттасу: /тыл ардагерлерінде сөз кезегі/
-
Құрметті тыл еңбеккерлері, сіздер сол сұрапыл жылдары өз бастарыңыздан өткен қиындықтарды, ашаршылық, ауыртпалық жайында айтып өтсеңіздер.
-
1941 жылдың 22 маусымы қалай естеріңізде қалды?
-
Сол жылы қанша жаста едіңіз?
-
Қанша жастан еңбекке араластыңыз?
-
Тылдағы еңбек туралы айтсаңыз?
-
Жеңіс күнін 1945 жылдың 9 мамырын қалай қарсы алдыңыз?
-
Жеңіс туралы әңгімелеп берсеңіз?
-
Сол кезде алған әсеріңізді еске түсірсеңіз.
Майдангерлер – Айтаныс оқиды.
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер, азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жорық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды – ау сиреп бұл күнде қатарларың.
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер, азайып барасыңдар.
Вальс: «В лесу при фронтовом»
Ән: «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген»
Минисценка: «Я рисую небо» /Рабинур, Михаил/
Ауыл имамы-Смаилов Ж.М. құран бағыштау.
Видео көрініс: «День Победы»
Қорытынды: Сіздерді тағы да 9-мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!
Достарыңызбен бөлісу: |