Цитология (гр. kytos – жасуша, logos - ілім) – жасушаның құрылысы, тіршілік әрекеттері және дамуы туралы ғылым. Дәрігерге цитология ғылымының негіздерін жетік білу өте қажет, себебі, қазіргі медициналық практикада қатерлі ісіктер, қан, тұқым қуалаушылық және тағы басқа аурулардың диагнозын цитология әдістер арқылы қою кең қолданылады. Сондай-ақ, жасуша мембраналары мен органоидтарының құрылысы жайлы жаңа ғылыми мәліметтерді игеру, олардың қатысуымен организмде өтетін қалыпты немесе патологиялық құбылыстарды түсіну және күнделікті тәжірибеде қолдану үшін өте қажет.
Жасуша туралы түсінік. Жасушалық теория
Жасуша – тіршіліктің ең ұсақ бірлігі болғандықтан, организмнің құрылысы мен тіршілік әрекеттерінің және дамуының негізі. Жасуша туралы мүндай түсінік тез арада емес, ол – 300 жыл бойы ғылымда орын алған микроскопиялық зерттеулер нәтижесінде қалыптасқан. 1839 жылы Т. Шванн және М.Шлейден өсімдіктер мен жануарлардың микроскопиялық құрылысы туралы мәліметтерді жинақтап және тазалап, жасушалық теорияны жасады. Бұл теория – жаратылыстанудың негізгі заңдарының бірі болып есептелінеді. Қазіргі кездегі жасушалық теорияның басты қағидалары төменде қарастырылады.
Жасуша – тіршіліктің ең ұсақ бірлігі. Тіршіліктің жасушадан да ұсақ түрлері бар, мысалы вирустар. Бірақ, олар тіршіліктің бірлігі деп саналмайды. Себебі, тірі организмдерге мына қасиеттер жинағы тән: көбеюге қабілеттілік, зат және энергия алмасу, сезімталдық, адаптация (бейімделушілік), өзгергіштік, т.б. Осы қасиеттер жинағы ие болған ең ұсақ тіршілік түрі – тек қана жасуша. Ал, вирусты алсақ, ол бұл қасиеттердің барлығына бірдей ие емес (мысалы, олар өздігінен көбейе алмайды, ол үшін жасушаны пайдаланады). Сондықтан, вирус қаншама ұсақ және тіршілік түрлерінің бірі болса да, оның бірлігі деп саналмайды.