1.6.2 Ағаш түрлерінің жылуға қатынасы. Барлық ағаш түрлері жылуды талап етуі бойынша негiзiнен екi топқа бөлiнедi: жылу сүйгiштер және суыққа төзiмдi ағаш түрлері.
Ағаш түрлерінің жылу сүйгiш дәрежесiнiң объективтi көрсеткiшi – оның табиғи тараған аймағы (ареалы) болып табылады.
Осы негiзде Г.Ф.Морозов жылу сүйгiш ағаш түрлерінен бастап, қысқа төзiмдiлерiмен аяқтай отырып, мынадай шкала жасады: талшын, емен, шаған, шегіршіндер, кәдімгі қарағай, шетен, қандыағаш, қайың, майқарағай, шырша, самырсын, балқарағай.
П.С.Погребняк ағаш түрлерінің жылуға қатынасын сипаттайтын шкаланы ұсынды:
I. Өте жылу сүйгiштер: қиыр шығыс қарағайы, тоз қатпарлы емен, сауырағаш, секвойя.
II. Жылу сүйгiштер: талшын, айлант, қара жаңғақ ағашы, грек жаңғақ ағашы, үлпек емен, ақ қараған, қармала.
ІІІ. Жылуды аз қажет ететiндер: қызыл емен, үйеңкі, қарағаш, тау емені, шаған.
IV. Жылуды қажет етпейтіндер: көктерек, қайың, сұр қандыағаш, шетен, шырша, сібір майқарағайы, кәдімгі қарағай, балқарағай.
1.6.3 Ағаш түрлеріне температураның әсерi. Ағаш түрлеріне температуралық ауытқулар әсерi әр түрлi болып келедi, бiрақ, әсiресе, тым төмен және тым жоғары температуралардың зияны көп.
Тым төмен температураларда мыналар орын алуы мүмкiн:
- өркендердiң, гүлдердiң, жапырақтардың үсiкке ұрылуы;
– қысқы суықтар кезеңiнде өсiмдiктердiң үсiп кетуi;
– аяздан шытынаулар мен ойық жарылулардың пайда болуы.
Тым жоғары температура (аптап ыстық) тамыр мойнының күйiп кетуiн, дiң қабығы мен жапырақтардың күюiн туғызады, олар сеппелер мен ағаштарға терiс әсер етедi.
Кеш түскен көктемгi және ерте түскен күзгi үсiктер ағаштарға аса зиянды. Күздiң басындағы күтпеген үсiктер сүректенбеген өркендердiң жойылуына әкелiп соғады.
Үсiктерге шаған, шырша, шамшат, майқарағай сезiмтал, ал қайың, қарағай, шетен, балқарағай, қандыағаш төзiмдi келедi.
Жас өсiмдiктердiң сығылуы көбiне дымқыл және ауыр топырақтарда орын алады.
Аяздан дiң бойымен шытынаған жарылулар бiршама жиі кездеседi. Бұл құбылыс – жер бетіндегі температураның шұғыл төмендеуінiң нәтижесi. Ағаш сүрегiнiң жылу өткiзгiштiгi төмен болу салдарынан, сыртына қарағанда iшкi бөлiмiнде аз қысылады, содан дiннiң сыртқы бөлiгi тiк бағытта жарылуы пайда болады. Аяздан болған жарылулар көбiне аз майысқақ қабықты ағаштарда (емен, шаған, шамшат, шегіршіндер) көбiрек кездеседi. Мұндай сүректiң техникалық сапасы төмендейдi, жарылуларда зиянды жәндiктер мекен етіп, ағаш бүлдiретін саңырауқұлақтардың споралары түседi. Қар аз түскен жылдары, ұзақ қатты аяздар (-40 С-қа дейiн) кезiнде ересек шырша ағаштарының қылқандары қызарып кетедi, содан соң жерге түсiп қалады. Егер шыршалар қылқанының 60 пайызға жуығын жоғалтса, олар құриды.
Әсiресе, тегіс қабықты жас ағаштар ( шырша, граб, майқарағай ) үшiн ең көп тараған екі зақым түрі қауiптi: қабық күйiгi және тамыр мойнының күйiп кетуі. Қабық күйгенде камбий қабаты өледi және қабық дiңнен сылынып қалады. Бұл саңырауқұлақ ауруларын туғызады. Күйiк бәрiнен жиiрек жұқа, тегiс, қабығы қошқыл қара түстi ағаш түрлерінде (майқарағай, шаған, шамшат және т.б.) байқалады. Топырақ үстiнiң жоғары температурасында (50-60°С) тамыр мойнының күйiп түсуi орын алады.
Жиiрек күйiп түсуден көшеттiктердегi сүректенбеген өскiндер және бiр жылдық сеппелер, әсiресе, құмдар мен қара топырақтағы қылқан жапырақты ағаш тұқымдарынан өсірілгендер зардап шегедi.