Дайыр ауылдық округінде 2014 жылы атқарылған жұмыстар



Дата23.02.2016
өлшемі67.1 Kb.
#8761
Дайыр ауылдық округінде 2014 жылы атқарылған жұмыстар
«Дайыр ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін ҚР-ның Конституциясына, «Қазақстан Респуликасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және басқа да заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Зайсан ауданы әкімдігінің 2012 ж. 10 желтоқсандағы №1314 қаулысымен бекітілген «Дайыр ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесіне сәйкес жүзеге асырып келеді.

2014 жыл Дайыр ауылдық округі тұрғындары үшін табысты жыл болды.

Округ бойынша халық саны – 2838, 587 отбасы тұрады. Белсенді халық.саны- 1391, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар -515, өзін өзі жұмыспен қамтығандар-736 зейнеткерлер- 288, оқушылар-532, 1-2-3 топтағы мүгедектер- 96, «Алтын алқа», «Күміс алқа»- мен марапатталған көп балалы аналар-85.2014 жылы 42 бала дүниеге келсе, 17 адам қайтыс болды.

Округте 3 мектеп, 1 емхана, 8 сауда дүкені, 2 тойхана, 1шаштараз, 2 наубайхан, 3 клуб үйі, 1 техникалық жөндеу шеберханасы халыққа қызмет жасайды.

Ауылдық округ әкімі аппартында 2014 жылы осы 91 өкім, 2 шешім қабылданды. Биылғы жылы тұрғындардан 14 жазбаша, жеке қабылдау бойынша – 27 өтініш, жиыны 41 өтініш қабылданса, оның 27 қанағаттандырлып, 14 –не жазбаша түсіндіріліп жауап берілді.

2014 жылы ауылдық округ әкімінің есептік кездесуінде тұрғындардан 10 ұсыныс-пікір түскен. Бүгінгі күнге оның 6-уы орындалған. 4-уі бақылауда тұр. Олар:

-Көкжыра ауылына 2 жерден колонка қою, ол 2016 ж. бағдарламасына енгзілді

- Көкжыра ауылындағы бұрынғы ескі мектеп үйін ауыл тұрғындарына қызмет жасайтын орынға айналдыру. Бұл жұмысты іске асыратын жеке кәсіпкерлер қарастырылуда.

-Дайыр ауылынан жаңа типтегі емхана салынса. Жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.

-Жамбыл ауылындағы ескі ауыл мен жаңа ауыл арасындағы жаяу көпір жөнделсе. Оған демеушілер іздестірлуде.

Ауылдық округ әкімшілігінің атқаратын функцияларының бірі – жергілікті бюджетке түсетін салық және басқа да міндетті төлемдерді жинауға жәрдемдесу. 2014 жылы осы сала бойынша біздің округтен жергілікті бюджетке 1 млн.205 314 тенге міндетті салықтан түссе, қосымша кіріс көздерінен 562 628 тенге қаржы түсті.Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 38 пайызға өскен.

Округтегі халықтың негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылық саласы, оның шінде мал шаруашылығы. Мал басы жылдан жылға өсіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара (8089 бас) 11,2 пайызға , қой-ешкі (13448 бас) 13,6 пайызға, жылқы (1631 бас) 14,8 пайызға өскен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 7 адам , 18 млн несие алды. Оның 6-уы жиыны 96 бас ірі қара сатып алып, өсірсе, Жамбыл ауылының тұрғыны Хамзин Ерқайрат осы бағдарламамен алған 2 млн тенге несиеге 500 бас құс сатып алып, құс өсірумен айналысуда. Мұның сыртында «Жайлау» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 4 адам әрқайсысы 100 бастан қой алып, өсіруде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды малдар сатып алу үшін «Ырыс» шаруа қожалығы құжаттарын өткізіп қойды. Аналық басқа субсидия алуға 16 шаруа қожалығы құжаттарын өткізіп қойған. Алайда, әлі ала қойған жоқ.

Округ бойынша 98 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде 23 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысса, 51 –і егін шаруашылығымен айналысады.

2014 жылы округ бойынша -1665 га жерге егін егілді. Оның ішінде: 441 га бидай, 11 га тары, 310 га күнбағыс, 142 га картоп, 63 га көкөніс, 11 га. бақша, қалған 698 га –сы көпжылдық шөптер. Бидайдың әр гектарынан орташа есеппен 15 ц-ден , тарыдан 14 ц-ден, күнбағыстан 8 ц, картоптан 140 ц, көкөністен 170 ц-ден өнім алынды. Тұрғындардың өз өнімдерін өткізу үшін жұма сайын аудан орталығында өтетін жәрмеңкеге апаруға әкімшілік тарапынан үнемі көмек жасалып отыр.Жыл бойы осы жәрмеңкеге 461 бас ірі қара, 14 бас жылқы , 14 бас қой , жиыны 6700 ц. ет саудаланған.

Округ тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайларының жақсаруына әсер ететін маңызды факторлардың бірі- ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту. Бұл салада да біршама ілгерушілік бар. Атап айтақанда, 2013 жылы Дайыр ауылындағы су жүйесі қайта жаңғыртылып, әр үйге су тартылса, биыл Жамбыл ауылында су құбыры тартылып, көшеге 4 жерден колонка орнатылды. Және 24 үйге су кіргізілді. Оған бюджеттен 9 млн тенге қаржы жұмсалды. Жамбыл орталау мектебінің төбесі шатырланды. Мұжықсу орталау мектебінің салқындығына байланысты, биыл қосымша электр пеші қойылып, мектептің сырт жағы топырақпен көмкерілді.

Биыл Дайыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы басталды. Оған бюджеттен 207 млн. тенге қарастырылған. Бүгінгі күні оның 60 млн. игерілді. 2015 жылы құрылыс толық бітеді деп жоспарлануда.

Дайыр ауылындағы Орманбетов пен Утебаев көшелеріне асфальт төсеуге жобалық сметалық құжаттары жасалып, облыстық әкімдікке өткізілді. Және бұдан басқа 9 көшені ағымдағы жөндеуден өткізу үшін , олардың да жобалық сметалық құжаттары дайын. Елбасымыздың биылғы «Нұрлы жол- болашаққа жол» атты Жолдауында айтылған жол мәселесі 2015 жылдан бастап іске аса бастайды. Тұрғындар да осы Жолдаудан көп үміт күтеді.

Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруын жылда төленіп отырған аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы көмек пен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақының жылдан жылға азайып келе жатқанынан да байқауға болады. Атап айтқанда, 2013 жылы мемлекеттік атаулы көмекті 31 адамға 810 700 тенге төленсе, 2014 жылы 16 адамға 613 200 тенге төленіп отыр. Ал, балалар жәрдемақысы 2013 жылы аз қамтылған отбасыдағы 181 балаға 2 млн. 778 600 тенге төленсе, 2014 жылы 163 балаға 2 млн. 590 700 тенге төленді. Яғни, АСП 15 адамға, балалар жәрдемақысы 18 адамға азайған.

Мемлекет аз қамтылған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді, биыл олардың аяқтарынан тұрып кету үшін «Өрлеу» бағдарламасын іске асыра бастады. Осы бағдарламаға біздің округтен 19 жанұядан 23 адам кірді. Оның 12-сі жұмысқа орналасты. Қалғаны тиісті көмегін алып жатыр. Олар келешекте осы көмек арқылы өз кәсіптерін ашып немесе өзін-өзі жұмыспен қамту керек. Біз тарапынан түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Мүгедек балаларды оңалту, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедек адамдарды қамқорлыққа алу жұмыстары жолға қойылған. Округтегі 4 мүгедек бала, 5 жалғыз басты зейнеткер, 4 мүгедек адамдар 3 әлеуметтік қызметкердің қамқорылығына алынған. Әкімшілік оларды үнемі назарда ұстап, мерекелік шараларға қатыстырылып отырылады. Сонымен қатар, әкімшілік қиындыққа тап болған отбасыларға үнемі көмек қолын созып келеді. Атап айтқанда, биыл Дайыр ауылының тұрғыны Қ.Жайыровтың тұрғын үйі аяқ астынан өртеніп, баспанасыз қалды. Ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, 700 мың тенге қаржы жинап берілді. Үйін салуға асар жасап, көптің көмегімен үйі салынып бітті. Тағы бір тұрғынның шөбі өртеніп, оған да көптің көмегімен 50 мың тенге ақшалай және 3 орын шөп берілді. Көкжыра ауылының тұрғыны Құсайынова Бақытгүлдің үйінің кіре берісі құлап, соны тұрғызуға әкімшілік тарапынан көмек жасалды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда әкімшілік, мәдениет және әлеуметтік қызметкерлердің көмегі зор болды.

Округте 3 клуб үйі , 1 кітапхана жұмыс істейді. Мәдени іс шараларының жоспары жасалынған. 2014 жылдың тамыз айынан бастап, ауыл әкімінің ұсынысымен Дайыр клуб үйінің меңгерушісі болып Теміржанова Жанар тағайындалды. Осы кезден бастап округтегі клуб үйнің жұмысы жолға қойылды. Қазір әрбір даталы күндерге арналған мерекелік шаралар өз мәнінде өткізіп келеді.Атап айтқанда, жас ақын Таңжарық Айнұрдың жарық көрген кітабына презентация жасалды. «Зайсанның жайсаң азаматы» атты Ұлықбек Есдәулеттің 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби-музыкалық кеш, «Аманжанов атындағы көше күні», «Еңбегі бар құрылысшының –бас иетін» атты құрылысшылар күніне мерекелік концерт, «Біз билеген билер-ай» атты 40 жастан асқандарға 70-80 жылдар әуендеріне би кеші, «Әскер-ел айбыны» шекарашылар күніне «Лесная» шекара заставасына концерт, «Өлмейтұғын артынан із қалдырған...» атты жергілікті сазгер М.Төлепбергеновты еске алу кеші т.б. Бұл тізімді ары қарай соза беруге болады.

2014 жылдың қортынды мәдени шарасы ретінде «Төрлет, Жаңа- 2015 жыл!» атты жасыл шырша мерекесіндегі ескі жылқы жылымен қоштасу мен жаңа қой жылын қарсы алу қойылымы ауыл тұрғындарына ерекше әсер етті

Сонымен қатар, кітапханада да тұрғындардың рухани сұранысына қажет іс шаралар өз мәнінде өтіп тұрды.

Округте мәдени шаралармен қоса, спорттық шаралар да өтіп тұрады. Қазір Дайыр ауылында жастардың спортпен айналысуына біршама жағдай жасалынған. Себебі, ауылда 2 спорт зал, 1 мини футбол алаңы, 1 хоккей алаңы жұмыс істейді. Оған қоса, аудандық спорт мектебінің филиалы күрес секциясы жұмыс істейді. Оны ауылымыздың тумасы Р.Мамиев жаттықтырады. Биыл қазан айында ауылда 2-ші облыстық еркін күрестен 2000-2003 жылы туған балалар арасында жерлесіміз С.Қасеновты еске алу турниры өтті. Оған демеушілік көрсеткен осы ауылдан шыққан азаматтар А.Қоңырханов, ұйымдастырған Ж.Мамиев. Қатысушыларға А.Қоңырханов 500 мың тенгенің сый- сияпатын жасады.

Дайыр ауылында тұрғындар тарапынан үнемі айтылып жүретін өзекті мәселердің бірі мешіт салу болатын. Бұл жұмыспен 2 жыл айналысып, демеушілер іздестірілді. Нәтижесінде, биыл демеушілер табылып, құны 60 млн. тенге болатын мешіттің құрылысы басталып, тұрғызылды. 2015 жылы қалған жұмысы істеліп, рамазан айына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл мешіттің жобалық сметалық құжатын дайындаған ауылымыздың азаматы Мамырбек Ермек, ал құрылысын бастауға демеушілік жасаған, ұйымдастырған ауылымыздың тумасы, жеке кәсіпкер Қоңырханов Аманжол. Сонымен бірге, ауылдан шыққан басқа да кәсіпкерлер, азаматтар қол ұшын беруде.

Ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған құрамында 12 адамы бар 3 ақпараттық насихат топтары (АНТ) жұмыс істейді. Оның құрамында ауыл әкімі, әкімішілік қызметкерлері, мектеп директорлары, тәлімгерлер, медицина қызметкерлері бар. Олар тұрғындар арасында Елбасы Жолдауын, «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Жұмыспен қамту-2020» , «Саламатты Қазақстан-2015» бағдарламалары туралы, басқа да тақырыптарға және қоғамдық тәртіп, қылмысқа қарсы күрес, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында АНТ кездесулеріне учаскелік инспектор , дәрігерлер лекциялар оқып, әңгіме өткізіп тұрады.



Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарамыз.Округте құрамында 7 адамы бар ақсақалдар алқасы, құрамында 5 адамы бар әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Ауылдарда атқарылатын ауқымды жұмыстарды, даулы мәселерді осы қоғамдық ұйымдармен ақылдасып, шешіп отырамыз.

Дайыр ауылдық округ әкімі Б.Балғабаев

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет