Суппозиториилерге арналған негіздер. Оларға қойылатын талаптар. Суппозиторийлік негіздер де арнайы талаптарға сай болуы керек: негіздер дене температурасында балқуы немесе еруі; бөлме температурасында қатты болуы; фармакологиялық индифферентті болуы; химиялық индифферентті, яғни дәрілік заттармен химиялық байланысқа түспеуі; дәрілік заттармен сиымды болуы; қатты күйден сұйық күйге тез ауысуы; МФ XІ талабына сай деформациялану уақыты 3 тен 15 минутқа дейінгі аралықта болуы; сыртқы факторлардың (ауа, жарық, ылғал, микроорганизмдер) әсеріне тұрақты болуы. Қазіргі кезде суппозиторийлер дайындау үшін негіздердің үлкен ассортименті қолданылады, олар физико-химиялық қасиеттері бойынша ерекшеленеді. Фармацевтикалық тәжірибеде қолдалынатын суппозиторий негіздері 2 топқа бөлінеді: гидрофобты және гидрофильді. Гидрофобты негіздерге: майлар және май тәрізді заттар, олардың эмульгаторлармен және табиғи көмірсутекті заттармен балқымалары жатады. Классикалық негіз ретінде какао майы қолданылады. Гидрофильді негіздер: желатинді-глицеринді, сабынды-глицеринді, полиэтиленоксидтер (ПЭО). Желатин-глицеринді негіздің официналды жазылым құрамы: 1 бөлік желатин, 2 бөлік су, 5 бөлік глицерин.
Суппозиториилерге рецепт жазу ережелері. Суппозиторийлердің рецепте жазылуы. Рецептте суппозиторийлер 2 түрлі дозалану тәсілі бойынша жазылады: бөлінетін және бөлінген. Бөлінетін, ингредиенттердің жалпы мөлшерін жазып, массаны қанша свечаға бөлу керектігін көрсетеді. Бөлінген әдісте дәрілік заттардың мөлшері бір суппозиторияға беріліп, осындай қанша суппозитория босататын саны көрсетіледі.
Суппозиториилерді алу әдістері. Суппозиторийлердің технологиялық процесі. Суппозиторийлерді үш түрлі әдіспен дайындауға болады: қолмен илеу әдісі; қалыпқа құю әдісі; престеу әдісі. Суппозиторийлерді дайындау әдісін таңдау негіздің қасиетіне байланысты. Мысалы, какао майын негіз ретінде суппозиторийлерді қолмен илеу әдісімен дайындағанда қолданады. Қалыпқа құю әдісімен суппозиторийлерді кез-келген негізді (какао майынан басқа) қолдана отырып дайындауға болады. Қолмен илеу әдісінің дайындау сатылары: дәрілік заттарды және негізді дайындау; суппозиторийлік масаны дайындау (дәрілік заттар және негіз қоспасын алу); массаны дозалау; суппозиторийлерді қалыптау; орамдау, безендіру. Таяқшаларды жасап шығару. Таяқшаларды қолмен илеу әдісімен жасау жалпы ережелер бойынша жүргізіледі. Рецептте таяқшаның ұзындығы және диаметрі көрсетіледі. Негіздің салмағы келесі формула бойынша анықталады. Х=3,14 •(d/2)2 •l • •n; мұндағы: d - таяқшаның диаметрі, см; l - таяқшаның ұзындығы, см; - негіздің тығыздығы, г/см3; n - таяқшаның саны; Қалыпқа құю әдісі. Дайындау сатылары: дәрілік заттарды және негізді дайындау; суппозиториялық массаны дайындау; массаны дозалау және суппозиторийлерді қалыптау, орамдау және безендіру; Суппозиторийлерді қалыпқа құю әдісімен дайындаудың ерекшелігі, негізді есептеу кезінде: қалыптың ұяшығының көлемін, яғни 1 ұяшықтағы негіз салмағын; майлы негіздің салыстырмалы тығыздығын 0,95 г/см3, желатин-глицерин - 1,15 г/см3; орынбасу коэффециентін Еж ескереді. Орын басу коэффициенті - тығыздығы 0,95г/см3 болатын (какао майының тығыздығы) 1 г майлы негіздің орынын басатын дәрілік заттың мөлшерін көрсетеді. Сонымен қатар кері орын басу коэффециентті (1/Еж) қолдануға болады, 1 г дәрілік заттың орнын басатын майлы негіздің мөлшерін көрсетеді. Іс жүзінде кері орын басу коэффициентін қолданған қолайлы. Бұл коэффициенттер анықтама оқулықтарында кесте жүзінде көрсетіледі.
Дәрілік заттарды негізге енгізу. Дәрілік заттарды негізге енгізу дәрілік заттардың мөлшеріне және физико-химиялық қасиетіне байланысты жүргізіледі. Егер негіз ретінде майлар және май тәрізді заттар қолданылса: а) Майда еритін заттар: фенол, анестезин, хлоралгидрат, тимол, ментол, фенилсалицилат, камфора және т.б. Оларды майлы негіздің балқытылған бір бөлігінде ерітеді; б) Суда еритін заттар. Оларға алкалоид тұздары, новокаин, хинозол, опий экстракты, этакридин лактаты және т.б. жатады. Бұл заттар, негізінде, аз мөлшерде жазылады. Оларды алдын ала бірнеше тамшы суда, глицеринде немесе спиртте ерітіп алып, негізге енгізеді. Кей жағдайларда ерітіндіні сусыз ланолиннің аз мөлшерімен эмульгирлеп, содан соң негізбен араластырады. Құрғақ экстракт, протарголды және колларголды негізге концентрлі сулы ерітінді немесе су-спирт-глицеринді ерітінді түрінде енгізеді. Эмульгирлеу үшін сусыз ланолин қосады. в) Суда да, майда да ерімейтін заттар: мырыш тотығы, дерматол, ксероформ, висмуттың негізгі нитраты, стрептоцид және т.б. Бұл заттарды негізге суспензия түрінде енгізеді. Егер олар рецепте аз мөлшерде жазылса, онда бірнеше тамшы шабдалы, бадам майымен ысқылап, негізбен араластырады. Егер дәрілік заттар көп мөлшерде жазылса, онда оларды майдалап, балқытылған негіздің бір бөлігімен ысқылайды да негіздің қалған мөлшерін бөлшектеп қосады. Суда еритін, бірақ жазылымда көп мөлшерде берілген заттар да негізге суспензия түрінде енгізіледі. г) Байланыстарғыш қасиеттері бар қою, сұйық заттарды, мысалы ихтиол, винилин, нафталан мұнайы негізбен араластырады. д) Суппозиторийлерді желатин-глицерин негізінде дайындаған кезде, дәрілік заттарды негізді дайындауға арналған судың немесе глицериннің бір бөлігімен ысқылайды.
Достарыңызбен бөлісу: |