Әлеуметтік стратификация – бұл адамдар арасындағы табиғи және әлеуметтік теңсіздік: бұл теңсіздік олардың арасындағы жоғарыдан төмен қарай болатын (иерархиялық сипаттағы) теңсіздігінен көрінеді; бұл теңсіздікті түрліше сипаттағы саяси мекемелер берік сақтап реттеп отырады.
Стратификацияның тарихи типтері – құлдық дәуірі, касталар,сословиялар – бұлар жабық қоғамды сипаттайды. Ал, таптар болса – бұлар ашық қоғамды айқындайды. Жабық қоғамда төменгі сатыдан жоғары сатыға әлеуметтік тұрғыда көтерілуге тыйым салынған. Ашық қоғамда бір сатыдан екіншісіне өтуге ресми түрде ешқандай да шек қойылмайды.
Стратификация теориясының құрамдас бөлігі - әлеуметтік мобильдік теориясы.
Әлеуметтік мобильдік әлеуметтанулық категория ретінде индивидтің әлеуметтік құрылымдағы өзгерісін бейнелейді. Әлеуметтік мобильдік дегеніміз – адамның немесе әлеуметтік топтың қоғамның әлеуметтік құрылымындағы әлеуметтік жағдайының өзгеруіне байланысты жүзеге асатын әлеуметтік процесс. Әлеуметтік мобильдік категориясын 1927 жылы әлеуметтануға орыс-американ ғалымы П.Сорокин енгізді. Әлеуметтік мобильдік түсінігін талдаудың методологиялық теориясы және әлеуметтанудағы әлеуметтік-құрылымдық бағыт болып есептеледі. П. Сорокин әлеуметтануда алғаш рет әлеуметтік мобильдік түсінігінің анықтамасын жасап, оны зерттеу принциптерін негіздеді. Осы проблемаға байланысты ол «Әлеуметтік мобильдік» деп аталатын еңбек жазды. Ол әлеуметтік мобильдікті горизонтальды және вертикальды деп екіге бөлді.
Қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымы дамуында негізгі екі тенденция байқалады. Оның біріншісіне қоғамның белсенді түрді әлеуметтік тұрғыда жіктелу процесі, халықтың жаңа әлеуметтік топтары мен қабаттарының пайда болуы жатады. Екінші тенденция – бұл бүкіл дүниежүзінде жүріп жатқан экономикадағы интеграция процесі, ол қоғамның әлеуметтік құрылымына сөзсіз әсер етеді.
Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік құрылымы пирамида түріндегі геометриялық фигураға ұқсас. Келешек даму барысында осы сипаттағы әлеуметтік құрылым дамыған елдердегі тәрізді ромба түріндегі геометриялық фигураға ұқсауы тиіс. Келешек қоғам орта таптың қоғамы болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |