Дәріс 2 Әлеуметтік құрылым және қоғамның стратификациясы
Сабақтың мақсаты: қоғамды тұтас әлеуметтік жүйе ретінде қарастыру,оның құрылымымен, белгілерімен, әлеуметтік институттарымен, кішігірім жүйелерімен танысу. Қоғамның негізгі тарихи типтерің және әлеуметтік тұтас жүйе ретінде даму үрдісің анықтау, қоғамның таптық жiктелуiн, стратификацияның тарихи типтерiн, жiктелу өлшемдерiн, қазiргi қоғамдардың таптық құрылымын, әлеуметтiк мобильдiктiң көрсеткiштерi мен типтерiн зерттеу .
Негізгі түсініктер: қоғам, әлеуметтік жүйе, әлеуметтік құрылым, интеграция, экономикалық жүйе, саяси жүйе, коммуникация, модернизациялауүстратификация.
Жоспар
1.Қоғам, теңдік және теңсіздік. Ашық және жабық қоғам.
2.Стратификация әр түрлі топтар арасындағы құрылымданған теңсіздік ретінде. Стратификация және дифференцация жүйелері.
3. Әлеуметтік стратификация теорияларына қысқаша шолу (К. Маркс, М. Вебер).
4.Әлеуметтік стратификация формалары (П. Сорокин).
5.Әлеуметтік мобильділік. Көлденең және тік мобильділік.
Адамзаттың қауымдастығы ретінде қоғам барлық қоғамдық ғылымдардың негізгі объектісі әрі басты категориясы екендігі белгілі. Соған байланысты ғылыми әдебиеттерде қоғамның 150-ден астам анықтамалары бар. Біз үшін қоғамның әлеуметтану ғылымының басты категориясы ретіндегі анықтамасы мәнді. Бұл қоғамды жүйе ретінде талдауға мүмкіндік береді.
Қоғам дегеніміз адамзат дамуының белгілі бір тарихи кезеңінде өз қажеттерін канағаттандыру мақсатында әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара әлеуметтік әрекетке түскен, өзін‑өзі басқарып, өзін‑өзі жетілдіріп, толықтырып отыратын, тұрақты және біртұтас қалыптасқан әлеуметтенген адамдардың жиынтығы. Бұл анықтамадан қоғам өзі‑өзінен дамитын әлеуметтік организм ретіндегі жүйелі құрылым екендігі байқалады. Оның бөліктері ‑ әлеуметтік тұлға, әлеуметтік топтар, әлеуметтік институттар және әлеуметтік нормалар мен ережелер, осылардың негізіндегі өзара әрекеттестік. Әлеуметтанулық оқулықтарда қоғамның бұдан басқа да анықтамалары берілген. Мысалы, әлеуметтану ғылымының негізін салушы француз ғалымы Огюст Конт қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдайды. Ал көрнекті неміс ғалымы Макс Вебер: "Қоғам - адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы" деді.
Американдық әлеуметтанушы Талконтт Парсонстың пікірінше, қоғам - адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал ол қарым-қатынастардың негізі - ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады.
Әлеуметтанудың ХХ ғасырдағы кіндік шешесі атанған Карл Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндірді. Рас, бұлар жеке-жеке қоғамның әлеуметтанулық анықтамасын толық беріп тұрған жоқ. Алайда, біздің пәнімізге қатысты бірнеше принципті мәселелер туындап тұр, солардың жиынтығы қоғамның мәнін толық көрсете алады: 1) қоғамның белгілі қызмет атқаратындығы; 2) оның ынтымақтастық пен еңбек бөлінісіне негізделгені; 3) қоғам бір-біріне ықпал, әсер ететін әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығы екендігі; 4) және ол қарым-қатынастардың негізі нормалар мен ережелер болып табылатындығы; 5) қоғамның адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болғандығы; 6) қоғамның тарихи дамып отыратындығы. Осы принципті мәселелер жиналып келіп қоғамның толық анықтамасын бере алады.. Қоғамның әлеуметтік жүйесі адамдардан тұрмайды, олардың қарым‑қатынасынан тұрады.
Сол себепті пән ретінде әлеуметтанудың негізгі зерттейтін мәселесі саналы түрдегі әлеуметтік әрекет болып саналады. 2. Француз ғалымы Огюст Конт алғашқылардың бірі болып қоғамды организм, жүйе ретінде қарастырып, ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын, оның бөліктерінің өзара байланыстылығы мен ықпалдастығын атап көрсеткен болатын. Бұл қағидадан «жүйе» деген ұғымды айқындап алған жөн.
Жүйе дегеніміз өзара бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болатын, тәртіптелген және тұрақтылықты құрайтын, бірінің өзгерісі екіншісінің немесе басқаларының өзгерісіне әкелетін көптеген элементтердің тұтас жиынтығы. Ал әлеуметтік жүйе деп әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара қарым-қатынас пен байланыста, өзара ықпалдастықта болып, тұтастықты қамтамасыз ететін әлеуметтік элементтердің жиынтығын айтамыз. Енді қоғамның әлеуметтік жүйесінің негізгі элементтерін не құрайды деген мәселе туады. Олар: адамдар, әлеуметтік топтар мен ұйымдар, әлеуметтік қауымдастықтар мен институттар, әлеуметтік байланыстар мен қатынастар, әлеуметтік ықпалдастық, әлеуметтік нормалар мен ережелер және т.б. Әлеуметтік жүйенің негізгі элементтерінің ішінде әлеуметтік нормалар мен ережелердің орны бөлек, оларды бар әлеуметтік әрекетті реттеп, жүйелеп, біріктіріп және тұтастырып отыратын «әлеуметтік дирижерлар» деуге болады. Ал әлеуметтік нормалар мен ережелер конституция, заңдар, қаулы‑қарарлар, әдет‑ғұрыптар мен салт‑саналарды және т.б. қамтидыЖекелеген адамдар және адам топтарының қызметі басшылыққа алатын әлеуметтік нормалар мен ережелер, солардың негізінде болатын байланыстар, қарым-қатынастар және өзара ықпалдасу сияқты әлеуметтік жүйенің басты элементтеріне де арнайы тоқтай кетейік. Бұл адамдар арасындағы аса маңызды әлеуметтік әрекеттестіктің мәнін айқындай түседі.
Әлеуметтік байланыс ‑ адамдар немесе адамдар тобының арасында белгілі кеңістік пен уақытта нақты мақсатқа жету үшін бірлесе қызмет ету үдерісі Әлеуметтік өзара әрекеттестік — жеке адамдар мен адам топтарының бір-біріне әсер немесе ықпал етулерінің нәтижесінде пайда болатын оң не теріс үдерістер. Әлеуметтік қарым-қатынастар — адамдар және топтар, әлеуметтік институттар арасындағы тұрақты өзара байланыстар мен өзара әрекеттестік. Кез келген адам өз өмірінде, отбасында, туған-туысқандарының арасында, құрбылары мен жолдастарының ортасында, қызмет орнында және т.б. әр түрлі әлеуметтік ортада ретіне қарай сан қилы қарым-қатынастарға түседі. Сонымен қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін әлеуметтік жүйенің басты элементтерінің (адамдардың) орналасуында белгілі бір тәртіп болады. Басқаша айтқанда, ол тәртіп белгілі координация (үйлестіру) мен субординациядан тұрады. Мысалға отбасын алып, түсіндірген жөн. 3. Қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде қарастырғаннан кейін, оның әлеуметтік құрылымын білудің мәні зор. Әлеуметтік құрылым деп еңбектің бөлінісіне негізделген, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде қалыптасқан сан алуан байланыстар, қарым-қатынастар мен ықпалдастықтан тұратын қоғамның ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы. Қоғамның әлеуметтік құрылымын айқындап, оның негізгі элементтерінің ғылыми классификациясын жасау және олардың арасындағы байланыстардың, қарым-қатынастардың, өзара ықпалдастықтың сырын, заңдылықтарын ашу - әлеуметтанудың негізгі объектісі ғана емес, аса маңызды міндеті де. Қоғамның әлеуметтік құрылымы өте күрделі, оның басты элементтеріне: а) өзара тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатын индивидтер немесе адамдар жатады; ә) қоғам мүшелерінің бірігуі, топтасуы негізінде пайда болып, дамып отыратын әлеуметтік топтар мен қоғамдастықтар; б) қоғамда қалыптасқан, белгілі бір функцияларды атқаратын әлеуметтік институттар. Адамның қоғамдағы орны көптеген әлеуметтік белгілерімен сипатталады. Оған ұлты, тұратын жері, қоғамдық өндіріске қатысуы (не қатыспауы), қоғамдық еңбек бөлісіндегі орны (өндіріс құралдарына меншік қатынасы, еңбекті қоғамдық жолмен ұйымдастырудағы рөлі, еңбектің мазмұны мен сипаты), кәсібі, білімі, табыс мөлшері, саяси билікті іске асыруға қатынасы және т. б. жатады. Қоғамдағы немесе әлеуметтік жүйедегі мүдделері мен құндылықтары ортақ, мақсаттас адамдардың біршама тұрақты қауымдары мен бірлестіктерін әлеуметтік топ дейміз. Өзінің қоғамдағы орнына байланысты адамдар бір уақытта әр түрлі әлеуметтік топтардың мүшесі бола алды. Мысалы, студент, ол қазақ, ол үлкен қаланың тұрғыны т. б. Әлеуметтік топ өзін құраушылардың ортак, этникалық белгілері бойынша (ұлттар, халықтар, диаспоралар), материалдық жағдайларына қарай (ауқаттылар, орташа ауқаттылар, кедейлер), кәсіби және рухани жетілу деңгейіне карай (зиялылар, кәсіпкерлер, жұмысшылар және т.б.), тұр-ғылықты жері мен аймағына байланысты (қала, кент, ауыл тұрғындары), жыныс немесе жас мөлшеріндегі айырмашылыктар негізінде (ерлер, әйелдер, жастар, егделер) бөлінеді. Қоғамдық өмірді әр түрлі әлеуметтік топтардың өзара әрекеттестігінің нәтижесі деуге болады. Адамның жеке белгілеріне қарай қоғам құрылымының негізгі түрлерін айқындауға, атауға болады. Оған әлеуметтік-демографиялық (жынысы мен жасына қарай әлеуметтік топқа бөлу), әлеуметтік-таптық, кәсіби және елді мекендік құрылым жатады. Марксистік қоғамтану әлеуметтік құрылымының негізгі түрі деп қоғамның таптық сипатын алды. Мұнда таптың негізгі белгісі ретінде өндіріс құрал-жабдықтарына қатынастың бірдей болмауы көрсетілді. Ол адамның қоғамдық өндіріс жүйесіндегі орнын және оның жалпы әлеуметтік жағдайын айқындайды деп саналды. Қалған белгілердің бәрі соған байланысты. Мұны тұтастай теріске шығаруға болмайды. Бірақ сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік жіктелуде басқа да, мысалы, адамның билік құрылымындағы орны мен рөлі, табысының мөлшері, әлеуметтік мәртебесі, қабілет дәрежесі, білім‑білігі және т.б. белгілер ерекше рөл атқарады. 4. Қазіргі Қазақстан қоғамының әлеуметтік құрылымын, оның бағыттары мен болашағы туралы айту үшін біздің қоғамның адамзат дамуының қай деңгейінде тұрғанына назар аударған жөн.
Әлеуметтану ғылымында қоғамды сараптаудың көптеген тәсілдері калыптасқан. Маркстік теория бойынша қоғамның типін белгілеуде өндіріс тәсілі, яғни өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің түрі мен қоғамның таптық құрылымы алынады. Осы тұрғыдан талдай келе, марксизм қоғам дамуын 5 тарихи сатыға, қоғамдық-экономикалық формацияларға жіктейді: а) алғашқы қауымдық құрылыс; ә) құл иеленушілік қоғам; б) феодалдық қоғам; в) капиталистік қоғам; г) коммунистік қоғам. XX ғ. 50-60-жылдарыңда американ және француз әлеуметтанушылары Даниел Белл, Уолт Ростоу және Раймон Арон қоғам дамуының үш сатысы туралы теория ұсынды. Бұлар адамзат қоғамының дамуын әлемдік шеңберде үш кезеңге бөледі: 1) индустриалдық сатыға дейінгі қоғамдар, оларды аграрлық немесе дәстүрлі қоғам деп те атайды; 2) индустриалдық қоғамдар; 3) постиндустриалдық қоғамдар. Алайда бұл үш сатыда да негізгі айқындаушы элемент - өндіріс тәсілі екенін ескеру керек. Яғни қоғамның типін белгілеуде өндіріс тәсілі шешуші рөл атқарады деген маркстік теорияны теріске шығару қиын. Индустриалды қоғам ең алдымен еңбек бөлінісінің дамуы және күрделі жүйесі арқылы сипатталады. Ал еңбек бөлінісі өндіріс құрал жабдықтары кімнің меншігі екеніне байланысты. Индустриалды коғамда индивидтің еркіндігі мен мүддесін ортақ принциптермен үйлестіруге мүмкіндік туады. Екіншіден, мұндай қоғамда кең көлемде жаппай тауар өндіру қалыптасады. Үшіншіден, бұл қоғам өндірісті автоматтандыру мен механикаландыруға және басқаруға иелік етеді. Төртіншіден, индустриалды қоғам ғылыми-техникалық революциямен сипатталады. Бүгінгі жағдайымызды ескерсек, бізге индустриалды қоғам дәрежесі сәйкес келеді. Бірақ индустриалды қоғамға тән сипаттарға біз түгелдей ие емеспіз. Өйткені индустриалды қоғам теориясын жасаған ғалымдардың пікірінше, қоғам, біріншіден, еңбек бөлінісінің дамуы және күрделі жүйесі арқылы сипатталады, бұл өндірістің нақты салаларға мамандандырылуы мен басқару жүйелерінен байқалады. Бұл сипатты біздің қоғамнан тапқанмен индустриалды қоғамға тән рынокқа арнап кең көлемде жаппай тауар өндіру және отандық тауар өндірісіне, ғылыми-техникалық прогреске көңіл бөлу бізде жеткілікті деп айтуға әлі ерте сияқты. Дегенмен қазіргі жағдайда нарықтық экономикаға, әртүрлі меншіктің дамуына, саяси алуандыққа, көппартиялыққа өтуге байланысты әлеуметтік құрылымның бөлінуі күшейе түсуде. Республикамызда бұрыннан белгілі жұмысшылар мен шаруалардан басқа фермерлер, жалгерлер, кооператив мүшелері, жеке және ұжымдық меншік иелері, жеке саудамен айналысатын құрылымдар, кәсіпкерлер және т.б. бар. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамда меншік иесі жоғарғы тап пайда болды. Бұл тапқа солармен қатар көлеңкелі экономиканың пысықтары, алыпсатарлықпен айналысқан кәсіпкерлер және т.б. кіреді. Бұл таптың өкілдері де халықтың белгілібір пайызын құрайды. Сонымен бірге меншік иелерінің арасында бұрын-сонды болмаған миллиардерлер мен байлар тобы пайда болды. Олардың да, орта таптың да халқымыз арасындағы үлес салмағы туралы қолымызда мәліметтер жоқ болуына байланысты бірдеңе айту қиын. Ал қазіргі өркениетті елдерде орта тап 50-60, тіпті одан да жоғары пайызды құраса, АҚШ‑та жоғары тап бүкіл халықтың 1-5 пайызын құрайды. Қазір қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін орта тап өзінің білімділігі мен іскерлігіне байланысты қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін, оның демократиялық дамуына, нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болып отыр. Сондықтан біздің басым бағытымыздын бірі — осы орташа тапты күшейту. Ол үшін ұсақ және орта кәсіпшілікті қолдау, халықтың кәсіптік білімін арттыру және кәсіптік кеңістікті демократияландыру және т.б. істерді жүзеге асыру керек. Бұл бағытта мемлекетіміздің атқарар тірлігі ұшан-теңіз.
Қоғам дамуының постиндустриалдық сатысы туралы тұжырымдамаға сүйенсек, болашақ - білімде, ғылымда. Қоғамдағы демократиялық институттарды жетілдіре түсу де аса маңызды болып отыр. 1. Қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдаған. 2. "Қоғам - адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы" деген. 3. Қоғам - адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал ол қарым-қатынастардың негізі - ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады деген. 4. Қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндірген. 5. Алғашқылардың бірі болып қоғамды организм, жүйе ретінде қарастырып, ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын, оның бөліктерінің өзара байланыстылығы мен ықпалдастығын атап көрсеткен. 6. Өзара бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болатын, тәртіптелген және тұрақтылықты құрайтын, бірінің өзгерісі екіншісінің немесе басқаларының өзгерісіне әкелетін көптеген элементтердің тұтас жиынтығы. 7. Әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде өзара қарым-қатынас пен байланыста, өзара ықпалдастықта болып, тұтастықты қамтамасыз ететін жүйе элементтерінің жиынтығы. 8. Адамдар немесе адамдар тобының арасында белгілі кеңістік пен уақытта нақты мақсатқа жету үшін бірлесе қызмет ету үдерісі. 9. Жеке адамдар мен адам топтарының бір-біріне әсер немесе ықпал етулерінің нәтижесінде пайда болатын оң не теріс үдерістері. 10. Адамдар және топтар, әлеуметтік институттар арасындағы тұрақты өзара байланыстар мен өзара әрекеттестік. 11. Қоғамның құрылымын айқындап, оның негізгі элементтерінің ғылыми классификациясын жасау және олардың арасындағы байланыстардың, қарым-қатынастардың, өзара ықпалдастықтың сырын, заңдылықтарын ашу. 12. Еңбектің қоғамдық бөлінісіне негізделген ішкі құрамы, оның элементтерінің жиынтығы және олардың арасындағы әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар негізінде қалыптасқан сан алуан байланыстар, қарым-қатынастар мен ықпалдастық. 13. Өзінің білімділігі мен іскерлігіне байланысты қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін, оның демократиялық дамуына, нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болатын тап.
Достарыңызбен бөлісу: |