ДӘРІСТЕР КЕШЕНІ
Дәріс №1 Инклюзивті білім берудің теориялық негіздері
Дәріс мақсаты: Инклюзивті білім берудің теориялық негіздеріне жалпы сипаттама беру.
Дәріс жоспары:
Инклюзивті білім беру ұғымы
Инклюзивті білім берудің мақсаты мен міндеттері, критерийлері, көрсеткіштері, компоненттері
Инклюзивті білім берудің принциптері
Инклюзивті білім беру ұғымы – білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытуда ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр.
Қазіргі қоғам толыққанды деп есептелмейді, егер қандай да бір адамдар тобына қатысты дискриминациялау бар болса. Мысалы, А.Д.Уорд бойынша, «кез-келген, әділеттілікке және адам құқықтарын сақтауда халықаралық ережелерге ұмтылатын мемлекет, барлық балаларға қажеттіліктері мен қабілеттеріне сай, білім беруде заңдарды басшылыққа алуы керек. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты, мұндай мемлекет оларға жас ерекшеліктеріне сай білім алу мүмкіндігін іске асыру міндетті. Инклюзивті білім беру тұрақты даму, қоғамдағы қалыптылық, күрделеніп келетін қоғамда адамның әлеуметтенуінің негізі болуы тиіс. Адамдардың әлеуметтену мен бейімделу мүмкіндіктері өмірлік жағдайлар мен жеке тұлғалық қасиеттерге тәуелді емес, олар білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Білім беру сөзінің мағынасын кеңінен қарастыратын болсақ – ол адамның пайда болуы, оның өмірінің ерекшеліктері, өмірлік тәжірибені жинақтауы, ал мұның барлығы нақты әлеуметтік–экономикалық жағдайларда индивидуалды–жекетұлғалық капиталдың өсуіне қажет болады. Инклюзивті білім берудің тереңдігі, жылдамдығы және материалдық тұрғыдан аса үлкен салымдарды қажет етпейтіндігі, оның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәселелерді нәтижелі шешуге әсер ететін аймақтардың бірі болуын анықтайды. Әлемде өзінің экономикалық және мәдени прогресімен инклюзивті білім беруге міндетті емес бір де бір мемлекет жоқ. Инклюзивті білім беру әр балаға оның мектепте оқу көрсеткіштеріне сәйкес немесе сәйкес еместігіне қарамастан, білім алуға құқық береді. Балалар ұжымда өзара байланысқа түсіп, қарым-қатынас ережелерін меңгереді, педагогпен бірге шығармашылық тұрғыдан білім алу мәселелерін шешуге үйренеді. Сенімділікпен айтуға болатыны, инклюзивті білім беру барлық балалардың жекетұлғалық мүмкіндіктерін кеңейтеді, адамгершілік, толеранттылық, көмекке келу қасиеттерін қалыптастыруға, дамытуға жағдай жасайды.
Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім берудің жағымды көрсеткіштері анық:
- инклюзивті ортадағы ерекше білімді қажет ететін балалар, арнайы мектепте оқитындармен салыстырғанда, өздерінің қалыпты деңгейдегі құрбыларымен әлеуметтік өзара байланысқа түсуде жоғары деңгейді көрсетеді.
- инклюзивті ортада ерекше білімді қажет ететін балалар күрделі бағдарламалар бойынша оқиды, нәтижесі – дағдылар мен академиялық жетістіктердің жақсаруы. Әрине, арнайы мектепке қарағанда жалпыға білім беру бағдарламалары жоғары әрі күрделі білім деңгейін талап етеді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалар инклюзивті мектепте академиялық міндеттерді шешуге көбірек уақыт жұмсайды, және де, салыстырмалы деңгейде жоғары академиялық нәтижелерді көрсетеді.
- ерекше білімді қажет ететіңбалаларды әлеуметтік қабылдау, инклюзивті сыныптарда кіші топтарға бөліп оқытуға байланысты, нәтижелі қалыптасады. Балалар кіші топтарда педагогтың тапсырмасын орындау барысында кейбіреулерінің даму ерекшеліктері бар екендігін ұмытады. Біртіндеп, қалыпты деңгейдегі балалар өздерінің мүмкіндігі шектеулі балалармен ұқсастықтары көп екендігін түсінеді.
- инклюзивті сыныптарда қалыпты деңгейдегі балалар мүмкіндігі шектеулі балалармен дос болады.
- инклюзивті білім беру дамуында ерекшеліктері бар балалардың жалпы білімдерінің қалыптасуына әсер етеді.
- инклюзивті сыныпта оқыған балалар үлкейгенде де даму ерекшеліктері бар адамдармен араласады.
- қалыпты деңгейдегі балалар (тіпті дарынды, қабілеттері жоғары балалар) білім берудегі инклюзивті бағытта бірқатар жаңаша қарастырылған жұмыс түрлеріне қатысады: жақсартылған білім беру сапасы мен педагогикалық іс-әрекетте қолданылатын түрлі технологиялар мен әдіс-тәсілдердің пайдалануы.
- ерекше білімді қажет ететін балаларды оқытуда жаңа білім беру технологиялары қажет: мысалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуда мәліметтік технологиялар өте қажет. Мұндай технологияларды оқыту процесінде қолдану басқа балаларға да пайдалы.
- инклюзивті білім беру жағдайында материалдық ресурстар мен материалдық қамтудың арттырылуы қалыпты деңгейдегі де және дарынды да балаларға да пайдалы. «Арнайы бағдарламаларға» бөлінген қаржылар тек мүмкіндігі шектеулі балаларды ғана емес, олардың қалыпты деңгейдегі құрдастарына да қолдануға жұмсалуы мүмкін.
- қаржылай көмекті түрлі бағыттарда пайдалануға болады: мысалы, сыныптан тыс белсенділікті ұйымдастыруда, сыныпты қосымша оқыту техникалық құралдармен жабдықтауда, ал мұның барлығын тек ерекше білімді қажет ететінбалалар ғана емес, барлық балалар пайдалана алады.
- инклюзивті оқытудың тағы бір жағымды жағы – сыныппен қосымша педагогикалық мамандардың жұмыс жүргізуі.
- жиі қосымша қаржыландыру ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға, арнайы педагог (дефектолог), логопед-мұғалімдер, психолог және басқа да мамандардың жұмыс жүргізуіне бөлінеді.
- қалыпты деңгейлі немесе дарынды оқушылардың ерекше білімді қажет ететінбалалардың оқыту процесіне қосылуында өзіндік бағалауы жоғарылап, академиялық дағдыларды меңгеру сапасы артады.
- бұл балалардың «Мен - концепциясы», өзіндік ұстанымдары, әлеуметтік білімдері мен іс-әрекеттері анық болып қалыптасады. Маңыздысы, оқу процесінде ерекше білімді қажет ететін балаларға көмек көрсететін қалыпты деңгейлі балалардың академиялық көрсеткіштері, олардың инклюзивті процеске қатыспайтын құрдастарымен салытырғанда, әлдеқайда жоғары болады.
- инклюзивті сыныпта оқу барысында қалыпты деңгейлі немесе дарынды балалардың Брайль тілін немесе ым-ишара тілін меңгеруге мүмкіндіктері бар.
- инклюзивті сыныпта оқитын қалыпты деңгейлі немесе дарынды балалар өздерінің ерекше білімді қажет ететін балақұрдастарын сыйлауға, олардың психофизикалық дамуындағы бұзылыстардың түпкі мәнін түсінуге үйренеді.
Инклюзивті білім беруге қарсы дәлелдер де бар: мұндай жағдайда ерекше білімді қажет ететінбалалардың білімділік деңгейі төмендейді, немесе инклюзивті мекеменің оқу процесіндегі бірқатар әлеуметтік, тұлғааралық қиындықтар шешімін таба аламайды деген ой-пікірлер. Бұл дәлелдер орынсыз. Инклюзивті білім берудің негізінде кез-келген балалар дискриминациясын болдырмау және барлық адамдардың құқықтарының теңдігін қамту, сонымен бірге ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау идеологиясы жатыр.
Шетелде инклюзивті білім беру идеологиясының негізінде қалыптандыру концепциясы жатыр (Нирье), яғни, ерекше білімді қажет ететінадамдардың өмірі мен тұрмысы олар тұратын қоғамның жағдайына, ерекшеліктеріне ұқсас болуы керек. Балаларға қатысты бұл келесі жағдайлармен анықталады:
- ерекше білімді қажет ететінбалалардың барлығына тән қажеттіліктері бар, олардың ең маңыздысы – оның дамуын жылдамдататын махабатты қажет етуі.
- баланың өмір сүруі қалыпты адамдардың өміріне максималды жақын болуы керек.
- барлық балалар оқи алады, яғни, даму бұзылысы қандай ауыр болса да, оларға білім алуға мүмкіндік берілуі тиіс.
- білім беру саласының инклюзивті ұйымдарында оқу барысында балалар адамның құқықтары жайлы білімдер алады (әрине бұл жұмыс арнайы жүргізілмейді), ал бұл жағдай дискриминацияны болдырмауға жағдай жасайды. Бірігіп оқуда бала өзінің басқалармен қабылданғанын сезініп, оның қабілеттері мен қажеттіліктерінің ескеріліп, бағалануына жете алады.
- интеграциялану процесінің нәтижелілігі ерекше білімді қажет ететін балалар мен қоғамның жұмсайтын күштеріне байланысты.
Өзара байланыста толеранттылық келесідей қабілеттерде көрініс табады:
- қоршаған адамдардың индивидуалдылығын, өзін-өзі таныту мен өмір сүру тәсілдерінің түрлілігін қабылдау;
- жеке тұлғаны сынаусыз қабылдай алу, басқаның көзқарасын, сенімдерін, ұстанымдарын сыйлай білу;
- қарым-қатынаста басқаның кемшіліктері мен қателіктерін кешіріп, тіл табыса алу;
- адамдардың уайымдары мен жағымды және жағымсыз күйлерінің түрлілігін түсіне алу;
- күрделі өмірлік жағдайларда басқа адамға көмек әрі қолдау көрсете білу.
Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты: мүмкіндігі шектеулі балалардың танымдық ерекшеліктеріне, тұрғылықты жерлеріне сәйкес білім алу құқықтарын жүзеге асыру, оларды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға интеграциялау; бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлінің маңызын арттыру.
Инклюзивті білім берудің міндеттері:
ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуындағы заңдылықтарды зерттеу;
жалпы білім беру және арнайы білім беру жүйелерін зерттеу;
ерекше білімді қажет ететін балалардың ерекшеліктерін ескеретін білім беру бағдарламаларын құру және жүзеге асыру;
жалпы білім беретін мектептердегі түзетушілік жұмыстардың мүмкіндігін анықтау және сәтті жүзеге асуын болжау;
инклюзивті білім алу қолжетімділігін қамтамасыз ету (көлік, әлеуметтік қарым-қатынастар, білім беру мекемесінің сәулеті (архитектура) және т.б.);
білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету;
мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде балаларды толеранттылыққа тәрбиелеу.
Түсіну мен өмір сүру тәсілдерінің түрлілігін қабылдау, физикалық, психологиялық, әлеуметтік және басқа да ерекшеліктерді сыйлау, келісімге келуге ұмтылу негізінде құрылған толерантты өзара байланыс ерекше білімді қажет ететін тұлғалардың құқықтарын қорғауға, олардың қоғамға интеграциялануын іске асыруға жағдай жасайды.
Инклюзивті білім берудің теориялық негізі деп әлеуметтік үйрету психологиялық теорияларын санауға болады (А.Бандура, Р.Сирс, К.Халл В.Скиннер, У.Бронфенбреннер, және т.б.). Отандық ғалымдар батыстық интеграциялау модельдерін сипаттайтын әлеуметтік үйрету теорияларына қарсы іс-әрекеттік бағытқа негізделеді. Бұл бағыттың мағынасы - ерекше білімді қажет ететінбалаларды нақты мақсатқа жетуге бағытталған біріккен іс-әрекеттерді орындау барысында құрдастарының ортасына (ойын немес оқу, қарым-қатынас немесе танымдық іс-әрекеттер) қосумен анықталады. Ойын немесе оқу кеңістігінде түрлі психофизикалық деңгейлі балалардың іс-әрекетінің мақсаттары мен себептері әртүрлі болуы мүмкін. Жас ерекшелігіне сай негізгі іс-әрекет түріне бағытталу, жоғары психикалық қызметтері қалыптасуындағы сезімталдық кезеңдерін ескеру, балаларға тән іс-әрекет түрлерінің уақытылы қалыптасуы мен жасерекшелік психикалық жаңа құрылымдар арасындағы байланыстарды түсіну - арнайы дайындалған маманға ерекше білімді қажет ететін балаларды мақсатты оқыту мен тәрбиелеуді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен, егер батыс теоретиктері бір қызметтің қалыптасып, басқасының дамуы іске асырылмауы жағдайындағы «іс-әрекеттің жетілуі» жайлы айтса, отандық мектептің өкілдері қалыптастырушы мүмкіндігі шамамен шексіз баланың жеке тұлғасының дамуына байланысты жүйелі, іс-әрекеттік бағытқа сүйенеді.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы адам мен қоғамның (өзінің немесе басқаның) тіпті жағымсыз тәжірибесі де талданып, қабылданған жағдайда өмірлік іс-әрекет процестерін тұрақтандыратын шектеу бола алады. Бұл мәселе бойынша түрлі мемлекеттердің психологиялық-педагогикалық және нормативтік-құқықтық әдебиеттерінде әртүрлі терминдер қолданылады. «Интеграция» мен «Инклюзивті білім беру» терминдерін жиі алмастырып қолданады, өйткені мұғалімдердің көпшілігі оларды синонимдер деп түсінеді. Кейбір мұғалімдер интеграциялау бағдарламаларын инклюзивті деп қарастырады, ал басқалары инклюзивті бағыттағы жұмыстарын интеграциялау деп анықтайды. Бірақ, бұл терминдер арасындағы айырмашылық өте маңызды. Ең басты айырмашылық - интеграцияның «сыртқы» көздерінің болуында. Интеграциялау бағдарламаларының басты мақсаты - түрлі мүмкіндіктері бар балаларды қалыптасып қалған мектеп өмірі мен мектеп құрылымына енгізу. Яғни, интеграциялау бағдарламаларының мақсаты - дамыған оқу моделіне қосылуда «қалыптандыру» немесе көмек беру. Барлық балалардың жалпыға білім беру жүйесінің бөлігі деп қарастырылуы инклюзивті білім берудің интеграцияланудан айырмашылығы. Сонымен, ерекше білімді қажет ететінбалаларды арнайы бейімдеудің қажеті жоқ, өйткені олар бастапқы кезеңнен мектеп жүйесінің бөлігі болып табылады. Инклюзивті білім берудің мақсаттарының бірі - келешекте барлық мектептердің ерекше білімді қажет ететінбалаларды қабылдауға дайын болуы. Ал бұл жағдай мектептің құрылымы мен жұмысына ғана өзгерістер енгізбейді, сонымен бірге өз жұмыстарын нақты топқа жататын балаларды оқыту деп қарастыратын жалпы және арнайы білім беретін мекемелер мұғалімдерінің көзқарастарын да әсер етеді. Көптеген мектептер өз іс-әрекеттерінің басты бағыты ретінде бала мен оның қажеттіліктерін санайды, ал мұғалімдер балалардың қажеттіліктеріне сай болуы керек. Инклюзивті білім беруде адамдардың бойындағы түрлілік пен ерекшеліктер «қалыптылық» деп түсіндіріледі.
«Инклюзивті білім беру» терминін анықтауда маңызды халықаралық құжаттарда ұсынылған анықтамалар талданған: БҰҰ мүгедектердің тең мүмкіндіктеріне байланысты Стандартты ережелер, баланың құқытары туралы Конвенция, мүгедектерге қатысты іс-әрекеттердің әлемдік бағдарламасы және де отандық құжаттар. Инклюзивті білім беруді бірдей қабылдау үшін Саламанка декларациясында және білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға байланысты іс-әрекеттер бағдарламасында берілген анықтамаға сүйенген дұрыс.
Инклюзивті оқыту – балалардың мекен-жайы бойынша оқу құқығы мен білім алуға негіз қалаушы құқықтарын қамту принципіне сүйенетін жалпыға білім беретін мекеме жағдайындағы білім беру қызметтерінің жүйесі. Сапалы білім беруге қол жеткізу мақсатымен жалпыға білім беру ұйымдары оқу бағдарламалары мен жоспарларын, оқыту түрлері мен әдістерін бейімдеп, қалыптасқан ресурстарды пайдаланып, қоғаммен байланыста ерекше білімді қажет ететін балаларға білім беруде жеке білім беру қажеттіліктері мен түрлі оқыту тәсілдерін қолдану керек. ЮНЕСКО инклюзивті білім беруді мектепке барудан бас тарту немесе мектепке қабылданбауды қысқарту арқылы білім алу, мәдениет пен ұжым өміріне қатысуды арттыру арқылы барлық білім алушылардың түрлі қажеттіліктеріне назар аудару, көмек беру процесі деп анықтайды. «Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан оқыту мәселелері жөнінде Халықаралық кеңестер» атты құжатта интеграция - балаларды білім беру кеңістігіне үздіксіз енгізуге бағытталған шаралар, деп анықталады. Инклюзивті білім беру – барлық балалардың барлық бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік беретін саясат пен процесс. Бағыттардағы айырмашылықтар арқылы келесі дәлелді мойындауымыз тиіс: адамдардың индивидуалды қажеттіліктерін ескеріп, оларға, бейімделуі үшін, біз қоғамды өзгертеміз, бірақ керісінше емес.
Интеграциялық білім беру – ерекше білімді қажет ететін баланы құрдастарының ұжымында оқыту: инклюзивті – inclusive – қосылған, біріктірілген, inclusion – қосу, біріктіру; инклюзивті білім беру – барлық балаларды жалпыға білім беру процесіне толық қосуға, балалардың жасына, жынысына, діні мен этникалық ұстанымдарына, даму тежелуіне қарамастан, отбасының белсенді қатысуы мен баланың жеке қажеттіліктерін әлеуметтік және түзету–педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік саясат.
Ерекше білімді қажет ететінбалаларды жалпыға білім беру кеңістігіне жай ғана физикалық қосу инклюзивті білім беру болып табылмайды. ҚР-ң инклюзивті білім беру концепциясы білім беру мекемесінің түрі мен мүмкіндіктеріне байланысты интеграциялаудың әр түрлі модельдері мен түрлерін қолдануды қарастырады. Бұл жағдай түрлі топтардағы балаларды біріктіріп оқытудың жағымды жақтарын іске асыруға жол ашады. Инклюзивті бағыттың интегративтіден айырмашылығы - инклюзивті білім беруде жалпыға білім беру мектептерінде ерекше білімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына қарым-қатынас өзгереді. Білім беру идеологиясы оқу процесі мен білім берудің тәрбиелік мәнін күшейтіп, ізгілендіру бағытында өзгереді.
Интеграциялық оқытудың бірнеше түрлері мен қалыптары бар.
Толық интеграция – қандай да бұзылыс түрі бар балыны қалыпты деңгейде дамып келе жатқан балалармен бірге мектепке дейінгі топтарда, сыныптарда оқыту. Толық интеграция психофизикалық және тілдік дамуы жасерекшелік деңгейіне сәйкес немесе жақын, және де балалардың қалыпты құрбыларымен бірге оқуға психологиялық тұрғыдан дайын жағдайында іске асырылуы мүмкін.
Тұрақты, бірақ толық емес интеграция – ерекше білімді қажет ететін мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушыларға да пайдалы бола алады. Ол, психофизикалық дамуы жасерекшелік деңгейі қалыптыдан сәл төмен, жүйелі және түзету көмегін қажет ететін, бірақ бірқатар пәндер аймағында қалыпты дамыған құрбыларымен бірге оқи алатын, олармен сыныптан тыс уақыттың көп мөлшерін өткізетін балалар үшін нәтижелі болады.
«Жартылай» интеграция – қалыпты дамудағы құрбыларымен қажетті іскерліктер мен дағдылардың аз ғана мөлшерін меңгере алатын, сыныптан тыс уақыттың аз ғана мөлшерін балалармен өткізе алатын балалармен нәтижелі жүргізіледі.
Тұрақты, толық емес интеграцияның маңыздылығы мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты деңгейдегі құрбыларымен қарым-қатынасын кеңейтумен анықталады. Жартылай интеграция қалыпты және арнайы топтары бар аралас типті мектепке дейінгі мекемелерде, сонымен қатар даму ауытқушылықтары бар балаларға ашылған арнайы сыныптары бар жалпыға білім беру мектептерінде жүргізіле алады.
Уақытша интеграцияда арнайы топтың немесе сыныптың тәрбиеленушілері жеткен жетістік деңгейлеріне қарамастан қалыпты деңгейде дамитын құрбыларымен айына 2 реттен кем емес тәрбиелік мәнді іс-шараларды бірге өткізуге кездеседі.
Уақытша интеграцияның мағыналылығы мүмкіндігі шектеулі балаларға қалыпты деңгейлі құрбыларымен қарым-қатынасқа түсудің алғашқы тәжірибесін меңгеруге жағдай жасаумен анықталады.
Эпизодтық интеграция моделі -ерекше білімді қажет ететін балалармен қалыпты деңгейлі балаларды біріктіріп оқыту мен тәрбиелеу жұмысын жүйелі жүргізуге жағдайы жасалмаған арнайы мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына арналған. Эпизодтық интеграцияның мағынасы болып анық күрделі даму бұзылыстары бар балалардың құрдастарымен аз ғана мөлшерде болса да өзара байланысқа түсуін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балалар оқытылатын арнайы (түзету) мекеме жағдайында қалыптасатын әлеуметтік қарым-қатынастағы объективті шектеулерден асу табылады. Сонымен бірге, бұл жағдайды инклюзивті білім беру деп атауға болмайды.
Сонымен, интеграция модельдерін қарастыру арқылы ерекше білімді қажет ететінбалаларды интеграциялық оқытудың түрлері анықталады:
1) аралас түрлі интеграциялық оқыту – даму бұзылысы бар оқушы қалыпты деңгейлі құрбыларымен бір сыныпта оқиды, және де дефектолог–мұғалімнің, логопедтің, психологтың жүйелендірілген көмегін алады.
2) Жартылай – даму бұзылыстары бар оқушылар қалыпты деңгейлі құрбыларымен қатар білім беру бағдарламасын меңгере алмайды; бұл жағдайда олар жарты күнді арнайы сыныпта, басқа жыртысын қалыпты сыныпта өткізеді.
3) Уақытша – арнайы сыныптарда оқитын балалар қалыпты сыныптардағы оқушылармен айына 2 реттен кем емес бірге серуендеуде, мерекелерде, жарыстарда, тәрбиелік мәнді іс-шаралар өткізуде кездеседі.
4) Толық түрдегі интеграциялық оқыту – даму бұзылыстары бар 1-2 бала балабақшаның қалыпты топтарына немесе сыныптарға қосылады (тілдік бұзылыстары бар балалар, нашар көретіндер немесе кохлеарлы имплантанттары бар балалар); бұл балалар психофизикалық, тілдік даму деңгейлері бойынша жасерекшелік көрсеткіштеріне сай және де қалыпты деңгейлі құрдастарымен бірге оқуға психологиялық тұрғыдан дайын; түзету көмегімен олар оқытылатын орындарында қамтылады.
Инклюзивті білім берудің негізгі принциптері:
1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілетімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
4. Барлық адам бір-біріне қажет.
5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету - өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
8. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Қолданылған әдебиеттер
Ерсарина А.К., Елисеева И.Г. Психолого-педагогическое сопровождение детей с особыми образовательными потребностями в общеобразовательной школе. Методические рекомендации. ГУ ННПЦ КП, Алматы, 2019. – 111 с.
Абаева Г.А., Торебаева К.Ж., Оразаева Г.С. Арнайы педагогика: Оқу құралы - «Medet group» ЖШС, 2014.
Аутаева А.Н., Бекбаева З.Н. Инклюзивті білм беру жүйесімен 5В010500-Дефектология мамандығы бойынша білім алатын бакалавр студенттерін даярлау. Хабаршы / Арнайы педагогика сериясы, №2(37), 2014 ж.
Нургалиева У.О. К вопросу об организации службу психологоческого сопровождения инклюзивного образования. Хабаршы / Арнайы педагогика сериясы, №1(40), 2015 ж.
Байменова Б.С. Развития инклюзивноео образования в Казахстане и за рубежом: Учебное пособие. – Алматы: CyberSmith, 2017. – 147 c.
Жубакова С.С. Теория и практика инклюзивного образования: Учебное пособие. Алматы: CyberSmith, 2017. – 153 c.
Закон Республики Казахстан «О социальной и медико-педагогической коррекционной поддержке детей с ограниченными возможностями» от от 11 июля 2002 года N 343
Инклюзивтік білім беруде әдіснамалық және оқу-әдістемелік сүйемелдеу бойынша тәсілдеме ұстанымдарын табысты ендірудің әлемдік тәжірибесін талдау. Әдістемелік ұсынымдар. –Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 80 б.
Білім беру ұйымдарының тәжірибесіне инклюзивтік педагогика мен енгізу жүйесінің қағидаларын дайындау. Әдістемелік ұсынымдар. –Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 33 б.
Ерекше оқыту қажеттіліктеріне қарай қысқа мерзімдік, орташа мерзімдік және ұзақ мезімдік негізде оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Әдістемелік ұсынымдар. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 80 б.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру үдерісіне енгізу үлгілерін дайындау. Әдістемелік ұсыныстар.– Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2015. – 48 с.
Мовкебаева З.А., Оралканова И.А. Включение детей с ограниченными возможностями в общеобразовательный процесс: Учебное пособие, Алматы, 2014. – 236 с.
Достарыңызбен бөлісу: |