Ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Девиантология
Тақырыбы: Жасөспірімдердің қылмысқа бару себептері.
Орындаған: Койшыгул Гаухар
2022 жыл
Өркениетті елдің болашағын сомдайтын бүгінгі жасөспірімдер екені белгілі. Келешек өмірдің тізгінін ұстайтын олардың алдағы атқарар іс-әрекеттерінің бастауы бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер еліміздегі тұрғындардың он бесінші бөлігін құраса да, бүкіл қылмыстық әрекеттердің бестен бірін жасайды . Жасөспірімдердің қауіпті жолға түсуі барып тұрған қасіретті құбылыс. Жасөспірімдер қылмыс жасай отырып өз басына ғана емес, қоғамға, өз отандастарының мүддесіне, өзінің туған-туысқандарына үлкен зиян келтіреді. Жасөспірім қылмыскер ең бірінші кезекте өзінің отбасына қасірет болып табылады.
Бүгінде қай жерде болсын теледидар экранынан, баспасөз беттерінен жасөспірімдер колониясындағы балалар өмірін суреттейтін материалдар көп беріліп жүр. Жас қылмыскер өмірі жайлы шындықты оқыған, көрген сайын жағаңды ұстайсың, таңданасың, бүгініміз бен болашағымызды ойлап қорқасың. Өмірге келген сәбиді ертең қылмыскер, қанішер болып өседі деп кім ойлар?
Мемлекет кәмелетке толмағандардың қылмыстылығының алдын алуда, жасөспірімдерді қадағалаусыз қалдырумен қатар ересектердің құқық бұзушылық әрекеттерінің жасөспірімдерге кері әсер беруі сияқты жәйттермен күресуде. М.Н. Гернет айтқандай «Жас ерекшелікте белгілі бір күштердің даму деңгейі келісілген, интеллект, әуестік сияқты, сол себептен «физикалық» жағдайына байланысты белгілі бір қылмыстар жасауы мүмкін» . Мемлекетіміздің болашағы, тірегі жасөспірімдер дейтін болсақ, не алатын сапалы білімі, не тиянақты тәлім-тәрбиесі болмаса, олардан не қайыр, не үміт? Осындай себептермен соңғы кездері жасөспірімдердің қылмысқа ұрынулары күрт көбейіп кетті.
Кәмелетке жасы толмаған адам деп қылмыс жасаған кезге қарай он төрт жасқа толған, бірақ он сегізге толмаған адамды айтамыз . Бүгінгі таңда жастар арасында криминалды белсенділік өте жоғары деңгейде. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылықтың өсуі алаңдатады, өйткені олар ересектерге қарағанда тәжірибесі мен білімінің жеткіліксіздігінен көптеген проблемаларды шеше алмайды.
Кәмелетке толмаған сотталушының ақылойдан кеміс екендігін куәландыратын деректер болса, сот қылмыстық іс жүргізу заңдарына сәйкес кәмелетке толмаған адамның ақыл-есі қаншалықты толық емес екендігін анықтауға міндетті, оның әрекеттерінің мағынасын сезіне алып, басшылық жасауының шегін белгілеуі керек. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, кәмелетке толмағандар қылмысының деңгейі уақыт өткен сайын өсіп барады. Мәселен, қарақшылық шабуылдардың 74,3% суық қару түрлері қолданылған. Оқты қару-жарақ мұндай шабуылдардың 7%-да пайдаланылған. Қарулы қарақшылық шабуылдардың 44,8%-ы көшеде, 41,3%-ы тұрғын жайға басып кіру арқылы алынады екен. Қорқытып алушылық 2013 жылы 75 рет жасалған болса, сол қылмыс саны 2014 жылы 221-ге, қарақшылық 268-ден 327-ге, адам тонау қылмысы 618-ден 961-ге, ал ұрлық 3330-дан 4562-ге жеткен.
Жасы кәмелетке толмағандардың 90-95%ы – ер балалар. Жасөспірімдердің қылмыс жасауына не себеп дегенге келсек, бұлардың көпшілігі оқуға, адал еңбекке ынта қоймайды, бос уақыттарын көбінесе қаңғыбастықпен, құмар ойындарға, ішімдікке, нашақорлық және басқа да есеңгіртетін заттарды пайдалануға, ойынханаларда жат музыка тыңдауға, жыныстық немесе нәпсіқұмарлық іс-әрекеттермен айналасуға арнайды.
Қылмыс жасаған жасөспірімдердің бір бөлігі ақыл ойының кемістігі барлар, жүйке ауруымен ауыратындар болып отыр. Бұлардың көпшілігі тәрбиенің, бақылаудың жоқтығынан ерте бастан ішімдікке, есірткілік заттарды тұтынуға үйренген, қаңғыбастықпен, үйден қашып, кездейсоқ қылмыстық элементтермен байланыс жасағандар.
Көптеген жасөспірім қылмыскерлердің күнделікті іс-әрекеттеріне отбасы, оқу орындары, еңбек ұжымдары ешқандай бақылау болмағандықтан, соңы қылмыстық әрекетте ұласатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында пайдакүнемдік және пайдакүнемдік-зорлық пиғылмен жасалатын ауыр қылмыстардың үлесі өте жоғары. Ондай қылмыстарға көбіне аса қатыгездік пен тағылықтың (вандализм) сипаттары тән болып келеді . Жасөспірімдер жасайтын қылмыстың келесі түрі–ұрлық олардың үлесіндегі қылмыстың 53 %-ын, тонау 10 %-ын, қарақшылық шабуыл 15%-ын құрап отыр. Бұл тұста да бала санасының мейірімінен жұрдай бола бастағанын байқауға болады. Қылмысқа баруы ықтимал балалардың тағы бір тобы кезбелікпен күн кешуде. Кейбір деректерге сүйінсек, мектепке бармай, отбасынан алшақ қалған қараусыз жасөспірімдердің саны жүз мыңнан асады.
Бұлардың көпшілігі түзеу мекемелері мен балалар үйінің бұрынға түлектері.Социологиялық зерттеудің бір қыры – «Жасөспірімдердің теріс жолына не ықпал етеді?» деген сауалға төмендегідей жауаптар алынған: Олардың 7,5%-ы теріс жолға түсуіне туыстарының жасаған қылмысы әсер еткенін айтса, ал 14,1%-ы отбасы мүшелерінің ішімдікке салынуын тілге тиек етеді. Үйдегі жанжал, көзге шөп салуға байланысты бұзылдым деушілердің көрсеткіші – 2,3%; көшенің ықпалы тиді деушілердің саны саны – 73,6% болып отыр. Отбасындағы қолайсыз жағдай үшін республикада жыл сайын 25 мың бала үйінен кетіп қалады, 10 мың бала мектеп-интернаттарын тастап кетеді .
Достарыңызбен бөлісу: |