Компоненттердің байланысу тәсілдеріне қарай топтастыру
Құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас деп бөлу тұлғалық принципке негізделеді. Бірақ бұл тұжырым бірден қалыптаса қойған жоқ. Ғалымдар арасында салалас, сабақтасқа қандай сөйлемдер жатады деген сұрақ төңірегінде біраз пікірталастар болды. Алғашқы ұстанымды негізге алғандар ( С. Жиенбаев, Н. Сауранбаев, Ғ. Бегалиев, Қ. Жұбанов) көсемшенің –ып, -іп, -п тұлғасымен келген сөйлемдерді салалас құрмалас сөйлемдер қатарына жатқызды. Н. Сауранбаев “іргелес сабақтас”, С. Аманжолов “үлестес сабақтас” деп атаған мұндай сөйлемдерді Қ. Есенов “ерекше құбылыстағы сөйлемдер” деп атайды да, тұлғалық тиянақсыздықты басты ұстаным ретінде ұстап, мұндай сөйлемдердің қазіргі қазақ тілінде сабақтастардың қатарында қарастырылатынын айтады.
Профессор А.Ысқақовтың “Құрмалас сөйлем мәселелері” атты мақаласында көңіл аударатын жай – сабақтас пен салалас құрмаластарды өзара ажыратуда негізгі ұстаным етіп екі жай сөйлемді байланыстырушы баяндауыш сөзінің тұлғасын басшылыққа алады. Осыдан келіп, Омар кітап оқып, Жамал хат жазып отыр тәріздес сөйлемдерді кейбіреулердің салалас деп ұғынуына қарсы мұндайларды сабақтас құрмалас деп дұрыс түсіндіреді. Мұндағы дәлелі - бағыныңқы сөйлем баяндауышының тиянақсыз тұлғада тұруы [13].
Құрмалас сөйлем синтаксисіне байланысты профессор Ә.Хасеновтың “Салалас құрмалас сөйлемге және олардың тыныс белгілері жөнінде” деген мақаласында іліктес салалас деп айтылып жүрген сөйлемдерді түсіндірмелі салалас деп атауды ұйғарады. Мысалы: Маған жаңа арман пайда болды: ол – наградты ақтау жолындағы арман еді [14].
М. Томановтың пікірінше, “өзара тең дәрежеде байланысқан сөйлемдер тобын салалас құрмалас дейміз” деген анықтаманың өзі дұрыс емес. Оған дәлел ретінде Іші пысып жүрген кезде жолықтым ба немесе білген кеңестерін білдіргісі келмеді ме, Жәкең үлкен әңгімелер қозғады сөйлемінің жоғарыдағы анықтама бойынша салалас құрмалас бола алмайтынын айтып, салаластардың “тұрақты принцип негізінде анықталмай жүргендігін” көрсетеді [12; 45]. Өзара тең байланысқан, бірақ интонация арқылы ұласқан сөйлемдерді салалас деп танитын болсақ, оған баяндауыш құрамында сұраулық шылауы бар немесе көсемше тұлғалы (-ып, -іп, -п) сөйлемдерді жатқызуға болмайтынын, өйткені мұндай сөйлемдердің құрамындағы алғашқы сөйлем соңғы сөйлемге бағынышты болатындығын айтады.
Сөйтіп қазақ тіл білімінде салалас, сабақтас құрмаластарды анықтауда екі түрлі ұстанымды негізге алу жөнінде пікірталас өрбіді: 1) компоненттердің мағыналық қатынасы; 2) компонент баяндауыштарының тұлғалық белгісі.
-
Салалас құрмаластар
Салалас пен сабақтастың арасындағы айырмашылық - олардың компоненттерiнiң құрмаласу тәсiлiнде, мағыналық байланыстарында интонациялық құбылыстарында, компоненттердiң негiзгi екi мүшесiнiң бiр – бiрiмен синтаксистiк қатынастарында, әсiресе компонеттердiң баяндауыш формасында. Салалас құрмаластың баяндауыштары тиянақты болады.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын – салалас
Сын түзелмей, мiн түзелмейдi – сабақтас.
Құрмалас сөйлемнiң салалас түрi мен сабақтас түрлерiнiң арасында мынандай өзгешелiктер бар:
-
Салалас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң баяндауыштары тиянақты формада айтылады да, сабалас құрмалас сөйлем компонеттерiнiң алдыңғылары тиянақсыз формада айтылып, тек соңғысы ғана тиянақты формада болады
-
Салалас құрмаластың баяндауыштары тең дәрежеде, теңдiк қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.
-
Салалас құрмаластың жай сөйлемнен кейiн болатын интонациялық кiдiрiсi едәуiр тиянақты болады да, сабақтас құрмалас сөйлем компонеттерi арасындағы интонация тиянақсыз, елеусiз болып келедi.
-
Салалас құрмалас компоненттерiнiң баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланысса, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң баяндауыштары өз баяндауыштарымен қиыспайды.
-
Салалас құрмалас сөйлем компоненттерiн бiр –бiрiмен құрмаластыру үшiн жалғаулық шылаулар қолданылады, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерiн құрмаластыруда септеулiк шылаулар қолданылады.
-
Салалас құрмалас сөйлемнiң 1 компонентi 2 компонентке тәуелсiз, оның iшiндегi мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнiң бағынышты компоненттерiнiң көпшiлiгi өзi жетектелiп тұрған компоненттiң белгiлi бiр мүшесiне тәуелдi болып, соны түрлi жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрiзденiп кетедi.
Салалас құрмаластың түрлерiн саралауда қазақ тiл бiлiмiнде әр тұрлi пiкiрлер болды. Мысалы А. Байтұрсынов салаластарды бес түрге бөледi: жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы.
Ал Қ. Жұбанов топтамасы қазiргi қазақ тiлiндегi құрмалас сөйлем түрлерiн саралауға негiз болды: ыңғайлас салалас, ереуiл салалас, талғама салалас, себеп-салдар салалас, шарт-жағдай салалас. Кезiнде Н.Сауранбаев көрсеткен iргелес салаластар қазiр жалғаулықсыз салалс ретiнде қарастырылады.
Салалас құрмалас сөйлемдер жасалу жолдарына қарай жалғаулықты салалас және жалғаулықсыз салалас сөйлемдер деп бөлiнедi.
Салалас құрмалас сөйлемдер байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз (іргелес), ауыспалы болып бөлінеді.
Жалғаулықты салаластардың компоненттері өзара жалғаулық шылаулар арқылы байланысады. Қазіргі қазақ тілінде оның төмендегідей мағыналық топтары бар: ыңғайлас, қарсылықты, себептік, шартты, талғаулы, кезектес салаластар.
Қазақ тiл бiлiмiнде алдымен, жиылыңқы (А.Байтұрсынов), кейiннен ыңғайлас (Қ.Жұбанов, С. Жиенбаев) деген атпен мәлiм болған ыңғайлас салалас деп аталатын құрмаластың түрі соңғы кезде жарық көрген еңбектерде мезгілдес салаластар деп атап жүр. Аталған сөйлемдер өзара ұқсастығы болғанымен, ішнара семантикалық айырмашылықтары бар сөйлемдер. Ыңғайлас сөйлемдерде тектес, ыңғайлас іс-әрекет, оқиға, жай-күй баяндалса, мезгіл мәнді құрмаластарда белгілі бір уақыт шеңберінде өтіп жатқан оқиға баяндалады.
Ыңғайлас салаластың жалғаулықтары: да, де, және, әрi. Мезгiлдiк мәннiң берiлу сипатына қарай мезгiлдес салаластарды Қ. Есенов бiр мезгiлдес салаластар (Деревняда үн де жоқ, от та жоқ (Ғ.М.).) және әр мезгiлдес салаластар (Залдағы жарық сөндiрiлдi де, пердесi баяу сырғып сахна ашылды (З.Қ.).) деп жiктейдi.
Қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер
Қарама-қарсылық немесе «терістеу заңы» - диалектиканың негізгі заңдарының бірі. Қоғамның субъектісі ретінде адам айналасында болып жатқан құбылыстарды тек бақылап қана қоймайды, оған ықпал етеді, тікелей қатысады, қабылдайды. Қоғамдағы құбылыстар мен оқиғалар туралы көрген-түйгенін ой елегінен өткізеді, баяндайды, ол туралы көзқарасын білідіреді, мақұлдайды не терістейді. Адам мен қоғам арасындағы осы байланыстың тілдік бейнесі сөйлемде көрініс табады. Қазақ тіл біліміне бір кездері «ереуіл», «қайшы» салалас деген атпен енген, кейіннен «қарсылықты салалас» деп аталған бұл сөйлемдердің компоненттері бір-біріне қарама-қарсы келетін әрекеттерді, оқиғаларды баяндайды. Компоненттердегі қарсылықты мән қалай құрылады:
-
бірінші компоненттегі предикатқа екінші компоненттегі предикат қайшы мәнде беріледі.
-
бірінші сыңарда баяндалған оқиғаның күтілетін нәтижесі екінші компонентте жоққа шығарылады не қарсы мәнге құрылады.
-
екінші сыңарда белгілі бір ой айтылады, бірақ ол мәні жағынан бірінші сыңарда айтылған ойға қарсы мәнде болады.
Компоненттерiнде қарама-қарсы iс-оқиға баяндалатын салаластың түрi қарсылықты салалас деп аталады. Жалғаулықтары: бiрақ, дегенмен, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сонда да. Қарсылық мәндегi жалғаулықтардың бiр-бiрiнен мағыналық айырмашылығы жоққа тән, олар бiрiнiң орнына екiншiсi қолданыла алады. Құрмалас компоненттерін байланыстырудағы шылаулардың ролі біркелкі емес.
Компоненттерi жалғаулықсыз байланысқан қарсылықты салаластардың көпшiлiгiне жалғаулықты қойып айтуға да болады, бiрақ жалғаулықты қарсылықты салаластың барлық түрiнен жалғаулықты алып тастауға болмайды. Мұндайда кейбір қарсылықты салаластардың арасындағы синтаксистік байланыс солғындап, мағыналық байланыс жойылады. Мысалы: Шырай мына сөзден тіксініп қалды, әйтсе де Құдабайды ойлады (Д. Досжан).
Қарсылық мәнді құрмаластар қарсылықты мағынаның берiлуiне қарай реалды қарсылықты және ирреалды қарсылықты сөйлемдер болып бөлiнедi.
Реалды қарсылықты құрмаласта қарсы мәндегi оқиғаның орындалғаны не орындалатыны баяндалады. МысалыСалт аттылар мен ат шана өтiп кетті, бірақ Әбдiрахман терезеге сүйенiп ұзақ тұрды (Х.Есенжанов). . - Ұлы түнде орнынан барынша сыбдырсыз тұрады, сөйтсе де бұл бірге оянады. Асығыс-ақ, дегенмен қайырылмау ұят. (Қ. Тоқмырзаұлы)..
Ирреалды қарсылықты сөйлемнiң алғашқы сөйлемiнде белгiлi бiр iстi орындау жайында әрекет жасалғанымен, басыңқыда сол әрекеттiң орындалуы терiске шығарылады. Мысалы: Алтын-күміс ақша ұстанған бай болған, бірақ өлікке кебін бермеген сараңдар бұл (Д. Досжан). Тілдің бірден-бір жоқтаушысы қаламгер қауым, бірақ олардан әзірше айта қоярлықтай қимыл көрінбейді. Барайын деймін, бірақ жер шалғай.
Салыстырмалы сөйлемдер ұзақ жылдар бойы оқулықтарда қарастырылмай, тек соңғы жылдар ғана сөз боп келедi. Компоненттерiндегi iс-оқиға желiсi бiр-бiрiмен салыстырыла берiледi. Негiзiнен мақал-мәтелдi сөйлемдерде жиi кездеседi. Жалғаулықтары: ал, да, де, та, те. Компоненттерiнде көбiнесе мағыналары бiр-бiрiне қарама-қарсы антоним сөздер қолданылады.
Жалғаулықты себептік, шарттық және салыстырмалы салалас құрмалас сөйлемдер
Компоненттерiнiң бiрiнде iс-оқиғаның себебi, екiншiсiнде салдары баяндалатын салаластың түрi себептес (себеп-салдар) салаластар деп аталады. Егер құрмаластағы екi компонент сондықтан, сол себептi жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте iс-оқиғаның себебi, соңғысында соның салдары берiледi. Ал екi компонент өйткенi, себебi жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте iс-оқиғаның салдары баяндалып, соңғысында оның себебi баяндалады.
Қоғаммен тығыз байланыстағы адам және оның әрекеті белгілі бір философиялық заңдылықтарға сүйенетіні мәлім. Диалектиканың негізгі категорияларының бірі – себеп-салдарлық. Себеп–салдарлық байланыс объективті әлемдегі өзара байланысты құбылыстардың бірі ғана емес, сонымен бірге құбылыстар арасындағы көпжақты байланыстың негізі болып саналады. Жалғаулықты себеп-салдар салалас құрмалас сөйлемнің өзіндік ерекшеліктері айқын, сондықтан тіл білімінде оған қатысты аса бір күрделі мәселе бар деуге болмайды. Әдетте олар екінші компоненттің құрамында келеді.
Егер себептік салаластар сондықтан, сол себепті жалғаулықтары арқылы байланысса, алдыңғы компоненті екінші компонентте орындалған не орындалып жатқан, болмаса орындалатын іс-сапаның себебін білдіреді. Ал егер компоненттер себебі, өйткені жалғаулықтары арқылы байланысса, соңғы компонент алдыңғы компонентте орындалған не орындалып жатқан, болмаса орындалатын іс-сапаның себебін білдіреді.
Кезiнде Қ. Жұбанов шарт-жағдай салалас деп атаған шартты салаластардың компоненттерiнiң мағыналары өзара шарттас болып келедi. Жалғаулықтары: әйтпесе, болмаса. Шартты салаластың жалғаулықсыз түрiне жалғаулық қойып, бiрiнiң орнына екiншiсiн қолдана беруге болмайды. Алғашқы компонентiнiң баяндауышы етiстiктiң бұйрық райынан жасалады.
Диалектика категориялары тұрғысынан алсақ, шарт категориясы себеп категориясымен тығыз байланыста болады. Бұл жөнінде ғалымдар себеп және шарт категорияларының қарым-қатынасы диалектикалық сипатта болатындығын, шарттың себеп болу, себептің шарт болу мүмкіндігінің молдығын, себеп дегеннің өзі - әрқашан да белгілі бір дәрежедегі шарт екендігін айтады.
Шарт мәнді сөйлемдердегі компоненттер арасындағы мағыналық қатынас төмендегіше көрінеді:
-
шарт – орындалатын нәтиже
-
шарт – орындалмаған нәтиже (қимыл-әрекет)
-
шарт – орындалу-орындалмауы белгісіз нәтиже (қимыл-әрекет)
Бұл мағыналық қатынас барлық тілдерде де бар. Осыған орай, шарт мәнді сөйлемдерді, оның ішінде шартты бағыныңқыны мағыналық жақтан кейбір зерттеулерде үш түрге (реалды, ирреалды, болжалды) ажыратылса, ендi бiрде екiге бөлiп (реалды, ирреалды) қарастырады.
Мысалы: Сен келiсiм бер, әйтпесе басқамен сөйлесемін (реалды шартты салалас). Сен келiсiм бер, әйтпесе мен саған жоқпын (ирреалды салала). Сен келiсiм бер, әйтпесе менің кетіп қалуым да мүмкін (болжалды).
Салыстырмалы салаластар. Жалпы тілімізде салыстырудың екі түрі бар: біріншісі – екі заттың сапасының салыстырылуы (Бетегеден биік, жусаннан аласа және т.б.); екіншісі – зат сапасын белгілі бір қалыптасқан сапа дәрежесімен салыстыру (көкшіл, жастау және т.б.). Ғалымдар оның алғашқысын нақты компоративтер деп, ал екіншісін интенсивтер деп атайды. Құрмалас сөйлемдегі салыстыру мәнінің өзіндік ерекшеліктері бар.
Салыстырмалы мәндегі құрмаластарда бір-біріне антитеза немесе аналогия ретінде алынған екі түрлі субъектінің қасиеті, іс-әрекеті, жай-күйі суреттеледі. Мысалы:
Құлаққа жағар дәмді сөз бар да, құлақты сарсытар, татымсыз сөз бар (М. Иманжанов).
Мұндайда салыстыру заты ортақ болуы мүмкін немесе салыстыру заты ретінде екі басқа зат алынуы мүмкін: Қарағайға қарап тал өсер, ал қатарына қарап бала өсер.
Жалғаулықты талғаулы, кезектес салалас құрмалас сөйлемдер
Үнемi жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдерге талғаулы және кезектес салаластар жатады. Талғаулы салаластарды А. Байтұрсынов айырыңқы деп атаса, С.Аманжолов бейтарап, ал Қ. Жұбанов талғама салаластар деп атаған. Компоненттерiнде айтылған iс-оқиғаның бiреуiнiң орындалу-орындалмауын талғай, болжау жасай көрсетедi. Жалғаулықтары: не, немесе, әйтпесе, әлде, не болмаса, я, құй, мейлi, яки. Аталған жалғаулықтар құрмалас сөйлем компоненттерiн байланыстырудан гөрi бiрыңғай мүшелердi байланыстыруда жиi қолданылады.
Т. Қордабаев талғаулы салаластардың өзіндік ерекшелігі ретінде компоненттердің интонациялық жағынан болмаса, мағына жағынан дербес сөйлемдер екендігін және аталған сөйлемнің тек жалғаулықтар арқылы байланысатынын көрсетеді.
Компоненттерiне айтылған ой, iс-әрекеттердiң бiрiнен соң бiрi кезектесiп орындалатынын бiлдiретiн салалстың түрi кезектес салалас деп аталады. Кезiнде С. Жиенбаев талғаулы және кезектес салаластарды, екi жақтылығына орай, оларды бөлмей, бiрге қарастырған болатын, кейiннен олардың мағыналық ерекшелiктерi сараланды. Кезектес салаластардың жалғаулықтары: бiрде, бiресе, кейде.
Қазақ тіл білімінде тек салаласа байланысады деп танылып келе жатқан құрмаластың аталған түрлері сабақтаса да байланысу арқылы да тура осы мәнді білдіретіні айқын. Кезектестің сабақтаса байланысатын түрі бар екендігін айтқан Қ.Шәукенұлы бұрын айтылмаған сабақтастың болжалды сабақтас деген түрін қосады. Біздіңше, автордың көрсеткен құрылымдық үлгісі негізінде қалыптасқан сөйлемдер тілімізде кездеседі, бірақ тілтанушылар еңбектерінде талғаулы, кезектес салаллас сөйлемдерді бірыңғай мүшелі, оралымды жай (күрделенген) сөйлемдермен шатастыру фактілері кездеседі. Мысалы, талғаулы салалас деп көрсетіліп жүрген төмендегі сөйлемдерге назар аударайық:
Сөз бен қылық суық көңілді жылытады немесе жылы көңілді суытады. Тура келесің бе, әлде жолдағы ауылға соқтың ба? Аса бір қысылған, басына ауыр сын түскен кезде әкесі, қалайда, не түсіне кіреді, не көз алдына оқыстан елестеп, осылайша көлбеңдей береді («Қазақ грамматтикасы», 694-695). Күндіз олар өзіне жем іздейді, не өзінің басқаға жем болмауын көздейді (Т.Қ. -70-б.). Бұнысы жаңа көрген Көкен елінің мынау куәға не сенгенін көрсетеді немесе ел болып сынға салып, шыңға тартқысы келген байлауын танытады. Я асқан данышпан шығар, я дым білмейтін мылқау шығар. Жалғыз қалудан сескенді ме, әлде асықпай әңгімелескісі келді ме - әйтеуір Андрейдің бүгін қасында болуын қалап тұрды (Қ. Ш. -176-б.).
Келтірілген сөйлемдердің барлығында талғау мәні бар, бірақ бұлар құрылысы жағынан құрмалас сөйлем емес, ортақ субъектіге негізделген жай сөйлемдер. Құрмалас сөйлемнің әр компонентінде субъект-предикаттық қатынастың болуы туралы қағида аталған бірлікте де сақталуы тиіс.
Талғау мәнді құрмаластарға қатысты соңғы кезде жарық көрген еңбектерде оның таза талғау мәнімен бірге кейбір құрылымдарда талғау-шарт мәнді («ҚГ», 695-б), талғау-қарсылықты мәнде (Т.Қ. -70-б.; дұрысы – шарт мәнді, автор келтірген мысалдар: Сен қазір жұмысқа кіріс, әйтпесе мен сені бұл маңайдан қуамын (Ә. Әбішев). Сен оны өлтір, болмаса өзің өлесің (А. Бек). – Т. Е.) жұмсалатыны көрсетіледі. Расында да тілдік бірліктерде таза талғау мәнімен қоса, авторлар көрсеткендей, талғау-шарт, сондай-ақ талғау-себеп, талғау-мезгіл, талғау-салыстырма мәнді сөйлемдердің болатындығын байқадық. Жалпы талғау ұғымы болжау ұғымымен тығыз байланысты. Болжам жоқ жерде талғау да болмайды. Мұндай құрмаластардың тағы бір ерекшелігі – компоненттері салаласа да, сабақтаса да байланысады. Ал оның әр түрлі мағыналық реңтері осы атаудың шеңберіне сияды.
Талғау-себеп: Поштаға сенбегендігі ме, жоқ әлде мен арқылы беріп жібергісі келді ме, суырмасынан аппақ даяр пакетті алып, маған ұсынды (Ә. Сығай). Жақсының жанына арашашы болдың ба, әлде жаманның малына қорғаншы болдың ба, екі ауыз сөзді білдім деп хан қасына отыруға нең лайық («Ел аузынан»)?
Талғау-мезгіл: Айшаға құда түсіп кеткеннен кейін бе, әлде қыстауға көшер алдында ма, қашан келгені есімде жоқ.
Талғау – салыстырма: Аспандағы ай ма екенсің,
Жер бетінде гүл ме екенсің?
Ай мен күн бе екенсің,
Мың бір түн бе екенсің
Жұлдыздайсың маған моншақ тағынған.
Жайылған қамырды ірілеу етіп турайды немесе ұнның қатты сортынан жасалған макорон қолданылады («Парасат» журналы). Талғау мәнді құрмаластарды байланыстырады деп көрсетіліп жүрген әйтпесе, болмаса жалғаулықтары үнемі осы мәнде қолданыла бермейді:
Салыстырыңыз:
Талғау мәнді
Келгенің жақсы болды ғой, болмаса өзім барғалы отыр едім (Ә. Нұршайықов).
Өзі кетіп құтылды, әйтпесе өзіміз-ақ тастатқалы жүр едік (Б. Майлин)
|
Шарт мәнді
Уәдеңді бер, болмаса қыз жоқ саған.
Сен қазір жұмысқа кіріс, әйтпесе мен сені бұл маңайдан қуамын (Ә. Әбішев).
|
Компоненттер арсындағы мағыналық қатынасты ажыратуда жалғаулықтар шешуші роль атқара бермейді. Мұндайда компонент баяндауыштарының формасы білдіретін шақтық мағынаның да үлесі бар. Жоғарыдағыдай жалғаулықтар арқылы байланысқан құрмаластардың алғашқы компонентіндегі іс, оқиға екінші компоненттегіден бұрын орындалып қойған болса, талғау мәнді құрмалас түзіледі де; ал екі компонентте де әлі орындалмаған, әсіресе бірінші компонент бұйрық райдың ІІ жақ формасы арқылы жасалып, екінші компонент І жақта тұрғанда (дәлірек айтсақ, І жақтағы субъект ІІ жақтағы субъектіге шарт қойса) шарт мәнді құрмаластар түзіледі.
Кезектес мәнді құрмаластардың өзіндік ерекшелігі ретінде талғау мәнді құрмаластар секілді, тек қана жалғаулықтар арқылы және салаласа байланысатыны айтылып жүр. Қазақ тіліндегі салалас құрмаластың осындай түрінің бар екендігін айтқан С. Аманжолов болса, мұндай мағыналық қатынас сабақтастарда да кездесетінін Қ. Шәукенұлы айтқан еді. Кезектестердің талғау мәнді құрмаластардан айырмашылығы – онда екі компонентте айтылған ойдың біреуінің ғана орындалатынына болжау жасалса, кезектесте екі компонентте айтылған ой да жүзеге асады, бірақ бірінен соң бірі кезектесе орындалатын оқиға, әрекет баяндалады.
Кезектес салалас
Қазан аспаның астында от кейде жылтылдайды, кейде қызыл жалын лапылдайды (М. Әуезов).
Біресе Хамит Күдірені алып ұрады, біресе Күдіре Хамитті алып ұрады (С. Сейфуллин).
|
Кезектес сабақтас
Қазан аспаның астында от кейде жылтылдап, кейде қызыл жалын лапылдайды.
Біресе Хамит Күдірені алып ұрса, біресе Күдіре Хамитті алып ұрады.
|
Кезектес мәнді құрмаластар құрамындағы кейде, бірде, біресе жалғаулықтары компоненттерді салаластыра да, сабақтастыра да байланыстыратындығы..
Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Профессор Н. Сауранбаев жалғаулықсыз салаластарды «іргелес құрмалас» деп атап, оны салалас құрмаластың қатарынан шығарып, салаластар мен сабақтастардың арасындағы категория деп қарайды: «Сүйтіп, іргелес құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі – ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дәрежеде құрмаласатындығы және баяндауыштың тиянақты қалыпта болатындығы. Бұл екі қасиет іргелес құрмаластарды салалас құрмаласпен жақындастырады. Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сыйпаттап, бір-біріне тәуелді болып байланысады... Ал іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан сабақтасып байланысады да, сыртқы байланысу формасы жағынан салалас болып келеді» [Н.С., 36-б.]. Тіл білімінде бұған қарсы көзқарастар да жоқ емес.
Бірде іргелес салалас, бірде жалғаулықсыз салалас, бірде үлестес сабақтас деп берілетін сөйлемдердің өзіне тән төмендегідей қызметі көрсетіліп жүр:
-
Іргелес салалас сөйлемдер сөзді эмоциялы етіп айту қажет болғанда жұмсалады.
-
Іргелес салалас сөйлемдер сөзді үнемді, жинақы құрап айту қажет болғанда жұмсалады ( «ҚГ», 696-б).
Іргелес салаластарды тұрақты (үнемі жалғаулықсыз қолданылатын) және ауыспалы іргелестер (бірде жалғаулықты, бірде жалғаулықсыз қолданылатын) деп бөліп қарастырады.
Мезгілдік қатынасты білдіретін іргелес салаластардың жасалу жолдары:
-
алдыңғы компонент (І) көсемше формалы негізгі етістік+отыр еді/еді – кейінгі компонент (ІІ) баяндауышы жедел өткен шақ формасында;
-
І: жедел өткен шақ+ болды, шартты райлы етістік + болғаны;
-
І: жедел өткен шақ+ақ;
-
І: тұйық етістікті бастауыш + мұң еді баяндауышы;
-
ІІ: сол-ақ екен, сөйткенше болмады деген анафористік сөздердің қатысы арқылы.
Қарсылықтық іргелес салаластардың жасалуы:
-
І: бұйрық райлы етістік;
-
І: өткен шақ көсемше+еді;
-
І: -атын, етін тұлғалы есімше – ІІ: тежеу мәнді оқиға;
-
І: келгендей, алғандай, келетіндей, алатындай тұлғалы есімшелі баяндауыштар.
Себептік қатынасты білдіретін іргелес салаластардың жасалу жолдары:
-
І: бастауышы есімше- баяндауышы сол –ІІ: оқиғаға себеп болған хабар;
-
ІІ: бастауышы есімше-баяндауышы сол;
-
І: көргендей, көретіндей тұлғалы есімше.
Шарттық қатынасты білдіретін іргелес салаластардың жасалу жолдары:
-
І: жедел өткен шақ+ бар ғой
-
І: келер шақ есімше+ бар
-
І: жедел өткен шақ/есімше-ған + екен;
-
І: өткен шақ етістік +ба;
-
І: бұйрық райлы етістік.
Үнемi жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдер
Үнемi жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдерге талғаулы және кезектес салаластар жатады. Талғаулы салаластарды А. Байтұрсынов айырыңқы деп атаса, С.Аманжолов бейтарап, ал Қ. Жұбанов талғама салаластар деп атаған. Компоненттерiнде айтылған iс-оқиғаның бiреуiнiң орындалу-орындалмауын талғай, болжау жасай көрсетедi. Жалғаулықтары: не, немесе, әлде, не болмаса, я, құй, мейлi, яки. Аталған жалғаулықтар құрмалас сөйлем компоненттерiн байланыстырудан гөрi бiрыңғай мүшелердi байланыстыруда жиi қолданылады.
Компоненттерiне айтылған ой, iс-әрекеттердiң бiрiнен соң бiрi кезектесiп орындалатынын бiлдiретiн салалстың түрi кезектес салалас деп аталады. Кезiнде С. Жиенбаев талғаулы және кезектес салаластарды, екi жақтылығына орай, оларды бөлмей, бiрге қарастырған болатын, кейiннен олардың мағыналық ерекшелiктерi сараланды. Жалғаулықтары: бiрде, бiресе, кейде.
Қазақ тiлiнде үнемi жалғаулықсыз қолданылатын салалас сөйлемге тек түсiндiрмелi салалас қана жатады. Алғашқы компонентiнде баяндалған оқиғаның мәнi келесi сөйлемде түсiндiрiлiп отыратын салаластың түрi түсiндiрмелi салалас деп аталады. Түсiндiрмелi салалас алғашында iлiктес, анықтамалы болып әр түрлi аталып келдi. Жасалу жолдары:
-
Алғашқы компонентiнiң баяндауыштары сол, сондай, сонша есiмдiк, үстеу сөздерiнiң қатысы арқылы жасалады.
-
Алғашқы компонентiнiң құрамында мынандай жалпылауыш сөзi қолданылады. Кейде ол сөз жасырын тұруы да мүмкiн.
-
Алғашқы компонентiнiң баяндауыштарында түсiндiрмелi мәндегi есiм, етiстiк сөздер де қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |