ЖҰмыстың жалпы сипаттамасы зерттеу тақырыбының өзектілігі



бет1/3
Дата01.07.2016
өлшемі248.5 Kb.
#171250
  1   2   3
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл – мәдениеттің қайнар көзі. Өйткені ол мәдениеттің құрастырушы бір бөлігі, сонымен қатар, тіл мәдениетті танытудағы негізгі құрал, себебі біз ол арқылы мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады. Негізгі ақпаратты сақтайды, жинақтайды, таратады. Осыған байланысты тіл әрбір этникалық қоғамдастықта этностың мәдени ерекшелігін танытатын фактор ретінде, мәдениеттің тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетуін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлтты бір тұтастырып, бүтіндігін сақтайды. Мәдениет арқылы тілімізде этномәдени ақпараттар қалыптасады. Олар рухани мәдениет және материалдық мәдениет формасында таралады. Қандай да болмасын заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан алғанда, тіл тек қарым-қатынас және танымдық қызмет атқаратын құрал ғана емес, сондай-ақ ұғым – тіл – мәдениет жиынтығынан құралатын, тұтас дүние жөніндегі мол мағлұмат беретін ұлттық мәдени код, қор, мәдени ақпарат көзі ретінде танылады. Адамға рухани, интеллектуалдық әлеуметтік мүмкіндіктерден туындайтын аса мол алуан түрлі ақпарат тілдік арналар арқылы беріледі. Санадағы бұл ақпараттар концепт немесе ұғым арқылы түйінделеді. Ұғым белгілі бір объектінің ең мәнді белгілерін көрсететін сананың нәтижесі болса, концепт объектінің ең мәнді белгілерімен қатар, мәнді емес белгілерін де қамтиды екен.

Тіл мен мәдениет екі түрлі семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір бірін толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе. Мәдениет – қоғамдық фактор, оның мәдени тұғырға көтерілуіне әлеуметтік фактордың ықпалы зор. Өйткені бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады. Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпті тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты. Көркем мәтін – ұлттық бітім-болмысты, ұлттық психологияны, ұлттың дүниетанымы мен оның өмір сүру тәжірибесін, ұлттық салт-дәстүр мен наным-сенімін таныстыратын біртұтас дүние. Көркем мәтін - ұлттық мәдениеттің тілдік көрінісі, айнасы. Сондықтан әрбір көркем шығарманың бойынан сол ұлт туралы материалдық та рухани да мәдениет негізін тануға болады.

Көркем шығармалар арқылы, автордың танымдық аясы мен ақиқат дүниені бейнелеу қабілетіне қарай жазушы баяндап отырған ортаның мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, танымдық ерекшелігін анықтауға болады. Әрбір көркем шығарма – бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұрағат. Сондықтан жазушы тіліндегі әрбір тілдік бірлік сол заманның мәдениетін, өмірлік болмысынан шынайы ақпарат беретін тарихи мұра десек те болады. Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпті тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты. Автордың ішкі көркемдік дүниесі мен оны тудыру шеберлігін мәтін арқылы тани аламыз. Көркем мәтін автор ойын объективтендіріп, оның шығармашылық көзқарасыын таныту үшін, адам туралы, айнала қоршаған әлем туралы білімі мен түсінігін бейнелеп жеткізу үшін және автор танымындағы әлемді басқаға сол қалпында дәл жеткізу үшін жұмсалады. Көркем шығарма тілін зерттеу арқылы сөздік қорымыздағы сан алуан тілдік бірліктердің стильдік, мағыналық, функционалдық қызметтерін, олардың заттық мәдени мағынасын, ұлтты таныту қасиеттерін, этимологиялық қалыптасу тарихын анықтауға болатыны белгілі. Осыған байланысты көркем әдебиеттердегі диалектілік лексемалардың қолданылу себебін анықтап, оның ішінде әдеби тіл қатарына енуге бейім тұрған жеке атаулық (номинативтік) мағынаға ие болып, қазіргі заман талабына, яғни өзге тілден енген сөздерді қазақшалау шарттарына сәйкес келетін диалектизмдерді айшықтап, ажыратып көрсету жұмыстың өзектілігін танытады.

Қазақ тіл білімінде жергілікті тіл ерекшеліктерін талдауда антропоцентристік бағыттағы зерттеулер жанданып келеді. Бұл орайда М.Атабаеваның, Ж.Мұхамбетовтың еңбектерін атауға болады. М.Атабаеваның еңбегі қазақ тіліне ортақ этнодиалектизмдерге арналса, Ж.Мұхамбетов кандидаттық диссертациясында Батыс Қазақстан аймағындағы тұрғындар тіліндегі этнодиалектизмдерді талдауды мақсат еткен. Жұмысымызда Оңтүстік өңірден шыққан жазушылардың қолданыстарындағы жергілікті тіл ерекшеліктері этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылды. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі тұрғындардың тіліндегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктер сөз болғанымен, көркем шығармадағы уәжді-уәжсіз қолданылу ерекшеліктері арнайы сөз болып, материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктері этнолингвистикалық сипатта, тіл мен мәдениет сабақтастығында қарастырылмаған болатын. Тақырыптың өзектілігін осы тұрғыдан да сипаттауға болады деп ойлаймыз.



Зерттеудің нысаны. Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан жазушылардың шығармаларындағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің танымдық мәні, этнолингвистикалық табиғатын ашу зерттеу нысанына жатады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің жұмсалуының қазіргі қазақ көркем әдебиеті тіліндегі көрінісін, өріс алу бағытын анықтау. Ол үшін мына міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

  • жазушылардың жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдануын анықтау,

  • диалектизмдердің эмоциялы-экспрессивті әсерін анықтау;

  • диалектизмдерді қолданудағы жазушының стильдік мақсатын айқындау;

  • жазушылар тіліндегі әдеби нормамен жарыспалылықты, қажетсіз дублеттер тудыратын тұлғаларды көрсету;

  • көркем шығармалардағы диалектизмдерге талдау жасай отырып, Оңтүстік Қазақстан өңірінде қалыптасқан материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін сипаттау.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздеріне: «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», Ә.Қайдардың «Халық даналығы», Р.Сыздық «Сөз құдыреті», «Сөздер сөйлейді», «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі», Ж.Бабалықұлының, Х.Арғынбаев, С.Мұқанов, С.Қасиманов т.б. еңбектері алынды.

Зерттеудің әдістанымдық негіздері. Зерттеу жұмысына жалпы тіл білімі мен отанық тіл білімі бойынша лингвостилистика, диалектология, мәтін лингвистикасына және лингвомәдениеттану саласына байланысты жазылған В.А.Маслова, В.Виноградов, Н.Гальперин, Б.Уорф пен Э.Сепир, В.Ф.Гумбольдт, А.Байтұрсынұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков, А.Бектұров, Б.Шалабай, Ж.Манкеева, М.Серғалиев, Н.Уәли, Г. Смағұлова, Г.Әзімжанова, А.Ислам т.б. ғалымдардың зерттеу қағидалары теориялық-әдістанымдық тұрғыдан басшылыққа алынып, ғылыми негіз болды.

Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыстың мақсат-міндеттеріне сәйкес талдау, жинақтау, индукция, дедукция, сипаттау, саралау, семантикалық-стилистикалық талдау, тақырыптық-смағыналық топтастыру, этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Жұмыста Оңтүстік өңіріне тән жергілікті тіл ерекшеліктерінің этномәдениетпен сабақтастығы этнолингвистикалық аспектіде алғаш рет арнайы зерттеліп, төмендегідей нақты нәтижелер қорытындыланды:

  • жергілікті тіл ерекшеліктерінің этнолингвистикалық сипатын анықтайтын уәждік белгілер анықталды;

  • Қ.Әбдіқабыров, Ж.Арыстанбаев, Т.Әлімқұлов т.с.с. жазушылардың диалектизмдерді қолданудағы стильдік мақсаттары көрсетілді;

  • жазушылардың жергілікті тіл ерекшеліктерін уәжді-уәжсіз қолдану сипаты анықталды;

  • қазақ әдеби тілі лексикасын толықтырып, әр алуан қажеттіліктерін өтеуге жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздер қатары анықталды;

  • жазушылар тіліндегі жарыспалылық, қажетсіз дублеттер тудыратын тұлғалар көрсетілді;

  • қазақ әдеби тілі лексикасын толықтырып, әр алуан қажеттіліктерін өтеуге жарайтын диалектизмдер мен кәсіби сөздер қатары айқындалды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • Жазушылар жергілікті ерекшеліктерді кейіпкерлердің сөз машығын таныту үшін стильдік мақсатта қолданған;

  • Жазушы қолданыстарындағы стильдік мақсат көздеген тілдік бірліктер ғана қазақ әдеби тілінің лексикасын толықтырып, қажеттіліктерін өтеуге жарайды;

  • Арнайы стильдік мақсат көздемей, көркем мәтінде авторлық баяндауда қоланылған сөздер әдеби тіліміздің дамуына кері әсерін тигізіп, жарыспалылық пен қажетсіз дублеттер тудырады;

  • Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері – ұлт болмысы мен мәдениетін сипаттайын этномазмұнды ақпарат көздерінің бірі.

  • жергілікті тілдік ерекшелік ретіндегі материалдық және рухани мәдениет бірліктер халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүріне қатысты белгілі бір аймаққа тән тілдік бейнені жасауға негіз болатын коннотациялық сипаттағы тілдік бірліктер.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Қазіргі қазақ тіліндегі антропоцентристік бағытқа сәйкес халқымыздың дүниетанымы, өзіндік болмысы тіл арқылы беріліп, сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, көркем шығармалардағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің этнолингвистикалық тұрғыдан талдау тіл мен мәдениет арасындағы сабақтастықтың мәнін ашуда ерекше маңызды. Сол себепті зерттеу барысында қол жеткізілген тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттағы этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының қалыптасуына теориялық жағынан үлес қоса алады. Сондай-ақ жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылу сипаты, уәжді-уәжсіз қолданылу ерекшеліктері туралы пайымдаулар тілдік норма, тіл бірліктерінің кодификациялану сипатын анықтауға, диалектология, лексикология, стилистика, әдеби тіл, тіл тарихы т.с.с.с салалар бойынша зерттеулерді жаңа бағытта жетілдіре түсуге көмектеседі.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтиелері жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған «Қазақ тілінің диалектологиясы», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Көркем мәтінге лингвистикалық талдау», «Тіл мәдениеті», «Әдеби тілдің тарихы» сияқты пәндерді оқытуда, арнаулы курстар мен арнаулы семинарлар жүргізуде, сөздіктер құрастыруда пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері «Жаhандану жағдайында Қазақстан экономикасын жаңарту мәселелері» атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2006), «Қазақстан және Ресей: ынтымақтастық жолы, мәдени байланыс, ғылым мен білім беру интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Көкшетау, 2006), «Қазіргі әлем: дамуды белгілейтін стратегиялар» атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2007), «Технология, мәдениет және тіл кеңістігіндегі адамның ролі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2007), «Қазақстанның рухани дамуы және жаңа саясат» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2007) баяндалып, республикалық басылымдарда 9 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертацияның «Көркем мәтіндегі жергілікті ерекшеліктерді этнолингвистикалық бағытта зерттеудің теориялық негіздері» атты бірінші тарауында этнолингвистикалық бағытта теориялық алғышарттары анықталып, талдауға негіз болатын критерийлер көрсетілді.

Этнолингвистиканың негізгі мақсаты – халықтың бүгінгі қалпын, қазіргі тіліндегі ерекшеліктерді емес, өткен өміріндегі тәжірибелерінен туған ұлттық болмысты, халықтық тіршіліктен туған мәдени ұғымдарды зерттеу. Сондықтан да ұлттық сөздік қорды, яғни көне төл тілімізді жаңғыртуда, көне этнографизмдерді жинақтап, толықтыруда бұл саланың маңызы зор. Академик Ә.Қайдардың зерттеулері бойынша этнолингвистика саласы былай танылады: «Этнолингвистика, егер оның түп-тамырына тереңірек үңілсек, этнография мен лингвистиканың жай қосындысы емес, бір шаңырақ астында әрқайсысы өз бетінше тон пішіп, өзінің жырын жырлайтын шартты түрде ғана қосарланған дүние емес. Бұл ғылым саласының бір кереметтігі де, бүгінгі таңдағы ғылыми-практикалық маңызы да – оның монолиттік тұтастығында, бір-біріне етене жақын, тіпті бірінсіз бірін түсінуге болмайтын объект екендігінде. Ол объект – этнос және оның тілі. Өйткені тілсіз этнос, этноссыз тіл өмір сүру мүмкін емес... Этнос пен оның тілін этнолингвистика тұрғысынан қарастыру деген сөз оның сонау балаң кезінен есейгенге дейінгі барлық болмысы мен өмір-тіршілігін, дүние танымы мен мәдени, рухани байлығын ана тілінде сақталған фактілер мен деректер негізінде зерттеп білу және оларды бұгінгі таңның игілігіне асыру болып табылады. Өйткені, кез келген этностың тілінде оның басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр» [1].

Осы анықтаманы негізге алсақ, ұлттық төл тілін оның тарихымен, өмір тәжірибесімен, салт-дәстүрімен, таным-түсінігінен туындаған ырым-жырымдарымен, наным-сенімімен, аңыздарымен сабақтастыра зерттей этнолингвистиканың міндеттеріне қатысты деп ұғынылады.

Қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық зерттеулер нәтижесінде біршама көне сөздердің ұмытылған мағыналары жаңғыртылып, ұмыт болған төл тілдеріміз қайтадан сөздік қорымыздың қатарына еніп жатыр. Этнолингвистиканың негізгі мақсаты да – төл сөзіміздің қатарын молайту, оларды жаңғырту, қолданымдық аясын кеңейту. М.С.Атабаева: «Этнолингвистикалық зерттеу – тіл байлығының этнос болмысының мәдени, рухани дүниесін бейнелейтін мағлұматы бар сөздерін талдап зерделеп түсіндіру деген сөз, осы күні көпшілік түсіне бермейтін сөздердің арғы қабатында олардың пайда болуы, этнос тұрмыс-тіршілігіне қатысты ақпарат жатыр Этнос болмысы – оның ғасырлар бойы қалыптастырған материалдық және рухани мәдениеті арқылы танылады, оны жеткізуші тілдік деректер», - деп көрсетеді [2].

Бұл бағытта Р.Шойбековтың, Ә.Ахметовтың, Ж.Манкееваның, Р.Б.Иманалиеваның, А.Ж.Мұқатаеваның, С.Сәтенованың, А.Жылқыбаеваның, Қ.Ароновтың, Б.Уызбаеваның, Қ.Ғабитханұлының, М.Мұсабаеваның, М.Атабаеваның еңбектерінде жан-жақты сөз болады.

Қоғам дамып өркендеген сайын тіл де өзгеріске түседі. Бұл – заңды құбылыс. Тілдің өзгеріске түсуіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Соның ішінде жергілікті тұрғындардың өзара қарым-қатынас жасау барысында туындаған тіл ерекшеліктері сөздік қордың шеңберін кеңейтеді. Қазіргі таңда тіл білімінде диалектілер мен говорларды азайтып, әдеби тілді тұрақтандыру жолдары қолға алынып, тек әдеби тілді қалыптастыру негізге алынып отыр. Бірақ диалект сөздерді азайту мүмкін емес. Себебі, диалектілердің өзі ана тілінде сақталған, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан төл тілдердің қатарына жатады. Әрине мұндай төл тіл халық ауыз әдебиеттерінде де, көркем шығармаларда да сақталған, яғни жазба әдебиет арқылы қазақ тілінің мұрасы болып қалады. Жергілікті тіл ерекшеліктерін азайтқаннан гөрі оны сұрыптап, талдап, әдеби тіл қатарына қосатын кез келді. Сондықтан диалектілік ерекшеліктерді жүйелі түрде жан-жақты зерттеудің тіл тарихы үшін маңызы зор. Сонымен қатар диалектілер арқылы қазақ халқының, жалпы сол тілде сөйлейтін халықтың этникалық болмысын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзіндік ерекшелігін, көршілес халықтармен этникалық байланысын ашуға болады. Тіл – мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш ретінде анықталады. Ұлттық мәдениеттің тірегі тілде. Қазақ халқының этностық, ұлттық мәдениеті, негізінен тілде көрініс тапқан. Осы орайда тіл – ұлттық болмысымен қалыптасқан төл мәдениетіміз сақталған негізгі көздердің бірі [3, 6б].

Тіл білімінің қайсыбір дәуірінде зерттеу нысаны болып келе жатса да күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған тақырыптардың бірі – тілдің ақиқат дүниені таныту және таңбалау мәселесі. Белгілі бір нәрсені білдіру, хабарлау қызметін атқарып тұрған материалдық көрсеткіш, яғни таңба – таңбалаушы, ал оны білдіріп тұрған мағына – танытушы. Таныту тікелей ой арқылы жүзеге асады. Адамның ойлауы тіл формасы түрінде көрініс табатын болғандықтан, адамның өзін қоршаған дүниені тану процесі тілде қалай көрінеді деген мәселені ғылымда алдыңғы мәселелер қатарына қояды. Осыған байланысты ғалым Г.Әзімжанова былай дейді: «Көркем әдебиет – тілді байытып, толықтырып, дамытып отыратын негізгі арналардың бірі. Көркем проза мәтінінің сапа, қасиеттерін одан әрі ұштап, жетілдіруде және оны мақсатты бағытталған арнада жүргізуде жазушы шеберлігінің сырын сараптап, талдап, түсіндірудің мәні зор. Көркем туындының құрылымы өте күрделі, ол көптеген компоненттерден тұрады. Көркем дүниені туғызудағы негізгі құрал тіл болғандықтан, ондағы образдар жүйесі мен оқиға тіл арқылы көрініс табады. Көркем проза мәтінінің прагматикалық әлеуетін зерттегенде прагматикалық мазмұны бар компоненттерді, ең кіші прагматикалақ мағынасы бар бөлшектердің қызметін қарастырып, олардың жалпы семантикалық-прагматикалық құрылымға кіруі анықталады. Прагматикалық тұрғыдан келгенде көркем проза мәтінін зерттеу процесінде адам факторын ескермеуге болмайды» [4].

Бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілі арқылы танылады. Ал тілдік таңбалар – рухани және материалдық мәдениетті сипаттаушы таңбалар жиынтығы. Тілдегі бірліктер халықтың дүниетанымы, болмысы, рухани мәдениеті, сол халықтың тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады. Тілдік таңба – мәдениеттің феномені, ұлт мәдениетінің көрінісі ретінде ғылымда әлі де зерттелмей келеді. Тіл - рухани күш, демек тілдік таңбалар, яғни таңбалаушы, таңбаланушы және объект арқылы адам кез келген құбылысты қабылдап, оған баға беріп, өз көзқарасы мен ойын білдіре алады [5, 24].

Тіл – мәдениеттің қайнар көзі, мәдениеттің құрастырушы бөлігі, сонымен қатар тіл мәдениетті танытудағы негізгі құрал, себебі біз сол арқылы мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады. Негізгі ақпаратты сақтайды, жинақтайды, таратады. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта этностың мәдени ерекшелігін танытатын фактор ретінде, мәдениеттің тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетуін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлтты бір тұтастырып, бүтіндігін сақтайды. Мәдениет арқылы тілімізде этномәдени ақпараттар қалыптасады. Олар рухани мәдениет және материалдық мәдениет формасында таралады. Қандай да болмасын заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатын болғандықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі, әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажырату белгілері ұжымдық ортада әртүрлі болуы мұмкін. Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыс тәжірибесінде қалыптасады. Себебі адамдардың табиғаттағы ақиқат дүниені бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен салыстыруы, әр түрлі дүниелердің ұқсас жақтарын салыстыруы негізінде санада бейнелер пайда болады. Сол бейнелер келе-келе белгілі бір ақиқат дүниенің атауына айналады.

Көркем мәтін – ұлттық бітім-болмысты, ұлттық психологияны, ұлттың дүниетанымы мен оның өмір сүру тәжірибесін, ұлттық салт-дәстүр мен наным-сенімін таныстыратын біртұтас дүние. Көркем мәтін - ұлттық мәдениеттің тілдік көрінісі, айнасы. Сондықтан әрбір көркем шығарманың бойынан сол ұлт туралы материалдық та рухани да мәдениет негізін тануға болады. Тіл білімінің лингвомәдениетану ­бағытында тіл адамның танымындағы мәдени константалар (тұрақты құндылықтар) арқылы ұғынылады, түсіндіріледі. Сол мәдени ақпараттар негізінде тілдің қызметін зерттеп айқындау жүзеге асады. Лингвомәдениеттану бағытының негізгі мақсаты – алдыңғы ұрпақтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани және материалдық мәдениетінің жетістіктері мен тәжірибелерін, ұлы өркениетіне қатысты ақиқат белгілерін таңбалайтын тұрақты тілдік бірліктерді зерттеу. Тілді лингвомәдени бағытта қарастыру үшін өзімізге танымал тарихи (диахронды) және сипаттамалы (синхронды) зерттеу әдістері қатар қолданылады. Сонымен қатар этнография, тарих, мәдениет, салт-дәстүр, өнер, астрономия, т.б ғылымдармен тығыз байланыста зерттеледі. Лингвоелтанымдық бағыттың негізгі мақсаты - мәдени константаларды екі немесе үш тілде өзара салыстыра отырып, ұлттық нышандарын айқындайтын, сол елдің болмыс-бітімін, халықтың мінез-құлқы мен тұрмыстық ерекшеліктерін ажыратып көрсететін тілдік ұғымдар мен белгілерді зерттеу. Бұл бағытта қарастырылатын объектілер белгілі бір елдің немесе ұлттың өзіне тән белгілерін, басқа ұлтта жоқ өзіндік нышандарын көрсете алатын тілдік бірліктер болуы керек. Мысалы, қазақ тілінде белгілі бір ұғымды ауыс мағынада түсіндіру үшін өздері күнделікті көріп жүрген, болмысы әбден танылған ұғымдарды қолданады.

Лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан алғанда, тіл қарым-қатынас және танымдық қызмет атқаратын құрал ғана емес, сондай-ақ ұғым – тіл – мәдениет жиынтығынан құралатын, тұтас дүние жөніндегі мол мағлұмат беретін ұлттық мәдени код, қор, мәдени ақпарат көзі ретінде танылады. Адамға рухани, интеллектуалдық әлеуметтік мүмкіндіктерден туындайтын маса мол алуан түрлі ақпарат тілдік арналар арқылы беріледі. Санадағы бұл ақпараттар концепт немесе ұғым арқылы түйінделеді. Ұғым белгілі бір объектінің ең мәнді белгілерін көрсететін сананың нәтижесі болса, концепт объектінің ең мәнді белгілерімен қатар, мәнді емес белгілерін де қамтиды екен.

Тіл мен мәдениет екі түрлі семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір бірін толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе. Мәдениет – қоғамдық фактор, оның мәдени тұғырға көтерілуіне әлеуметтік фактордың ықпалы зор. Өйткені бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады. Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпті тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты. Мәдениет пен тілдің бастау бір бірімен тұспа - тұс келеді. Яғни, тіл – адами нақтылықты адамзаттың тіршілігі өтіп жатқан әлем ретінде жасайды. Ал адамзаттың тіршілігі – мәдениеттің әлемі екені белгілі. Әрине тіл физикалық нақтылықты қалыптастырады дей алмаймыз, өткені ол әлемнің бейнесін жасау барысында осы нақтылықты әлеуметке жеткізуші ғана. Дегенмен тілдің көмегінсіз болмысты толықтай тани аламыз немесе тіл қатынас пен ойлаудың кейбір мәселелерін шешудің қосымша құралы деп есептеу де қате болар еді. Шын мәнінде, нақтылы әлем бейсаналы түрде тілдік нормалар негізінде жасалады. Адамның қандай да бір құбылысты әрқалай көруі, естуі, қабылдауы тілдік нормалардың өз көрінісінің формасына сай болуымен байланысты.

Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет - оның ішкі мәні. Осы тұрғыдан алғанда тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір дүние деуге болады. Тіл мен мәдениеттің байланысы, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару қасиеттерін анықтайтын арнайы ғылым керек, ол - өзіндік зерттеу нысаны бар, зерттеу әдістері мен қағидалары бар лингвомәдениеттану саласы. Тіл - тек мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениетінің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Лингвомәдениеттану негізінде ұлтқа тән мәдени-танымдық жүйенің қалыптасуын анықтауға болады. Ол бұндай зерттеулерге тілдің кумулятивтік қызметі негіз болады. Ал дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық сипатты айқындаушы лингвомәдени көрсеткіштерді тіл, мәдениет, өркениет ұғымдарының өзара байланысы тұрғысында қарау қажет.

Әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы, т.б. сол тілде таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі, яғни «дүниенің тілдік бейнесі». Осыған байланысты профессор А.Салқынбай: «Әлем бейнесінің бүкіл көрінісі мен қоғамдық сана қалыптастырған ұғымдарын бейнелейтін тіл – адамзат танымының феномені. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, адамзат дүниетанымы мен сананы қалыптастырып, дамытуға қызмет ететін күрделі құрылым. Тіл ұлттық мәдениеттің құрамды бөлігінің бірі болып қана қоймайды, бүкіл мәдениет пен танымның негізі саналады. Мәдениет тіл арқылы жүйеленіп, қалыптасып дамиды. Тілдің қоғамдағы рөлі қарым-қатынас жасау сипатымен ғана шектелмейді, адам ойының, санасының жетілуі мен дамуына да ықпал етеді» [6], - дейді. Демек, қандай да болмасын, заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану, немесе анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Әртүрлі ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі салт-дәстүрі, наным-сенімі әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажыратқыш белгілер сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Тіл білімінде ол белгілер уәждер деп аталады. Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің көркемдік амалы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде қалыптасады. Себебі адамдардың табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы, ассоциациялық бецнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табу, солардың негізінде танымын кеңейту осы қасиетке негізделеді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет