«Жар-жар» – қазақ халқының әдет-ғұрпына, салт-санасына, үйленудің сауық салтанатына байланысты туған, бәдікпен қатар, қазақ халық әдебиетіндегі жалпы айтыс атты жанрдың ең көне және көптік түрі деп таныймыз. Ол айтыстың ескі замандардан бері бір қалыпты өзгермей жаттанды үлгі ретінде жеткен ең көне түрі болып саналады.
Бұл жанрдың типологиясы туралы ғалым Б.Уахатов былай деп жазады: «Жер жағынан, тіл жағынан туыс халықтар: тәжік пен өзбек, өзбек пен қазақ, қазақ пен татарлардың ежелден қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық байланыстары бар... Ал, халық әдебиетіне келсек, мұның жөні тіптен таңқаларлық. Мысалы, жар-жар Тәжікстанның бар ауданында бірдей кездесе бермегенімен, бірақ Самарқант, Ұра-төбе, Ходжент тәжіктерінің арасында айтылатын көрінеді. Ер-ер, негізінен, қалыңдықты үйінен шығарып, ұзатып келе жатқанда орындалады. Және сол тәжіктер айтатын ер-ердің өзі екі тілде, яғни өзбек тілі мен тәжік тілінде айтылады» [36, 69-б.].
«Жар-жар» қыз бен жігіттің үйлену салтына орай, кезекпе-кезек жауаптасу арқылы орындалатын дәстүрлі жырына құрылады. Той тарқар кезде қыздар тобы алтын босағасын аттап, жат жұртқа ұзатылғалы отырған қыздың әке-шеше, ел-жұртымен қоштасуын, оларға деген қимастық сезімін білдірсе, жігіттер тобы алдымен қызға, қала берді, оның елдегі тілеулес құрбы-құрдастарына тоқтау айтып, алдағы жаңа өмірде жар сүю, әлпештеп бала өсірудің қызығын, мұндағы әке-шеше, туған туыстардың орнын басатын қыздың болашақ қайын жұртын таныстырып, жырға қосып, бозбалалар ұзатылар қызға басу айтып, көңілін көтеру ниетінде өлең сөзбен қоштасады.
Бұл түр түрікте жоқ. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт халықтарында ортақ үлгіде кездеседі. Мысал келтірсек:
Жігіттер:
Алып келген базардан, қара насар, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар-ау.
Мұнда әкем қалды деп қам жемеңіз, жар-жар-ау,
Жақсы болса қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау.
Қыз:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау,
Ақ жүзіңді көргендей айнаң болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді бозбалалар, жар-жар-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау. [50, 17-б.].
деп басталып, жігіттер де, қалыңдық та қайын жұрты мен өз туыстарын бір-бір ауыз өлеңмен атап шығады.
Татардан мысал келтірсек:
Әтекәем өендә,
Көмешем калды, Яр-яр.
Ризкым бетми мин китәм,
Өлешем калды, Яр-яр.
Берегез бер гөл, берегез былбыл,
Бер булыгыз, Яр-яр.
Яктылыкта яшәгәндә,
Аерылмагыз, Яр-яр. [51, 79-б.].
Отбасылық ғұрып фольклорын зерттеген ғалым К.Матыжан былай деп жазады: «Жалпы, тойда айтылатын өлең-жырлардың басым көпшілігі диалогқа құрылады. Мұның негізі ежелгі дәуірдегі жұптық тартыстан туған. Сол тайталаста үнемі ерлер жағы жеңіп отырады. Міне, осы «жеңіс» орайында, ата-баба салтына бойұсынған қызға жұбату айтылады. Жар-жардың соңындағы «бір жақты» айтылатын жыр да осы жұбату мазмұнында. Оны көп жағдайда ерлер жағы, кейде қыздың жеңгелері айтады. Сонымен бірге, жар-жарды ұзатылатын қыз бен үйленетін жігіт айтпайды, солардың атынан басқа адам, көбінесе өлеңге ұста қыз бен жігіттер айтады. Тіпті, әр ауылда соған машықтанған жастар да болады» [52, 89-б.].
Алайда әдет-ғұрып айтысының бір түрі – жар-жардың кәсіби айтыс өнерінің туып қалыптасуына зор ықпалы болғаны, бір сөзбен айтқанда аралық буын қызметін атқарғаны ғылымда жүйелі дәлелденген. Ол туралы М.Әуезов былай деп қорытынды жасаған: «Бертін келе бұл түрдің де қоғам тіршілігінің дамуына байланысты мазмұн жағынан дамып өзгеруі болған. Ондай үлгілерінде топтан бөлініп жеке жігіт жаңаша, өзі шығарған сөздерді айтады. Қыз да тобынан өзгеленіп шығып, жалғыз айтып, жауаптасады. Көбінше, арман-наразылықтар айтылады. Бұл хал ескі айтыс түрінің жеке ақындарды топтық түрден бөліп шығара бастағанын көрсетеді. Сондай жолмен бертінде «жар-жардың» мазмұны өзгеріп, қыз бен жігіттің мұңдасуына айналып кеткен» [8].
«Жар-жардың» жалпы мазмұны бір сарында болғанмен, әр жерде, әр аймақта алуан түрлі үлгілері кездеседі. Кейде ақын жігіттер әужардың ел аузында бұрыннан жүрген жаттанды үлгілеріне үзінділер қосады. Кейде суырыпсалмалық өнері бар жігіттер де, қалыңдық та өз жанынан қолма-қол шығарып, тыңдаушы жұртшылықты бірде өздерінің ұнамды, жарасымды әзілдерімен көңілдендіріп, сергіте түссе, енді бірде, көз алдына жас алдырып мұңайтатыны болады. Мұндай өлеңдер ауылдардағы кейбір өнерлі сері жігіттер мен бойжеткен қыздар арасындағы әр түрлі жағдайға байланысты айтылмай, сыртқа шықпай кетіп бара жатқан жүректің мұңлы лүпілі тәрізді. Қалыңдық баратын жеріне, болашақ күйеуіне көңілі толмаса, ата-анасына, ел-жұртына әужар айту сылтауымен өзінің наразылығын білдіріп отырса да, бұл ешқашан есепке алынбайды. [32, Б. 18-19].
Ежелгі замандағы айтыс топтық түрде (хормен) айтылып, салтпен әрдайым тұтастықта болған. Кейіннен айтыс кәсіби дамып, жеке жанр ретінде нағыз қалыптаса бастағанда топтық түр біртіндеп жеке ақын тұлғасына орын берген. Бұл құбылыс қазақта, түрікте де қатар байқалады. Сондай жекелік түрдің басында қыз бен жігіттің қайымдасуы тұр. Бұл үйреншікті сөздерге құралып айтылатын, көбінде авторы жоқ нағыз фольклорлық айтыстың түрі екендігі ғылымда анықталған.
Бұл жайында белгілі ғалым М.Жармұхамедов тыңғылықты зерттеу жүргізді. Ол топтық түрден бөлініп жекелік сипат алған айтыстардың бір түрі – «қыз бен жігіт айтысы» екенін ерекше атаған. Ғалым ойын былайша өрбітеді: «Бұл айтыс үлгілері ойын-тойдағы жастардың әзіл қалжыңына құрылған бір-бір ауыз өлеңдерінен тұрады. Мұның екінші бір аты қайымдасу деп те аталады. Оның себебі, дәстүрлі қайымдасуда бір ауыз өлеңнің алғашқы екі жолы міндетті түрде екі жаққа да бірдей болып отырады. Бір-біріне тиісіп айту тек үшінші, төртінші жолдардың үлесіне тиіп, творчестволық сипат алады...
Жігіт:
Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,
Той болса түзетесің кәмшат бөркің.
Пейіштің хор қызындай бұлғақтайсың,
Құлпырған бақшадағы гүлдей көркің.
Қыз:
Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,
Той болса түзетемінң кәмшат бөркім.
Келе сала баяндап сипатымды,
Есіңді аударды ма менің көркім? [53, Б.13-14].
Түрікте ел арасында өзара мани түрінде айтысу кездеседі. Мани айтысының ең маңызды қызметі жас қыз бен жігіттің бір-біріне сезім мен ойларын ұғындыруы. Төмендегі манилерде қыз бен жігіт екі жақты сезім және ойларын манимен тілге тиек етеді және бұл қазақтағы қыз бен жігіт қайымдасуына ұқсас.
Достарыңызбен бөлісу: |