ЖОСПАР:
Кіріспе
Негізгі бөлім
Теориялық-әдіснамалық негізі
Нәтижелер
Пікірсарап
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Анотация
Соңғы бірнеше жылда климаттың өзгеру мәселелері Қытайдың аса танымал және ұлттық пікір алмасуларында тақырыпқа айналды. Парникты газдардың ауаға тасталуымен байланысты әлемнің климаттық өзгерістері жөніндегі құжаттар мен баяндамаларда, аталмыш мәселенің тарапталуы Қытай Халық Республикасының экономикалық дамуымен қатар көтерілуі де жиі кездеседі. Энерготасымалдаушы ірі импортер болып саналатын ҚХР табиғи ресурстардың әлемдік қорына да ықпалы зор.
Қытайдың экономикалық дамуы және қоршаған ортаның деградациясы, басқа елдер тұрғындарына да ықпал етуде. Трансшекаралық және жаһандық экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен халықаралық ақуал талап етіледі. Қазіргі уақытта Қытай қоршаған орта және оның дамуы саласындағы негізгі халықаралық келісімдердің қатысушысы ретінде, халықаралық конференциялардың белсенді дауыскеріне айналып, әлемнің көптеген елдерімен қоршаған орта және оның дамуына арналған мәселелерде ынтымақтастық жасауда. Қазіргі уақытта көмір қышқыл газын шығару көлемі бойынша Қытай қазіргі уақытта бірінші орынды иеленеді. Елдің интенсивті индустриалды дамуы жағдайындағы соңғы жылдарда мемлекет техногендік қызметтік маңызды экологиялық салдарын сезінуде. Қытайдың экономикалық және саяси жоспарларын жүзеге асырудағы талпынысы тұрғындарының да экологиялық өмір салтының қарама-қайшылығын алып келді. Жаңа ғасыр ауқымындағы Қытайдағы экономикалық жарылыс тұтыну дәрежесін өсіріп, өмірдің экологиялық сапасын төмендетті. Елге табиғи ресурстардың қажеттілігі тіптен көп сұранысқа айналып, энергия тұтыну шексіз өсуде. Осы орайда, Қытай қабылданған экологиялық заңдар мен ұсыныстарды жүзеге асыруға сәйкес келетін жаңа технологиялар саласындағы ғылыми жобаларды да экологиялық талаптарға сай қаржыландыруды тиянақты қолға алған.
Түйін сөздер: Қытай, жаһандану, экология, қоршаған орта, климаттың өзгеруі, экосаясат, экожүйе, тұрақты даму.
Кіріспе
Жаһандық экологиялық қауіпсіздік мәселелері күн өткен сайын жаңаша мазмұндана, әлемдік қауымдастықтың назарын кезек күттірмейтін тұжырымдарымен қарата түсуде. Таяу күндері жария еткен атақты «Рим алыс емес» делінген тұжырымдамасымен қазіргі өркениеттің даму парадигмасының түбегейлі ауысуының алыс еместігі туралы айтылады. Капитализмді, қаржылық алып-сатарлықты, материализмнен бас тартуды, әлемді қысқа түсінуді қатаң сынға ала отырып, баяндамашылар балама экономика, «Жаңа ағартушылыққа» негізделген руханижағымды дүниетаным, тұтас ғаламшарлық өркениет, «тұрақты дамудың» іскерлік мазмұнын насихаттайтын жаңа экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған болашақ дамуының жаңа күн тәртібі аталмыш баяндаманың өзектілігін сипаттаған. Әсіресе, адамдардың қазір өмір сүріп отырған адамзат белсенділігінің ерекше жоғары дәрежесінің дәуірі – Антропоцен, яғни геологиялық дәуіріндегі басқа да тіршілік иелеріне қарағандағы 97 пайызды көрсеткен үлесті «омыртқалағыштардың» иелену дәуірінің экожүйедегі негізгі дабылына айналуы ерекше назарға ілігеді (Weizsaecker, 2018). Экономикалық өркендеуге қауіп төндіретін планетадағы энергетикалық және шикізат көздерінің таусылуға жақын екендігі, ХХ ғасырдың 90-жылдары адамзат өркениеттің өзіне қауіп төндіруі мүмкін шынайы экологиялық қатерді үдете түсті. Жағдайдың қауіптілігі соншалық экологиялық мәселелердің талқылануы ғылыми дискуссиялар мен ресми емес қозғалыстардың ауқымынан шығып, үкімет, халықаралық ұйымдар, ірі корпорациялар мен қаржылық құрылымдар тартылған халықаралық саяси үдерістің маңызды бөлігіне айналады. Осындай әлемдік саяси үдерістер ауқымына негіздей отыра, Қытайдың экологиялық саясатын сараптау, ішкі және жаһандық мәселелерді шешудің келешегін анықтау да, жетекші мемлекеттің даму үрдісімен де тікелей астасарын көруге болады.
Дүние жүзілік дамудың бірқатар салаларында әлемдік біріншілікке үміткер Қытай таяу уақыттарда экологиялық ірі держава ретінде әлемдік экосаясаттың да сахнасындағы негізгі ойыншылардың біріне айналуы күтілуде (Рогожина, 2009: 83). Үш онжылдық ауқымында жүргізіліп келе жатқан жоспарлы, мақсатты реформа жағдайындағы феноменальды экономикалық өсім және «ерекше» ұстанымдағы Қытай туралы назарға алынған пікірталасты тәжірибелі сыртқы саяси болжаулар қарқынын бағыттап отырғаны белгілі. Осы орайда, әлемдік дамудың негізгі үлес салмағының барлық көрсеткіштерінде орны бар, «алып» Қытай елінің ғаламшар дамуының ары қарайғы тұрақты даму үдерісінде нақты жауапкершілігі де айқын көрініп тұр. Әлемдік дамудағы ортақ жауапкершілікке Қытайды тарту немесе міндеттеудің аса күрделі мәселеге айналғаны тағы бар. Келесі онжылдықтарда әлемдік экономикалық өсімнің 50 пайызы Азиаттық-тынықмұхиттық аймақ елдерінің үлесіне түсетіні болжануда. ҚХР экономикалық супердержавалар қатарынан көріне бастауы қазіргі өмір сүріп отырған әлемдік экономикалық тәртіптің ары қарай өмір сүруі туралы мәселені күрделендіруі де мүмкін. Қытай қашанда Батыстың құрылымды-экономикалық көшбасшылығынан зардап шегіп келе жатқан ел. Қытай наразылығына сай батыс сарапшылары әлемдік қатынас жүйесіне Қытайдың «бейбіт ену» мәселесін үздіксіз талқылауда. Сондай-ақ Қытай сарапшылары да «даго» (ұлы держава) статусына ие болған Қытай өзін қалай ұстауы керек? «Фуцзэго» (жауапты мемлекет) болу қажет пе, болған жағдайда бұл Қытай үшін қандай маңызды? Осы контекстегі жауапкерішіліктің батыстық және қытайлық түсінігін үндестіру мүмкіндіктерін талдауда (Исова, 2013:70).
Жаһандану үдерісінің қоршаған ортаға ғана емес, экологиялық саясатқа да тигізер әсері маңызды. Халықаралық сауда баға саясатын құрастыру кезеңінде экологиялық шығындарды ескермесе, қоршаған ортаға зиян әкелері сөзсіз. Мемлекет шетел капиталын тартуда экологиялық стандарттарды төмендететін амалдарға да баратыны бар. Мұндай жағдайда экологиялық ақуалға қатысты немқұрайлылық бәскелестікке мүмкіндіктер жасайды. Осындай факторлар жиі орын алатын Қытай секілді экологияны басқару механизмі әлсіз елдерде экономиканың либералдануы қоршаған орта ақуалының нашарлауына алып келері сөзсіз. (Mol, 2006).
Қытай жақын арада экономикалық өсу мен қоршаған ортаны қорғау қажеттіліктері арасындағы қайшылықты шешетін қазіргі заманғы технологияларды жеткілікті мөлшерде енгізуі мүмкіндігінің әлсіздігін сезінеді. Халықаралық қатынастардың негізгі детерминанттарының бірі, қоршаған орта, «тұрақты даму» және энергоэкология мәселелеріне мемлекеттердің аймақтық үдерістер аясындағы шаралар ауқымында жауапкершілік танытуы да аса маңызды. БҰҰ («Әлемдік экономикалық жағдай және 2011 жылдағы мүмкіншілік» баяндамасы) мәлімдеуінше Қытай, Үндістан және Латын Америкасы елдерінде, әлемдік экономиканың өсуіне ықпал жасайтын жоғарғы даму қарқыны сақталуда. Оған қоса, дамыған елдер экономикасының баяу жандануы, әлемдік экономиканың өсуіне жағымсыз әсерін тигізіп жатыр (Перелет,1997:155).
Жылдар бойы қалыптасқан әлемнің күрделі мәселелерін ұғынған адамзат, аталған мәселелерді еңсеруге бағытталған тұрақты даму тұжырымдамасын алға тартты. 1987 жылы қоршаған орта мен даму жөніндегі Халықаралық комиссия немесе Брунтланд Комиссиясы деген атаумен танымал бұл комиссия «Біздің ортақ болашағымыз» атты баяндамасын жариялады. (Oxford Univeristy Press. 1987: 199). Бұл баяндама тұрақты даму тұжырымдамасын жасаудың көпшілікпен мақұлданған теориялық негізі болды. Бүгінгі күнге дейін экологиялық тұрақты даму анықтамасының түрлі тұжырымдамалары айтылып келеді, ал тұрақты даму тұжырымдамасының өзі қалыптасу кезеңінде болып отыр. Брунтланд Комиссиясының баяндамасына сәйкес, «Тұрақты даму бұл қазіргі буынның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және болашақ ұрпақтардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне қауіп төндірмейтін даму». Аталмыш баяндамаға сай үн қатудағы Қытай елі жігерінің де жандануы да жаһандық ауқымдағы көщбасшы болуға талпынысқа бой түзеуге тиісті мемлекет үшін аса жауапкершілік болуы тиісті. Бүгінгі таңда, табысы орта деңгейден төмен мемлекеттер қатарына Қытай және Үндістан секілді алыптар жатады және осыған қоса, әлемнің екі алып ішкі тұрақсыз топтарға бөліну және бөліктер арасында әлеуетті қақтығыстардың орын алу қаупі пайда болды.
Жалпы, Қытайдың қазіргі кездегі Орталық Азия, әсіресе Қазақстанның энергетикалық нарығындағы инвестициялық белсендігі мен оны жүзеге асырудағы аймақтық экологиялық тәртіпке сай қызмет етуі төңірегіндегі мәселелерде дара бағытта қарауды қажет етеді. Аталмыш нарық талабына сай, Қазақстан территориясында бизнес жүргізуде Қытай біршама озық тәжірибе көрсетуге талпыныс танытуда. 2017 жылы Астана қаласында өткен ЭСКПО – халықаралық көрмесіндегі өзегі «Болашақ энергиясы, жасыл Жібек жолы» болған 1000 шаршы метрге жайғасқан Қытай павильоны энергетикалық шешімдердің футуристикалық үлгілерінің нұсқауларын көруге жағдай жасаған еді. Көрші елдің сыртқы экологиялық мәселелердегі күш-жігерінің қайратталуы аса назар аударарлық.
Достарыңызбен бөлісу: |