Диссертация жұмысының зерттеу мәселесі бойынша тарихнамалық еңбектерге шолу жасау барысында аталған проблема бойынша тікелей осы атаумен немесе осы проблемалық сұрақпен жазылған ізденістердің жоқ екені көзге түседі



Дата11.10.2023
өлшемі16.3 Kb.
#480363
түріДиссертация
Диссертация жұмысының зерттеу мәселесі - Рахметұлы Ұлан


Диссертация жұмысының зерттеу мәселесі бойынша тарихнамалық еңбектерге шолу жасау барысында аталған проблема бойынша тікелей осы атаумен немесе осы проблемалық сұрақпен жазылған ізденістердің жоқ екені көзге түседі. Яғни, бұл зерттеу жұмысының тақырыбы тың проблемалардың бірі және оған тікелей қатысты еңбектер отандық және шетелдік тарихнамада кездеспейді.
Дегенмен бұл осы тақырыпқа байланысты тікелей болмаса да, жанама түрде кездесетін зерттеулер де жоқ деген сөз емес. Себебі бұл зерттеу проблемасы әр түрлі еңбектерде фрагментті түрде немесе басқа зерттеу проблемаларының контекстерінде кездеседі. Сол ізденістерді диплом жұмысына қатысты тарихнамалық еңбектер деп қарастырамыз.
Сонымен аталған тақырып бойынша ең алдымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарық көрген еңбектерге назар аударамыз. Бұл жерде 1995 жылы А.Е. Қайназарова және 1999 жылы С.Т. Тайман қорғаған кандидаттық диссертацияларды алып қарастырамыз. Оның алғашқысы [3] 1831-1925 жылдардағы Қазақстандағы мұражай ісін зерттейді. Яғни, қазақ жеріндегі құрылған алғашқы мұражайлар туралы ізденістерін көрсетіп, солардың ішінде Семей мен Өскемен қалаларында құрылған өлкетану мұражайлары туралы да айта кетеді. Ал С.Т. Тайман болса өзінің диссертациясын [4] кеңестік кезеңдегі 1946-1970 жылдар аралығындағы қазақстандық мұражайлардың дамуы туралы зерттейді.
Нақты айтқанда Ұлы Отан соғысынан кейінгі мұражайлардың дамуын зерттеген ғалым еліміздің шығыс өңіріндегі мұражайлар туралы да кейбір мәліметтер келтіреді. Алайда, аталған екі кандидаттық диссертацияда да Шығыс Қазақстан облысындағы өлкетану мұражайлары жеке дара зерттеу объектісі ретінде қарастырылмайды.
Семейлік зерттеуші М.Г. Ескендировтың «Развитие культуры в Восточном Казахстане в 1980-е гг.» [5] атты зерттеуі де диплом жұмысы тақырыбы бойынша қызық тарихнамалық дерек ретінде бола алады. Атап айтқанда, автор Қазақстанның шығыс өңірлеріндегі мұражайлар қызметтерін жалпы аймақтағы мәдени өмірдің дамуы контексінде көрсетеді. Алайда ғалым М.Г. Ескендиров Шығыс Қазақстандағы өлкетану мұражайы туралы ақпараттар келтіргенімен, жалпы облыс аумағындағы барлық өлкетану мұражайларын өз ізденістерінде қамтымайды.
ХХІ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы мұражай ісінің дамуына қатысты бірнеше еңбектер жарық көрді. 2000-жылдардың бас кезінде бірнеше кандидаттық диссертациялар осы зерттеу мәселесіне арналды. Мысалы, Б.Қ. Санакұлованың «Қазақстан Республикасындағы музей құрылысы мен қызметі: (1991–2004 жж.)» атты тақырыптағы ізденісі [6] егеменді еліміздің мұражайларының тәуелсіздік жағдайларында қайта құрылуларына арналған. Алайда, диссертация Орал қаласында қорғалғанын ескерсек, зерттеу мәселесінде басым назар Қазақстанның батыс аймақтарындағы мұражайларға ауып кетіп, шығыс өңірлердегі жағдай үстіртін қаралғанын байқауға болады.
Ал М.З. Мусаханова қорғаған «Развитие музеев Казахстана (1991–2001)» атты кандидаттық диссертацияда [7] ШҚО аумағындағы өлкетану мұражайлары жеке дара емес, біріншіден, барлық қазақстандық мұражайлар, екіншіден, жалпы мұражайлар контексінде қарастырылған.
Сондай-ақ 2000 жылдардың басында қазақстандық мұражайлар тарихына қатысты бірнеше кандидаттық диссертациялар ресейлік жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарында қорғалды. Солардың біріне аталған тақырып бойынша бірнеше еңбектер жазып, кандидаттық диссертациясын да қорғаған зерттеуші В.Н. Алиясованы жатқызуға болады. Олай дейтініміз, автор Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарындағы өлкетану мұражайларының құрылу тарихын жан-жақты зерттеген [8], [9].
Ал «Музеи Северного и Восточного Казахстана как центры сохранения и популяризации палеонтологических коллекций» атты кандидаттық диссертациясында [10] қазақстандық өлкетану мұражайларының сипаттамалары мен тарихи құрылу процестерін, заңнамалық негіздері мен коллекциялық қорларының құрылу ерекшеліктерін, т.б. мәселелерін кеңінен сипаттап көрсетті. Алайда бұл диссертациялық жұмыста автор Семей мен Өскемен қаласындағы өлкетану мұражайларын тек бір жағынан – палеонтологиялық коллекицялар тұрғысынан ғана сипаттағанына назар аударамыз.
Дегенмен В.Н. Алиясованың зерттеуші А.С. Ильясовамен бірлесіп жазған «К истории и роли научных обществ Казахстана и России в развитии краеведения и коллекционирования в Северном и Восточном Казахстане (конец XIX – первая половина XХ в.)» атты басқа бір зерттеу жұмысында [11] диплом жұмысының тақырыбына қатысты біршама деректер келтіріліп, Семей мен Өскемен қалаларындағы өлкетану мұражайларының өлкенің тарихын зерттеудегі рөліне баға береді. Бірақ, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы басқа да өлкетану мұражайлары автордың назарынан тыс қалды.
2010 жылы жарық көрген «Музеи Казахстана в XXI веке. Анализ ситуации» атты [12] ұжымдық зерттеу жұмысының авторлары да (Кожахметов Б.К., Сафарова Г.М., Усманова Э.Р.) Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы өлкетану мұражайларын сипаттағанымен, олар қазіргі жағдайлармен шектеледі. Ал олардың өлкенің тарихын зерттеудегі рөлі мен маңызы қамтылмайды деуге болады.
Сонымен қатар Қазақстанның мұражай ісіне қатысты іргелі жұмыстардың қатарына А.Ғ. Ибраева қорғаған «Қазақстандағы музей ісі: қалыптасуы мен дамуының тарихи тәжірибесі (1831-2006 жж.)» кандидаттық диссертацияны [13] ерекше атауға болады. Оның басты ерекшелігі – аталған ізденіс жұмысы қазақ жерінде алғашқы мұражай ашылған уақыттан бастап тәуелсіздік жылдарына дейінгі кезеңде үздіксіз қарастырғаны болды. Себебі бұған дейінгі зерттеулердің барлығы белгілі бір кезеңді ғана алып, зерттеген болатын. Ал А.Ғ. Ибраева қазақстандық мұражай ісінің тарихын тұтастай қарастырды.
Дәл осындай зерттеуді Д.Ө. Мустапаев та жүргізді. Оның «Қазақстандағы музей ісінің тарихы» атты еңбегі де [13] отандық мұражай ісі тарихын қалыптасу уақытынан бастап қазіргі жағдайына дейін зерттеді. Алайда соңғы аталған екі зерттеу жұмысы да диплом тақырыбы бойынша тікелей ізденістерді қамтымайды, тек жекелеген деректері мен мәліметтері жанама түрде немесе басқа процестер мен тарихи құбылыстар контексінде ғана беріледі.
Міне, осы аталған тарихнамалық деректерге қарай отырып, аталған тақырыптың тікелей қарастырылмағанын, тек қана жанама түрде кездесетініне көз жеткіземіз. Бұл зерттеу жұмысының өзекті екенін тағы да бір дәлелдей түсетіні анық.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет