«Таң» журналындағы көркем әдебиет үлгісі
«Таң» – Алаш бағытында шыққан басылым. Ресми бағдары – Семей губкомы мен атқару комитетінің саяси шаруашылық, мәдени, әдеби журналы. Семей қаласында 1925 ж. орта кезіне дейін ай сайын шығып тұрды. Редакторы М. Әуезұлы. Журнал ел тіршілігіне тұрмыс-салтына, саяси, шаруашылық,
мәдениет мәселелеріне көбірек көңіл бөлді. Хат-хабар, мақала, очерк, т.б. көркем әдеби және өнер шығармаларын жариялады [65, б. 384 ].
1925 жылдың наурыз айында Семей қаласында шыққан «Таң» журналының мұқабасында «Семей Губисполкомының Губернелік РКП(Б) комитетінің және кәсіпшілер кеңесінің тілі», - деп жазылды [89]. Жазылу бағасы 1 айға – 1 сом, 3 айға – 3 сом, 6 айға – 5 сом, 1 жылға – 8 сом болып белгіленді. Басқарманың мекен-жайы: Семей, «Қазақ тілі» (бұрынғы облостной) көшесі №16 үйде болды. Журнал мынандай бөлімдерден тұрды:
жалпы саяси бөлім;
шаруашылық бөлім;
білім-тәрбие бөлімі;
әдебиет бөлімі;
отантану бөлімі;
ресми бөлім.
Осы уақытқа дейін «Таң» – әдеби журнал болды»,- деп есептелді [15, б. 109], [23, б. 125]. Жоғарыда көрсетілген бөлімдерге қарап, «Таң» журналы саяси- шаруашылық, әдеби-танымдық, ағартушылық бағытты ұстанған. Дегенімен журналда әдебиетіміздің жауһарларына көбірек орын берілген.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Алаш көсемсөзі» атты көптомдық шығарды. Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашев жетекшілік еткен бұл жоба аясында «Алаш көсемсөзі» кітабының 6-7 томдары
«Таң» журналының кирилл қарпіне ауыстырылған нұсқасы басылды.
Тарих қойнауына үңілетін болсақ, 1925 жыл – қазақ жеріне Кеңес үкіметінің түпкілікті орнаған кезеңі. Бұл кезеңдегі Алаш қайраткерлерінің қызметі жөнінде профессор Н. Омашев төмендегідей пікір айтады: «Таң» журналы таза кеңестік сарыннан, ұрандатқан қызыл сөздерден аулақ болды» [90, б. 5]. Бұл кезең алаш қайраткерлерінің көпшілігі жаңа саясаттың ығына жығылған уақыт еді. Ал алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы: «1919-20 жылдардан бастап Алаш зиялылары оқу-ағарту, баспасөз саласына топтасты. Газет журналдардың аты кеңестік болғанымен, заты алаштыкі еді»,- деп жазады. Осылайша, ұлттық идея, мақсат-мүдде жаңаша бағытта ұғындырылды. 1923 жылы Әлихан Бөкейханның Дінше Әділұлына жазған хатында: «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ басқа жол бөгеулі», - деген [19, б. 5].
Алаш зиялылары сол кезеңнің саясатын өз ыңғайларына бұра білді. 1920 жылы мемлекеттік баспа құрылып, А. Байтұрсынұлының ұйытқы болуымен жаңа оқулықтар шыға бастады. 1922 жылы Мәскеуде ашылған «Күншығыс» баспасының жұмысын Әлихан Бөкейхан мен Нәзір Төреқұлов ел игілігіне айналдырды.
«Таң» журналы туралы ғалым Н. Омашев: «Сырт кейіпі – кеңестік, мазмұны
– ұлттық басылым»,- деген баға берді. «Таң» журналының сыртқы мұқабасы ақ, қара түстермен безендірілген. Басылым беті қызыл ту суреті арқылы екіге
жарылып, үстіңгі жағында арайланып келе жатқан Күн бейнеленген. Оның шапағы жаңадан ашылған өндіріс орындарын, егістік алқаптарды нұрландырып тұр. Оның төменгі жағында қазақтың төл тұрмысы бедерленген. Ауыл, қазақ үйлер, салт атты адам, алқалы қауым, т.б., ұлттық ерекшелікті, шыққан тамырымызды айқындап тұр. Түндігі ашық қазақ үйдің кезінде «Қазақ» газетінің де символы болғаны белгілі. Сондықтан да бұл рухани сабақтастық пен үндестіктің белгісі болуы мүмкін» [90].
Журналдың алғашқы санында «Қымбатты жолдастар!»,- деген «Таң» журналының басқармасынан редакциялық мақаласы басылады. Онда: «Қазақ арасында баспасөзге шөлдегендік күштілігін айтпасақ та жұрт түсінгендей. Жиылыс пен топтың осы күнге дейін тапсырғанын атқарып келе жатқан партия мен кеңес орындары өзінің тілі санап осы алдарыңыздағы журналды ұсынып отыр», - деді [89, б. 1].
Дегенімен де, басылымның қазақ еліне керек екені айдан анық. Оның үстіне басқарма «Таң» өзге журналдардан қызықты болады, көкейлеріңіздегі сұрақтарға үнемі жауап беріп отырады деген уәде береді. Бұл басылым сол кезеңде болып жатқан партия жиылысы мен кеңес тобының жастар жиылыстарында талқыланған мәселелер мен қаулы-қарарларды басып отыруға міндетті болған секілді. Өйткені журнал алғашқы санында былай деп жазады:
«Партия жиылыс мен кеңес тобының қаулыларын, есептерін де келесі санынан қалдырмай бастырамыз»,- деп осы санына басылмай қалғанын баспахана қызметінің толып жатқан себептерімен түсіндіреді [89, б. 1].
Журналды шығаруға жауаптылар – Шәймерден Тоқжігітов, Асхат Сайдалин, Шайқы Жантілеуов есімдері көрсетілген [91]. Сонымен қатар, «Таң» журналын шығарушылардың бірі ретінде Мұқтар Әуезовтің де есімі аталады. Оны мына дерек растайды.
«Протокол №13
Заседания коллеги агитпрома губкома РКП(б) От 6 ноября 1924г.
Повестка дня:
4. Об издания Киржурнала
В принципе не возражаю и считать необходимым;
Подыскание средств, выроботку плана и название поручить тт. Джантлауову, Шанину, и Ауэзову, каковым поручить сделать доклад на следующем заседании коллегии;
Комиссию, считать за т. Джантлеуовым Председатель Токжигитов» [90, б. 6].
Бұл – белгілі журналист Шәймерден Тоқжігітовтың Семей губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған, әрі сондағы «Қазақ тілі» газетіне редакторлық еткен кезі.
«Таң» журналы да Алаш ардақтылары шоғырланған Семей қаласында шыққан. Ұлы Абай Құнанбаевтан бастау алатын қасиетті жер – әдебиет пен мәдениеттің, зор шығармашылық ортаның бастауы еді.
М. Әуезовтің «Таң» журналында техникалық және әдеби редактор болғанын дәлелдейтін деректер бар. Алдымен, 1925 жылдың 18 шілдесінде Семейгубкомына жазған өтінішіне кезек берейік: «В Семипалатинское Губоно от лектора Кирпедтехникума и бывшего технического редактора журналы
«ТАН» органа Семгубкома Губпрофсовета Ауэзова Мухтара»,- деген өтінішінен
«Таң» журналында техникалық редактор болғанын байқаймыз. Осы өтініш соңында М. Әуезов былай деп жазады: «PS. О проделанной мною работе в журнале «Тан», в краеведчиских организациях и в качестве лектора совпартшколы считаю излишним распространятся особо, так как моя деятельность во всех отрослях достаточно известна для губоно» [38, б. 11-12].
Өтініш иесі М. Әуезовтің сөз соңынан келтірген жазбасында біз халық ағарту ісінде танымалдылығын және өзіне деген зор сенімділікті байқаймыз. Енді осы 1925 жылдың 23 шілдесінде М. Әуезов Ленинград университетінің 2- семестріне қабылдану үшін өтініш жазады. Өтініш мәтінінде: «...Но по приезде в Семипалатинск ввиду отсутствие культурных сил у киргиз я был оставлен Семипалатинском губоно и другими губернскими организациями для школьной работы и для журналистской деятельности в данной губернии, где до настоящего времени я вел одновременно лекторскими обязанностями в Киргиском педогогическом техникуме и в губсовпартшколе еще журналистскую деятельность в качестве фактического редактора журнала «Тан» органа Семип. Губкома губпрофкома» деп жазылған [38, б. 13].
Осы өтініштің соңына қол қойған М. Әуезов «Лектор Кирпедтехникума, бывш. Лектором губсовпартшколы и технический редактор журнала «Тан» органа Семипалатинского губисполкома. Подпись. 23/VI-25г. г. Семипалатинск»,- деп қолтаңба қалдырады.
Сонымен, М. Әуезов 1925 жылдың маусым айына дейін «Таң» журналында қызмет етеді. Журналдың соңғы 4-саны осы айда шыққаннан кейін, жабылып қалған. Ленинград Мемлекеттік университеттерінің студенттерінің декларация толтыру барысындағы «Ваша основная профессия и где работали, в какой должности по поступления в ВУЗ» деген сұраққа «Журналист и педагог, сотрудничал в киргизских журналах Абай, Сарыарка, Чолпан, Тан, литсотрудник в киргизских газетах»,-деп жауап береді [38,б.19]. Осы жауапқа орай біз М. Әуезовті «Таң» журналының техникалық редакторы дегеннен көрі әдеби редакторы болды дегенге келісеміз.
«Таң» журналының алғашқы санының соңғы бетінде Жауапкер шығарушылар Шәймерден Тоқжігітов, Асхат Сайдалин, Шайқы Жантілеуовтердің есімдері жазылған.
«Ш. Тоқжігітов 1901 жылы дүниеге келген. Туған жері Семей облысы, Абай ауданы» [72, б. 266]. 1925 жылдың басында Шәймерден «Таң» журналын шығарумен айналысады. Алғашқы нөмерінде «Біздің жол» деген бас мақала жазып, журналға бағыт-бағдар сілтейді. Партияның міндеттері арқылы жастарды тәрбиелеу жолдарын ұсынады. «Жастардың ескілікпен байланысы жоқ. Жастар
– жаңа заманның шәкірттері. Тегінде біздің ірі күш, зор қуатымыздың бірі осылар. Бұларға үлгілі іс пен түзу тәрбие керек, ұйымшылдық керек»,- деп
жастардың ескіні көксемей, алға ұмтылып, жаңа саяси қағидалармен жүретініне сенім білдірген. Яғни, Кеңес үкіметіне бағына отырып, сол арқылы партияның алға қойған жоспарлары арқылы қазақ даласының проблемасын шешу, халықтың тұрмысын жақсарту, көзін ашу, елдің мұңын шешуді көздеген.
Журналды шығарушылардың қатарында Шайқы Жантілеуовтың есімі аталады. Ш. Жантілеуов (1889ж.т., Орал о., Жымпиты у., Өлеңті б.-26.11.1938). Ол – Алаш қозғалысына қатысушы, Қазақстанда мәдени даму ісін ұйымдастырушы қайраткер [65,б.185]. Энциклопедиялық анықтамаларда «Таң» журналының шығып тұрған уақыттарында Жантілеуов Шайқы – Семей уездік атқару комитетінің төрағасы (1924-1925 қаңтар); Семей губерниялық жер басқармасының меңгерушісі (1925 қаңтар-1926 мамыр)»,- деп көрсетілген.
«Журналдың алғашқы сандарынан-ақ Абай шығармашылық мектебінің мол үлгісі сезілді» [91, б. 7]. Әдебиет бөлімінде «Абайдың басылмаған сөздері»,
«Абайдың кейбір өсиет сөздері (афоризмдер)» «Қара сөздері», М. Әуезовтің
«Ескілік көлеңкесінде», «Қайғылы жетім», «Қазақ қызы» әңгімелері, С. Дөнентаевтың «Дәуітбек (оқшау өлең)», Шәкәрімнің өлеңдері, Тұрағұл Абайбаласының М. Горькийдің «Челкаш» шығармасының аудармалары, Ұлттық театрдың негізін қалаушылардың бірі, режиссер Жұмат Шаниннің «Хан мен уәзір» секілді туындылары басылып тұрды.
Журнал халықтың ең асыл өнері – бай ауыз әдебиеті арқылы өзінің тарихын, халықтық рухын бейнелеген. «Таң» журналы арқылы бүгінгі ұрпаққа «Бұқар жыраудың толғауы», «Жаман бақсының сарыны», «Берікбай бақсының сарыны»,
«Жеке би», Ізбасты би», «Наурыз жайындағы өлеңдер», «Бөгенбай батыр өлгенде Үмбетбай жыраудың Абылай ханға естірткен сөздері» секілді ел- аузынан жинап алынған асыл қазыналар мұра боп қалған. Шешендік сөздерді зерттеу, жинақтау, баспасөзде жариялау ісіне атсалысқандар – М. Әуезов, Р. Жаманқұлұлы, Ә. Біләлұлы.
Профессор Б. Жақып «Шешендік сөздер – халқымыздың дарындылығы мен ақыл-парасатын, тапқырлығы мен әділеттілігін, кеңпейілділігі мен қонақжайлылығын көрсететін, қазақ халқының сом тұлғасын сөзбен соққан асыл қазынамыз»,- деп тұжырымдайды [11, б. 102]. Бұл пікірде қазақ шешендік өнеріне зор баға бере отырып, публицистиканың бастауы ретінде бағалайды.
Халық ауыз әдебиеті әр салада, әр түрлі жанрда дамыған болса, «Таң» журналының әдеби бөлімі осы жанрлардың негізгі түрлерінің барлығын қамтыған. Тұрмыс-салт әдебиетінің негізгі түрлеріне жататын лиро-эпостық жырлар, тұрмыс салт жырлары, айтыс өлеңдері, тарихи жырлар, шешендік сөздер «Таң» журналында басылып тұрған. Журналдың әдеби бағытына баға берген ғалым Х. Бекқожин «Таң» журналы әдеби шығармаларындағы кейбір кемшіліктері болмаса дұрыс бағытта шықты»,- деп жазған [15, б. 110]. Алайда, ұлы ақын Абайдың шығармаларынан бастау алған журналдың бағытына берілген бұл пікірге толық қосыла алмаймыз. Өйткені М. Әуезовтің жоғарыда айтып өткен «Қаралы сұлу», «Қайғылы жетім», «Қанды түн», «Қазақ қызы» секілді туындылары басылған журнал қазақ халқының басынан өткерген
тарихын баяндайды. Оның тақырыптарынан-ақ ұлы жазушының ішкі сезімін сезінуге болады.
«Сол қайғыға толған қаралы табиғат ортасында әлсіз жүрегі шерге толып, рақымсыз өмірден ешбір жанашырды көрмей егіліп жылап, жалғыз сенген, жалғыз үміт қылған Алласын іздегендей болып келе жатқан бала сорлы жетім еді»,- деп суреттейді М. Әуезов «Қайғылы жетім» әңгімесінде [90, б. 124]. Жетімнің күйін, жан тебіренісі мен жалғыздығын қараңғы түнмен, ызғарлы табиғатпен байланыстырған шығарма оқырманды бей-жай қалдырмайды. Дүниедегі адамның тұла бойын жаншып, жігерін жасытатын қараңғылық, жалғыздық, үрей секілді ұғымдарды қазақ қоғамында болып жатқан жағдайлармен астарлап жеткізеді. Елдің жағдайын жетімнің күйіне балайды. Профессор Н. Омашов осы шығармаға байланысты өз ойын былайша түйіндеген екен: «Жетім балаға қысастық көрсетіп, өлімге итермелеген дәстүрлі кеңес әдебиетіне тән «бай» емес, сенімсіз, дүниеқоңыз кедейлердің бірі»,- деп әңгіме мазмұнындағы назар аударарлық жайтқа мән берген [90, б. 18].
Шайбай Айманұлының «Тұрмыс тұтқыны» [91, б, 140 ], «Айрылысқандар» [92], «Бұлбұл дауысы» [91, б. 293 ] әңгімедерінде қазақтытың кең, еркін даласы суреттеледі. «Ел жайлауда, ауыл маңайы жатқан құлын көрінбейтін көк шалғын. Мейірімді күн төбеңнен төніп, жерге алтын нұрын құйып тұр. Ен даласын еркін жайлап, жасыл кілемге аунап жатқан ел!...» [ 91, б. 140 ].
Шығарма сипаттауынан біз қазақтың мамыражай күйін, тыныш санасын, жанға жайлы тұрмысын сезінеміз. Автор жайлауда еркін жайылып жүрген жылқылар арқылы жылқы мінезді қазақ санасының тыныш қалпын аңсайды. Еркін даласында асыр салып жүрген табиғат еркелері арқылы ұлттың мінезін суреттейді.
«Таң» журналының алғашқы санының беттерінен «Құттықтауларға» да орын беріледі. «Қыр қазағы» деген бүркеншік есіммен берілген өлең шумақтары былай дейді:
«Таң» деген атыңды ақта, шығар күнді! Кем-кетік бойымызда көрсет мінді.
Көптен сені тіледік жаңа тудың,
Атқару қызметіңді міндет енді!»,- деп көптен бері журналдың жарыққа шығуын күткендігін жасырмайды [91, б. 177]. Семейдегі қазақ техникумының шәкірттері атынан Жаманқұлұлы Рахымжан деген азаматтың хаты басылады. «Ардақты
«Таң» журналы! Бізді, түн қараңғылығын ұзақ мезгіл жамылып, жаңа ғана ұйқы төсегінен ояна бастаған оқушыларды, туып келе жатқан жарық нұрың өте қуантты!»,- деп алдағы уақытта үзбей оқитын оқырманыңызға айналамыз деген қуаныштарын білдіреді [91, б. 177].
«Таң» журналының 1-санындағы «Әдебиет бөлімінде» «Абайдың басылмаған сөздері»,- деп Абайұлы Әбдірахманды жоқтап айтқан өлеңдері басылады. Журналдың осы санының соңында басқарманың атынан «Әдебиет бөліміне түзету» енгізіледі. Қысқаша үзінді келтірсек: «Әбдірахманға арналып айтқан өлеңі бір-ақ өлең емес, үш өлең еді. Алғашқы өлеңі «Кешегі өткен ер Әбіш» деген жерге шейін келеді. Екінші өлеңі осы сөзден басталып, «Сабырлық
керекті» деген сөзбен бітеді. Одан кейінгі үшінші өлеңі болады»,- деп әрқайсысының жазылған мезгілі бөлек-бөлек болғанын ескертеді [91, б. 177].
Осылайша журнал шығарушылар басылым бетінде басылған әр шығармаға, жазылған әр мақалаға үлкен жауапкершілікпен қараған. Сондықтан да көп кешіктірмей оқырмандарына талап-тілектері мен ұсыныстарын айтып түсіндіріп отырған.
Оқу-ағарту, тәлім-тәрбие, тіл мәселесі «Таң» журналының көтерген басты тақырыптарының бірі болды. «Журналда Кеңес өкіметінің қойып отырған талаптарына, саяси бағыт-бағдарына қазақ қоғамы әлі дайын еместігі, халықтың көп бөлігінің хат танымайтын сауатсыздығы, онымен күрес жолдары айқын көрсетілді» [90, б. 8].
Қазақ тілінің қолданыс мәртебесіне байланысты нақты іс-шаралар жүзеге асырылып, «Қазақ елінің ішінде мектептің құрылысы, неше жылдық болу, қай тілмен оқытылуы, сауатсыздықты бітіру жайында»,- деген проблемалық мақалалар басылды [91, б. 98]. Мектепті 1-ші және 2-ші басқыштан құра отырып, 1-ші басқыш 4-жылдық мектепте оқушы тек қазақ тілінде оқу керек дегенді ұстанады. Қазақ тілінде оқу процесіне өзге тілді, оның ішінде орыс тілін араластыруды тек 2-ші оқу жылында ғана қосу керектігін жазады.
«Мемлекеттік қызметкерлерден қазақ тілін білуді талап ету қажет, деген батыл байламдар жасалады. Бұл әлі де рухы сөне қоймаған Алаштық идеяның көрнісі екендігі айдан анық», - деген тұжырымға келеді [90, б. 8-9 ].
Асхат Сайдалиннің «Гүбірнедегі халық ағарту ісі»,- деген сараптамалық мақаласында 1900 жылдан бастап 1925 жылға дейінгі оқу ағарту ісінің жай- күйімен таныстырады.
«1900 жылы Оқу министрлігі жайынан – 25 мектеп; Басқа мекемелердің һәм жеке түрде ашылған – 19 мектеп; Діншілдер тұсынан ашылған – 13 мектеп;
Қазақ- орыс халқынан – 56 мектеп;
Барлық жиыны – 113 мектеп. Мектепте оқыған балалардың саны – 5448. Кітапхана – 5;
Нардом – 2;
Музей – 1.
Бұлардың бәрі орыстар үшін»,- деп жазған [91, б. 92].
Сондай-ақ, бұл есепте көрсетілген қазақ арасындағы мектеп санының қанша екендігін біле алмағандығын жазады. 1911 жылғы көрсеткіш бойынша, «Семей губернесінің мектеп жасындағы балалар санын алсақ, мектепте әрбір жүз баладан: орыстан 37 бала; қазақтан 1 бала ғана көреміз»,- деп нақты мәліметтерді алға тартады.
1913 жылғы есептік көрсеткіштер бойынша мектеп пен оқу ағарту орындарының барлық саны 246 болған, соның ішінде қазақ үшін арналғаны 42 деген деректерді алға тарта отырып, мектеп санының қазақ арасындағы аз болу себептерін патша үкіметінің көздеген мақсатының дұрыс еместігін сынға алады. Олардың көздегені қазақтың көзін ашу емес, орыстандыру мақсаты екендігін айтқан. Осындай саясаттың негізінде қазақ даласындағы халық ағарту
жұмысының толық қанды жүргізілмегенін байқауға болады. «Қазақ халқының көзі ашылып, қатарға ене бастағаны Руссияда болған 1917 жылғы февраль төңкерісінен былай қарай. Бірақ нағыз 1920 жылға шейін тиісті жол-жобамен шама-шарыққа аяқ тіреп, халық ағарту жолымен жүрген жоқ»,- дей келе 1921 жылдан 1924 жылға шейінгі ағарту ісін кесте түрінде белгілейді:
Кесте 5 – 1921-1924 жылдар аралығындағы ағарту ісі [91, б. 94-95]
Мектеп, Саны
|
I басқыш
|
жиыны
|
Орыс
мектебі
|
Қазақ мектебі
|
Ноғай мектебі
|
Неміс мектебі
|
1 январь
1920
|
Мектеп
|
300
|
127
|
-
|
-
|
427
|
Оқытушылар
|
683
|
143
|
-
|
-
|
826
|
Оқушылар
|
18998
|
3807
|
-
|
-
|
22085
|
1921
жылдың Аяғында
|
Мектеп
|
598
|
472
|
10
|
9
|
1089
|
Оқытушылар
|
1481
|
750
|
26
|
20
|
2287
|
Оқушылар
|
41044
|
2201
|
1000
|
700
|
64755
|
1922
жылдың аяғында
|
Мектеп
|
276
|
232
|
8
|
9
|
522
|
Оқытушылар
|
726
|
376
|
41
|
20
|
1163
|
Оқушылар
|
19406
|
6522
|
810
|
510
|
27248
|
1923 жылы
|
Мектеп
|
297
|
180
|
10
|
12
|
499
|
Оқытушылар
|
796
|
292
|
37
|
20
|
1145
|
Оқуышылар
|
23960
|
10282
|
985
|
441
|
35889
|
1924 жылы
|
Мектеп саны
|
316
|
193
|
14
|
12
|
534
|
Оқытушылар
|
596
|
270
|
35
|
12
|
913
|
Оқушылар
|
23847
|
6944
|
859
|
433
|
32083
|
II - бaсқыш орыс мектебі – 13, бала саны – 2265, қазақ мектебі – 1, бала саны
110 болған. Жоғарыдағы көрсеткіштерден қазақ ішінде ағарту жұмысының әлі де ақсап жатқандығын көруге болады. Оның себептерін мақала авторы халық ағарту ісінің қазақ даласында кешірек қолға алынуы, мектеп үйі, тәжірибелі оқытушысы, мектеп құрал-саймандарының жетіспеушілігі, деп түсіндіреді.
«Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек?», - деген мақалада «Жаңа програмның түбірі – асыл», «Мұғалімдердің міндеттері», «Мұғалімдердің білімін, санасын кеңейту жұмысы» деген арнайы тақырыптар негізінде ағарту жұмысын бір жолға қою барысындағы басты шараларды қарастырады. «Мұғалім
ел ішіндегі мәдени күш, елге басшылық қыларлық азаматтың бірі. Сол себепті өзінің құлық-пылығын елге үлгі берердей жаңа жұртшылық орнату жолында қоюы керек»,- деп жас ұйымдармен араласып жұмыс істеу, оларға дұрыс жол
көрсету мұғалімдердің басты міндеттері екендігін айтады [91, б. 274]. Осыдан барып мұғалімнің қоғамдағы орны мен дәрежесінің қаншалықты жауапты әрі жоғары болғандығын байқаймыз.
«Сәтбайұлы» атты автордың «Оқытушы деген кім?» деген мақаласында қазақ қоғамына жаңадан енген «Оқытушы» сөзіне және оның қызметіне тоқталады. «Оқытушы құрсын, әйелді бұзып алудан басқа түк бітірмейді. Тегін қазынаның ақшасын алады», «Оқытушы деген – шайтандық! Балаларды бұзады, көңілге ұнарлық бір қылығы жоқ»,- деген жаңсақ пікірлердің көптігіне тоқталады. Оқытушының кім екенін түсіндіру үшін ең алдымен «білім деген не?» дегенді айта келе, «Осы білімді адам санасына егетін, өсіретін, адам баласына анық адам атын кигізетін адамдарды оқытушы деп айтады»,- деп тұжырымдайды [91, б. 109]. Бұл мақаланың мақсаты қазақ қоғамына еніп жатқан мамандық атауы «оқытушыны» түсіндіру, халықты әртүрлі алып-қашпа әңгімелерден алыстатып, шын мәніндегі жағдаймен таныстыру, бағыт-бағдар беру.
«Білім-тәрбие» бөлімінде «Құрт ауыруы» деген көлемді материал екі бірдей санында жарияланады. Құрт ауыруы тұрмыстың жайсыздығынан күшейетін науқас екендігі, ауырудың алдын алу мен оған жасалатын ем, ауырудың түрлері нақты баяндалады. Құрт ауыруы жайлы көлемді мақаланың журналдың екі бірдей санына жариялануы сол уақытта ауырудың кең таралған кезеңі болса керек. Мақалада бұл ауырудың қазаққа көшпелі болған кезінде таза ауада көп жүріп, малының көп, жем-ішімі жеткілікті болған кезінде зиян келтіре алмағанын айтады. «Қазіргі уақытта елдің көбі жатаққа айналып, қысы-жазы қорасының маңайында иә қысқы үйінде күн көріп, таза әуеден да бұрынғы мол тамақтан да айырылып келеді»,- дей отыра оқырмандарға құрт ауыруының – жазылатын науқас екенін ескертеді [91, б. 260]. «Қазақстан аумағында санаторийларда құрт ауыруын емдеуге науқастарға қымыз беріледі. Қымыздың құрт ауырудан жүдеп, әлсіреген адамдарға пайдасы зор»,- деген ақпарат береді.
«Таң» журналының көтерген тақырыптары – саясат, шаруашылық, әлеуметтік мәселелер. Журнал заман талабына сай сол уақыттың өзекті мәселелерін көтерді. Үкімет хабарларынан Қазақстан республикасының астанасы Ақмешіт болуы туралы үкімдер мен қарарларды басып отырды. Құн, барымта, қалың мал, әйелді еріксіз күйеуге беру, көп қатын алу туралы заңдарға енгізілген қосымшалар да журналдың ресми бөлімінде жарияланып тұрды. Кеңес үкіметі құрылғаннан бергі уақыттағы жағдайды «Коммунистер партиясының еңбекшілдері байлардың тырнағынан босатып, ортақшылдық дәуірге бастап бара жатыр»,- деп жазады [91, б. 196-197]. Журналдың саяси бөлімі кеңес үкіметі құрылғаннан кейінгі қазақ қоғамында болып жатқан саяси өзгерістерді оқырмандарына түсіндіру, жариялау мақсатын атқарып отырды. Мәселен, кәсіпшілер одағына және оның жұмысшыларға деген қамқоры қандай? Ресей жұмысшылары мен қазақ жұмысшыларын салыстырмалы түрде баяндайды. Қазақ жұмысшылары одаққа жазылып, қолдарына қағаздарын алғанымен оның тәртібін түсініп отырмағандығын айтады. «Әр жұмысшы өз одағынан мынандай жәрдем көреді:
– жұмыссыз жүрсе, жұмыс тауып береді;
– еңбекақысын, киім-кешегін, демалыс күндерін шартқа қояды;
– жалдаушы мен жұмысшылар арасында шарт қағаздарының орындалуын бақылап отыратын еңбек қорғау комиссиясын сайлайды;
–мүшелердің жұмыссыз қалған күндеріне жәрдем беріп отырады; 5 – қамсыздандыру кассасына мүше болады;
6 – одақ өзінің мүшелері білім жөнінен ілгері басуына күзетші болады»,- деген ақпараттарды баса отырып, басылым түсіндіру жұмыстарын да қоса атқарып отырғанын байқаймыз [91, б. 40-41] .
Шаруашылық бөлімінде жарияланған «Қазақты қоныстандыру мәселесі» атты мақалада төмендегідей өткір мәселелер жазылады. «Біздің қазақ еңбекшілерінің өмірі де сол қара жерге байлаулы. Оған өлсе де тірі жүрсе де сол қара жер керек. Өлсе көмуіне, тірі жүргенде күн көруіне керек»,- деп жер мәселесін басты назарда ұстайды [91, б. 232]. Патша үкіметі қол астындағы ұлттарды қысыммен ұстағаны, қазақты алдымен жерінен айыруды көздегенін, ұсақ ұлттарды құл ретінде пайдалануды көздеді деген пікірді ұстанады. Осындай жерге қатысты мақалаларды оқи отырып, жер дауының күні бүгінге дейін өткір де маңызды мәселе екенін бағамдаймыз. Жер мәселесі көтеріліп жатқанда ұлттың намысына тиетін сөздер айтылғанын ашына жазады. Қазақ егін екпесе жердің қажеті қанша, малға құнарлы жердің болуы маңызды емес. Ал орыс халқына шөбі құнарлы, суы тұрақты жерді қарайластыру деген қате пікірлер екенін мақала мазмұнында нақты жазылған. Жер мәселесінің түбінде қазақ халқының мүддесі жатыр.
Бюджет пен салық мәселесі журнал беттерінде көтерілген өзекті тақырыптардың бірі болды. Мемлекет шаруасын түсіндіру үшін мемлекет дегеннің өзіне қысқаша тоқталып кетеді. «Мемлекет дегеніміз – жерінің көлемі біріңғай тұтас, айнала шегі белгілі, бір өкіметтің қол астына қараған бір жік қоғам, бір тайпы халық»,- деп мемлекет деген ұғымға теориялық жағынан талдау жасап, оқырманға түсіндіріледі [91, б. 47]. Журналдың 2-ші санында жалғасын тапқан «Бюджет не нәрсе?», «Мемлекет шаруасының шығыстары» деген тақырыптарында мемлекеттік бюджеттің жұмысы кәсіби түрде талданып, оған теориялық баға беріледі, салыстырмалы түрде сараптама жасалады. Мақала авторы С. Ержанұлы экономикалық тақырыпты сауатты түрде талдап, жан- жақты шаруашылық саласы бойынша таратып жазған.
Егін шаруашылығының жаңа, жақсы әдістері туралы мәселелер де журнал беттерінде көтеріліп отырды. Бұл мақала Губернелік агроном көмекшісі А. Саенко деген автордың есімімен журналдың 1,2-ші сандарында басылған. Мақала – егіншілікке ден қойған қазақ халқына қажетті де пайдалы ақпарат. Десек те, мақала былай басталады: «Семей губернесіне орыс егіншілері жақында келіп орнаған. Олардан бұрын мұнда ылғи ғана көшпелі мал өсірген қазақ елі мекен еткен»,-деген сөзіне қарағанда жері шұрайлы, суармалы жерлерді орыстарға беріп, мал бағып отырған қазақтарды қырға, тек қана мал жайылатын жерлерге қуған. «Жерінің ауданы аса үлкен болса да, Семей губернесіндегі халықтың отырысы өте сирек. Сондықтан Еуропадағы Руссияға қарағанда жан
басына келетін жер мөлшері мұнда анағұрлым көп. Осы жан басының үлесіне тиетін жері көп болса да соңғы жылдарда ауыл шаруасы мұнда бәсеңдеп келеді»,
- деп оның себептерін ауыл шаруасының ескі әдістермен жүргізілуі деп түсіндіреді [91, б. 67]. Мақала орыс тілінде жазылып, аударылып басылған болуы керек, өйткені мәтін барысында «Көп егіндікті шөпті тұқым ауыстыру жолымен жерді тыңайту»– «орысшасы – многопольно-травяной севооборот», «көп егіндікті»– «многопольный», «ала-құла» – «пестропольный», «аңызды шаруа» –
«залежной» деген секілді түсініктемелерді қатар берген. Сондай-ақ жер жыртудың тиімді екі жолы ұсынылған. Олар:
Тың жермен асылдандыруға қалдырылған аңызды жырту.
Егін салынып келе жатқан аңызды жырту реттері. Осы екі жолдың тиімді жақтарын жан-жақты талдап жазған. Бұл мақала шаруаларға, егістік алқабын қолдану жөніндегі көмекші құрал ретінде, пайдасы зор болған деп айтамыз.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шыққан журналдардың ішіндегі жалғыз
«Таң» журналында ғана «Отантану» бөлімі болды. Бұл бөлімді журналдың алғашқы санында Мәннан Тұрғанбайұлы «Аймақты білу мәселесі» атты мақаласымен ашып берген. Автор жайлы қысқаша тоқталсақ, «Тұрғанбаев Мәннан Тұрғанбайұлы 1886 жылы Семей губерниясы, Қарқаралы у.,Абыралы б.,Сарыапан а., – 1937ж. Алаш қозғалысына қатысушы. 1937 ж. 20 тамызда ату жазасына кесіледі» [65, б. 398-399].
М. Тұрғанбаев өзінің мақаласында осы уақытқа шейін дүние жүзіне шыққан қазақ тіліндегі баспасөздерде аймақты білу жайында айрықша бөлім ашылып, сөз қозғалмағанын баса айта келе, алдымен «Аймақты білу деген сөзді қалай түсіну керек?»,- деген мәселені көтереді. «Аймақты білу деген сөз – сол аймақтағы өмірдің тіршілік шарты болған жаратылыс жайларын, бұрынғы һәм қазіргі жалпы шаруашылық жайларын, өмір сүруші жан иесі заттардың жайын, жерінің үстіндегі һәм ішіндегі байлықтың жайын бұрынғы басынан өткерген (тарихи) халдарын, бұрынғы һәм қазіргі мәдениет дәрежесін білу деген сөз», - деп оқырмандарға мағынасын түсіндіреді [91, б. 188].
Аймақтану арқылы бұрынғы өткен тарихымызды зерттеп-екшелейміз. Осы бөлім барысында оқырманды қазба жұмыстары арқылы табылған кез келген дүниелердің құнын жоғары бағалап, оның астарында тарих жатқанын бағамдауға шақырады. Көнеден қалған ыдыс-аяқ, ескі суреттер, қару-жарақ, абдыра- сандықтар, қолдан жасалған бұйымдардың барлығын жинап ғылыммен айналысып жүрген азаматтарға беріп, зерттеу жұмыстарына айналдыруға болатынын еске салып, қазақ қоғамына ғылым саласының тағы да бір зерттеу нысанын нақтылап береді. Тек қана құрал-саймандар емес, ескіден бүгінге жеткен аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар, қисса-өлеңдер де сол өңірдің салтын, дәстүрін анықтауға қажет екенін айтады.
Сонымен қатар, қазақ арасындағы көзі ашық адамдар Қазақстан аймағына қарағанда шетелдік аймақтарды жақсы таниды. Өйткені Франция сияқты дамыған елдер өздерінің аймақтарын зерттеп, кітап басып шығарғанын айтады. Ал біздің еліміздің әлі күнге дейін аймақтары зерттелмеген, кітаптар жазылмағанын айтып, өлкетану мәселесін көтереді.
«Отантану» бөлімі журналдың келесі 2,3,4 сандарында Чеканинский деген автордың «1916 жылы Жетісу аймағында болған қазақ-қырғыз көтерілісі»,- деген тақырыпта шілде-қыркүйек аралығында болған қозғалыс тарихынан деректер басылып отырады. Осындай тарихи жарияланымдар арқылы «Таң» журналын 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске әділ баға берген басылым ретінде тануға болады. Журналдың 2-ші санында жарияланған тарихи мақала соңында
«Басқармадан» деген редакциялық мақала басылған. Онда тарихи уақиғаның маңызына тоқтала отырып, бұдан былай «Таң» журналы «Отантану» бөлімінде 16-жылдың қозғалысын бірталай уақытқа дейін басып тұруды мақсат тұтқанын жазады Алайда, 16 жылдың тарихи оқиғасы журналдың 4-санындағы жарияланымның соңына «Аяғы бар» деп жазылады да, аяқталмаған күйі журнал өзінің шығуын тоқтатқан.
«Таң» журналының жабылу себептерін профессор Т. Қожакеев былайша түсіндіреді: «Бір губернияда әрі газет, әрі журнал шығару ауыр болғандықтан 1925 жылы маусымда «Таң» журналы жабылды» [72, б. 82]. Журналдың 4 маусым айында шыққан соңғы санындағы жарияланған М. Әуезовтің «Ескілік көлеңкесінде» [92, б. 315] деген әңгімесі, Иса деген автордың «Алтай ертегісі» [92, б. 343] деген поэмасы, басы 3-ші санында жарияланған «1916 жылы Жетісу аймағында болған қазақ-қырғыз көтерілісі» жайлы тарихи материалдар аяқталмай қалған [92, б. 357]. Яғни, авторлар шығармаларының жалғасын журналдың келесі санына жариялаймыз деп ойлаған. Сондықтан да, журналдың шықпай қалуы тосыннан болған жағдай деп тұжырымдаймыз. Журналдың алғашқы санында «Таң» басқармасынан деп басылған алғысөзінде: «Бізді тосырқататын қауіптің зоры – қаражаттың кемдігі»,- деп жазған [92, б. 25]. Бұдан шығатын қорытынды журналдың шығып тұруы қаржы мәселесі мен таралымына келіп тірелетінін айтады.
Профессор Н. Омашев «Таң» журналдарының мақалаларын сараптай отырып, төмендегідей ерекшеліктерін атап өтеді:
«Біріншіден, журналдың өте сауатты, терең байыптылығын байқауға болады. Екіншіден, кәсіби журналистикаға тән нақтылық, деректілік, цифрмен жұмыс істеу байқалады. Үшіншіден, «Таң» Семей өңіріне ғана тән аймақтық емес, жалпыұлттық басылым болды деуге негіз бар», - деген [90,б.19]. Журналдың сауатты шығуын, оның М. Әуезов бастаған авторларының жоғары деңгейдегі ақыл-ой иелері екендігін ескеруіміз керек. Басылым халықтық мәселелерді көтерді. Қазақстанның түпкір- түпкіріне тарады.
«Таң» журналының жарық көрген 4-санының құрылымы, мақалалар саны мен олардың авторларын кестемен келтіріп отырмыз.
Кесте 6 – «Таң» журналы
«Таң» журналы
|
Бөлімдер
|
Мақалалар саны
|
Авторлар
|
1
|
2
|
3
|
4
|
1 сан,
1925 жыл, март
|
Жалпы саяси
|
4
|
Шәймерден, Дүйсенұлы, Құндақбайұлы,
А. Барлыбаев
|
6 – кестенің жалғасы
1
|
2
|
3
|
4
|
|
Шаруашылық
|
3
|
С. Ержанұлы, Карро, У. Саенко
|
|
Білім-тәрбие
|
6
|
А.Б., Сыдықұлы, Асхат Сайдалин, Ермекұлы, Сәтпайұлы, Моргайлик
|
|
Әдебиет
|
20
|
Р. Жаманқұлұлы, Мұхтар, С. Дөнентаев, Ш. Айманов, Жұмат Шанин, Жаяу сал, Забайұлы, Қыр қазағы
|
|
Отантану
|
1
|
Мәннан Тұрғанбайұлы
|
|
Ресми
|
2
|
Байсалықұлы, Исаұлы
|
Барлығы
|
6 бөлім
|
36 мақала
|
24 автор
|
2 сан,
1925 жыл, апрель
|
Жалпы саяси
|
8
|
Жұмажан, Ж. Тәттібайұлы,
Шәймерден, Шайқы, Дүйсенұлы, Доропеева, Құндақбайұлы
|
|
Шаруашылық
|
5
|
Шайқы, Б.Г., Саенко, С. Ержанұлы, Берғалиұлы
|
|
Білім-тәрбие
|
5
|
Асылбек Сейіт, Ермекұлы, Сыдықұлы, К. Моргайлик
|
|
Әдебиет
|
17
|
Ш. Айманов, Рақымжан, Жаяу сал, Сәбит, Мұхтар
|
|
Отантану
|
1
|
Чеканинский
|
|
Ресми
|
2
|
|
Барлығы
|
6 бөлім
|
38 мақала
|
20 автор
|
3 сан,
1925 жыл, май
|
Жалпы саяси
|
4
|
Жұмажан, Шайқы, Құндақбайұлы
|
|
Шаруашылық
|
5
|
С. Ержанұлы, А. Барлыбаев, М.Л., Шайқы, К. Филатов
|
|
Білім-тәрбие
|
5
|
М. Тұрғанбайұлы, А. Сыдықұлы, К. Моргайлик, Қыдырбайұлы
|
|
Әдебиет
|
17
|
Жаманқұлұлы Рақымжан, Мұхтар, Шайбай Айманұлы, М., Байбекұлы Уайда, Тұрағұл Абайбаласы
|
|
Отантану
|
1
|
Чеканинский
|
Барлығы
|
5 бөлім
|
34 мақала
|
19 автор
|
4 сан,
1925 жыл, июнь
|
Жалпы саяси
|
5
|
А. Жиенғалиұлы, Жұмажан, Хакім, Оболикшт
|
|
Шаруашылық
|
5
|
Б. Мицев, Шайқы, М.Л., А. Самохвалов, А. Барлыбайұлы
|
|
Білім-тәрбие
|
3
|
А. Сейіт, А.С., Левитан
|
6 – кестенің жалғасы
1
|
2
|
3
|
4
|
|
Әдебиет
|
13
|
Есентайұлы Забан, Тұрағұл Абайбаласы, Мұхтар, Шәкәрім, Әлкей Марғұланов, Иса
|
|
Отантану
|
1
|
Чеканинский
|
Барлығы
|
5 бөлім
|
27 мақала
|
19 автор
|
Жиыны: 4 журнал
|
6 бөлім
|
135 мақала
|
49 автор
|
Ескертпе – кесте автордан
|
Қорыта келгенде, «Таң» журналының бар болғаны 4-саны жарық көрсе де қалың көпшілікке жол сілтеген, ұлттық рухты, намысты оятуға үндеп, болашаққа бағыт-бағдар берген баспасөз жаршысы болды. Алға қойған мақсаты арқылы функциясын дұрыс атқарды. Араға жылдар салып, бір ғасыр уақыт өтсе де журналда басылған дүниелер өзінің құндылығын жойған жоқ. Кеңес дәуірінің қолтығына амалсыз кірген қазақ халқының көзі ашық зиялылары партияның жолымен жүре отырып, қазақ халқының қамын ойлады, баспасөз арқылы оқу- ағарту ісін қолға алды, әдебиетпен сусындатты, деректер мен тарихи оқиғаларды жазып, ел құлағына жеткізді, бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |