Джангабулова А.К.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті ,з.ғ.к.
Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі ретінде
Елдiң азық-түлiк қауіпсіздігін қамтамасыз ету күрделi және өзекті мәселе болып табылады, оған азық-түлiк өнiмiнiң өндiрiсi, ұлттық және дүниежүзілiк азық-түлiк нарықтарының конъюнктурасының сұрақтары, бәсекеге қабілетті және төлемге қабілеттілігі, халықтың табыс деңгейi мен тамақтану құрылымы төлеу қабілетi және тұрғын, мемлекеттiң әлеуметтiк саясатының қоректенуiнiң құрылымы және тағы басқалар. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсізідігінің деңгейі ауылшаруашылық өндірістің әлеуетіне байланысты.
. Агроөнеркәсiптiк кешендi мемлекеттiк реттеу азық-түлік қауiпсіздiгін, агроөнеркәсіптік кешен өнiмi нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлiктің тиiмдi жүйесiн құруға, отандық өнiмнiң бәсекелестiк артықшылығын қолдауға, сондай-ақ, өсiмдiк шаруашылығын, мал шаруашылығын, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеудi және тамақ өнеркәсiбін дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейiн көтеруге, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсiздiктi, техникалық жарақтандыру мен басқа да iлеспе қызмет салаларын қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы аграрлық саясат аграрлық протекционизм қағидасын пайдалану арқылы отандық ауылшаруашылық тауар өндірушіге көмек көрсетуге бағытталу қажет.
Мемлекеттiк аграрлық протекционизм қағидасы дегенiмiз мемлекеттiк агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуға жан-жақты қолдау жасайды.
Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды тұрақты экономикалық және әлеуметтiк дамытуды қамтамасыз ету.
Астық туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, азық-түліктік қауіпсіздік - сыртқы және ішкі жағдайларға қарамастан, тамақтанудың физиологиялық нормаларына сәйкес халықтың тамақ өнімдеріне деген қажеттерін қанағаттандыратын тиісті ресурстармен, әлеуетпен және кепілдіктермен қамтамасыз етілген экономиканың, соның ішінде оның агроөнеркәсіптік кешенінің жай-күйі. Демек, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі болып табылады.
Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңына сәйкес, Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеудiң мақсаттарының бірі мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады [1].
Аталған заңға сәйкес, агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу:
1) экономикалық өсу әлеуетi бар aгpo-өнеркәсіптiк кешен мен ауылдық аумақтарды дамытудың басымдығы;
2) ауыл шаруашылығы жөнiндегi халықаралық келiсiмдердiң талаптарына, санитариялық және фитосанитариялық нормаларға сәйкестiк;
3) мемлекет жүзеге асыратын iс-шаралардың ашықтығы;
4) мемлекеттiк қолдау шараларын көрсетудiң атаулылығы;
5) отандық агроөнеркәсiптiк өндiрiстiң бәсекелестiк артықшылықтарын дамыту;
6) iшкi нарықтың жосықсыз бәсекеден қорғалуы;
7) мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату;
8) агроөнеркәсiптiк кешен қызметiнiң және тұрғындардың ауылдық елдi мекендерде тұруының экологиялық қауiпсiздiгi;
9) кәсіпкерлердің қоғамдық бiрлестiктерiмен, қауымдастықтарымен (одақтарымен) өзара iс-қимыл;
10) мемлекеттiк реттеу шараларының тиімділігі;
11) агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік қолдаудың жыл сайынғы қажеттi көлемiн қамтамасыз ету;
12) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнiң өзара iс-қимылының оңтайлы нысандарын дамыту принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған заңның бесінші бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкiметi агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыреттеріне: агроөнеркәсіптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негізгi бағыттарын әзiрлеу; азық-түлік қауіпсіздігі саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз ету; азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу тәртібін бекіту және т.б. жатады [1].
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 5-бабы 1-2) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2010 жылғы 12 сәуірдегі
№ 296 қаулысымен бекітілген Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесін қабылдады [2]. Бұл Ереже ішкі азық-түлік ресурстарына қатысты мониторинг жүргізу тәртібін анықтайды.
Ережеге сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өлшемдері мыналар болып табылады:
1) азық-түлік тауарларына нақты қолжетімділік;
2) азық-түлік тауарларына экономикалық қолжетімділік;
3) тамақ өнімдері қауіпсіздігінің кепілі.
Мониторинг жүргізудің мақсаты азық-түлік тауарларына нақты және экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша уақтылы және жедел шаралар қабылдау болып табылады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган алынған мониторинг деректерін өңдеуді жүзеге асырады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі негізінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастырады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.10.2010 жылғы № 1052 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 — 2014 жылдарға арналған
бағдарламаның негізгі мақсаты азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімнің экспортын арттыратын бәсекеге қабілетті АӨК-ні дамыту болып табылады [3].
Аталған бағдарламаның агроөнеркәсіп секторын дамытуды қолданыстағы мемлекеттік реттеу саясатын талдау бөлімінде: «Бүгінгі күні экономиканың аграрлық секторындағы қолданыстағы заңнамалық база толығымен нарықтық экономика талаптарына сәйкес келеді, халықаралық тәжірибе нормаларына бағытталған, ең бірінші тауар өндірушілердің кәсіпкерлік ықыласын қорғауға және қолдауға бағытталған.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары өндірістің және сақтаудың қазіргі ресурс үнемдейтін қалдықсыз технологияларды енгізу негізінде ел үшін стратегиялық маңызы бар тамақ өнімдерінің өндірісін сақтауға және ұлғайтуға бағытталады.
Ауыл шаруашылығы өнімінің импортын алмастыру және ет-сүт тағамдарының, құс етінің және қанттың импорттық үлестерін қысқартуға қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды сәтті іске асыру жоспарланып отыр.
Тамақ саласын дамыту ішкі нарықта отандық өндірілген азық-түлік тауарларының үлес салмағын бүгінгі 74 %-дан 2014 жылы 80 %-ға дейін жеткізуге және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сыртқы нарықта алдыңғы қатарлы орын алу үшін отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік басымдылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары өндірістің және сақтаудың қазіргі ресурс үнемдейтін қалдықсыз технологияларды енгізу негізінде ел үшін стратегиялық маңызы бар тамақ өнімдерінің өндірісін сақтауға және ұлғайтуға бағытталады », - делінген [2].
Елдің азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет өз елінде азық-түлік тәуелсіздігін және халықты азық-түлік тауарларына нақты және экономикалық қолжетімділікпен қамтамасыз етуге тырысады. Азық-түлік тәуелсіздігі - азық-түлік тауарларын басқа мемлекеттерден жеткізу тоқтатылған жағдайда мемлекет отандық өндіріс есебінен оларға нақты қол жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті болатын экономиканың жай-күйі.
Демек, аталған мәселені шешу құрамында бірнеше стратегиялық бағыттары бар азық түлік саясатын жүргізуді талап етеді:
-
Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің пайдаласына қарай ұлттық кірісті қайта бөлу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыру;
-
Азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нормативтік базасын жетілдіру. Яғни, елдің азық-түлік қауіпсізідігін қамтамасыз ету туралы арнайы заң қабылдану қажеттілігі туындап отыр, сонымен қатар азық-түлік қауіпсізідігін қамтамасыз етуге арналған арнайы бағдарламалар қабылдау;
-
Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуының басымдығын қамтамасыз ету;
-
Әртүрлі өлеуметтік топтардағы халықтың азық-түлік тауарларына нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Яғни, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, кіріс көздерін арттыру, әлеуметтік көмек көрсету;
-
.азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды мәселелердің бірі азық түлік тауарларының сапасы болып табылады. Соның ішінде, елге сырттан кіргізілетін азық-түлік тауарларының сапаларының жоғары болуы.
Азық-түлік тауарларына адамның тағамына пайдалануға арналған ауыл шаруашылығы, балық өнімі және олардың тереңдете қайта өңделген өнімдері, сондай-ақ ауыз су мен тұз жатады. Қазіргі таңда, экологиялық таза ауылшаруашылық өнімін өндіруді қамтамасыз ету де өзекті мәселердің бірі болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңы / http://adilet.minjust.kz .
-
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі
№296 қаулысымен бекітілген Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесі / http://adilet.minjust.kz.
-
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.10.2010 жылғы № 1052 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама / http://adilet.minjust.kz.
Достарыңызбен бөлісу: |