ДҮниежүзілік сауда ұйымы



бет55/78
Дата04.03.2016
өлшемі6.06 Mb.
#38185
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   78

- Уақытша шаралар


  1. Қазақстан өкілі, егер кез келген кідіріс құқық иеленушісіне орны толмайтын зиян келтіруі ықтимал болса немесе айғақтар жойылып кетеді деген дәлелді қауіп болса судьялар мен Үкімет органдарына уақытша шаралар қолдануға өкілдік берілді деп жауап берді. Ол Патент Заңы мен тауар белгілері туралы Заң уақытша шараларға қатысты ережелерді көздемейтінін атап өтті, бірақ оларды көздейтін Азаматтық іс жүргізу кодекстің 15-тарауына сілтеме жасады. Бұл кодекстің 159-бабына сәйкес мыналар: (і) жауапкердің мүлкіне тыйым салу; (іі) жауапкерге белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу; (ііі) басқа адамдардың жауапкерге мүлік беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауға тыйым салу; (іv) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қою берілген жағдайда, мүлікті өткізуді тоқтата тұру; (v) мемлекеттік органның, ұйымның немесе лауазымды адамның дауланатын қолданысын тоқтата тұру; (vі) борышкер дау айтатын орындау құжаты бойынша өндіріп алуды сот тәртібімен тоқтата тұру талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар бола алады. Сот жоғарыда айтылған кез келген шараларға қатысты жауапкерге алдын ала хабарлаусыз ұйғарым қабылдай алады. Қажет болған жағдайларда сот Азаматтық іс жүргізу кодексінің 158-бабында көрсетілген мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету бойынша өзге де шараларды, мұндай шаралар болмаған кезде соттың шешім шығаруына қиындық келтірілетін жағдайларда, қолдана алады.




  1. Арнайы қойылған сұраққа Қазақстан өкілі өз жауабында Азаматтық іс жүргізу кодексі іске қатысқан адамның талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараның бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы өтініш беруге құқығын көздейтінін атап көрсетті. Бұл ретте бұл мәселені сот іске қатысатын адамдарға арызды қарау уақыты мен орны туралы хабарлай отырып, шешеді (162-бап). Сөйтіп, оған қатысты inaudita altera parte (айыпталушы тарапты тыңдамай) талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданған жауапкер шараларды қайта қарауды және сотта тыңдалуды сұрауға құқылы. Азаматтық іс жүргізу кодексі тараптардың талап қоюды қамтамасыз ету шарасын жою немесе қолданысын тоқтата тұру туралы арыз беру құқығын да көздейді (163-бап). Осылайша, егер нәтижесінде істің мәні бойынша шешім қабылданатын сот талқыламасы ақылға қонымды мерзім ішінде басталмаса, іс тараптары немесе сот мұндай шараларды жоюға немесе олардың қолданысын тоқтата тұруға бастамашылық жасай алады. Оған қоса, талап қоюдан бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін жауапкер талап қоюшыға оның өтініші бойынша қабылданған талап қоюды қамтамасыз ету шараларымен келтірілген залалды өтеу туралы талап қоюға құқылы (165-бап).




  1. Жұмы тобы мүшесінің алаңдаушылығына жауап ретінде Қазақстан уақытша шаралар inaudita altera parte (айыптаушы тарапты тыңдамай) қабылданған жағдайда мүдделері қозғалған тараптар бұл туралы дереу, ең кеш дегенде бұл шаралар жүзеге асырылғаннан кейін, хабарланатынын растады.



- Әкімшілік рәсімдер мен құралдар


  1. Қазақстан өкілі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128, 129 және 145-баптарына сәйкес белгілі бір әрекеттер зияткерлік меншік құқықтарын бұзушылық болып табылатынын және әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Оларға мыналар: (і) егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, өнертабысты, пайдалы моделді, өнеркәсіптік үлгіні, селекциялық жетістікті, интегралдық микросхема топологиясын заңсыз пайдалану, автордың немесе арыз берушінің келісімінсіз өнертабыстың, пайдалы моделдің, өнеркәсіптік үлгінің, селекциялық жетістіктің, интегралдық микросхема топологиясының мәнін олар туралы мәліметтер ресми түрде жарияланған дейін жария ету, сол сияқты авторлықты иеленіп алу немесе тең авторлыққа мәжбүрлеу; (іі) егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, авторлық не сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдалану, сол сияқты өткізу мақсатында туындылар мен (немесе) фонограммалардың контрафактілік даналарын сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе дайындау, авторлықты иеленіп алу немесе тең авторлыққа мәжбүрлеу; (ііі) егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, бөтен тауар белгісін, көрсетілетін қызмет белгісін немесе тауар шығарылған жердің атауын (географиялық нұсқауын) немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, олармен ұқсас белгілеулерді заңсыз пайдалану, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану жатады.




  1. Қазақстан өкілі мұндай құқық бұзушылықтарды сот қарайды деп толықтырды. Қарау барысында мәлімделген өтінішхаттарға рұқсат етіледі, ісжүргізуге қатысатын адамдардың айғақтары тыңдалады, ұсынылған дәлелдемелер зерттеледі. Сот істі қарастырып, іс жүргізуді тоқтату туралы не әкімшілік жаза қолдану туралы шешім қабылдайды.




  1. 128-бапта көзделген бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20-дан 50-ге дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – 50-ден 100-ге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға – АЕК-тің 150-ден 400-ге дейінгі мөлшерінде, қайталап жасалған бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – АЕК-тің 50-ден 100-ге дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – АЕК-тің 100-ден 150-ге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға – АЕК-тің 200-ден 700-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
    129-бапта көзделген бұзушылықтар үшін жеке тұлғаларға авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің даналары, сондай-ақ құқық бұзушылық жасаудың қаруы болған заттар тәркiленiп, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10-нан 15-ке дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – АЕК-тің 20-дан 30-ға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға – АЕК-тің 100-ден 150-ге дейінгі мөлшерінде, қайталап жасалған бұзушылық үшін авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің даналары, сондай-ақ құқық бұзушылық жасаудың қаруы болған заттар тәркіленіп, жеке тұлғаларға – АЕК-тің 15-тен 20-ға дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – АЕК-тің 30-дан 50-ге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға – АЕК-тің 150-ден 200-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 145-бапта көзделген бұзушылықтар жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10-нан 30-ға дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – АЕК-тің 30-дан 50-ге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғалар үшін – АЕК-тің 50-ден 100-ге дейінгі мөлшерінде, қайталап жасалған бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – АЕК-тің 30-дан 50-ге дейінгі мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – АЕК-тің 50-ден 100-ге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға – АЕК-тің 100-ден 200-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Тараптар сот шешімімен келіспеса, олар жоғары тұрған сотқа шағым беруге құқылы.




  1. Зияткерлік меншік құқықтары иеленушілерінің иелігінде олардың сақтауын қамтамасыз ету үшін қандай әкімшілік шаралары бар, оларды іске асыру үшін қандай органдар жауапты және оларға қол жеткізу үшін шетелдік тарап қандай әрекет қолдануы керек деген сұрақтарға жауапта Қазақстан өкілі өтініш беруші (шетелдік немесе отандық) Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің Аппеляциялық кеңесіне қарсылық беруге құқылы (Патент Заңының 22, 23 және 29-баптары және тауар белгілері туралы Заңның 12, 23, 31 және 44-баптары) деп түсіндірді. Егер өтініш беруші Аппеляциялық кеңес шешімімен келіспесе, ол шешімге сот тәртібі бойынша дау айта алады. Бұдан әрі, Қазақстан өкілі бұзушылықтар туралы істерді сот қарайтынын атап айтты. Дегенмен, Әкімшілік кодексте көзделмеген өнеркәсіптік меншік объектісіне арналған құқықтардың бұзылуы азаматтық заңнамаға сәйкес қаралады.




  1. Бұзушылықтар мен жазалау шаралары туралы істерді қарау кезінде әкімшілік комиссиялар ұстанатын рәсімдер туралы қосымша ақпаратты ұсыну жөніндегі сұраққа, ол ұлттық заңнамаға сәйкес зияткерлік меншік құқықтарын бұзған деп айыптауға байланысты істерді қарау бойынша қандай да бір әкімшілік комиссиялар құру Қазақстанда көзделмеген деп түсіндірді. Заңнамаға сәйкес зияткерлік меншік құқықтарын бұзуға байланысты барлық дауларды соттар ғана қарайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет