Дәріс 4. XVIІ ғасыр халықаралық жағдай және оның орыс қазақ қатынастарына әсері.
Сібір хандығының құрамында солтүстік Қазақстанның болғанын және онда көптеген қазақ тайпаларының өмір сүргенін ескеретін болсақ, онда Сібір хандығының тарихы қазақтардың тарихының құрамдас бір бөлігі екендігі анықталады.
Ресей империясының Сібір жеріне жасақтаған бірінші академиялық экспедициясының (1733-1743 жж.) мүшесі Г.Ф. Миллердің (1705-1783 жж.) «История Сибири» деген 1750 жылы жарық көрген еңбегі осы өңір туралы ең алғаш жазылған іргелі зерттеуі екендігін атап өту қажет. Бұл еңбекті Сібір тарихымен айналысқан зерттеушілердің барлығы дерлік пайдаланған. Автордың осы туындысының құндылығын С.В. Бахрушин, А.И. Андреев, Э.А. Масанов және т.б. зерттеушілер ерекше атап өтіп, Г.Ф. Миллерді тіл маманы, этнограф, тарихшы деп бағалаған.
Автордың «История Сибири» еңбегінің бес тарауы 1750, 1787, ал 1937, 1941 жылдары 1-томы екі рет жарық көрген болатын, кейіннен 1999 жылы толықтырылған нұсқасы қайта басылып шықты. Академиялық еңбектің әр ғасырда басылуы оның фактілік маңызы мен қажеттілігін айғақтап тұрғандай. Г. Миллер өз еңбегінде мұрағат деректеріндегі ресми құжаттарды пайдаланып, арнайы көшірмесін жасатып алған. Сонымен қатар Сібір жылнамаларының мәліметтерін жазып алып отырған. Онда мұрағаттардан алынған түпнұсқа құжаттардың көшірмесі зерттеудегі мәліметтердің құндылығын жоғарылатады, өйткені автор жұмыс жасаған мұрағаттар кейіннен өртеніп, ондағы құжаттар жойылып кетеді. Зерттеушілердің біразы Г. Миллерді өз дәуірінің империялық қыспағының шеңберінен шыға алмаған зерттеуші деп, оның еңбегін таза фактология, онда өзіндік ой-тұжырымдар жоқ дегенді айтқанымен, автордың 10 жылдан астам жинаған деректері қайталанбас туындыға жатады.
«История Сибири» еңбегінде XVI ғ. тарихи оқиғалары тізбектеліп, әсіресе Сібір билеушілері, Көшім хан, қарақшы Ермак, Мәскеудің казактар арқылы отарлау тарихы анық баяндалған. Онда осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастарының кейбір тұстарын ашуға көмектесетін фактілер де баршылық. Мәселен, мұнда 1574 жылы 30 мамырда Иван Васильевичтің Алтын Орда дәуірінен танымалы фамилия Строгоновтардың ұрпақтары Яков және Григори Строгоновтарға 20 жыл бойы алым-салықтан босатуы туралы грамотасы жарияланған. Мұнда Мәскеу патшасы: «... коли наши послы или посланники поедут с Москвы в Сибирь или в Казацкую орду или из Сибирии и из Казацкие орды к Москве мимо ту их крепость, и Якову да Григорью и их слобожаном нашим Сибирским и Казатцким послом и всяким нашим посланникам в те их льготные 20-ть лет подвод и проводников и корму не давати; а хлеб и соль и всякой запос послом и гонцам и проезжим людям и дорожным покупать по цене как там меж собя купят и продают; а проезжие люди всякие подводы и суды и гребцы и кормщики наймуют по тамошнему обычаю, как пригоже», - делінген. Бұдан көретініміз сол кезеңнің өзінде қазақ-орыс елшілігі орнаған, бірақта ресми құжаттардың жоқ немесе сақталмауынан нақты байланыстар туралы зерттеушілер тек болжамдар жасайды.
Сібір тарихын зерттеген Г. Миллер Ораз Мұхаммедті Қазақ ордасының сұлтаны деп атаған. Бұл сұлтанның Қараша мырзамен бірігіп, Сібір қаласын билеген Сейдекке келіп қосылуы, оны едәуір күшейткенін баяндайды.
Патша әкімшілігінде қызметте тұрған шенеуніктер қазақ халқының тарихын зертеулерін жалғастырды. А.И. Добромыслов 1755 жылғы Батырша басқарған көтеріліс кезіндегі қазақ пен башқұрттардың қарым-қатынасын талдап, И.И. Неплюевтың ұйымдастырушылық қасиеттерін атап көрсетті.
Ресейдің Қазақ хандығына қатысты өркениеттілік миссиясы С.М. Соловьевтың (1820-1879) еңбегінде айқын көрніс тапқан. Оның көзқарастары орыс тарихнамасында кеңінен таралған. Осы зерттеуші өзінің «История России» және басқа да еңбектерінде тағылықтың өркениеттілікпен алмасу тұрғысында тарихи процестің даму заңдылығы мәселесін көтеріп, оны орыс тарихын зерттеуде қолдануға тырысты. С.М. Соловьев І Петрдің парсы жорығындағы қызметін бағалау барысында, «бедный русский народ, если [Россия] станет посредником в торговом отношени между Европою и Азиею» деп оның баюға деген талпынысын айтты. Бұл жерде Соловьев Ресейдің өзге
елдердің халқын өркениеттілікке тартуға емес, ашық түрде пайдакүнемдік мақсаттарды көздегенін көрсетті. Қазақстандағы XIX ғасырдың екінші жартысында қоғамдық ойдың ірі өкілдерінің бірі, еңбектері сол кездегі зерттеулердің ішінде маңызды орынға ие ғалым және ағартушы Ш.Ш. Уәлиханов (1835-1865) болды. Оның шығармаларында біз нақты қорытындылар, тікелей бақылаулар және халықтың жадында сақталған оқиғалардан мәліметтер табамыз. Халықтың дәстүрі мен аңыздарын, сонымен қатар көптеген құжаттық материалдарды білуі XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихының қайғылы сәттерін, әсіресе жоңғар шапқыншылығы мен оның қазақ халқына тигізген салдарына байланысты Қазақстанның Ресейге қосылу себебтерін ауқымды және терең ашуға мүмкіндік берді.
Төңкеріске дейінгі XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарын қарастырған авторлардың еңбектерін саралай келіп, біз төмендегідей қорытындыларға келдік:
- Қазақ хандығы қай ғасырда да орыстарды қатты қызықтырған;
- Орыстар қазақ-орыс қатынастарын көбінесе Қазанды, Сібірді, Орта Азияны отарлау тарихынның шеңберінде қарастырған;
- Зерттеушілердің басым көпшілігі Ресейдің империялық саясатына мойынұсынған;
- Сол кезеңде жазылған еңбектердің көбісі бірін-бірі қайталау мен қазақтарды орыс елі құтқарушы, прогресс әкелуші, дамытушы ретінде көрсетуге тырысқан.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ-орыс қатынастары ерекше назарда болды. Көптеген зерттеушілер осы мәселенің әртүрлі қырларын зерттеуге кірісті.
«Из истории сношений казахов с царской Россией в XVIІІ в.» атты В. Лебедевтің мақаласы алғаш рет XVI-XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қатынастарын талдауға арналған. Онда автор Ресей империясының отарлау, тонау саясатын барынша ашып көрсетуге тырысады. Автор «грабительская сущность колониальной политики царизма» деп патша империясының отарлау саясатын ашықтан ашық әшкерелейді. Ол І Петрдің: «чрез многих изволил уведомиться об оной орде, ... всем азиатским странам и землям оная де орда ключ и врата и той ради причины оная де орда потребна под российской протекцией быть, чтобы только чрез их во всех странах комоникацию иметь и к российской стороне полезные способные меры взять», - деген сөзін келтіріп, отарлау саясатының мақсатын батыл көрсеткен болатын.
М.П. Вяткин 1941 жылы жарияланған «Очерки по истории Казахской ССР» еңбегінде қазақ-орыс қатынастары, қазақ-ойрат байланыстарының тарихы біршама обьективті баяндалған.
Тікелей қазақ-орыс қатынастарына арналмағанымен тарихшы А. Миллердің «Международное положение Казахстана во второй половине XVI века» атты ғылыми мақаласында екі ел арасындағы байланыстар біршама талданады. Автор қазақтардың көрші ноғайлар мен шайбанилермен Хақназар, Шығай, Тәуекел хандар тұсындағы халықаралық қатынастарын зерттей келіп, 1594-1595 жж. қазақ-орыс қатынастарын талдап, ол кезеңде алшақта жатқан
Ресей қазақтарға шынайы көмек көрсете алмағанын атап өтеді. Автор 1594-1595 жылдарғы қазақ-орыс қарым-қатынастарының уақытша аяқталуына байланысты А.П. Чулошниковтың пікірінен өзгеше, Тәуекелдің орыс елінің қол астына кіргісі келмегенімен түсіндіреді. Әрине, мақалада сол кезеңдегі саясатқа жат, хандардың тарихи тұлғасы мен олардың қазақ халқының басын құру үшін жүргізген күресі тоталитарлық режимнің идеологиясына қарама-қайшы келді, оның 1943 жылғы басылымға қатысты дау-дамайлардан да көрініс тапқаны тарихта белгілі.
А. Миллердің мақаласына Р.Б. Сүлейменов: «Деректік қорымен, ғылыми әдебиеттерде де бұл мәселенің шектеулігі, мақаланың аз көлемде болуы бұл кезеңге байланысты Қазақстанның халықаралық байланыстарын ашып көрсете алмады», - деп баға берді.
1945 жылы қорғалған Г.Ф. Бутлердің «Русско-казахские отношения в восточном Казахстане в XVIII в. и первой половине ХІХ века» атты кандидаттық диссертациясында алғаш рет қазақ-орыс байланыстары арнай зерттелген болатын. Бұл диссертация Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасының сирек қорында сақталған. Оны осы күнге дейін қазақ-орыс байланыстары мәселесімен айналысқан бірде-бір зерттеуші пайдаланбаған секілді. Бұл 301 беттік еңбек таза маркстік-лениндік идеологияның негізінде жазылғандығын бірінші бетінен-ақ аңғаруға болады.
1946 жылы ғылым академиясының хабаршысында жарияланған «К вопросу о казахско-русских отношениях в XVI веке» деп аталатын В.Б. Кобринның қысқа мақаласы жарық көрді. Мұнда автор XVI ғасырда қазақ-орыс елшілік, саяси, сауда-экономикалық қатынастарына, дипломатиялық байланыстарға негіз болған Ораз Мұхаммедке де тоқталады. В. Кобрин «В работах, появившихся в советское время, этот вопрос специально не разбирался, а лишь косвенно затрагивался в связи с общими вопросами истории России и Казахстана», - деп автор бірқатар кемшіліктерге жол береді. Автор сол кезеңдегі дипломатиялық байланыстардың деректері мұрағатта сақталғандығын айта келіп, олардың жарияланбағанын, онымен танысу мүмкін болмағанын, тек А. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, А. Миллердің зерттеулерімен шектелгендігін баяндайды. 38-ші жәшікте сақталған Қасым хан тұсындағы екі ел арасындағы байланыстардың тізімдемесін 37-ші жәшік деп шатастырғанын айтпағанда, орыстар Тәуекел ханға от қару берді деген жалған фактілерді келтіреді де, «В марте 1595 г. Московское правительство дало ответ. Оно принимало Тевеккеля в русское подданство и даже посылало ему «снаряд огнестрельный», т.е. пушку. Однако Московское правительство соглашалось освободить Ураз Мухаммеда лишь с тем условием, чтобы Тавеккель дал взамен другого заложника – своего сына Хуссейн-султана», - делінген. 1595 жылы В. Степановтың елшілігіндегі Тәуекел ханға жіберілген Федор патшаның грамотасында: «А только ваша к нам прямая правда и служба будет и Усейна-царевича к нам пришлеш, и мы брата вашего Уразмагмета-царевича...и со всем его родством, пожаловав своим великим жалованьем, к вам отпустити велим и с ним вместе многую рать свою с вогненым боем в Сомару послати велим» деген мәліметтерден ол кезде, кейін де орыстар от қаруды қазақтарға бермегенін көреміз. Құжаттарда Тәуекел хан Степанов елшілігіне қосып Мәскеуге Мұрат деген баласын жібереді. Неге екені белгісіз, ол туралы сол кезеңде де, кейін де зерттеушілер ауыз ашпайды.
Қорыта келгенде, алғашқы большевиктер партиясы билікке келген уақытта XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары арнайы түрде, жүйелі зерттелмеді. Оған себеп:
- деректер мен фактілердің шектеулігі;
- мұрағат құжаттарымен танысуға мүмкіндіктердің болмауы.
Зерттеулерді талдай келіп, еңбектерде көбіне бірін-бірі қайталау, одан қалса А. Левшин мен В.В. Вельяминов-Зерновтан көшіру орын алған. Кейде тарихи мәліметтер бұрмаланғанын да байқаймыз. Дегенмен, біз сол кезеңдегі зерттеушілердің барлығына топырақ шашудан аулақпыз, тек ақ-қарасын ажыратып, обьективті түрде тарих ғылымының даму тенденцияларын айқындап, жаңа ізденістерге жол ашпақпыз.
Кеңестік тарихнамада XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары мәселесі көбінесе екі ел арасындағы достық қатынастар, елшіліктер алмасуы және дипломатиялық миссиялар, сауда-экономикалық қатынастар деп көрсетуге, қазақ-орыс елшілік байланыстарын қазақ хандарының Ресей боданы болуының алғышарты ретінде көрсетуге негізделген сипаттау түрінде жазылған зерттеулерден тұратын. Оларда көпшілікке белгілі фактілер, әсіресе елшіліктерге байланысты, бірін-бірі қайталау басым еді. Сондай-ақ, XVI ғасырда басталған Ресейдің отарлау саясаты бүркемеленіп, ашық жазылмайтын.
Тәуелсіздік тұсында жазылған зерттеуші Г.Е. Сабденованың 2001 жылғы «Кеңестік дәуірдегі Қазақ хандығының көршілес елдермен байланыстарының тарихнамасы» тақырыбындағы мақаласында автор: «1943, 1949, 1957 жылдардағы ұжымдық еңбектердің деректемелік қоры жеткіліксіздеу болғандықтан Қазақ хандығының сыртқы байланысы тиянақты көрсетіле қойған жоқ», - деп сол кезеңдегі мұрағат материалдары мен жазба деректердің ғылыми айналымға қосылмағанына баса назар аударып, тек көрші елдермен байланыстарын зерттеу бағыттарында алғашқы қадамдарды ұлттық интеллигенция өкілдерінің еңбектерінде және зерттеулерінде көрініс тапқандығын атап өткен болатын.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1924 жылы жарық көрген зерттеуші А.П. Чулошниковтың «Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен» атты еңбегінде автор Қазақстан тарихынан, этногенезі мен саяси жағдайынан, оның ішінде қазақ-орыс қатынастарына байланысты мәселелерді қарастырады. Б. Сүлейменов А.П. Чулошниковтың еңбегі маркстік тарихнамадан алыс, онда буржуазиялық тарихнамада жинақталған мұрағат деректері мен фактілері көрініс тапты дейді.
А.П. Чулошников өз еңбегінде Хақназар хан тұсындағы қазақтар туралы ноғайлардың ежелгі Ресей мұрағатында сақталған мәліметтердің негізінде орыстар, қазақтар туралы үнемі біліп отырғанын айтады. Онда орыс елінің сол кезде-ақ Қазақ хандығымен байланыс орнатқысы келгендігін атап өтеді. Сондай-ақ автор орыс патшасы 1573 жылы саудагер ағайынды Строгоновтардың өтінуімен сауда-экономикалық мүддеде Третьяк Чебуковтың елшілігі келді дейді. Бұл елшілікті Көшімнің жиені Мәметқұл тұтқындап, елшілік нәтижесіз болды. А.П. Чулошников бұл тұста орыс елінің қазақтармен Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру мақсатында 1573 жылы елшілікті жібергенін атап көрсетпейді. Автордың оқиғаны тізбектеу желісі мен біздің логикалық жүйелеуіміз бойынша орыс елінің мақсаты - әскери одақ екендігі көрініп-ақ тұр. Ал елшінің ұсталуының өзі соның дәлелі. Мұнда А.П. Чулошников орыс елінің Сібірлік Көшімге қарсы әскери одақты Қазақ елінен іздегенін мойындағысы келмеген сияқты.
Сонымен қатар, А.П. Чулошников 1594 жылы Тәуекел хан тұсындағы Қазақ хандығының Мәскеумен байланысқа түсуінің басты себебі ханның немере інісі Ораз Мұхаммедті қайтару болды және ол мақсатқа жету үшін қандай болмасын шартқа көнуге мәжбүр болды деген тұжырымға келеді. Сондай-ақ, 1594-1595 жылдардағы қарым-қатынастар нәтижесіз болды деп, оған Тәуекел ханның орыстарға қатысты саясатын кілт өзгертуі себеп болғанын айтады. Бұл ретте автор қателесті, өйткені, Тәуекел хан орыс елшілеріне қосып ұлы Мұрат сұлтанды жіберген болатын. Ал орыстар өз сөзінде тұрмай, ханның немере інісін еліне қайтармайды. Әрине, Федор патшаның жіберген 1595 жылғы В. Степановтың елшілігі Тәуекел ханға орыстардың саясатын ашып берді. Сондықтан да, Қазақ ханы Тәуекел орыстар жіберуге уәделескен Ораз Мұхамметті де, «от қаруды» да бермейтініне көзі жетті.
Зерттеушілік дәстүрдің жалғасы М. Тынышпаевтың, С. Асфандияровтың және т.б. қазақ зерттеушілердің еңбектерінде жүзеге асырылды. Қазақ-орыс қарым-қатынастары жайлы түсінікті және оның Қазақстан үшін маңызын көп жағынан тереңдеп ашқан М. Тынышпаевтың 1925 жылы жарық көрген «Материалы к истории казахского народа» аты еңбегі болды. Бұл іргелі еңбек Орталық Азияның зерттеушілерін әлі күнге дейін аса қызығушылығын тудырады.
М. Тынышпаев А.П. Чулошниковтың еңбегіне пікір жазып, сынаған болатын. Ол өзін тек инженер ретінде емес, сонымен қатар қазақ тарихы мен мәдениетін терең білетінін көрсете білді. Мұхаметжан Тынышпаев А.П. Чулошниковтың еңбегінде Қасым хан тұсындағы Мәскеу елімен дипломатиялық байланыстарын дәлелдейтін мәліметтер түгелімен В.В. Вельяминов-Зерновтан көшірілгенін айтады.
М. Тынышпаевтың қазақ халқының тарихына деген үлкен қызығушылығы мен ғылыми эрудициясы А.П. Чулошниковтың кітабындағы жіберілген бұрмалаушылықтарды әділетті сынға алған. М. Тынышпаев бұл кітаптың ғылыми дәйексіздігін атап өтіп, былай жазады: «В предисловии автор говорит, что он задался целью «подвести научный итог ко всей проделанной, до сих работе по киргизскому прошлому», «оттенить промахи и пробелы предшествующей историографии»,которую нужно было «исправить и дополнить», в то же время оговаривается (введение XII), что работал в «глухой провинции, вдали от культурных центров», «с большим трудом и даже случайно добывал нужные книги и исторические материалы, не нашел ни одного лица, сведующего и опытного».
Жалпы М. Тынышпаев А.П. Чулошниковтың еңбегіне мынадай қорытынды шығарады: «1) Не менее ¼ книги не имеет отношения к казахам. 2) Автор не разобрался в главнейших исторических событиях, неверно представляет себе происхождение киргиз-казахов, не разобрался в родовых делениях, во взаимоотношениях их друг к другу; смешивает историю династий с историей народа (все казахи с джаныбековцами, все узбеки с шейбанидами), много места отвел фактам несущественным, пропуская в тоже время главнейшие события, немалым недостаткам является незнание языка, неумелое пользование преданиями, бесцеремонные обрашения с терминами (народность, племя, род), с эпитетами и т.д.
3) Исторические события то старается выводить из материалистического миропонимания, то рассматривает как результат деятельности отдельных личностей.
4) Большую часть примечаний, выносок, отдельных мыслей приводит так, как будто они взяты непосредственно из первоисточников (мусульманские историки, руские архивы), и что будто отдельные сличения пройзведены самим автором, тогда как они большею частью переписаны из книги 2 Вельяминова-Зернова». Осыған байланысты М. Тынышпаев Чулошниковтың монографиясын объективті және адал ниетті тарихи зерттеуге жатпайтындығын көрсетеді. Демек, кейіннен даусыз деп есептелген көптеген қағидалары шын мәнінде ондай болып табылмайды.
Қазақ зерттеушілері қазақ жүздерінің Ресейге қосылуын прогрессивті деп есептемеген, олардың ойлары бойынша бұл амалсыздықтан болған, және қазақтардың мүддесіне жауап бермегендіктен де отаршылдық саясатқа қарсы көптеген көтерілістер жасағандығын атап өту керек. Бұл көзқарасты М. Тынышпаев, М. Дулатов және А. Бөкейхановтар ұстанған. С.Д. Асфендияров өзінің еңбегінде олармен ниеттестігін білдіріп, бұл қосылу емес, шикізат көздерін алу мақсатындағы отарлау болған деп санады. XXғасырдың 40 шы жылдары кеңестік тарихнамада Қазақстанның болашақтағы дамуына қазақ-орыс қарым-қатынастарының прогресивтігі туралы көзқарас бекітілді. XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынастарына байланысты бірқатар мәліметтер Г.Е. Грумм-Гржимайлоның Орталық Азияның тарихи шолуында кездеседі. Саяси қатынастардың жекелеген аспектері М.П. Вяткиннің құрастырған Қазақстан тарихының алғашқы құрастыруларында берілген. Аталған еңбектер кеңестік тарихнамада белгілі бір қадам жасаған және қазіргі кездің зерттеушілеріне құнды құрал болады.
Н.Г. Аполлованың «Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII-начале XIX века» атты кітабында қазақ-орыс қатынастары Қазақстанның дамуындағы прогрестік мағынада талданады.
Едәуір тарихнамалық қызығушылықты XVIII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-орыс қатынастарын көрсеткен А. Сабырхановтың кандидаттық диссертациясы танытады. Ғылыми қоғамның назары аударалықтай Қазақстаннан Ресейге, Ресейден Қазақстанға аттанған елшіліктер туралы және т.б. мәліметтер ғылыми айналымға енген.
В.Я. Басиннің «Из истори русско-казахских дипломатических отношений в XVI-XVII вв.» атты еңбегінде қазақ хандығы мен Ресейдің қарым-қатынасы және олардың соңғысының сыртқы саясатындағы ролі туралы мәселелерді қарастырған. Кейініректе ол бұл мәселеге бірнеше рет оралып, толық көзқарасы «Россия и казахские ханства в XVI-XVIII вв.» атты еңбегінде беріледі. В.Я. Басин монографиясының кіріспесінде «Наша задача состоит в том, чтобы, критически используя доступные источники и материалы, показать роль, которую отводило царское правительство Казахстану в плане своих интересов. Ввиду того, что отношения между двумя государствами-Россией и Казахстаном –находились в зависимости от сложившейся международной обстановки, проблема представляет интерес не только для истории казахского народа, но и истории внешней политики России в целом».
Зерттеуші В.Я. Басиннің пікірінше қазақ-орыс байланыстары ресми түрде XV ғ. 90 жылдары басталған. Ол: «Официальные русско-казахские сношения начались, по-видимому, не позднее 90-х годов XV в., поскольку книги и списки о них упоминаются в русском архиве наряду с такими же списками сибирского хана Ибака, а последний умер в 1495 г. К тому же наибольшая необходимость в русско-казахском соглашении ощущалась именно в это время, так как все еще существовала, хотя и ослабленная, но не примирившаяся со своим политическим поражением, Золотая орда», - деген болатын.
XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарын қарастырған тарихи зерттеулерді тарихнамалық тұрғыдан тереңірек талдау мәселесі, бүгінгі Қазақстандағы тарихнама ғылымының дамуында маңызы зор. Өйткені, бұл кезеңдердегі қазақ-орыс қатынастары төңкеріске дейін де, Кеңес өкіметі тұсында да, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де зерттеушілер назарынан түспеген өзекті мәселелердің бірі болғанымен, тарихнамалық тұрғыдан алғаш рет зерделеніп, өзінің обьективті бағасын алғалы тұр.
1953 жылы И.В. Сталин қайтыс болғаннан кейін тарих ғылымының біршама жаңа бағыт алуына және еркінірек дамуына жол ашылды. Сталиндік
кезеңдегі догматизммен, «БКП (б) тарихы. Қысқаша курстағы» қасаң біржақтылықпен күрес басталды. Бұрын қол жетпейтін мұрағат қорларын қарауға рұқсат етіліп, олар ғылыми айналымға түсу мүмкіндіктеріне ие болды.
Кеңестік тарих ғылымы қатаң партиялық әкімшіл-әміршіл жүйенің негізінде дамығанымен, өзінің 70-жылдық тарихында бүгінде ғылыми жағынан құнды дүниелерді де алып келді. Бұл ретте көптеген мұрағат құжаттарының іздестіріліп, жариялануын, ортағасырлық әртүрлі тілдердегі деректердің аударылып, кітап болып басылып шығуын атап өту қажет. 1960 жылдан кейін КСРО жалпы тарих ғылымында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Оның дәлелі ретінде мұрағатта сақталған құжаттардың өңделіп, белгісіз болып келген ортағасырлық деректердің аударылып жариялануы жатады, яғни ғылыми айналымға көптеген тарихи деректер қосыла бастады. Олардың қатарына атап айтсақ, «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках», «Казахско-русские отношения в ХІХ-ХХ веках», «Материалы по истории Казахского ханство в XV-XVIII веков» және т.б. Әрине, сол кезеңдегі тарихи деректердің тапшылығын ескеретін болсақ, бұл тарих ғылымында орын алған үлкен өзгерістердің бірі еді.
Кеңес өкіметі тұсында өмір сүрген тарихшы В.Я. Басин, Т.Ж. Шойынбаев, Ф.Н. Киреев, Г.И. Семенюк және А.К. Алейникова сынды зертеушілермен бірігіп, көп жылдық ізденістерінің нәтижесінде «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках» атты құжаттар мен материалдар жинағын құрастыруға белсене қатысты. Бұл 1961 жылы жарыққа шыққан жинақта көптеген бұрын соңды белгісіз және екінің бірі қол жеткізе бермейтін мұрағаттан алынған деректер ғылыми айналымға тұңғыш рет енгізілді. В.Я. Басиннің кейінгі зерттеу еңбектері мен монографиясының да жазылуына осы деректермен таныс болуы, олармен жұмыс жасауы ықпал етті деп айтуымызға толық негіз бар.
Тарих ғылымдарының кандидаты атағын алған В.Я. Басин алғашқы қазақ еліне барған орыс елшілігі туралы 1965 жылы «Русское посольство Вельямина Степанова в Казахстан в 1595 году» деген мақаласын жариялайды. Автор бұл мақалада Қазақстан мен Россия арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың тарихи тамыры тереңде жатқанын айта келіп, XVI ғ. өзінде орыстар қазақтарды Бұхара мен Сібір хандығынан өз елін қорғаған ержүрек дала халқы деп бағалағанын атап өтеді. Дегенмен де, В. Басин Ресейге қазақ даласы Орта Азия мен шығыс елдерімен сауда қатынастарын жүргізу үшін қажет транзит жолы болғанын және орыс елі олармен бейбіт қатынаста болуға мүдделі екендігін жасырмады. Сондай-ақ, Сібір ханы Көшіммен соғысу үшін Тәуекел ханмен одақтасуға тырысқанын атап өтеді. Зерттеуші В. Басин Тәуекел ханның көздеген мақсаты – Сібір ханы Көшім мен Бұхара ханы Абдолламен екі майданда соғысып жатып, сол үшін де Ресеймен достасқысы келді деп көрсетеді. Бірақта, біз қазақ-орыс қатынастарына арналған құжаттарға сүйене отырып, 1594-1595 жылдары қазақтар Бұхара ханымен уақытша бейбіт қатынаста екенін аңғардық және де ол кезеңдегі екі ел арасында соғыс болып жатқаны туралы еш бір деректерде кездеспейтінін атап өтуіміз қажет.
Бұл мақалада зерттеуші 1595 жылы орыс елшілігі Вельямин Степановтың қашан, қалай және қанша адаммен қазақ жеріне баратынын, елшінің хан алдында не сөйлейтіні, сыйлықты қашан және қалай беретіні, ханның сұрағына жауабы да алдын-ала дайындалған нұсқада болды деп жазады. Сонымен қатар, елшінің міндетінде қазақ даласында қанша адам бар, олардың негізгі кәсібі, әскери күшінің құрамы мен саны, қазақтардың қалмақтармен және басқа да көрші елдермен қандай қарым-қатынаста екендігін білу де жүктелген еді дейді. Бұл орайда автор отарлайтын елдің жағдайымен жақсы танысқысы келетін Ресейдің көздеген мақсатын да ап-айқын көрсетіп отырғанымен, оны басқаша түсіндіреді.
Мақала авторы 1595 жылғы орыс елшілігін баяндай отырып, қазақ-орыс қатынастарының құжаттарынан цитаталарды ешбір талдаусыз сөзбе-сөз және сілтемесіз келтіреді. Ал соңында: «Қазақтар орыстардың қол астына бұдан көп кейін кіргенімен, қазақ халқының бұған талпынысын іске асыруға ықпал еткен Вельямин Степанов бастаған орыс елшілігі еді», – деп қорытындылайды. Мұндағы автордың «қазақ халқының орыс боданына айналуға талпынысы» тарихта болмаған жәйт. Өйткені, қандайда кішкентай, әлсіз халық болсын басқа елдің қол астына кіруге талпынбайды. Ал сол кезеңдегі Қазақ хандығы орыс елінің қол астына кіруіне мүдделі емес еді. Дегенмен де, бұл мақалада автор тұңғыш рет алғашқы 1594-1595 жж. қазақ-орыс елшілік алмасуларын ғылыми тұрғыдан баяндап береді.
В. Басиннің 1965 жылғы «Из истории русско-казахских дипломатических отношений в XVI-XVII веках» атты мақаласында автор: «XVI-XVII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары түбегейлі зерттелінбеген және сол кезеңдегі Ресей мен Қазақстан арасындағы нақты байланыстар XVIII ғ. қазақтардың орыс елінің қол астына кіруімен аяқталды», – дейді. Әрине, бұл мәселе толық зерттелінбеген мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ, бірақта XVI-XVII ғғ. орыс елінің қазақ жерлерін отарлауға талпынысы XVIII ғ. ғана іске асқан деп айтуымызға да болады.
Бұл мақалада автор қазақ-орыс байланыстарының түп тамырын сонау VII-XI ғғ. дейін алып барады. Шын мәнінде обьективті тұрғыдан қарағанда бұл кезеңде Қазақ хандығы да, орыс елі де өзінің этникалық территориясын айқындап, дербес мемлекет болып құрылған жоқ еді. Сондықтан да қазақ-орыс байланыстарын XV ғ. ІІ жартысы - XVI ғ. бастауымыз қажет секілді. Әрине, бұл тұста екі аймақтың (VII-XI ғғ.) байланыстарының тарихи сабақтастығын атап өткен жөн.
В. Басин қазақ этно-саяси одақтың құрылуымен-ақ екі ел арасында саяси және шаруашылық, дипломатиялық байланыстар орнады дей келе: «Жәнібектің ұлы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында, Қазақ хандығының бірінші рет гүлдену кезеңінде, Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық байланыстар орныққан еді. Оның дәлелі патша мұрағатының (1575-1584 жж.) құжаттарында сақталған 38-ші жәшікте «Қасым хан тұсындағы қазақтардың кітабы мен тізімі» деген жазудың болуы», – дейді. Сондай-ақ, автор Қасым ханнан кейін де орыстардың Қазақстанға деген қызығушылығы жойылмағанын жазады.
Мақалада автор орыс елінің Ноғай мырзаларынан, өз көпестері мен елшілерінен жинаған мәліметтерінің негізінде XVI ғасырдың 50 жылдары Қазақ хандығының күшейгендігін көрсете отырып, оның көрші елдер тарапынан үнемі шапқыншылыққа ұшырап отырғанын атап өтеді. Бұл жағдай қазақтардың күшті әрі сенімді одақтас іздеуге мәжбүр етті. Даладағы оқиғалар қазақтарға сондай одақтас солтүстік-батысындағы көршісі – Ресей ғана бола алатынына көздерін жеткізді деп көрсетеді. Біріншіден, Қазақ хандығы XVI ғасырдың ІІ-жартысында қайта өрлеп, көршілес Ноғай, Сібірдегі Көшім хандығына қорқыныш пен үрей тудыртып, Бұхара ханымен одақтасып отырса, ол неге одақтасты солтүстік-батыстағы Ресейден іздеуі керек. Екіншіден, мұнда Ресейдің мемлекет ретінде тарихтағы алаты рөлін тым жоғарылатып жібереді де, IV Иванның тұсында ғана Ресей саяси бірігуін аяқтайды дейді.
В. Басин Хақназар хан тұсындағы Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайының, оның Ноғай, Сібір мен Бұхара хандықтарымен қарым-қатынастарын көрсетіп, IV Иван тұсындағы орыс елінің сыртқы саяси жағдайымен ұштастыра отырып қарастырады. Сонымен қатар, Орта Азия, қазақ елі мен орыс мемлекеттері арасындағы сауда байланыстары, олардың қандай жолмен, қай маршрутпен жүзеге асатындығы да баяндалады.
Автор XVI ғасырдың II-жартысында қазақ-орыс қатынастары жанданды және екі елдің көздеген мүдделеріне сай еді дейді. Мұнда 1573 жылғы Третьяк Чебуков бастаған елшілікке тоқталып, оның мақсаты мен қорытындыларын ғылыми тұрғыдан талдайды. Мәселен, бұл елшіліктің басты мақсаты Ресейдің Сібірдегі Көшімге қарсы қазақ елімен әскери одақ жасасу екендігін және оның экономикалық негіздерін де атап өтеді. «Өкінішке орай, Третьяк Чебуков бастаған елшілік көздеген мақсатына жетпеді. Қазақтар мен орыстардың одақтасуынан қорыққан Көшім бұл елшілікті қазақ жеріне жібермеді. Оның інісі Мәметқұл 1573 жылы шілдеде Тобольск маңында елшілікті ұстап алып, жойды», - дейді.
Бірақта бұл елшіліктер осымен тоқтамады, 1594-1595 жж. екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қызу жүргендігін құжаттар негізінде көрсетеді.
Мақалада автор қазақ хандары Қасым, Хақназар, Тәуекел, Тәуке хандарды көреген саясаткер, күшті қолбасшы екендігін жасырмайды. В. Басиннің айтуынша «Ресейге батыстағы Сібірдің қосылуы қазақ-орыс дипломатиялық байланыстарының нығаюы мен дамуы үшін маңызды роль атқарды. Өйткені, XVII ғасырдың басында Қазақстанның батысында алғаш орыс мемлекеті пайда болған еді», - дейді. Әрине, бұл тұста Сібірдің Ресейге өз еркімен қосылмағанын оның Көшім ханмен қаншама жылдар бойы соғыстары дәлел бола алады.
Бұл мақалада автор XVII ғасырдың 20-60 жылдары екі ел арасындағы қатынастардың әлсірегенін, оған әсер еткен факторлар – тонаушы тобырлар мен Жоңғарлардың агрессиясы деп көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ-орыс қарым-қатынастарының күшеюіне Орта Азиялық саудагерлердің әсері болғанын автор атап өтеді. Өйткені, Түркістаннан Тобольскіге өту үшін ортаазиялық көпестер қазақ хандарынан арнайы түрде рұқсат алғанда ғана жүзеге асты. Сондықтан да, қазақ-орыс қатынастарына ортаазиялық көпестерінің де ықпалы болды.
1694 жылы Тәуке хан І Петрге Тайқоңыр Қолтубай Аталықты жібереді, ал орыс елі өз кезегінде қазақ даласына Андрей Неприпасов, Василий Кобяков, Федор Скибин, Матвей Трошин бастаған елшіліктерді жіберді. Бұл елшіліктердің ортақ мақсаты – саудагерлерді тонаушы тобырларды анықтап, оларды жою еді.
В. Басин XVI-XVII ғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарына, елшіліктердің тарихына тоқтала отырып, төмендегідей қорытындыларға келеді:
- XVI-XVII ғғ. қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси және сауда байланыстарын кеңейтті;
- Сондай-ақ, география ғылымы үшін үлкен үлес қосты. Елшілердің аймақ туралы мәліметтері топография мен гидрографияны байытты;
- XVI-XVII ғғ. қарым-қатынастар XVIІІ ғ. Қазақстанның Ресейге қосылу процесіне алғышарт болды;.
В. Басин 1968 жылғы «О сущности и формах взаимоотношений царской России и Казахстана в XVIІІ в.» деген мақаласында патшалық Ресей мен Қазақ хандығының XVIІІ ғ. қарым-қатынастарын, Кіші, Орта, Ұлы жүздердің Ресей қол астына кіруін жан-жақты талдайды. Зерттеуші М.П. Вяткин, П.Г. Галузо, Н.Е. Бекмаханова, Н.Г. Аполлова, А.П. Чулошников және т.б. еңбектерінің негізінде өзіндік қорытындыларға келеді. Автор бұл ретте ең алдымен халықаралық-құқықтық категорияларға түсініктеме береді. Мұнда «вассалитет» немесе «протекторат» терминдеріне тоқталып, тарихи оқиғалармен дәлелдеп отырып «Ресей вассалитеттің де элементтері бар, формасы мен мазмұны өзгешелеу протекторат институтын пайдаланды», - деп қорытындылайды.
В. Басин өзінің «Казахстан в системе внешней политики России в первой половине XVIІІ веке» атты мақаласында Қазақстанды Ресейдің сыртқы саясатында алатын орнына тоқтала отырып, орыс мемлекетінің шығыстағы саясатының жүзеге асуына Қазақстан негізгі көздеген мақсат екендігін атап өтеді де, мынандай қорытындыларға келеді: XVIІІ ғ. басында қазақ жүздерінің билеушілері Ресеймен байланыстарын Жоңғар хандығымен күресу үшін әскери көмек алу мақсатында пайдаланғысы келді. Бұл жағдай Ресейдің жоспарына да сәйкес келді. Өйткені, орыс елі Жоңғар хандығын әлсіретіп, қазақ даласына өз ықпалын күшейтпек болды.
XVIІІ ғ. бірінші ширегінің соңында қазақ билеушілері өзара алауыздық пен феодалдық бытыраңқылықта олар өз күшімен Жоңғарларды жеңе алмады. Сондықтан да қазақ билеушілері Ресей құрамына кіруге талпынды, -дейді. Әрине, автордың бұл қорытындыларын тарихшы В.А. Моисеев сынға алды.
XVI - XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары В. Басиннің көлемді монографиясы «Россия и Казахские ханства в в XVI-XVIIІ вв.» деп аталатын еңбегінде қарастырылған. Бұл зерттеу еңбегін Н.Г. Аполлова сынап, көптеген мәселелерімен келіспейтіндігін айтып, өзіндік бағасын берген болатын. Сонымен қатар, монографияның кіріспесінде мұрағат деректері мен зерттеу еңбектері толыққанды қарастырылмаған және сілтемелерінің кейбірі дұрыс келе бермейді, сондықтан еңбекті пайдаланғанда оны ескеру қажет дейді Н.Г. Аполлова.
Бұл сындарды В. Басин өзінің «К изучению документальной основы истории присоединения Казахстана к России» деген 1981 жылы жарық көрген
мақаласында ескерсе керек. Автор мұнда көптеген деректер мен мұрағат қорларындағы материалдарды біршама талдайды. Соңында В. Басин қазақ-орыс байланыстарының XVI ғ. мен XVIІ ғ. дейін 100 жыл аралығында үзілмеген, ол қатынастар туралы құжаттар жоқ болғанымен, сол кезеңдегі оқиғалар бұған дәлел бола алатынын айтады.
1965-1980 жылдар аралығында XVI-XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарын зерттеген В.Я. Басиннің еңбектерін біршама талдап, негізгі мынандай қорытындыларға келдік:
- XVI-XVIІІ ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарын алғаш рет В. Басин кешенді түрде зерттеуге тырысқан;
- Қазақ-орыс қатынастары XVI ғ. бастап үзіліссіз Ресей боданына айналғанға дейін жалғасқан ұзақ та, күрделі тарихи процесс;
- В.Я. Басин өзінің монографиясында қазақ-орыс байланыстарын Ресейдің сыртқы саясат жүйесі контексінде қарастырады;
- Сонымен қатар, В. Басин өз еңбектерінде мұрағат деректерін толыққанды талдамаған деген қорытындыларға келдік.
Қорыта келсек, Патшалы Ресей, Кеңес өкіметі тұсында орын алған кемшіліктер, идеология XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қатынастары мәселесін зерттеуде көптеген бұрмалаушылықтарға соқтырғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, қазақ-орыс байланыстарының көптеген көлеңке тұстарын бүгінгі күн талаптарына сай, жаңа теориялық-методологиялық тұрғыда, обьективтілік, тарихилық принциптерді басшылыққа ала отырып зерттеу қажеттілігі заман талабынан туындап отыр.
XX ғасырдың 50-60 жылдары қазақстандық зерттеушілердің арасында XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынас мәселелеріне деген қызығушылық күшееді. Г.Ф. Дахшлейгердің, С.З. Зимановтың еңбектері жазылады. Төңкеріске дейінгі кезеңнің алғашқы тарихнамасы болатын Б.С. Сүлейменовтың «Проблемы истории дореволюционного Казахстана в советской историографии» атты еңбегін ерекше атап өту керек.
Кеңестік кезеңдегі тарихнаманың жалпы сипатына тән белгілер идеологиялық диктат, көптеген еңбектерді бір типтес еткен саяси тапсырыстың болуы. Сонымен қатар, кеңестік тарихшылардың мәселені зерттеуге қосқан маңызды үлесін жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанның Ресейге қосылуының прогресивті нәтижесі туралы концепцияның басымдығына қарамастан, кеңестік тарихшылармен мәселенің проблемасын кеңейіткен бірқатар тақырыптар жасалынған. Бірте-бірте ғылыми еңбектердің деректік негізі кеңейіп, тарихнамалық зерттеулер пайда болды.
Біздің ойымызша, төңкеріске дейінгіден кеңестік тарихнама таптық идеология мен догмаға негізделген, жұтаңдаған маркстік методологияға берілген болса да, толық ғылыми зерттеулер мазмұнымен ерекшеленеді. Бірақ мұқият қарастыру барысында жанасу орындарын табуға болады.
XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынасы мәселелеріне қазіргі қазақстандық тарихшыларының көзқарастарының эволюциясын толығырақ қарастырып көрейік. Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты бұрын кеңестік тарихнамадағы үстем болған «шексіз мейірімділік» концепциясынан
айырмашылығы, көбірек плюралистік көзқарастар мен бағалаулар әртүрлі болып келеңсіздік, жағымсыздықтан ашық мақтаушылыққа дейін күрт өзгерді. Мысалға, М.Қ. Қозыбаевтың тарихнамалық очеркінде К. Маркстың Ф. Энгельске хатының үзіндісінен дәйексөз келтіреді: «Россия действительно играет прогрессивную роль по отношению к Востоку. Несмотря на всю подлость и славянскую грязь, господство России играет цивилизирующую роль для Черного и Каспийского морей и Центральной Азии для башкир и татар». Тарихшы мынадай сұрақ қояды: «Что же изменилось сегодня в оценке роли России для народов Востока?». Жауап мынадай: «Вся подлость и славянская грязь» России для народов Центральной Азии однозначно состояла в колонизаторстве, политике геноцида и этноцида, русификации, изъятия плодородных земель у казахов, в подовлении национально-освободительного движения и т.д.».
Біздің зерттеу тақырыбымыздың аясында қазақтың белгілі этнографы М.С. Мұқановтың еңбегі елеулі қызығушылық танытады. Автор Қазақстанның солтүстік территориясын күшпен тартып алуға шақырған орыс жазушысы А. Солженицынмен, Қазақстанды саясаткер мен ғалымға жол бергісіз «кровоточачем сегодня уголке страны» деп балағаттап зілденіп, референдум жолымен территориялық келіспеушіліктерді шешуге шақырған этнограф, кейінірек белгілі саяси қайраткер Г. Старовойтовамен өткір пікірталасқа түскен. Осындай негізсіз және жауапкершіліксіз мәлімдемелерді М.С. Мұқанов дәлелді еңбекпен теріске шығарды. Ол араб, парсы, византиялық, батыс европалық, қытай жазба деректерінің сондай-ақ, Қазақстан жерінде болған немесе басқалардың мәліметтері бойынша қазақ даласын суреттеген саяхатшылар мен тарихшылардың еңбектерінің негізінде XVI-XVII ғасырларда құрылған қазақтардың тарихи этникалық территориясы қазіргі Қазақстан Республикасы территориясында өмір сүріп жатқан қазақтардың жері екендігін дәлелдеді.
Оған орыстардың Орталық Азия территориясына қоныс аударуының тарихи үрдісін зерттеуге арнаған И.В. Ерофееваның жұмысы қайшы келеді. Ол Рудный Алтай территориясы мен Жоғарғы Ертістің сол жақ жағалауы алабында Семейден Зайсанға дейін XVII-XVIII ғасырдың бірінші жартысында тек ойрат тайпалары мекендеп, олар XVIII ғасырдың ортасына дейін алғашқы орыс қоныс аударушыларының жақын көршілері болған деген қорытындыға келген. И. Ерофееваның көшпелі қазақтар мен ойраттардың территориясы мен шекаралары туралы ешбір хабары жоқ ресми орыс деректеріне ғана негізделген дәлелдері күмән келтіреді. Сонымен қатар, ол өзінің айтқандарына қарсы келіп, алғашқы орыс қоныс аударушылары бұл аймақта XVIII ғасырда ғана пайда болған дейді.
Г. Мендигулованың ойы бойынша Ресейдегі қазақ иррендентасы царизм кезеңіндегі байырғы қазақ территориясын Ресей мемлекетінің отарлауы мен қосып алуымен, сондай-ақ, кеңестік кезеңде Орта Азияны ұлттық-территориялық межелеуде 1924 жылы РКФСР-ның пайдасына Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстанның солтүстік шекаралық жерлерін негізсіз тартып алулары нәтижесінде құрылған. Төменгі Поволжье, Оңтүстік Орал, Оңтүстік-батыс Сібір территориясы қазақ халқының таралу ареалына кіреді, ол ежелден бері осында өмір сүріп, қазақ этногенезіне қатысқан ру-тайпаларының шежіресімен дәлелденеді. Сонымен қатар оның айтуы бойынша қазақ ру-тайпалары Оңтүстік-Батыс Сібір территориясын орыс отарлаушыларының бұл өңірге келгеніне дейін қоныстанған. Кеңестік кезеңде РКФСР-ның құрамына Астрахань, Орынбор, Тобыл, Томск, Енисей губернияларының жерлері қосылып, сонымен қатар оның есептеуі бойынша жалпы көлемі 600 мың кв. шақырым болатын Орынбор, Сібір және жартылай Орал казак әскерлерінің жерлері өткен. Автор Ресейдегі қазақ ирренденті қазақ халқының этножағрафиясын білмеуінен немесе әдейілеп үнсіз қалуынан, осы территориялардағы жергілікті халықтың экономикалық, этникалық және де басқа да мүдделерін мүлдем елемеуінен пайда болды деген қорытындыға келеді. Айтылған жерлерге орталық және кішіресейлік губерниялардан қоныс аударушылардың қарқынды орналасуы оның ойынша халықтың этникалық құрамының өзгеруіне алып келіп, бұл кейіннен төменгі Повольже, Оңтүстік Орал және Сібір жерлерін «исконных русских землях» деп айтуына мүмкіндік берді дейді.
XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынас мәселелеріне қазақстандық тарихшыларының көзқарастарының шоғыры осындай. Оған бірқатар ресейлік зерттеушілердің пікірі қарсы тұрды. Олар Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынас тарихын, бұл аумақтағы Ресейдің саясаты басқыншылық, ал қосылудың әсері кері болғандығы, Ресей халықтың ұлттық байлығын тонап, қазақтардың мемлекеттілігін, жақсы жерлерін тартып алған «солтүстік қанішер жыртқыш» ретінде бейнеленген көзқарастарды қайта қарау қажеттілігін негіздейді. Осы айтылған пікірден Ресейлік тарихнамада европацентристік, царизмның Қазақстандағы отарлық саясатының патерналистік тұжырымдарының үстем етуін анықтауға болады. Жалпы қазіргі кезеңдегі ресей тарихнамасында ресей-қазақ қатынастарына байланысты бірқатар зерттеушілердің ойлары Қазақстандағы, сонымен қатар басқа да Орталық Азиялық елдердегі ғылыми ізденістер бұрынғысынша Ресейдің прогресивтік және өркениеттік миссиясы тұрғысынан қарастырылуы керек деген ұстанымда. Сондай-ақ, оларда Қазақстандағы тарих ғылымы қажетті бағыттағы қоғамдық ойды қалыптастыратын саяси тапсырысты орындайды деген терең сенімі қалыптасқан. Қазіргі кезеңдегі Ресейлік тарих ғылымы өкілдерінің бірқатарына мынадай ой айту үйреншікті болып қалды: «Национальная история, написанная с подобных позиций (Ресей империясының отарлық саясатын сынауға байланысты), представляет собой крайний взгляд. Для историков данного региона характерны и менее жесткие точки зрения. Все зависит от того, что пропагандируют средства массовой информации и выступления первых лиц государства. Так, отвечая на вызов политической элиты, формируется национальная историография, основой которой является переосмысление прошлого посредством культивирования национально-патриотических взглядов, особенно в оценке истории взаимоотношений русского народа и народов Центральной Азии на протяжении предшествующих столетий».
Зерттеуші В.А. Моисеев: «Қазақстандағы патша үкіметі мен кеңестік режимнің жіберген барлық қателіктері мен қылмыстарында сөз жоқ, бірақ кеңес үкіметі қазақтарға мемлекеттілік беріп, қазақ халқын ортағасырлықтан шығарып алды. Бұл мемлекеттілік (1920 жылғы автономиялық Республика және 1936 жылғы одақтас Республика) қолдан жасалып, ол ішкі дамудың өнімі болған жоқ. Оның құрылуы, Ресейдің есебінен және оған нұқсан келтіріп, Орта Азиядағы басқа да мемлекеттік құрылымдар сияқты билеуші партияның ұлттық мәселені шешудегі дұрыстығын көрсетуі еді», - деп тұжырымдайды.
Тағыда бір ойды келтіріп кетуге болады. Жоғарыда аталған мәселелер арасында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыстар мен жергілікті халықтар арасындағы қарым-қатынас үрдісі елеулі түрде қайта қаралды. Кеңестік тарихнамада ол тек қана патерналистік болып анықталған, сондықтан да, прогресивті деп саналды. Посткеңестік кезең өңірлердегі этникалық қауымдастықтардың ұлттық өзін-өзі басқаруға талпынысымен сипатталады. Бұл үрдістегі негізгі рөлді ұлттық тарихты қайта жазуға бөлінген, онда өткеннің оқиғаларын саяси амбициялардың пайдасына таңып түсіндіру басым. Бұл бағыт тәуелсіздігін алған Қазақстан тарихнамасында да айқын көрініс тапты. Тәуелсіз Республика тарихшыларының тарихи танымындағы қазақтардың өткені туралы ресми тұжырымдамасы Е.В. Безвиконнаяның қорытындысы бойынша, өлкенің отарлық басып алушылығының басталуы, дәстүрлі қазақтардың қоныстанған жерлерін аннекциялауға алып келген ішкі және сыртқы жағдайлардың әсірінен қазақ халқы ресейлік бодандықты еріксіз қабылдау фактісін мойындауға негізделді. Отарлау көшпелі қоғамның дәстүрлі басқару жүйесін, мәдениеті мен салт-дәстүрін құртатын механизмге айналды. Бұл ой қорытуларда «жаулап алу», «бағындыру», «отар» сияқты терминдер кеңінен пайдаланылып, оларға нақты анықтамалар берілмеді. Міне, Қазақстандағы тарихи білімді аңызға айналдыруды сынайтын және өз аңыздарын қорғап, жаңасын тудыратын Ресей зерттеушілері бір бөлігінің көзқарасы осындай.
Ұсынылған әдебиеттер:
1.Казақстан тарихы. Очерк. 2.Қазақстан тарихы. 5-томдық 2-том., 2-бөлім, 1-2 тараулар.
3.Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім
4.Абусейтова М.Х. Казахско ханство во второй половине XVI-века. А., 1985.
Достарыңызбен бөлісу: |