Дулат Қалитов, техника ғылымдарының докторы, профессор



Дата01.07.2016
өлшемі24.28 Kb.
#169808
Дулат ҚАЛИТОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор

Жанар ТАЛАСБАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ислам шуағын шашқан баба
"Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" тұсында Қаратаудан төмен қарай тасыған өзендей жөңкілген Атығай руына жататын жұртшылықтың көпшілігі Есілдің күнгей жағына келіп жайғасқаны мәлім. Құлеке батыр бастаған олар Есіл бойын жаудан тазарту жолында қанын да төкті, тіпті, жанын да берді. Солардың бірі емес, бірегейі - Маңыбай батыр қазіргі Есіл ауданындағы Жарғайың ауылының түтіні шығандаған топырақта дүниеге келген көрінеді.

Міне, осы батырдың ұрпақтарының бірі - Данияр Оразұлы батыр бабасының жолын қумапты: од біріншіден, би болыпты, екіншіден, Алланың ақ жолымен жүріп, мешіт тұрғызған ерен тұлға. Әсіресе, соңғысы оңай соқпайды: патшалық режімнің ислам дініне қойған шектеуіне ол да тап болады. Мешіт салу үшін орыс билігінен рұқсат алуға 1850 жылы кіріседі: Андағүл - Ораз - Бәйімбет болысының болысы Шөкей Жалғариннің рапорты бойынша Сібір қырғыздары шекаралық басқармасының бастығына хат жазылады. "Көкшетау округіндегі өзіне тиесілі жердегі Оразов Данияр бидің мешітінің құрылысы туралы іс" деп аталатын мұрағат деректері 1850 жылғы 31 маусымнан 1854 жылғы 24 қыркүйекке дейінгі кезеңді қамтыған. Климовский дегеннен басталатын хаттарда сан жоқ. Оларға полковник Спиридонов, генерал-майор Борславский ж.б. қол қойған. Ақыр-соңында 1853 жылғы 26 ақпанда Омбы қаласында жазылған №1553 рапортта шекаралық басқарма Данияр би мешітінің құрылысы аяқталғандығын хабарлайды.

Бұл мешіт Жарғайың ауылының қазіргі зираты орналасқан тұста күмбезі күнге шағылысқан ғибадат мекені болыпты. Онда Данияр бидің арманын ұлы жүзеге асырды: Тоқпет деген перзенті молдалық құрды. Ол кезде молда болып тағайындалу да оңай емес екен: Көкшетау округіндегі Андағул - Ораз - Бәйімбет болысының тұрғыны Тоқпетулла Данияров әкесі Данияр Оразов салған мешіттің молдасы болып сайланады. Орынбор Діни жиналысында емтихан тапсырып, онда алған куәлігін патша ағзам -Александр Николаевичке жібереді. 1859 жылдың ақпанында Орынбор мүфтиі Тархан Пейманов қолын қойып, мөрін басқан бұл куәлік те мурағатта бар.

Бухарада оқып, терең білім алған Тоқпет "хазірет" атанды. Бұған қажылығын қосыңыз: Меккеге екі рет барыпты.

Бір қуаныштысы - оның ұрпақтары да дүниенің жауабын діннен табуға тырысты. Солардың бірі - Смағұл атамыз кеңестік кезеңнің өзінде молдалық құрып, Құранын да, құманын да қолынан түсірген жоқ.

Міне, осылардың бәріне де өнеге болған бабамыз Данияр би еді. Қара қылды қақ жарған би болған және Алланың жердегі үйін тұрғызған оны заман ағымынан қалыспаған озық ойлы тұлға деуіміз керек. Қазақ өлкесі Ресейге қосылғаннан кейін олардың жақсысын үйренген бабамыз осы төңіректе бірінші болып ағаш үй салған. Бұл ретте қайырымдылықтың ғажап үлгісін көрсеткен өз қаражаты есебінен ауылдастарына 14 ағаш үй салып берген. Отырықшы тұрмысқа ойысқан Данияр би қырда егін жайқалтуға да кіріскен көрінеді.



Кеңестік идеологияның салдарынан есімі де, еңбегі де ауызға алынбаған бұл бабамызға қатысты олқылықтың орнын енді толтырмақпыз: Жарғайың ауылында жаңа мешіт тұрғызылуда. Баяғыда би бабамыз салған мешіт қандай - бұл дәл сондай! Оғаң әрине, бабамыздың есімін бермек ойдамыз. Ескінің көзі, жаңаның өзі болатын бұл мешіт биыл пайдалануға беріледі.
// Солтүстік Қазақстан. - 2014. - 23 қырқүйек

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет