М.Б.Шындалиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан
Очерк - негізінен әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерін қозғайтын жанр. Очерктің мақсатының өзі – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамға ықпал етуге талпынады. Очерк түрлерінің әр қилы мақсатқа орай өзіндік стилі бола отырып, сендіру, ұйымдастыру, иландыру тәсілдерін де пайдаланады. Очерк жанрының лирикаға жақындығы туралы орыс ғалымы Н.И. Глушков: “Говоря о родственности публицистического чувства лирическому, нельзя забывать о том, что в художественном отношении публицистическая лирика – явление более сложное, чем обычная публицистика. Кроме собственно-публицистических средств создания эмоциональной выразительности, здесь вступают в поэтическую работу другие средства: ритмико-звуковая инструментовка стихов, больший диапозон эмоций. То же самое (в необходимой литературно-родовой трансформации) происходит в других формах художественной публицистики (очерке, репортаже, памфлете и.т.д.)” [1,18 б] дейді.
Көркем очерк жанрының негізгі түрлерінің бірі – лирика-философиялық үлгісінің қозғайтын мәселесі - замана тынысы, көзқарас қайшылығы, өзекжарды мәселелерді арқау етеді. Сонымен қатар, лирика-философиялық очерктерде автордың көңіл-күйі, сезім әсері байқалып, ойшылдық сарыны басым келеді. Бұл көркем очерк түрінде лирикалық кейіпкерлердің тебіреніс-толғаныстарына сәйкес очеркші ой-тұжырымдарға елеулі орын беріп, баяндалатын оқиға немесе құбылыс жайында өзінің дүниетанымы, қоғамдық өмірге, болған жайға көзқарасы тұрғысынан баяндайды. Лирика-философиялық көркем очерктерде өмір көріністері лирикалық кейіпкер көзімен суреттеле отырып, көбінде танымдық тұжрымдама, әлем, қоғам заңдылықтары түсіндіріліп, талдауға ұмтылыс жасалады. Лирика-философиялық көркем очерктерде адамдардың әртүрлі қарым-қатынасы, өзі өмір сүрген қоғамдағы қайшылықты жағдайлар, саяси-әлеуметтік өзгерістер бір-бірімен астасып, жалғаса келе, оқиға желісін де құрайды. Бірақ бұл үлкен желілі оқиға, іс-әрекеттер болмаса да тұтас тұлға, көркем бейнені айқын көз алдымызға елестете алады. Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде автордың өз бейнесі тұтас тұлға ретінде көрінуі мүмкін. Бұл тұста очеркші қоғамдық-эстетикалық, мәдени-тарихи мұраттарды, дәуір тынысын, халық тағдырын қалай түйсінсе, солай суреттейді.
Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде қаһарман - автордың өзі болғандықтан, баяндалып келе жатқан оқиға, не құбылыс жайлы әңгімесін кілт тоқтатып, өзі жайлы, не басқа бір мәселе төңірегінде де айтып бере кетуге бел буатын тұстар кездеседі.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер үлгісі толық қалыптасып болмаса да, жекелеген жазушылар шығармаларында осы очерк түрінің поэтикасына тән, көркемдік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан туындылар баршылық. Олардың қатарында Саттар Ерубаев, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкейдің очерктік туындыларын атауға болады.
Кез келген очеркші қоғамның, өмір сүріп отырған адамдардың рухани өсіп, өркендеп, өзгеруіне қайткенде де нақтылы пайда келтіруді көздейтіні сөзсіз. Очерк жанрының өзі қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындағанын ескерсек, кез келген очеркші шындықты жазуға ұмтылып, уақыттың рухына сайма-сай мәселелерді көтеретіні де сөзсіз.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер қатарын интеллектуалдық-философиялық өресімен, логикалық тереңдігімен, интеллект биіктігімен, ойының ұшқырлығымен, фактілер молдығымен, көтерген проблемасының маңыздылығымен ерекшеленетін жазушыларымыздың бірі – Әбіш Кекілбай.
Кез келген шығарманың нақты бір өмірлік объектіні арқау етуі үшін қаламгер құжаттық материалдарды пайдалана отырып жүзеге асырады да, оның қоғамдық-әлеуметтік маңыздылығын арттыратын негізгі нысанасы философиялық мәні уақыт пен дәуірдің шындығын сығымдап көрсете білуінен аңғарылады. Бұл биік деңгейге көтерілу бірегей жазушылардың ғана қолынан келеді және мұнда шынайы ықылас, батырлық, шеберлік қатар жүргенде ғана, жоғарыдағы межеге жетеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем очерктің лирика-философиялық түріне қалам сілтеген жазушыларымыздың бірі - Әбіш Кекілбай. Оның көркем очерктерінің негізіне қарапайым қазақ аулының адамдарының тұрмыс-тіршілігі, өмір шындығы, адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынастар, бауырмалдық жарқын қасиеттер, адамгершілік биік парасат, өзгеріске толы өмір суреттері арқау болады.
«Тарих та, бүгінгі күн де – тіршіліктің тартыс аренасы. Мұның өзі суреткер Әбіш туындылары үшін тиек боларлық көркемдік фон, көркемдік декорация ғана.
Ал, шығармаларының басты өзегі – тарих философиясы. Осы призма арқылы суреткер Кекілбайұлы, ең бастысы, тағдырлар философиясын алуан тұрғыдан мейлінше саралап көрсетеді. Сондықтан шығар, тарих пен бүгінгі күннің өзіне тән философиясы әрқашан көркемдік философияға айналып кетеді. Оның үстіне Тағдырлар философиясы – көркемдік философияға, ал Көркем философия – тағдырлар философиясына айналып жатады» [2,148 б],- дейді сыншы Сайлаубек Жұмабек. Расында да, Әбіш Кекілбайұлының қай көркем очеркіне зер салсақ та байқалатыны, өзіне тән философиялық өрнегі мен тарихи өрімі қатар жүреді. «Сайранқұмарлық санаға тұсау» атты философиялық ой-толғамдарға толы көркем очеркінде автор Адам концепциясы, рухани ізденістердің жемістері, қоғам проблемалары, қоғамдық сана, әдебиет пен мәдениетті саясаттандыру, электронды революция мәселелеріне жан-жақты тоқтала отырып, сараптама жасайды. Автордың телевизор экранының қаншалықты зиян әкеліп отырғандығы туралы ой-пікірлері орынды: «Тұтынушы қоғам идеологтары экран арқылы тарайтын «мәдениет» жұрнақтары сол жүйесіз түрінде, үздіксіз қалпында жас жеткіншектің әлі қалыптасып болмаған санасына орасан зор информация мен әр алуан көріністерді боратқан үстіне боратып, оның көкірегінен ата-аналары, жанашыр ағайын-тумалары, ойда жоқта оқып қойған әдеби кітаптары мен мектептегі ұстаздары құлағына құйып баққан «мәдениеттің ежелгі» дәстүрлеріне тән моралистік уағыздардың бәрін қуып шықпақтың аса күрделі стратегиясын жасақтап шығарды» [3,17 б],- деп ой қорытқан қаламгер телевизор экраны, адамзаттың көп ғасырлық әлеуметтік, рухани тәжірибесінің бәрін айырбастай алмайтынын, теледидар экрандарындағы жүйесіздік рухани әлсіреуге әкелетінін болжаған очеркші рухани кемелдік, биік сананың қалыптасуын тежейтін де осы теледидар екенін ашық дәлелдейді.
«А.Кекильбаев – один из интереснейших самобытных писателей современности. Его произведения отличаются неповторимостью художественного рисунка, емкостью содержания. В них удивительным образом сочетаются лирическое и философское начала» [4,326 б]. Биік талғамсыз парасат болмайтынын түйіндеген автор бұл очеркінің философиялық түйінін парасат пен пайымды азаматтық сана мен рухани мәдениет болған жерден ғана іздеу керек екенін баса айтады. «Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол» лирика-философиялық көркем очеркі -көлемді, көтерген проблемасы да ауқымды, тарихи-мәдени мұраның кешегісі мен бүгінгісін салыстыра келе, ертеңін де болжаған үздік шығарма. Бұл очерктің негізгі идеясы – мұрагер болып үйренуге шақыру, күрескерлікке, жасампаздыққа қол жеткізгенде ғана қай халық болсын өз мұратына жететіні жайында.
Қазақ мәдениетінің тарихы, ұлт тарихы, мемлекет, қоғам тарихы екенін очеркші философиялық толғамдарымен түсіндіре отырып, өсімдік, жануарлар дүниесі де адамзаттың бір бөлігі екенін, оны Адамның ұмытпауын тілеген автор бүкіл планета тағдыры мен адамдар тағдыры бірлікте, бір-бірінен бөлуге болмайтынын жан-жақты дәлелдеп, жарыспалы дамыған елдер мәдениетін салыстырған тұстарының танымдық қасиеті мол шыққан. Әр елдердегі мәдениет, тарих, әдебиет дамуын шымыр да шыншыл кескіндеген очеркші жаны рухани таза ұрпақты тәрбиелеудің, адамгершілігі мол азамат өсіру үшін де кешегі, бүгінгі рухани мұрамызды дұрыс жеткізгенде ғана ертеңгі күні бүгінгімізден де күйзелмейтінімізді аңдатқан. «Айналаң – алтын бесігің» атты лирика-философиялық очеркі мынадай лирикалық шегініспен басталады: «Жылдар шіркін құба жонның құланындай зымырап өтіп барады. Арман сабаздың көбейе түспесе, азая түсер түрі жоқ. Абай айтқан «сағаттың шықылдағы» да бұрынғыдан гөрі жиірек соғып, қаттырақ естілетіндей. «Алдағы жолың, арттағы жолыңнан аз болмаса, көп емес», деп үсті-үстіне қайталап тұрғандай» [3,69 б],- дей келе, өзінің байыз таба алмаған көңілін, алаңдаушылығын білдірген автор бақыттың соғыстан кейін де дұшпаны көп болатыны жайлы ой толғайды. Қазақстанның көп қалаларының экологиялық жағдайына шын алаңдаушылық білдірген публицист көп дерек, фактілерге сүйене отырып, күллі ұлттың бүкіл интеллектуалдық потенциалы жиылған, ғылыми-әлеуметтік ортаның шоғырланған астарындағы экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, басқа аймақтардың қарқ болып тұрмағанын да қатты сынап өткен. Республиканың он пайыздай жерінде таулы аймақтар да кен, түсті металлургия, химия өндірістері орналасқаны, суды сұраусыз пайдаланатын қазақтың, жерді де бей-берекетсіз құнарсыздандырып жатқандығын автор философиялық толымды пайымдаулар арқылы жеткізеді.
Экологиялық жайсыздық жайында сөз болса, тек Арал, Балқаш, Дегелең ғана ауызға алынатыны, Шымкент, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының да табиғатына апат төніп, халқының өмірі қысқарып, өлім атаулы жиілеп бара жатқанын ашына жазған публицист адам тағдыры, адамның болмыс, ажал алдындағы шарасыздығына назар аударуды ұсынады. Әбіш Кекілбайдың бұл көркем очеркін: «Ал ендігі жерде өз бауырымыздан шыққан бүлдіршіндерден басталатын болашақ адамзаттың бақыты жолында бел шешіп, білек сыбанып күресуге тұратындай жалғыз майдан осы. Жарастықты өмір, сау-саламат тіршілік жолындағы күрес. Өйткені, айналаң – аялы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтып таппақшы?!» [3,79 б],- деп логикалық тиянақтылық табатын соңғы шешіммен аяқтайды.
Ә.Кекілбайдың «Ұйқыдағы арудың оянуы» [5,7 б] деп аталатын нақты деректерге сүйене отырып жазған, аты аңызға айналған өлке Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, келешегі жайында сыр шерткен кітабы бар. Осы кітаптың алғашқы очеркінің басты кейіпкері – жазушының өзі мен анасы. Автордың туған жер, туған топырақ, кіндік қан тамған жер деген ұғымдарға көзқарасы, осы ұлы сезімдерді қалай түсінетінін очеркші әдемі толғайды. Бұл көркем очерк таза автордың нәзік көңіл-күймен жазылып, сезім әсерінен суырылған. Балалық шақтағы сол бір оқиға туралы ойлары лирикалық кейіпкер автордың өз көзімен қаралып суреттелген және бастан кешкен осы бір кішкентай оқиғадан автор көңіл-күй әсерлерінен желі туғызып отырған. Сол жылы жетіге келген кейіпкер сол күннен бастап қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарып, жердің жұмбағын ұғынуға, құпиясын ашуға талпынуды сол күннен бастағанын келісті әңгімелейді. Осы мәселе төңірегінде ғалым Бақытжан Майтановтың мына пікірі орынды: «... көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігімен бетпе-бет ұшырасу сәттерінде қанат жаюында жатса керек. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайлы жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ прозаиктерінің де қалыс қалар реті жоқ» [6,190 б].
Әбіш Кекілбайдың лирика-философиялық көркем очерктері өткен шақтың да, осы шақтың да шындығынан құралатынын, жазушының нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерлерінен тұратынын аңғардық және бұл очерктердің танымдық концепцияларды, әлем, қоғам, адам заңдылықтарын түсіндіруге ұмтылыс жасайтынын сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Глушков Н.И. Очерк в русской литературе. – Ростов.: - Издательство Ростовского университета. 1966.
2 Жұмабек С. Сын әуені (Әдеби ой-толғаныстар). - Астана: Елорда, 2001.
3 Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат. – Алматы: Жазушы, 1996.
4 Темирболатова А.Б. Пространство и время в романе А.Кекильбаева «Конец легенды». «Академик З.Ахметовтің ғылыми мұрасы және қазақ әдебиеттану мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. – Алматы: Үш қиян, 2003.
5 Кекілбаев Ә. Ұйқыдағы арудың оянуы. – Алматы: Қазақстан, 1979.
6 Майтанов Б. Лиризм – стильдік құбылыс. Көркемдік кілті – шеберлік. – Алматы: Ғылым, 1985.
Достарыңызбен бөлісу: |