Әбдікәрім Т. М. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университі (Қазақстан)



Дата07.07.2016
өлшемі116.83 Kb.
#183312
Магистранттарға қазақ тілін жобалай оқыту технологиясының әдістемелік негізі
Әбдікәрім Т.М.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университі (Қазақстан)
В этой статье рассмотрены поиски преподавателей новых технологий, стремление к новизне и технология нового проектированного обучения.

There are considered quest of the teachers new technology, longing to novelty and technology of the new designed education in this article.
Қоғамның XXI ғасырдың алғашқы шебінде, яғни ғылыми техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуірінде бет бұру кезеңінде жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, жетілген жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі мектеп, студент, магистрант алдында тұрған негізгі міндет.

Педагогикалық технология оқыту проблемаларын, тәрбиелеу мәселелерін шешуді технологиялаңдыру мәселесінің туындауына байланысты соңғы кезде өмірге келді. Ал қазіргі кезде оқыту теориясындағы «технологиялық қатынас», «технология», «педагогикалық технология», «оқыту технологиясы», «тәрбие технологиясы», «ойын технологиясы» т.б. ұғымдарды бір-бірінен ажыратып, жеке-дара қарастырудың қажеттілігі туындап отыр.

Технология латын сөзі «texne» – өнер, кәсіп шеберлік, «Iogoc» – ғылым, ілім деген мағынананы білдіреді. Дүниежүзілік технологиялық үрдісте, ғылым технология ұғымының қалыптасу, даму тарихына тоқталсақ, ол өз дамуын өте ертеден, Я.А. Коменскийдің «Ұлы дидактика» еңбегінен алады. Я.К. Коменский «Оқыту нәтижелі жүру үшін оның техникалық технологиялық деңгейге көтеру керек» – деген болатын [1].

Технология тәртіп бойынша реттеліп жоспарланған іс-әрекет, үрдіс (процесс) және педагогикалық тәсілдердің жиынтығы түрінде берілген педагогикалық жүйе. Педагогикалық технология – жобалау, реттеу, әрі іс-тәжірибеде оқыту мен тәрбиелеу жобасын жүзеге асыру. «Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы» еңбегінде: «Педагогикалық технология дегеніміз – педагогтің жеке басының шығармашылық күш-қуатын өрістетуде қамтамасыз етудегі, адамаралық және іс-әрекеттегі қарым-қатынасты жоғарлатудағы, кәсіби еңбектегі адамның рухани жоғары биіктен көрінуіне ықпал ететін адамгершілік жүйе», –деп анықтама береді [2].

Педагогикалық технологияның ең басты мәнді белгісі: мақсаты айқын, нақты алдын ала болжау арқылы диогностикалық негізде, нақты жеткен нәтижелерді ескере отырып қойылатындықтан, оқыту процесін нәтижелі жүргізуге көмектеседі. Оны төмендегі сызбадан көруге болады:


Педагогикалық технология төмендегідей бөліктерден құралады:

- диогностикалық жолмен мақсат қою деңгейін және оқушылардың білімді меңгеру сапасын, дамыту дәрежесін, тәрбиелік деңгейін обьективті түрде анықтау, бақылау;

- мақсатты конструктивті, айқын, нақты түрде қою;

- жеке тұлғаны тұтас дамыту.

Диогностикалық жолмен айқындалған мақсат қою:

- біріншіден, оқушының бойында қалыптастыруға қажет сапалардың нақты сипатын білдіру керек;

- екіншіден, осы сапаларды диогностикалық айқындаудың нақты тәсілдерін мұғалім де, оқушы да толық меңгеруі қажет;

- үшіншіден, сапалардың өзгеру мүмкіндігін ескеру керек.

Сонымен технология дегеніміз – педагогикалық тәсілдердің жиынтығы түрінде берілген педагогикалық жүйе деп қарастыруымызға болады.

Педагогикалық технология – дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процесстер[3]. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Бүгінде елімізде білім беру ошақтарында 50-ден астам педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан зерттеу арқауы етіп, оларды оқыту үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен Отандық ғалымдар: Д.М.Жүсіпбалиева, Б.Ә.Әбдікәрімұлы, М.С.Мәлібекова, Г.Қ.Нұрғалиева, Қ.Қабдықайырұлы, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева т.б. өз зерттеулерінде қарастырған, педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттілігін айқындай түсуде.

ТМД елдерінің оқыту жүйесінде кең өріс алып жатқаны белгілі. Жобалай оқыту технологиясының теориялық алғаш негіздеген ғалымдар: Д.Дьюри мен В.Килпатрик болатын. 1) Ресей ғалымдарынан В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин, Н.В. Кузьмина т.б. ғалымдардың теориялық зерттеулерінің нәтижесінде; 2) Е.Н.Ильина, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов т.с.с. әдіскерлердің практикалық тәжірибелерінің негізінде енгізілгені анықталуда.

Білім беру жүйесінің әр буынында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгерту үрдісінде оқыту технологияларын қарастырған, оларды таңдап қолдаудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін арнайы зерттеген жұмыстар қатарында Ф.Ш.Оразбаеваның комуникативтік технологиясы, К.Жақсылықова мен М.Жампейісованың модульдік оқыту технологияларын, Қ.Қадашованың жаңғырта оқыту технологиясын, З.Бейсенбаеваның студенттермен өздік жұмыстар жүргізу технологиясын, Н.Құрманованың дамыта оқыту технологиясы, Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясын т.б. өз зерттеулерінде қарастырған. Бұл аталмыштарды ескере отырып, әлі де педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттігін айқындай түсуде.

Педагогикалық технологиялар арқылы жоғары мектеп жүйесіндегі қазақ тілі пәнін меңгертуде мынадай түйінді мәселелер өз шешімін табады:


  • қазақ тілін үйренуші магистранттың тілді тереңірек танып білуіне, өз ойын қазақ тілінде еркін білдіруге қажетті дағдыларды игеруіне оң ықпал етеді;

  • қазақ тілінің практикалық бағытына басымдылық берілетіндіктен, магистранттың білімді өмірде қолданудың маңызы жайында түсінігі дамиды;

  • магистрант және студенттің қабілеті мен ақпараттық мәдениеті қалыптасады;

  • магистрант және студенттер проблемаларды ынтымақтастықта шешу қажеттілігін түсінеді.

Жобалай оқыту технологиясының сапалы білім берудегі тиімділігі магистранттың жеке басының ізденімпаздық қабілетінің дауымен байланысты анықталады. Жобаны орындау барысында магистрант пен студенттің қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын дамыту өзін-өзі бақылау мен басқару арқылы саналы түрде жүріп отырады. Осы үдерісте магистрант пен студенттің ерік жігері, тілдік қабілет ресурстары, тілдік сезімі ұштала түсіп, есте сақтау қабілеті мен сөйлеу дағдылары жетіледі. Бұл технология қазақ тілін үйренуші магистранттың дүниетанымдық көзқарасы адамгершілік қасиетімен тоғысқан жеке тұлға ретінде, кәсіби маман ретінде қалыптасуына қызмет етеді.

Жаңа кезеңде жобалай оқыту технологиясын қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқыту жүйесі ретінде таңдап алудың бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұл технология – кредиттік оқу жүйесін жүзеге асыруға мүмкіндігі мол технология. Кредиттік оқу жүйесінде магистранттың өз бетімен орындайтын жұмысына басымдылық беріледі. Ол оқытушының басшылығымен және өз бетімен орындайтын жұмыс деп бөлінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, жобалай оқыту технологиясы мен кредиттік оқу жүйесінің өзара бірлігі айқын байқалады.

Жобалай оқыту технологиясы арқылы қазақ тілін меңгертудің ережесі мынадай: тақырып (жобалық) оқу бағдарламасына сәйкес болуы керек және ол магистранттың қызығушылығын тудыруы қажет; оқытушының рөлі өзгереді, ол тек қана ұйымдастырушы әрі кеңесші болуы тиіс; жобалай оқытудың өн бойында іздену әрекеті, зерттеу әрекеті, талдау және жинақтау әрекеті ұйымдастырылады. Сонымен бірге, ізденуші жеке жұмысының жобасын ұсынып, оны нәтижесінде дәлеледеу үшін жоспар жасайды, сызба, кескіндеме, диаграммалар пайдаланады; талқыға ұсынылатын тақырып кең және ашық болуы қажет; жобаны қорғау жұптық (диада), үштік (триада) және топтық шеңберде орындалуы қажет.

Осындай жұмыс тобын құру тілдік тұлғаның шығармашылық белсенділігін тудыруға және топ мүшелерінің өзарар ынтымақтастықта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Соған орай бүгінде оқыту жүйесінде жаңаша оқыту технологиясы деген сөз жиі қолданыста жүріп жатыр делік.

Жаңаша оқыту деген мәселе оқу жүйесін мүлдем өзгерту, бүкіл мазмұнды жаңарту емес. Бар дүниені тірек етіп, соның мазмұнын толықтыру, жаңаша қарап жаңарту, жаңаша оқыту. Жалпы, оқыту әдістемесінің үлкен екі саласы бар. Оның:



  1. Педагогиканың дидактика мәселелері.

  2. Оқытылатын негізгі обьектілер. Оларға бұл тараптан тілдің теориялық салалары жатады. Бұл мейлі таза тереңдетілген қазақ тілі болсын, мейлі басқа тілді аудиторияда оқытылатын қазақ тілі болсын немесе ауызекі сөйлеу, тіл дамыту болсын т.б. Міне, осы обьектілердің қайсысын болса да, оқыту барысында дидактиканың жалпы мәселелеріне сүйенеді. Ал оларға не жатады?

Оның негізгі жататын обьектісі сабақтың тақырыбы деп алатын болсақ, енді сол тақырыптың ғылыми мақсатын қою мәселесі ойластырылады. Ол сабақтың біліктілігі, ал тақырыпқа келетін болсақ, оның обьектісі немесе өзіндік белгілері алынады. Яғни, енді әдістемелік жағы бойынша бұл тақырыптың мазмұнынан нені білгізу, неге көңіл бөлу, нені анықтау керек екенін оқытушы анықтап ойланады. Негізгі көңіл бөлетін мәселелерді тақырыптан тауып белгілейді. Сабақтың ең негізгі мақсаты мен міндеті де осы болады. Мақсаты мен өзіндік белгісінен кейін қалай оқыту, немен оқыту технологиясын қарастырылады.

Сонымен сабақтың негізгі мақсатын қоюдың үш кезеңі де анықталады. Бұл жерде сабақ мақсатының қалған екі түріне (дамытушылығы мен тәрбиелілігіне) тоқталмай-ақ қоялық, ол баршасына белгілі мәселе, бізде практика жүзінде тақырыптың мақсатын қоюда ғылыми біліктілігіне нақты көңіл бөлмей, тек үстіртін және жалпылама түрде ғана жүріп жататыны бүгінге дейін бар. Сондықтан бұл жерде тек сабақтың ғылыми мақсатын қою ғана әңгіме етіледі.

Келесі мәселе, қойылған мақсатты орындау үшін не істелінуге тиіс, қалай оқытуға, түсіндіруге болады деп магистранттар мен студенттердің ақылына ғылыми жағын ұялатудың, түсіндірудің жолдары ойластырылады. Мақсат қоюдың ең негізгі тақырыптың ғылыми өзіндік белгілерін анықтап көрсету болып келеді де, соны түсіндірудін жолын іздестіру болады.

Жаңа білім беру технологиясын іске асырудың қажетті шарты ретінде мынадай әдіснамалық принциптерге міндетті түрде баса көңіл аудару аса маңызды:



  1. Мұғалімнің педагогикалық кәсіби қабілетіне сену принципі;

  2. Оқытудың кез келген уақыты аралығында берілген пәннен магистранттың кепілді дайындығы болу принципі;

  3. Оқу процесінің модульдік жобалау принципі;

  4. Жоғарғы оқу орнындағы кері тартпалық пен шек қойып тежеулікті жойып, бұрынғы дәстүрлі оқыту көздерін дұрыс арақатынаста үйлесімді пайдалану принципі;

  5. Ұйымдастыру және оқыту технологияларын қолдану мен қалыптастырудағы мәліметтердің дұрыстығы мен шындыққа сәйкестік принципі;

  6. Жоғарғы оқу орнының мұғалімдері мен студенттерінің магистранттардың оқу процесіндегі арақатынасының жарасымды даму принципі;

  7. Магистранттардың жалпы біліктілігінің нәтижесінде пәндік біліктілік әдістерін меңгеруді жүйелі түрде үйлестіру принциптері;

  8. Жаңа технологияны жобалаудағы мазмұндық, бірізділік, мотивациялық жақтарының бірлігі принципі;

  9. Әр магистрант жалпы білім бойынша дайындығының базалық деңгейге міндетті түрде жету принципі.

Сонымен, педагогикалық технологиялар теориялық білімдерді, біртұтас педагогикалық үрдісті практика жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасы – барлық білім беру жүйесін модернизациялау үрдісінің негізін қалаушы әдістемелік құжат ретінде қазіргі тенденцияларды ескереді. Ғылым мен білімді дамыту біз үшін аймақтық және әлемдік деңгейде лайықты орын алу тәсілі, ұлттық қызығушылықты дамытуға, әлемдік білім беру кеңістігінде интеграция формасын кеңейту болып табылады.

Кредиттік жүйе маман жұмыскерлерден бастап, жоғары ғылыми білікті мамандарға дейін білім берудің сатысын және деңгейін, академиялық дәрежесін бірдей бағалауға жол ашады.

Кредиттік технологияны енгізу білім берудің барлық идеологиясын қозғайды. Оқытушы білім беріп қана қоймай, қалай оқу керектігіне, білімді алуға, дағды мен іскерлікті алып, өз бетімен практикада қолдануға үйретеді. Магистранттың өзіндік жұмысының ролі нығайып, оқыту саласына талап күшейеді, жастардың білімге бірдей жетуіне және оқытудың ашықтығы қамтамасыз етіледі, кәсіптік элита қалыптасады. Оқытудың кредиттік технологиясының жетістіктері:



  • мамандарды әлемдік стандарттар деңгейінде даярлау мүмкіндігі;

  • білім алушылардың өзіндік білім алуға және өзіндік дамуға қабілеттерін дағдыландыру;

  • білім алушылардың өз бетімен білімді шығармашыл игеруге дағдыландыру;

  • білім алушылардың біріккен оқуын ұйымдастыру;

  • сырт елдердің жоғары оқу орындарымен серіктес қарым-қатынас орнату болып табылады[4].

Кредиттік технология оқытудың даралығына, оқыту үрдісінің шегінде білім беру траекториясын таңдауға сүйенеді. Оның әмбебаптылығы, өзінің блок бойынша пәндерді «қысқаша оқу жоспарын» құруға және негізгі пәнді тереңдетіп, толықтырып тұратын элективті курстарды таңдаумен байланысты. Білім алушылардың сәтті оқуының нәтижесінде кредитті жедел тапсыру және курстан курсқа көшу мүмкіндігі пайда болады.

Дәстүрлі түсініктегідей студент дәріс конспектісін жазбайды. Қолындағы оқу-әдістемелік жинақтың көмегімен ол дәріс, практикалық сабақтарға дайындалуға мүмкіндігі болады және алдын-ала не туралы болатынын біліп отырады, сұрақтар қойып, пікір-таластарға қатыса алады. Дәріс сабағында оқытушы оқу-әдістемелік жинақтағы қысқаша конспектіде жоқ мәселені түсіндіреді сонымен қатар, берілген тақырып бойынша жаңа, проблемалық аспектілерді анықтайды, студенттермен бірігіп, әр түрлі ситуацияларды шешу тәсілін іздейді.

Магистранттың өзіндік жұмысы жеңілдетіліп, білімнің сапасы жоғарлайды. Кез келген материалды игеру үшін мүмкіндік жоғарлап, практикалық дағдылар жинақталады.

Оқытудың кредиттік технологиясын енгізудің алғашқы кезеңі оқыту үрдісі болып табылады, яғни білім алушылардың білім беру бағдарламаларын игеруге бағытталған бақылау жүйесін анықтау, әр түрлі оқу сабақтарын, оқу жүктемелерін жоспарлау, оқу жоспарымен бағдарламаларын құру бойынша шаралардың жиынтығы. Сонымен қатар, оқу сұрақтары магистранттардың өзіндік жұмысын және кәсіби практикасын ұйымдастырумен байланысты. Бақылау шаралары пәндер бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды ұсынады [5].

Оқу үрдісін жоспарлау жоғары оқу орнының білім беру әрекетін басқару жүйесінде алғашқы элемент ретінде қарастырылады және академиялық күнтізбені (календарь) құру жолымен жүзеге асырылады. Академиялық күнтізбе – демалу күндері көрсетілген (каникул, мереке) оқыту үрдісінің күнтізбесі. Білім беру әрекетін жоспарлау бірнеше кезеңдерден тұрады:


  1. Типтік оқу жоспарлары, бағдарламалары, мемлекеттік білім беру стандарты негізінде жұмыстық оқу жоспарлары мен бағдарламаларын өңдеу;

  2. Таңдау бойынша пәндерді – элективті курсты анықтау, білім алушылардың жеке оқу жоспарын құруы;

  3. Академиялық күнтізбе құру;

  4. Мамандықтың жұмыстық оқу жоспарына және білім алушылардың жеке оқу жоспарына сәйкес университет, факультет, деканат жұмыстарын жоспарлау;

  5. Оқу жұмыстарының түрлері бойынша педагогикалық жүктемелердің нормаларын анықтау, оны профессорлар-оқытушылар құрамы мүшелерінің арасында бөлу және штатты жоспарлау;

  6. Академиялық топтардың оқу сабақтарының кестесін даярлау.

Академиялық күнтізбеде оқу жылы 1 апта бойынша 4 кезеңнен тұрады, олар төмендегідей атауларды құрайды:

  • бірінші триместр (күз),

  • екінші триместр (қыс),

  • үшінші триместр (көктем),

  • жазғы триместр (жаз).

Әрбір триместр апталық сынақтық-емтихан сессиясымен аяқталады [5].

Оқытудың педагогикалық технологиясы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Бітібаева әдебиетті тиімді оқыту жолдарын бүгінгі күннен 20-25 жыл бұрын оқытып шыққан. Сол оқыту әдістері күні бүгінге дейін жаңалығын жоймай келеді, жоймайды да. Бүгінгі педагогикалық оқыту технологиясының инновациясына жататынына да күмән жоқ. Сондықтан әр оқытушы өзінің міндетіне шығармашылықпен ойлап, оқытудың жаңалығын аша берулеріне мүмкіндіктер жасау өздерінің ізденістеріне байланысты және ол дұрыс тиімді ұйымдастырылған сабақ болса, ешқашан да ескірмейді, тиімділігінің, нәтижесінің ерекшелігіне қарай жылдан-жылға жаңара, жақсара береді.

Аталынған оқыту түрлері мүлдем жаңалық екен деп түсінбеу керек, бұл қашаннан белгілі, оқу процесінде үнемі талап етіліп, жан-жақты ізденіспен жүргізіліп жүрілген мәселелер.

Солай бола тұрса да, бұл аталмыштың бүгінгі күнгі оқытудың негізгі тірегі, бағыты болып отыр. Бұл мәселелерге оқытушылар ерекше мән беріп, оқытудың жаңа технологиясын ізденуде, яғни оқытудың жаңаша формаларын табудың талпыныстарында. Бұл оқыту түрлерінің әрқайсысының мазмұны шығармашылықпен ізденген құрылысы ақпарат беттерінде терең түрде болмаса да біршама көрінуде де. Қалай болса да, бүгінгі оқытушылардың ізденістерінде екені және жаңалықтарға ұмтылыстары әрине бар, оны құптарлық дейміз.



Дәл қазіргі кезеңде әр ұстаз өз еңбегі, өмірдегі орны, парызы жөнінде шәкірттеріне беретін тәрбиесіне, біліміне зер салып ойлануда.
Әдебиет

  1. Коменский Я.А. Избранные педагогические сочинения. – М., 1955. – с.650.

  2. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. – М., 1989. – с.18.

  3. Кларин М.В. Педагогическая технология в учебном процессе. – М., 1989. – с.18.

  4. Ильясова М.Т. О роли кредитной технологии в совершенствовании учебного процесса в вузе // Қазақстан Республикасында жоғары білім беру сапасын жетілдіру және дамыту перспективаларының өзекті мәселелері: Жоғары оқу орын арал, ғыл.-әдіст. Конф. материалдары. 16 наурыз 2004. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2004. – с.301-302.

  5. Мырзалиева Б.А. Кредитная система обучения: опыт внедрения, проблемы и перспективы. Под общей редакцией. – Шымкент: «Ғасыр – Ш», 2005. – 225 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет