Еңбек сабағында қазақ халқының қол өнерін қолдану
Жумагазина Акзерим Сертаевна
Қ.Жубанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің техникалық факультетінің дизайн мамандығының 2 курс студенті
Технология пәнін оқытуда –еңбек етудің алғы шарттарын үйрену арқылы оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында, оқушыларға берілетін тәлім-тәрбие үрдісін жетілдіру, жұмыс мәдениетін, адамдар арасындағы адамгершілік қарым –қатынастарды жаңарту, еңбек біліктілігін қалыптастыру арқылы еңбекке өнімділігін арттыруға ынталандыру міндеттерін мұғалімге жіктейді. Жас ұрпақты қоғамдық өмірге, отбасындағы қызметке, кәсіпке даярлау, үнемі өзгеріп отыратын әлемде өмір сүретіні туралы түсінікті қалыптастыруды міндеттейді.
Еңбек тәрбиесі - барлық тәрбиенің қайнар көзі.
Еңбек тәрбиесі арқылы киімді пішу, тігу қолөнер шеберлігін меңгерту арқылы ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелей аламыз. Өйткені, оқушы алған теориялық білімін іс жүзінде қолдана отырып, оны өмірімен, өзінің іс-әрекетімен байланыстыра білгенде ғана, өзіне де пайдасын тигізе алады. Технология сабағы арқылы оқушыны іскерлікке, ұқыптылыққа, әдемілікті сезініп, қабылдауға үйретеміз. Біздің негізгі ұстанымыз: «Сөзден - іске көшу».
Еңбек сабағында оқушылардың іске икемділігі мен іскерлігіне, өнерге, шеберлікке деген бейімділігін дамыта отырып қалыптастырамыз. Оқушылар отбасында да тұрмыстың әр түрлі өнімді еңбегіне қатысады. Баланың бойындағы сапалық қасиеттері, еңбекке қызығушылығы, табиғатты қорғауы, ұқыптылығы арқылы еңбек адамын көру. Қазіргі кезде білім беру кеңістігінде инновациялық үрдістердің бағыттарының бірі - мектепке бағдарлау болып табылады. Оқушылардың қызығушылықтары, қабілеттері толық ескеріліп, сол қажеттілікке сай тиімді жағдайлар жасалып, білім беріледі.
Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр. Оның орындалу технологиясына да ерекшеліктер еңгізіп отыр. Мысалы, ою-өрнекпен әшекейленген бұйымда қатырма жапсыру, моншақтармен, түрлі түсті тастармен безендіру жиі кездеседі. Неше түрлі жібек, жылтыр люрекс жіптері қолданылады. Дегенмен, көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Сол қолөнердің бір түрі – кесте тігу. Бірақ ерекшелігі – кестені ұсақ моншақпен, кішкене түйме тәріздес долмалақ жылтыр материалмен орындау. Қолөнерде жүнді пайдалану. Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі - жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті. Жүннің пайдалы да, сонымен қатар зиянды жақтары да бар. Жүннен жасалған бұйым, әрине, жылы, төзімді келеді. Ал гигиена тұрғысынан қарағанда – шаң, ауа өткізгіштігі төмен. Бірақ қазақтың киіз басу өнері жойылған жоқ.
Ши тоқу (орау)— бұрын және қазіргі кезде қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған өнер. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін тоқылған ши қазірге дейін кеңінен пайдаланып келеді. Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ үй ішіндегі ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршай қоюға, киіз үйдің есігіне ұстауға, әр түрлі үй шаруашылық мүддесіне (мәселен, киіз басу жұмыстарына, жаюлы киіз-сырмақтың асты ылғал тартып, бүлінбеуі үшін солардың астына төсеуге, сонымен бірге құрт жаю, тары сүзу т. б.) кеңінен пайдаланылады.Қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Атап айтқанда, қабығынан тазартылған аң ши ді көбінесе құрт, ірімшік т. б. жаю үшін қолданылатын болса, ұзына бойы әр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып табылады. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулыши деп атайды. Бұл да ши сияқты сәндік жиһаздарының бірі.
Қазақтың ұлттық қолөнерінің ерекше бір түрі — шым ши тоқу. Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылыстың маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлері композициялық жағынан: жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою, екі жақты ұзындық ою болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «шаршы ою» деп те атайды. Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді. Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері «жүзіктеу» деп аталады. Алты шаршылан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қойғанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін иінді айналдыра тұтулы — ши ұстау деп атайды. Ши тарту, оны артып орау, жүн орап тоқу — ауыл азаматтарының бәріне ортақ жұмыстар. Жалпы ши тоқу өнерімен кең түрде әйелдер айналысқан, осы өнерді білетін шеберлер шиден өздеріне керекті күнделікті тұрмысқа пайдаланатын заттарды тоқып алған. Ал шиді тарту, оны көлікке тиеп, түсіру ауыр жұмыстарын ер азаматтар атқарған. Тоқылатын шилі мал баспаған жерден ши өсіп жетілген кезінде тартып (суырып) алады. Шиді таңертең немесе жаңбырдан кейін тартады, мұндай кезде шидің түбі жібіп суырылғыш болады. Тартып әкелген шидің бәрі түгелдей тоқуға жарамайды, сондықтан олардың жарамдысын іріктеп алады, қабығын аршиды, содан кейін көлеңке жерге қойып келтіреді.
Ши ораудың екі түрі бар. Біріншісі — тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау; Екіншісі — жаңа өрнек сүретінің үлгісімен тоқу.Шиді бірінші түрмен тоқу үшін оларды бір-бірлеп тоқылған даяр шидің өрнегінің үстіне салып, дәл келтіріп, әр түсті оралған шидің буындарын, санап отырып орайды. Осылай ораған шилерді араласып кетпеу үшін өрнегіне сәйкес келтіріп, өз алдына бөлектеп шуда жіппен тізіп отыру керек.
Шиді жаңа өрнек суретімен тоқудың айтарлықтай өзгешелігі болады; алдымен шиді орайтын үлгі жасалуы тиіс. Орайтын жіптердің түсі осы үлгідегі өрнектер суретте сәйкес болуы керек. Шидің бір шеті жұқа. екінші жағы қалың болып кетпеуі үшін, орайтын шидің түп жағымен шашақ жағын үнемі кезектестіріп, алмастырыл салып отыру керек. Ши тоқитын жіпті екі қабаттал ширатып, бірнеше домалақ етіп дайындайды, бұл домалақтарды салмақты ету үшін темірге немесе тасқа орайды. Ши тоқу үшін атасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тік қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Ши тоқу өнері бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен . Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажетіне тоқылған ши қазірге дейін кең түрде пайдаланылып келеді. Оны киіз үйдің құрамы бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ қазақтар мен қырғыздарда оларды үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстау үшін де пайдаланады. Сондай-ақ киіз үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніші ретінде киіз астына төсейді.
Тоқылған шиді қазақтар сияқты қырғыздар да, жартылай көшпелі басқа да шығыс халықтары да пайдаланып келді. Мәселен, оны құрт жайып, тары сүзу үшін шыпта жасау сияқты күнделікті тұрмыс қажетіне де ерте заманнан-ақ пайдаланған.
Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы.
Ши өңдеу, тоқу өнерімен қазақтар, қырғыздар, сондай-ақ Орта Азиядағы басқа да халықтарда көбіне әйелдер айналысқан. Жай ғана ақ шиден өзіне керекті күнделікті тұрмыста пайдаланылатын затты әрбір әйел өздері тоқып алады.
Ерте кезде тұрғын үйдің негізгі түрі тек киіз үй болған уақытта ши дайындауға топталып, әйелдермен бірге ер кісілер де баратын болған. Ерлер жағы ши өсімдігін түбімен қопарып оны түйеге, езгіге немесе атқа арту сияқты ауыр жұмыстарды атқарған. Шиді күзге қарай дайындаған.
Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Оны үйдің ішіне, жабық қораға немесе бастырманың астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден ғана қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Бұл шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін қарақұс деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды шибау деп атайды.
Қазақ халқының саласында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса, ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
Демек, киіз үйдің керегесін орай тұтуға көбінесе жоғарыдағы айтылған шидің соңғы екі түрі: шым ши мен орама ши пайдаланылады. Шым шиді кейде «жез ши» деп те атайды (бұл ерте уақыттағы жез оралған кезден қалған атау болса керек).
Шым ши тоқу – қазақтың қолөнер саласындағы ұлттық өнерінің ерекше бір түрі. Өрнектеп шым ши тоқуда болсын, халықтың қолөнерінің қайсыбір саласында болмасын, қазақ әйелдерінің шеберлік, көркемдік талғамы өзінің табиғи шынайылығымен көз тартады.
Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «Шаршы ою» деп те атайды. Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Мұндай оюлардың қайталанып келіп отыратын күрделі композициялы қиын түрлері сәуле, шахмат, ұзындық оюларды ашық жерге түсіргенде сол мотивтегі бөлшектермен оюланып, жиектеледі. Бұл сияқты шым ши бетін әшекейлейтін қазақ, қырғыз оюларының негізі – кейбір геометриялық мотивтегі элементтер мен өсімдік және зооморфтық, тағы басқа оюлардан құралған ба, деген ой келеді.
Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді. Бұдан геометриялық ою элементтері шым ши тоқу өнеріне ғана сақталған екен деген ой тумау керек. Мұндай оюлар ерте заманнан керамика, үй құрылысында және күнделікті үй мүліктерінде алаша, кілем, киіз өрнектеу салаларында жақсы сақталған. Алайда геометриялық оюдың шыққан тегі анықталады деп үзілді-кесілді айту қиын. Дегенмен, мұндай оюлардың түрі алғаш рет еңбек құралдарын бейнелеу, кейіңгі бақташылық дәуірде үй жануарлары мен жабайы аңдарды белгілі жерге дағдыландыру орындарын суреттейтін бізге келіп ромбы, көп бұрышқа ұқсас қолдан тоқылған кескін үйлесімімен шықты деп шамалауға болады.
Осыдан біз халық қолөнер шеберлерінің ұзақ жылдар бойы көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес жасаған заттары негізгі кәсібіне орайлас өрістегенін байқаймыз.
Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды – ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз. Оған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өңдеп, тоқып, кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанымен оны көркемдеп, мәнерлеп, әдемі кілем іспетті дүние ету оңай да іс емес. Әйтеуір халқымыздың қалаулы шеберлері жасаған шым ши киіз үйдің керегесін сыртынан жауып, киіз есіктің ішкі жағынан тұтылады. Шидің әрбір сабағына түрлі-түсті жүннен, кейде жібектен оралған белгілі ою-өрнектермен түгелдей безендіріліп өрнекті де әсем заттар мен бұйымдар жасау ертеден мәлім, ши өңдеу мен тоқуға қатысты қалыптасқан терминдер де бар. Мысалы, аршу деп тоқудың алдында ши сабағының қабығын аршуды айтады. Шиді аршумен бірге оның ішінде жүн орауға жарамдысы да, жарамсызы да болады. Сондықтан жарамдысын таңдап, бөлектеп аршып алуды сұрыптау деп атайды.
Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған.
Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |