Ебекең мен «Сатаевич» // Қазақ әдебиеті. 2005. 2-8 қыркүйек. Баяғы байланыс құралымыз телефоным бебеулеп жөнелді. Егер жаңылыспасам, 1978-жылдың шілдесі болар. Сенбі еді. Таңертең. «Ішегі түйіліп қалмағай»



Дата30.06.2016
өлшемі85.84 Kb.
Ебекең мен «Сатаевич» // Қазақ әдебиеті. - 2005. - 2-8 қыркүйек.
Баяғы байланыс құралымыз - телефоным бебеулеп жөнелді. Егер жаңылыспасам, 1978-жылдың шілдесі болар. Сенбі еді. Таңертең. «Ішегі түйіліп қалмағай» деп барып, тұтқасын алдым.

- Повестка қолыма тиді деп біл де, тез келе қал, сені бір балуанмен таныстырамын,- деп күледі Амантай Сатаев. Есікпе-есік көршім. Елге танымал тарихшы-жазушы. Ондай "повестка" сәтінде бірімізді-біріміз тостырмайтынбыз, дереу жетіп бардым. Евней Букетов екеуі мәз-мәйрәм болып отыр. Сәлем бердім. Еңселі Ебекең мол денесін жеңіл көтере тұрып, қолын жымия ұсынып:

- Уағалейкүмәссәләм! - деді, маған анық барлай қарап. Сонсоң Амантайға мойнын бұрып: - Ғабекеңді екі-үш ай бордақыласа. Оспанхан айтқандай, екеуіміздің пошымымыз бірдей болады екен, ә? — деп қуақыланды.

- Қай курортқа, неше айға барғысы келсе де, путевканың бәрі қолында, бірақ почему-то бармай жүр ғой, - деп күлді Амантай.

- "Өзге жұрттан сөзі ұзын қазақтың" безгегін ұстатлай-ақ қояйын деп бармай жүрмін, осыдан төрт жыл бұрын Балтық жағасындағы Дубулты шығармашылық үйінде демалып едім, кейбір әріптестерім: "путевканың жақсысын өзі алады" десіп, үстімнен Мәскеуге әлгі домалақ хаттарын әлі күнге дейін айдап жүр,—дедім. Евней қарқылдап күлді.

- Кәне, отыра қалыңдар, біздің аю келгенше біраз жерге жетіп алайық, - деп жымыңдаған Амантай үстелін жайнатуға кіріскен әрекетін жалғастырды.

- Гүлекең қайда? — дедім. Амантай бәйбішесі Гүлжанды әзілмен қағытып: "біздің үйдеп аю" деп отыратынды.

- Балаларға киім-кешек алуға базарға кеткен. Ғаббас, сен Ебекеңді білесің ғой? - деді Амантай.

- Қазақта әрі ғалым, әрі жазушы, әрі әдебиетші-сыншы, әрі аудармашы Ебекең біреу-ақ, неге білмеймін? - деп едім, екеуі де қарқылдап күлді.

- Рас, рас! - дейді Амантай, күректей-күректей екі алақанын дүрс-дүрс шапалақтап. Евней шынтағымнан демеңкіреп:

- Ғабеке, сізді 1972-жылдан білемін, жаңа Әбекем де сыртыңыздан толық таныстырды, жоғары шығыңыз! — деп үстелдің төргі орындығын қолымен мегзеді.

- Бұл үйде төрге шығуға құқым жоқ, Амантай ренжиді, - дедім. Амантай басын изеп күліп:

- Рас, рас. Құдай маған бастық атаулыны сыйлайтын өнер бермеген, почему-то, - деді. Мені "бастық атаулыға" қосуы - ол жылдары КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры болатынмын.

Үстел басына жайғасып, "іске кірісіп кеттік". Отағасы кәдесімен бірінші тосты иеленген Амантай:

- Ебеке, жаңа айтты ғой, шынында сені сыртыңнан жақсылап таныстырып үлгірдім, мен білмейтінің болса, оны өзің қоса отырарсың, ал енді саған Ебекеңді сипаттап берейін, бұл балуан екеуіміз баяғыдан доспыз. Однако, товарищи, әуелі бірді алып жіберейік, таңдайымыз біраз жұмсарсын, ә? -деді. Үшеуіміз күлісіп, рүмкелеріміздің «жүгін жеңілдеттік». Амантай досы жайында қысқа да нұсқа айтып шықты. Оған қалыңша қасын кере қарап отырған Евней енді маған бұрылып:

- Ғабеке, сіздің: "әлгі домалақ хаттарын әлі күнге дейін айдап жүр" дегеніңізге еріксіз күлген себебімнің шет-жағасын Әбекем айтты ғой. Абай ақсақалдың: "Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын" дегені де тегін түйін емес, мен сол домалақ хаттардың да, үшкір хаттардың да астында жүрмін, ақыры қалай боларын құдай біледі, - деп, енді сол әредікте қолына алған күміс шанышқыға қиықша көзін сығырайта түсіп қарап ойланыңқырап қалды. Қаратаяқтардың арасында ол туралы қаулап тұрған өсек-аяңнан да, қазақ тілді, орыс тілді гәзеттерде жарияланып жатқан албаты сындардан да хабардар едім. Соның бәрінің "жаназасын шығарып" тастауды жөн көрдім де: - Ебеке, сіздің ғылымдағы, әдебиеттегі еңбегіңізді халқымыз жатқа біледі дей аламын. Сізді кімдердің, не үшін нысанаға алғандарын да біледі. "Ғылым академиямызға президент болып кетпесін" деген сасық қауіпті біреулер бықсып айтып, басқалары лықсып қостап жүр. Жариялатып жатқан мақаласымақтарын оқып көрдім, бәрі де шатпақ! Ит үру үшін, шошқа қорсылдау үшін жаратылған ғой, құрысын бәрі де! Амантай, кел, Ебекеңнің денсаулығы мықты болсын, қаңқу-шаншу деген пәлекеттерге бой бермей, ғылыми жетістігін молайтып, әңгіме-хикаяларын жазып, проза-поэзиядағы жаңа аудармаларын еселеп жасап, алдымызда емендей еңселі күйінде жасы тоқсан тоғызға жеткенше жүрсін деп бір алып тастайықшы! - деп рүмкемді ұстай түрегелдім.

- Өй, айналдым, бәрекелді! - деп Амантай абың-күбің тұрды. Евней бұйрасын қалың қара шәшін артқа қарай он саусағымен тарай ысырып-ысырып жіберді де. кең маңдайы жарқырай түрегеліп, маған құшағын ашып:

- Ай, інім, мың бір рахмет! Сен жүз жаса! - деді. Біз айлап кездесе алмай сағынысқан аға-ініше құшырлана құшақтастық.

- Міне, осылай болса керек еді, кәне, алып жібердік! - деп ақ көңіл Амантай балаша мәз болды. Рүмкелеріміз де сыңғырлай құптады. Сонсоң көршім:

- Ғаббас, сен жаңа Ебекеңе тоқсан тоғыз жас тіледің, ал арғы жағында қалған бір жасты қайтесің?- деп күлді. Мен Амантайды "Сатаевич" дейтінмін, сол әдетіммен:

- Туу. Сатаевич, сен де қызықсың осы. "Жүз" десең, ол арық, әлсіз кісі айтып қалған жетім сөздей жүдеу естіледі, өзің айтып көрші, ернің шүршиеді де тынады, ә? Ал "то-о-оқса-а-ан то-о-оғы-ы-ыз" деші, операдағы ариядай! - дедім.

Екі дос үйді бастарына көтере қарқылдап күлді...

Евней Арыстанұлын соңғы көргенім - сол жолы.

Ол аса дарынды ғалым еді. Менің топшылауым бойынша, жақсы аты жаһанға жайылған ғұлама Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ерекше талантты екі шәкірті болды: бірі - Евней Букетов десем, екіншісі - Шаһмардан Есенов. Құданың қүдіреті, екеуінің де өмір жолы өрі ерте, әрі қиын аяқталды. Екеуі де қазақы қиянаттың құрбаны болды дей аламын.

Евней 57 жасында көз жұмды. Қазақстанның ғылымына мол үлес қосқан ғалымның жүйкесін бишара бақталастар тоздырды. Қарағанды университетінің ректоры кезінде Республика Ғылым академиясының президенттігіне кандидатурасы ұсынылғаны оған пәле болып жабысты. Бәсекелесі Асқар Қонаев еді. Дінмұхамед Қонаевқа жақсы аттанып қалуды көздегендер інісін жағымпаздықпен шашбаулап, әйдә, Ебекеңе жабыла ор қазды. Университетті үсті-үстіне тексеру басталды. Кейбір гәзеттер Ебекеңді беталды сынаған мақаласымақты жаудырды, тіпті, "Ленинская смена" фельетонсымақ та жариялады. Бірақ, олардың өкініштеріне қарай, ешқайсысы "о. мінеки!" дей алатындай мін таба алмады. Сөйте тұра, күштінің бір жері диірмен тартады деген емес пе, жазықсыз Ебекеңді орнынан алып, Қарағанды химия-металлургия институтына қатардағы қызметкер етіп жіберді. Қазақстанның ғана ма, бүкіл КСРО химия өнеркәсібінің аса атақты маманы, анау Жезқазғанда, Теміртауда, Балхашта кен өндіру, өңдеу, байыту істеріне енгізген тиімді әдістері, жаңалықтары үшін Мемлекеттік сыйлық алған академикті бұдан сорақы қорлау болуы мүмкін емес. Ап ол сұмдықтарды Д. Қонаев білмеді деудің қисыны бар ма?.. Жоқ! Бүгінде марқұм Димекеңе шаң жуытпайтын әдет таптық. Әулиеге айналдырып жүрміз. Жөн емес. Оның елге, халыққа сіңірген ересен еңбегін айтумен бірге, қызметі барысында жасаған ағаттықтарын жасырмау керек. Жалпақ жұрт білгенді бүркемелеу дұрыстыққа жатпайды. Ол Евней Букетовтің үлкен ғалым, тұлға екенін біле тұра оны тұқыртуға тиым салмады, хабарсыз кейіппен үнсіз мақұлдады. Әйгілі академикті көпе-көрінеу қуғындауды ұйымдастыру үшін қандай дейің болсын әуелі жоғарыға қарап, сол жақтың райын біліп алғаны сөзсіз, өйтпесе өзінің желкесі қиылады. Дәл қазір есімде жоқ, алайда, Ебекеңді сынаған мақаласымақтың ба, фельетонсымақтың ба, әйтеуір біреуінің авторы Д. Қонаевтың идеология жөніндегі көмекшісі В. Владимиров болды (егер жаңылмасам). Соның өзі-ақ құйынның қай жақтан соққанын көрсетіп берген.

1977 жылы-ау деймін, "Жазушы" баспамыздан Ебекеңнің "Шығармашылық қырлары" атты кітәбі шықты. Ғылым академиямыз, жалпы ғылымымыз хақындағы ол еңбекте Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тарихи тұлға екені, академияны ұйымдастырушы болғаны нақты фактілермен баяндалғанды. Ал Д. Қонаев жайында бірер сөйлем ғана болды ғой деймін. Жанын жалдаған тапқышбектерге сол "қателік" жетіп жатты да, мақаласымақтарында "жерден жеті қоян тапты". Келесі жылы баспаға Ебекеңнің "Досқа алты хат" деген кітәбінің қолжазбасы өткізіліп еді, анау "қателікті" ескергендер мен ескерткендер оның жолына тасбөгет қойды да, кітәп он екі жылдан кейін, авторы бақиға кеткен соң ғана жарық көрді. Ол да кездейсоқтық па?..

.. Біздің кездескеніміз Ебекеңнің қысталаңда жүрген кезі еді. Мен шамамның келгенінше әзіл айтып, әңгімені әдебиет ауылынан шығармай отырдым. Евнейдің өзі біраз шығармаларын қазақшалаған Маяковский, Есенин, Золя туралы оқыған естеліктерімді айттым. Амантай да, ондай әңгімені қыздырып жіберетін әдетімен Ебекеңді көңіл кірбіңінен айықтырудан аянбады. Ал Евней болса, ермінезділігін анық танытып, әңгімесін де, әзіл-қалжыңын да жарқылдап айтып, емін-еркін отырды. Ғабиден Мұстафин ағамыздың "Оянған өлкесінен" мол-мол үзіндіні жатқа айтып: "Ғабаң ойға да, сөзге де бай ғой!" деп сүйінді де.

(Қиыншылықтан қайысуды білмеген, әділетсіздікке жігер-күшін қарсы қоя білген Ебекең қуғынға ұшыраған жылдарында әдеби еңбегін еселеп, қаламын қылышқа айналдырды. Адами, Азаматтық ершілдік һәм ерлік дейтініміз сол болар!).

Біз ұзақ әңгімелесе алмадық. Өскеменнен аға-жеңгем, апа-жездем келіп қалған екен. Ебекеңнен рұхсат сұрап қоштасуға мәжбур болдым. Әйтпесе, Евнейдей Азаматпен бір мәрте жүздесу—бір жасап қалу ғой!

2002 жылдың маусымы


Қ О С Ы М Ш А:

Әрбір Жаңа жылдың қарсаңында архивімді ақтарып, артық-ауыс қағаздардан арылтатын дағдыммен былтырғы, 2004 жылғы, желтоқсан айының соңында папкаларымды "ревизиялап" отырып, Евнейдің екі хатын тағы оқыдым да, сонау 1972-жылға "бет алдым". "Қазақ әдебиеті" гәзетінің редакциясында сын бөлімінің меңгерушісімін. Редакторымыздың тапсыруымен зиялы қауымның ең көрнектілеріне хат жазып, гәзетіміз хақындағы, көркем әдебиетіміздің хал-ахуалы жайындағы ой-пікірлерін білуді жөн көргенбіз. Евней; Букетовтің әдебиетші-аудармашы еңбегімен әжептәуір таныс едім, соны сылтау етіп, Ебекеңе хат жаздым. Мамыр айында болар. Жауап алдым. Ебекең жауабын кешіктіргеніне кешірім өтініп телефон да шалып, мақала жазып жіберетінін айтты.

Кейінде көбінесе телефонмен хабарласып жүрдік. Ал Ебекең Алматыға келген сайын қалай да тым асығыс болады да. дидарласа алмай қаламыз. «Ғабеке-ау, коммунизмді жалғыз өзім орнатсам деп жүрмін ғой, айып етпеңізші!» деп кейде әзілдей күліп "құтылып" кете береді. Үйімде бір рет қана болды. Бір күні Қарағандыдан телефон соғып: - "Қазақстан жазушылары" деген анықтама шығыпты деп естідім, оған мұндағы менің қолым жете қоймас, егер қиынсынбасаңыз, біреуін беріп жіберсеңіз қайтеді, менің де "мойнымда қыл арқан шірімес", - деп қалжыңдай күлді. Ол анықтаманы ертеңінде поштамен аттандырып жібердім. Қолына тиісімен алғыс хатын жолдаған.

Алғаш жүздесуіміз жайындағы мынау естелігіме аталған екі хатын қосқым келді.



Бірінші хаты:

"Құрметті Ғабеке!

Сіздің хатыңызды алғалы недәуір уақыт болды, бірақ мына Қарағанды университеті ашылуына байланысты қат-қабат шаруа көбейіп, уақтылы жауап бере алмадым, кешірім сұраймын, тек ренжімеңізші!.. Сіздің талабыңыз маған ұнады, менің қарабасымды гәзет тарапынан сыйлаушылық деп есептеймін. Апталық әдебиет гәзетіміз - халқымыздың ең сүйіп оқитын баспалық перзентінің бірі, сондықтан анда-санда пікір қосып тұру азаматтық борышымыз ғой. Әдебиеттің соңына түсіп оқып отыруға қол тимейтіндіктен пікірім дилетанттық бола ма деген қорқынышпен үндемеушілігім бар, дегенмең Сіздің өтінішіңізге орай, ойлануға тура келеді. Кезінде, ретті жерінде, Сізбен, басқа жолдастармен кездесерміз, ақылдасармыз.

Хатыңызға рахмет! Сыр-ағамызға, басқа ағайындарға сәлем!

Сіздерді қадірлеуші — Евней Букетов. 05. 09. 72. "

Үлкен ғалым адамның кішіпейілділігі анық байқалып тұрған жоқ па?! "Сыр-ағамызғасы"- газеттің Бас редакторы Сырбай Мәуленов.

Екінші хаты:

"Ардақты Ғабеке!

Мынау "жуан" кітапты жіберіп, әбден қуанттыңыз. Үлкен рахмет! Маған ілтифатыңыздың мол екенін бұрын да сезетін еді, жүрепмдеп соп жылылық I беки түсті. Енді өз кітабыңызды күтешн.

Қурметпен, кепінге және балаларға сәлем!".

Ағәңыз Евней. I
Р.S. Сізге өтініш айтарлық уақыт та жақындап келе жатқан сияқты-ау! 21. 08. 82

Ебекең жас жағынан да менен үлкен болғанымен ешқашан "сен" деп сөйлескен емес. Бірде: - Мені "сіз" дей бермеңізші! Ыңғайсыз екен,- деп өтінгенімде: "Қалыптасқан ауызға қылар қайраным болмай жүр", - деп, әрқашанғысынша әзіл жауап қайтарғаны бар. Ал "өтініш" дегені Жазушылар одағына мүшелік жәйті еді. Екінші кітабы шыққанда құттықтап: Одаққа мүшелікке өтіңіз, баяғыда Амантай айтқандай, курорттың бәрі қолымда, жазушылардың Шығармашылық үйлеріне жолдама да қалтамда. Өзіміз де Шығармашылық үй салып жатырмыз, бірінші жолдаманы Сізге беремін" дегенмін. Ебекең рахаттанып күліп: "Ендеше, ол үйлеріңізге бірінші көрімдік - менен!" деген.

Әлбетте, Ебекең жазушылар қатарына бірауыздан қабылданды.

Есен-сау болса, Ебекең биыл 80 жасқа шыққанын тойлар еді.. Кім келмей жатқан 80!
Каталог: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Сәрсеке, М. Мәскеу-"жзл" сериясы. 7-ші кітап/ М. Сәрсеке; әңгімелескен Ж. Аупбаев //Егемен Қазақстан. 2007. 28 қараша (№367-370)
Files -> Е. а букетова в развитие Казахстанской науки советского периода/ А. Е. Даниярова //Степной край Евразии историко-культурные взаимодействия и современность. Тезисы
Files -> Уәлиев Д. Академик Бөкетов есімі орталық көшеге лайық / Д. Уәлиев // Орталық Қазақстан. 2004. 23 желтоқсан
Files -> Жақсыбаев А. Жарқын тағдыр тауқыметі/А. Жақсыбаев//Егемен Қазақстан. 2008-№168-169 (5)
Files -> Исабаев, Қ. Адал достық: Е. Бөкетовтің туғанына 80 жыл / Қ. Исабаев // Орталық Қазақстан. 2005. 13 қазан
Files -> Әуезов, м қалаулылар көп, таңдаулылар аз [Текст] / М. Әуезов // Қазақ әдебиеті. 2009. 28 тамыз 3 қыркүйек (№37).
Files -> Литература о жизни и трудах Е. А. Букетова // Евней Арыстанович Букетов (23. 03. 1925 13. 12. 1983): Библиограф указ. Қарағанды, 1992. С. 141-147
Files -> «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» Ебіней Бөкетовтің хаттары бойынша эссе [Мәтін]/ М. Сәрсеке // Егемен Қазақстан. – 2013. – 30 қаңтар
Files -> Бөкетов, Қ. Асыл аға бейнесі / Қамзабай Бөкетов // Жастар əлемі. 2006. 21 наурыз (№4)
Files -> Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет