Әдебиет пен ғылым және оның салалары, теориясы, сыны, бағыты ерекшеліктері, ұстанымдар жүйесі



бет1/5
Дата21.12.2023
өлшемі46.81 Kb.
#487247
  1   2   3   4   5
әдеб өзект мәс


Әдебиет пен ғылым және оның салалары, теориясы, сыны, бағыты ерекшеліктері, ұстанымдар жүйесі
Әдебиеттің теориялык, мәселелері, әдетте, дәл осы тараудан, яғни әдебиеттану жайын, оның ғылымдық, сыры мен сипатын, әр алуан ғылыми салаларын талдап түсіндіруден басталатын.
Әдебиеттің өзі әдебиет туралы ғылымнан тумайды, керісінше, әдебиет туралы ғылым әдебиеттен туады. Әдебиет жоқ жерде әдебиет туралы ғылым болуы да мүмкін емес. Ендеше, әдебиет туралы ғылымнан бұрын, алдымен әдебиет дегеннің өзі не нәрсе екенін, әдебиетті жасаушы суреткер жөнін, сөз өнерінің қоғамдық бітімі мен идеологиялық пішінін жалпы түрде бір байыптап алу шарт.
Әдебиеттану- сөз өнерін зерттейтін ғылым. Ал әдебиет туралы ғылым, негізінен, мынадай 3 түрлі ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып-білуге болады.
Әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатысын білу, әдебиеттің өсіп-өрбіуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес.
Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары- әншейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең талдау, пайымдау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар.
Әдебиет тарихы, жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың болсын, атамзамандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сын көзімен сұрыптап, сарапқа салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар шығармашылығы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Әдебиет тарихын зерттеушілерге ең басты талап дәл осы тұрғыдан қойылады.
Әдебиеттің теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиет сынымен тығыз байланысып жатады.
Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан-жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның шығармашылық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен оқырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі.
Олай болса, жалпы әдебиетті дамытудағы сыншының күші, жазушыға тигізер сынның ықпалы оның оқырманға тигізер әсеріне, қалың көпшіліктің көркемдік талғамын қалыптастыруына тығыз байланысты.
Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Оның көркем шығармаға қосалқы ой емес, өз алдына жеке шығарма болып табылатыны да сондықтан.
Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары критерийлері бар. Мұны білу, игеру же оңай емес. Біреулер көркемдік критерий дегенді әдеби шығарманың кемшілігін ғана қазбалау деп ойлайды. Бұл – қате ұғым. Көркемдік критерий, ең алдыменғ әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі – осы. Кез келген шығармада болатын үлкенді-кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді.
Белинскийдің анықтауынша, « сыншы таланты – сирек талант, сыншы жолы – тайғақ һәм қатерлі жол» да, шын мәніндегі әдеби «сын – қимыл, қозғалыс үстіндегі эстетика».
Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы(теориясы, тарихы, сыны) өзара тығыз бірлікте болатыны, әдебиеттің теориясын шын түсінбей тұрып, тарихы жайлы әңгіме қозғау; тарихын білмей тұрып, сынын өрбіту мүмкін емес екені белгілі. Шын мәніндегі әдебиет сынщысы немесе әдебиет зерттеушісі әдебиеттанудың үш саласына да жетік, білімдар әдебиетші болуы шарт.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет