Егемен Қазақстан. – 2011. - №98-101. – 19 наурыз
Кәкен А.
Есенберлин іздеген ержүрек қыз
Елді дүр сілкіндірген үлкен оқиғаның жаңғырығы кейде одан әрі жалғасып, ертегі сияқты шартарапқа жайылып жатады. Бірақ бұл аңыз-әңгіме емес еді. Біраз адамдар тамсанып, ауыздарының суы құрып айтты. Біз де оны естідік. Неткен қайсарлық! Қандай ерлік! Елін, жерін сүйген, туған өңіріне деген мөлдір махаббаттың, жүрек түбінде бұлқынып, шиыршық атқан ыстық сезімнің сыртқа шығуы осындай-ақ болар деп сүйсіндік, масаттандық, мақтандық.
Оқиға 1979 жылғы маусым айында қазіргі Астана қаласында, ал сол кезде Целиноград деп аталатын шаһарда неміс автономиясының казақ жерінде ұйымдастырылуына қарсы болған демонстрацияға байланысты еді. Ол туралы баспасөз бетінде мынандай дерек келтірілді.
«Республика Конституциясының аясында өте сауатты сөйлеген шешенге ешбір ілгіш тауып, айтқан пікіріне жармаса алатын емессің. Одан кейін әр деңгейдегі, әр жастағы жандар шығып сөйлеп, казақ жерінде автономия құрудьң қисыны жоқ екенін жан-жақты дәлелдеп жатты. Әңгіме олардың жалынды сөзінде де емес, жан толқындары да телегей теңіз ғой, бізді тебірентіп, көзімізге жас үйірілткен каршадай қыздың ортаға жұлқына шығып жасаған әрекеті.
Обкомның бірінші хатшысы Н. Морозовтың дәл алдына барып:
- Автономия туралы указ шыққан күні осы аланға келіп мен өзімді өзім керосин құйып өртеймін! Жеріме жаным садаға! - дегенде көзіне жас үйірілмеген, жаны толқымаған бірде-бір адам қалмаған шығар...
Кейінен Алматыға Жазушылар одағының пленумына барғанымызда туған жеріндегі жанкешті оқиғаны куәгенден естігісі келген Ілияс Есенберлин әңгіменің осы тұсына келегенде қалтасынан қол орамалын қармана берді. Кейіннен тағы бір кездескенімізде қайран Ілекең:
-
Сол қыздың аты-жөнін білдің бе? – деп қиылды. Әрине, ол кезде мұндай ұшқары сөздің авторларын сұрап білуге болмайтын. Суреттеп айту да қиянат. Қаншама жастар оқу орнынан, жұмыстан қудаланып жатты.
-
Апырмай, сол қызды бір көрсем, шіркін! Тым болмаса атын аташы. Бір романның штрихы дайын тұр. Тек соның кілті - қыздың атын білсем, мүмкіндік болса көрсем! Деп армандады Ілекең.
- Ереймендік қыз, қарындасымыз, бірақ атын айтып қиянат жасай алмаймын, - деді бір азамат. Сөйтіп, Ілекеңнін жерлестеріне арнап ой елегінен өткізіп қойған кітабы жазылмай өзімен бірге кетті
(«Сарыарқа» журналы, 1993, №6, 55-6.).
Бірде Әйтім Жанайдаров деген ағамызбен кездесіп, осы мәселе төнірегінде әңгіме бола қалды.
- Ол - Алтыншаш Бейсембаева. ЗАГС-те істейді. 1979 жылғы Ақ-
моладағы неміс автономиясына қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін
қудаланған, институттан шығарылған, жұмыстан қуылған. Ерей-
ментауда тұрады. Туған жиенім. Баспасөз қызметкерлерімен сүхбат-
тасуға құлықты емес. Егер менің жібергенімді білсе, кездесуге келі-
суі де мүмкін, - деді.
Тірі адамның күйбеңі біткен бе, кейін әлдебір ұсақ-түйектер киіп кетті де бұған орала алмадым. Сөйтіп жүргенде Әйтім ақсақал өмірден озды. Арада тағы біраз жыл өтті. Кейін бұл мәселеге қайта оралып, Ерейменнің белгілі азаматтары - Торғай поселкесіндегі орта мектептің директоры Жеңіс Бөдешов, «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі журналист Ілияс Қарағозиннен сұрағанымда олар Әйтекеңнің айтқанын қайталады. Соңғы кезде «Егемен Қазақстан» газетінде хатшылық қызмет атқарып, 79-дың оқиғасы кезінде Ақмоланың ауыл шаруашылық институтында істеген, қазір зейнеткер Раиса Ыбыраева карындасымыз осы деректің дұрыс екендігін айғақтады және Алтыншашпен жолықтыруға қол ұшын берді.
Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр Алтыншаштың арғы аталарының бірі. Ал өз әкесі - Баймағамбеттің (елде оның есімін қысқаша Баймамбет дейтін көрінеді -А.К.) бергі ағайын-туыстары ақ патшаның июнь жарлығын мойындамай, Ереймен өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліске қатысқан. Осы оқиға кезінде сол аймақта халық санағымен айналысып, іссапарда жүрген ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің:
Ел толқыны басылар;
Ел-жүртынан айырылған
Ер толқыны басылар;
Махаббат, қасірет толқыны
Басылмас ыстық жүректің.
Басылмас қайғы толқыны
Кернеген шерлі көкіректің, -деп оған жыр жолдарын арнағаның ереймендіктер біледі.
Міне, туған өлкенің осындаіі шерлі тарихын бала кезінен естіп. құлағына құйып өскен Алтыншаш семьядағы алты баланын кенжесі, еркетотайы болса да тезірек есейді. Туған еліне, өскен жеріне деген ыстық махаббаты, сүйіспеншілігі ерте оянды.
1978 жылы Ерейментау қаласындағы №1 орыс орта мектебін аяқтаған соң басқа құрбылары сияқты жоғары оқуға түсемін деген ниетпен құжаттарын Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне тапсырады. Мектепте ойдағыдай оқыды, бағалары да тәп-тәуір болатын, институттағы сынақтан да өтті, бірақ конкурске түскенде балы жетіңкіремеді. Сырттан оқитын бөлімге алайық деген соң оқуын өндірістен қол үзбей істеп, жалғастыруға келісті.
Алтыншаш Бейсембаева әрмен қарай былай дейді (сенбі, 18 желтоқсан, 2010 ж.):
- Ауыл шаруашылығы институтына сырттан оқитын студент болып
қабылданған соң жұмысқа орналастым. Ақмоланың дәл іргесіндегі елді
мекенде оның зоотехникалық-инженерлік факультеті бар. Жұрт қысқаша «учхоз» (оқу шаруашылығы) дейді. Сонда іс жүргізуші міндетін атқардым.
Әдеттегідей таңертеңгі автобуспен жұмысқа келсем, бәрі абыр-сабыр. Студенттердің көбі жоқ, қалаға кеткен. Бүгін сабақ болмайды дейді. Мұның себеп-салдарын сұрап жатырмын.
- Не болып қалыпты?
- Митингіге жиналып жатыр. Демонстрацияға шықпақ.
Бұл қатардағы күндердің бірі. Мереке де емес, күнтізбеде белгіленген той жоқ. Сонда не қылған митингі?
- Біздің облыста неміс автономиялық облысын құрайы деп жатыр. Жұрт соған наразы Болдырмауымыз керек!
- Мен де барайын. Көрейін. - Ақмолаға жүреміз деп жатқан адамдарға ілесіп, қалаға келдім.
Орталық алаңға қоныс тепкен Советтер үйі деп аталатын ғимараттың алды ығы-жығы. Жан-жақтан жиналып, орталыққа тоғысқан халықтың қарасы молая түскен. Қолдарында плакат, транспаранттар. Ондағы жазулар: «Неміс автономиясы болмасын!», «Қазақстан - біртұтас, бөлінбейді!», «Халықтар достығы жасасын!» деген мазмұнда.
Бірге оқитын жастар ұйымдасып, топтасып бірыңғай тұр. Сырттан оқитын болғандықтан курстастарымды іздемей-ақ, бір топқа қосыла салдым. Сөйтсем, педагогикалық институттың студенттері екен. Митингі қызған, бірінен соң бірі сөйлеп жатыр. Бір уақытта топты басқарып жүрген бір жігіт жанымызға келді де, әлдекімді іздей бастады. Шамасы, әуелгі келісім бойынша пединституттан біреу сөйлеуге тиіс болса керек. Сол кезде: «Маған сөз беріңізші!» деуім мұң екен, бастаушы жігіт» жарайды» деп қостай кетті.
Қаңшама шыдамдылық білдірейін десем де болмады, микрофон қолға тигенде толқым кеттім. Бәрі көз тігіп,ел-жұрт қарап, тек менің сөзіме құлақ түргендей. Көңілдегі көрікті ойлар бытырап кеткендей көрініді. Сөйтсе де тәуекелге басып, сөйлеп кеттім: «Ерейментау – киелі өңір. Осы жер үшін Бөгенбай батыр бастаған бабаларымыз жоңғарлармен, шүршіттермен соғысты, қан төкті. Бұл жер – ата-бабадан қалған мұра. Қазақ тірі болса мұны ешкімге бермейді! Немістерді атақонысына неге жібермейді? Ашсын сонда мемлекеттігін! Ресейде, Сібірде... Қазақ жерінде неміс автономиясы құрылады деген указ шыға қалса, тап сол күні осы аланға келіп, өзіме керосин құйып өртеймін!...» -дедім.
Келесі күні ректоратқа шақыртты. Ректор емес, қауіпсіздік саласының қызметкерлері екен. Мәскеуліктер. Агроинститқа келіп кетіп жүретін жергілікті чекист Марат Байтасов әңгімеге араласпай босағада отырды. Сұрақ-жауап алған мәскеуліктер. Олар жылы қабақ танытқандай болып, істің мән-жәйін білгісі келеді. Суреттерді көрсетті. Алаңға шыққан, митингіде сөйлеген адамдар. Плакат, транспарант ұстаған жастар.
- Мынау кім? – Көпшіліктің ішінде тұрған менің бейнемді нұсқады. Бұдан қалай жалтарарсың?
- Мен.
- Иә, сенсің. Немістерге неге сонша өшіктің?
- Жол, олай емес. Орыс мектебінде оқыдым, менің орыс достарым көп. Неміс жолдастарым да аз емес. Тіпті олардың кейбіреулері шет елге кетсе де хабарласып тұрады, мені іздеп жатады.
- Қауіпсіздік қызметкері сұрақты нақтылай түсті.
- Сібірге барсың, Ресейге кетсін деп неге айттың?
- Қызу үстінде толқып тұрып айтқан шығармын. Бірақ мен оларды қудалау керек, басқа жерге қуу керек деген ойдан мүлде аулақпын. Тұра берсін. Біздің арамызда келіспеушілік жоқ. Мен немістерге қарсы меспін, қазақ жерінде неміс автономиясының құрылуына қарсымын.
- Неге?
- Мен ерейментаулықпын. Бұл – ата бабаларымның мекені. Неге бұл жерде неміс автономиясы болуға тиіс? Мен соған түсінбеймін.
Мәсеулік шенеунік сұрағын жалғастыра түсті:
- Жарайды, солай болсын-ақ.
Сонда партия шешіміне қарсылық білдіріп, алаңға шығып, шеруге қатысудың аяғы неге ұшырататындығын сезбедің бе?
- Мен ауызша жеке пікірімді білдірдім. Айтуға болмай ма? Сол үшін қудаламақшысыздар ма?
Орталықтан келген шенеуніктер бір-біріне қарады. Он сегізге жаңа ғана толған мына қыздың сөз саптасы оларға ұнай қоймады.
- Сен әлі жассың. Көп нәрсіні аңдамауың мүмкін. Біреулердің ықпалымен, алдап-арбап айтақтауымен сөйлеген шығарсын. Ал шеруге қатысып, өкімет шешіміне ашықтан-ашық қарсылық көрсетудің соңы жақсылыққа апармайды. Жағдайды онсыз да біліп отырмыз.
Плакаттарды, транспаранттарды кімнің, қашан, жатакхананың қай бөлмесінде жазылғаның, матаны, сырды кім әкелгенін – бәрін білеміз.
Сондықтан ештеңені жасырма. Одан да сені осындай іс-іректке кім тартты, шеруге шығып, сөз сөйле деп кім үгіттеді – соны айт.
Сұрақ-жауап алушылардың сыры ашылды. Қазір алдарында тұрған орта мектепті кеше ғана бітірген мына талдырмаш қыздың бүлдіргіш, қиратқыш іс-әрекетке бара қоюы екіталай. Мұның артында демеуші, сүйеуші күштер тұруы әдбен ықтимал. Іздеуге тиіспіз, табуымыз керек.
- Шерушілерге қосылуым кездейсоқ жағдай. Өйткені, алаңға шыққандардың басым көпшілігі күндізгі топтағы студенттер. Негізінен жатақханаға қоныстанған. Мен сырттан оқимын, туыстарымның пәтерінде тұрамын, тұрақты жұмысым бар. Жастар шеруге қалай дайындалды, олардың арасында алдын-ала ұйымдастыру шаралары жүргізілді ме, болса оны басқарған кімдер еді – оны білмеймін. Шынын айтсам, алаңға насихат жүргізу үшін емес, рас бірдеңе болып жатыр ма, соны көрейін деп келгем. Ал микрофонға жармасып, сөз сөйлеуім аяқ астынан туындаған ша-
руа. Оның себебін айттым.
- Демек, алаңға келіп, өз еркіңмен сөйледің. Ешкім осылай істе деп үгіттеген жок. Бәрін тындырып жүрген өзім дейсің ғой.
- Дәл солай. Енді мәскеуліктер Алтыншашты қорқытуға кірісті.
- Сен келешегіңді ойла. Алда үлкен өмір бар. Туған-туыстарын бар дегендей...
- Мұнымен не дегіңіз келеді?
- Қазір сырттан болса да института оқисың. Жүмыс істейсің. Өзің ойлап көрші. Партия саясатына қарсы шыққан, оның шешімінің орындалуына наразылық білдірген адамды жоғары оқу орнында қалай қалдырады? Ондай адамға институттағы жұмысты сеніп тапсыруға бола ма? Егер сені оқудан, жұмыстан қуса, болашақта жағдайың не болады?
- Менің митингіде айтқаным – айтқан. Оған өкінбеймін. Сол үшін , оқудан, жұмыстан шығарсаңыздар - шығарыңдар.
- Сонда не істейсің?
- Ерейментауға кетемін. Ел іші ғой. Бір жөні болар...
Үйге, Ерейментауға, келген соң неміс автономиясына байланысты төтенше оқиғаны әке-шешесіне баяндайды. Бұлар мәселенің мән-жайынан хабардар екен. Оны айтасыз, аудандық ауыл шаруашылык басқармасында бас бухгалтер болып істейтін Алтыншаштың әкесіне биліктің атынан біреулер «балаң алаңға шықты, партия шешіміне наразылық білдірді, сол үшін сізді партия қатарынан шығару қарастырылып жатыр» деген ақпарды жеткізеді. Сонда Баймағанбет:
- Қызым алаңға шығып, автономияға қарсы екендігін айтса -дұрыс жасаған. Қолдаймын... Партбилетте шаруаңыз болмасын. Оны сен берген жоқсың, сен де ала алмайсың, - деп келген өкілді қуып шығыпты. Ал Алтыншашқа: «Ештеңені уайымдама. Басыңды көтеріп жүр, қалқам. Біраз дем ал, жұмыс табылар. Кейін оқу жағдайын да қарастырарсың», - деп ақыл берген.
Иә, содан бері біраз жылдар өтті. Өндірістен қол үзбей жүріп, жоғары білім алды. Кәсіби заңгер. Тұрмыс құрды, ұл-қыз өсірді, оларды оқытты, үлкен өмір жолына шығарып салды.
Бір кезде белгілі қаламгер Ілияс Есенберлин іздеген Алтыншаш Бейсембаева қазір Ерейментаудағы автомобиль жөндеу зауытында ресми іс қағаздарын жүргізеді. Жуырда кездесіп, сұхбаттасқанда ол осыдан 32 жыл бұрын қазіргі Астана каласының әкімдігі алдындағы орталық алаңға шығып, партия шешіміне қарсылық көрсеткеніме өкінбеймін, сол үшін
қуғын-сүргінге түскеніме ренжімеймін деді. Өйткені бұл іс-әрекетті Алтыншаш тәуелсіздік жолындағы күрестің айқын бір көрінісі деп есептейді.
Достарыңызбен бөлісу: |