Егемен Қазақстан. – 2010. - №374-375. – 17 қыркүйек
Самрат Ж.
Топырақ экологиясы да толғақты мәселе
Аманжол Тұрарбековтің мамандығы – эколог. Ол ұзақ жылдар Целиноград ауылшаруашылық институтында, Топырақтану ҒЗИ Целиноград бөлімшесінде өңір экологиясымен айналысқан, қазір Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде (ҚЭҚХСУ) профессор болып қызмет істейді. Біз ол кісімен аймақ экологиясының мәселелері жөнінде әңгімелескен едік.
-
Менің экология ғылымымен, соның ішінде топырақ экологиясымен айналысқаныма ширек ғасырдан асты. Экологияны әуелі биология ғылымының бір саласы деп қарастыратын, зерттеле келе ол биологияның шеңберінен шығып, өз алдына дербес ғылым ретінде танылды ғой. Топырақтану институтында біз, ең бастысы, ұзақ жылдар бойы топырақты тұздан бейтараптандыру мәселелерімен шұғылдандық. Оның бірнеше тәсілдері бар: химиялық, агротехникалық және биологиялық. Химиялық тәсілде топырақтағы тұзды тарату үшін оған жасанды қоспаларды, соның ішінде фосфоргипсті қосуды айтады, сонда тұз тарап, топыраққа зияндылығын азайтады. Агротехникалық тәсіл деп топырақты жаңаландырып, оны түрлі сапаға өзгертуді айтамыз. Соның ішінде шірінді төгу де бар. Бірақ бұл тәсілдердің кеміс жақтары да жоқ емес. Ең бастысы, олар экономикалық жағынан тиімсіз, өйткені көп шығынды талап етеді. Ал биологиялық тәсіл деп тұзды топыраққа шыдамды өсімдіктерді егуді айтады. Экологиялық жағынан барынша тиімдісі осы әдіс. Табиғаттың адам араласпай-ақ өзін-өзі тазартатын санитарлары болады, тек соларды орнымен пайдалана білу керек. Тұзды бейтараптандыру үшін егілетін өсімдіктерді өскен соң шауып тастайды, бірақ тұзға шыдамды тамырынан ол қайта өсіп шыға береді. Әр шыққан сайын тұздың мөлшері азая береді. Тұзға төзімді мұндай өсімдіктердің қатарына кәдімгі жоңышқа да жатады. Бірақ оның да әр түрі болады, соның ішінде түйежоңышқаның тиімділігі жоғары. Ал дәнді дақылдардың ішінде арпа тұзды топырақты жақсы бейтараптандырады және өзі де тұзды топыраққа барынша бейімделіп, артынан жақсы өнім береді. Біз тәжірибе жасау барысында тұзды топыраққа егілген арпадан бір жылдары гектарынан 40 центнерге дейін өнім алдық. Ақмала облысының топырағын тұздан арылтуда химиялық әдіс тиімді екеніне көз жеткіздік. Бір гектарына 40 тоннаға дейін фосфоргипсті сепкен кездерімізде болды. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, қымбат болуы себепті бұл экономикалық жағынан тиімсіз, бірақ ол жылдар өте келе өзін-өзі ақтайды.
-
Астананы көгалдандыру жөнінде кейбір мамандар табиғаттағы барлық қоқыстар мен қалдықтарды, соның ішінде зиянды тұздарды осы жерге біреу қасақана әкеліп, үйіп қойған сияқты, елордаға егілген көптеген декоративті ағаштардың өсіп кетпеу себебі сол деседі. Осыған эколог ретінде не айтар едіңіз?
-
Ондай сөздердің жаны бар. Еліміздегі топырақ құнарының әртүрлі екенін білесіздер, соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау аймағының жері кәдімгі «тарихи қара топырақ». Ондағы қара шіріндінің қалыңдығы 80 см–ге дейін барады. Мұндайға ылғал ғана керек, «ылғал болса - жетек ексең арба өседі» дейді мұндайды. Бірақ бұлда өте құнарлыға жатпайды, Ресейдің Краснодар өлкенсіндегі қара топырақтың қалыңдығы 1 м 20 см. Ол жерден 60-70 центнерге дейін өнім алуға болады. Кейбір Еуропа елдерінде, соның ішінде Голландиядағы қара топырақтың қалындығы 3 метрге дейін жетеді.
Ал Ақмола облысында «тарихи қара топырақ» Шортандыда ғана бар, ондағы шіріндінің қалыңдығы да 40-ақ см. Ылғал 400 мм – ге дейін түседі, соның арқасында өнім бар. Ал еліміздегі негізгі топырақ – қарақоңыр топырақ. Бірақ айта кететін бір жайт, біздің астықтың қамырлығы жоғары, ал ылғал көп болған жерлерді бидайдың нандылығы төмендеп, көже болып кетеді.
Астана аймағының топырағын ұзақ зерттеген мен жоғарыда айтылған сөздердің шындыққа өте жақын екеніне кепілдік бере аламын.
Мұндағы жердің құрамы барынша сортаң топырақты болып келеді. Онда өсімдікке зиянды неше түрлі тұздар, ауыр металлдар бар. Кейді 5-6 жыл өсіп тұрған ағаштың өзі де қурап қалғанын көруге болады. Мұның себебі тамырдың топырақ құрамындағы сорға қанығып, уланып қалғандығынан болады. Оның үстіне қазір автокөліктер түтінен бөлінетін күкірт тотығының да зияны үлкен. Ондайдың көлемі машине көбейген сайын артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан да Астанада барынша нәзік, сұлу ағаштар жерсінбей, қурап қалып жатады. Бізде қымбат ағашты екпес бұрын топыраққа зерттеу жүргізіпті дегенді естіген емеспін. Ал бұл өте қажетті үдеріс еді. Астананың сортаң топырағына жергілікті өсімдіктерден басқа мен білетін ағаштардан «Қырғыз қайыңы», «Сары акция», «Қара ағаш» және т.б. жақсы өседі.
- Сіз жергілікті тұрғын әрі эколог маман ретінде өзіңіздің
пікірлеріңізді айтыңыз ба?
-Әрине, мен кезінде өте көп ұсыныстар жасап, Астананың экологиясын тазарту, топырағын асылдандыру туралы пікірлерімді жариялап тұрдым. Осы тоқырыптағы бірнеше жиын, конференцияларға қатысып, өзімнің пікірімді білдірдім. Соның ішінде декоративті өскіндерді бұрын ағаш өскен жерлерге ғана отырғызу керектігін айтқан едім, өйткені ол жерлердің сортаңы аз екендігін ағаштардың өзі көрсетіп тұр ғой. Бірақ біздің пікірлерімізге құлақ аса қойған жоқ. Сортаң жерлерге қымбат ағаштардың көбі артынан қурап қалды. Бірақ қазір ағаш өсірушілер де маманданып алды. Олар ағаш егу үшін сортаң жерге бір метрге жуық қара топырақ төсейді, оның үстіне 40 см- дей ұсақ тас төгеді. Сөйтіп тамыр алдымен қаратопырақтан күш алып, жайылып алады. Ал ылғалмен көтерілген сор ұсақ тастан өте алмай қалып қояды, сөйтіп ағашқа зиянын тигізе алмайды. Сондай-ақ тамырды үлкен себеттердегі топыраққа отырғызу тәсілін де қолданып жатыр. Бұлар ағашты жергілікті жерге бейімдеу деп аталады.
- Өзінің туралы не айтар едіңіз? ..
- Мен осы Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Айшуақ ауылында 1940 жылы дүниеге келіппін. Айшуақ, Сабынды, Кеңбидайық деген жерлердің орталау мектебін тауысқан соң Ақмола қаласындағы Сталин атындағы жалғыз қазақ мектебінің 9-шы сыныбына келдім. Ауыл мектебінде өте жақсы оқып келген мен мұнда үлгере алмаушылар қатарынан бір-ақ шықтым. Өйткені, ол кезде химия, физика және т.б. пәндер орыс тілінде жүргізілетін. Соның ішінде ең қиыны химия болды. Бұл пәннен Лидия Александровна деген кісі берді. Тек химиялық реакция жасап, есеп шығарта береді. Тақтаға шықсам бір ауыз орысша білмейтін мен мыңқиып тұрамын. Алатын бағам «бір» мен «екі». Содан өзімді өзім қолға алып, химияны түсінуге тырыстым. Бір күні тақтаға шығып, барлық есепті дұрыс шығарып беріп едім, ұстазым менің есептерімді қалың көзілдірігін қолына бір алып, бір салып тұрып, қайта- қайта тексерді. Артынан Целиноград ауыл шаруашылық институтының агрофагына (ЦАШИ) түскенде Лидия Александровнаның алдынан өткен мен химиядан тек «бес» алып жүретін болдым.
Біз Целиноградтың осы институтының ең алғашқы түлектеріміз. Институттан кейін біраз жыл мамандығым бойынша қызмет еттім, 1966 жылы ЦАШИ-дің егіншілік кафедрасына қызметке шақырылдым. 1970 жылдың басында кандидаттық диссертация қорғадым. Топырақтану ҒЗИ-да ұзақ жылдар зерттеген жұмысым артынан жабылып қалып, докторлығымыды қорғай алмай қалдым.
1995 жылы топырақтану ҒЗИ-дің біздегі филиалы жабылатын болды, сосын ауыл шаруашылық академиясына ауысып, осы жерде агроэкология кафедрасының ашылуына мұрындық болдым. Екі жыл бойы барлық жерге қайта-қайта жазып, ректор Бекен Әлимжановтың келісіміне қол жеткіздік-ау әйтеуір. Ол маған жарайды ашайық, бірақ соған студент келеме деген еді, мен сіз аштық деп газетке хабарландыру беріңіз, келмесе басыммен жауап беремін, деген едім. Қазір, құдайға шүкір, абитуренттер қаптап келеді. Міне, 7-8 жыл болды қазір кафедрамыз таза экология болды, агросын алып тастадық. Биыл оған 50 адам түсті. Бітіргендер елімізде жұмыс істеп жүр, соның ішінде экологиялық полицияда қызмет ететіндер көп.
- Ғылыми еңбектеріңіз туралы да айта кетсеңіз...
- Осы уақытқа дейін бес ғылыми кітаптың жарық көруіне қатыстым. Соның ішінде «Солтүстік Қазақстан егіншілігі», «Ауыл шаруашылық экологиясының практикумы», кейін «Жалпы экология» болып екінші рет басылған жоо студенттеріне арналған «Жалпы агроэкология» атты оқулық және т.б.
- Осы соңғы оқулығыңыз жөнінде нақтырақ айтсаңыз?
- Бұл экология жөнінде қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқулық. Ол 50 баспа табақтан немесе 716 беттен тұрады. Бұл оқулық менің өмір бойы еңбегімнің қортыңдысы іспеттес. Оқулық 14 бөлімнен тұрады. Ол жалпы экологияның теориялық негіздері мен тұжырымдамасынан бастап, аутэкология, демэкология, синэкология, радиоэкология және т.б. сияқты түрлеріне тоқтала отырып, Қазақстандағы барлық экологиялық мәселелерді жан-жақты қарастырған. Соның ішінде онда өзім ұзақ жылдар зерттеген топырақ экологиясы да үлкен орын алған. Оқулық студенттерге ғана емес, жалпы экологияға қызығушылық танытатын оқырмандарға пайдалы деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |