Егемен Қазақстан. 2012. №633-634. 28 қырқүйек



Дата04.06.2016
өлшемі31.98 Kb.
#113907
Егемен Қазақстан.- 2012.- № 633-634.- 28 қырқүйек

Рахметов С.

«Біздің жұлдызымызды жаққан-қазақ тілі»
Қиын кезеңдерде ұлтты қо­жыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі – бүгінгі өмі­рімізде де ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі бо­луға тиіс.

                                                                                      Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің гуманитарлық пәндер факультеті «Тілдер апталығы» шеңберінде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесу өткізді.

Ресми дерек бойынша елімізде қазақ тілін өзінің ана тілі санайтын 6 мыңнан астам өзге ұл өкілдері бар екен. Олардың қатарының жылдан-жылға толығып келе жатқаны да анық. Оған «Мемлекеттік тілді құрметтеу – қасиетті пары­зың», «Үш тұғырлы тіл», «Тіл – сенің жүректегі жүйрік елшің» та­қырыптарда өткен шараларды ұйым­дастыру барысында да көз жеткізілді. Апталықтың жабылу салтана­ты­на арнайы шақырылған өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ тілінде еркін көсіле сөй­леуі де ана тіліміздің мерейін ас­қақ­тата түскендей болды. Өз ана тілімен қатар қазақ тілін терең меңгеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген «Тіл» журналының бас ре­дакторы Максим Николаев, «Еуразия» телеарнасының тілшісі Владислав Цой, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің студенттері Юлия Кушнарева мен Сухраб Янан және басқалары қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, болашағы жайлы сөз сабақтады.

Кездесудің ашылуында сөз алған университет ректоры Ақылбек Күріш­баев: «Тіл – достық дәнекері, береке мен бірліктің алтын құралы. Міне, сондықтан да бізбен бір шаңырақтың астында тұрып жатқан түрлі ұлттар­дың өкілдері өздерінің болашағын қа­зақ тілімен байланыстырады. Қоғам­да қазақ тіліне деген сұраныс еселеніп артып келеді. Біздің университет ұжы­мы да бұл игі істен тыс қалмақ емес. Соның бір мысалы Ғылыми кеңестің шешімімен үстіміздегі жылы толық­тай қазақ тілінде іс жүргізетін кафедра оқы­ту­шыларының жалақысына үстем­ақы қосу қарастырылып отыр», – деді ол.

Өткен жылы ғана республикалық «Тіл жанашыры» төсбелгісімен мара­патталған Максим Николаев: «Шыны керек, менің мамандығым, алған білімім теледидар түгілі, тіл білімінен де алшақ жатыр. Университетті «еңбек пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, журналистика саласынан бір-ақ шығуыма септігін тигізген қазақ тілі. Мен ауылда өстім. Арпа ішіндегі бір бидай тәрізді қарадома­лақ­тар­дың арасында сары домалақ болып жүруші едім. Достарымның бәрі қазақ балалары болғандықтан қазақ тілін жетік меңге­руі­ме неғұрлым көп көме­гін тигізді. Сол үшін де достарыма қа­рыздармын», – дей келіп, өзінің бағын қазақ тілі ашқанын, ендігі жерде сол тілге қызмет етуді парыз санайтынын айтты.

Әріптесінің бұл сөзін қуаттаған кәріс ұлтының өкілі, «Еуразия» теле­арна­сының тілшісі Владислав Цой: «Мен де Максим тәрізді қазақ ауы­лында өстім. Ақтөбе облысының Темір атты қазақ ауылы мені Астанаға қазақ тілін еркін меңгерген кәсіби маман етіп аттандырған еді. Өз жұл­ды­зымның жанғанын қазақ тілін жетік меңгеруімде деп білемін. Телеарнада жүріп, қазақ тіліндегі журналистер босамай жатқан сәтте өзім қазақ тілінде ақпарат дайындап, көрерменге ұсына беретін дәрежеге дейін жеттім. Менің көрермендерім қазақ және орыс тілдеріндегі кең ауқымды аудитория екенін мақтанышпен айта аламын. Журна­лис­тикаға келмес бұрын «Superstar.kz» жобасы арқылы қазақ тілді көрер­мен­ге танылдым. Аталған жобада халық арасына кең тараған ән – Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнін орындап шыққан болаты­н­мын» деп, өзінің қазақ тілі ар­қылы жет­кен табыстарын ортаға салды.

Ал ауғандық студент Сухраб Янан: «Мен қазақ тілін небәрі 9 айда үйреніп алдым. Алматы қаласындағы тіл оқыту курсында оқып, бүгінгі күні еркін сөйлесе алатын дәрежеге жеттім», деп, қазақ тілін меңгеруді өзінің басты табысы санайтындығын жеткізді.



Кездесу концертке ұласты. Оған қатысушылар да қазақтың өнерінен құралақан емес екендерін көрсетті. Алла Попова мен Тамерлан Начжимеденов Абайдың «Көзімнің қара­сы» әнін орындаса, Миновар Мабова «Қа­мажай» биімен жинал­ған­дарды өз өнеріне тәнті етті. Сол сияқты, дом­быраның құлағында ойнап, күй шерткен Ксения Сурикова мен Владислав Калмыковтың, Диляра Кальтиеваның орын­дауын­дағы «Төрт ана» өлеңі жиналған көпшіліктің көңілінен шық­ты. Ал кеш шымылдығын «Еуразия» арна­сы­ның тілшісі Владислав Цой Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнімен жапты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет