ALMA MATER
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына биыл 75 жыл толғанынан әлеумет кұлағдар болуға тиіс. Той салтанаты жуықта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің үлкен тобымен кездесуден басталды. Ректор, академик Бақытжан Жұмағұлов мерейтой жабдығына құлшына кірісіп, университеттің іші-сыртын бүгінгі әлеми дизайн талабына сай әп-сәтте құлпыртып жіберіпті.
Көңілің тасиды, әрі алабұртады. Сонау келмеске кеткен күндерің қол бұлғап күлімдеп тұрғандай. Алғаш университет табалдырығын аттағаның, студент деген арманды аудиторияға кіргенің, кейін сол аудиториямен қоштасып айырылысудағы алмағайып ахуалың оқыс еске оралып, жүрегіңде қуаныш, құлазуы аралас күй ойнатады. Бір жағынан бес жыл бойы бауыр басқан аяулы ұяңды қимағаның, сөйте жүре, нағыз кәмелетке енді толғандай қуанышқа бөленгенің көкірек сарайында сайрап қоя береді. Ішінде езу тартарлық, бірақ, сен үшін бек қымбат көріністер көлбейді. Несін жасырайын, университет ректоры, сол кездегі жастардың кумирі, шіркін осындай азамат болсақ деп қиялдайтын аға – профессор Төлеген Тәжібаевтың өзі қолын қойған (факсимиле емес) “Диплом с отличием” деген қатырма қағазға, омырауымдағы ромбылы значекке жанарым қайта-қайта қадала беретін.
Әрине, балаңдығым... Десе де, ыстық сейдіні әлі жүрегімде басылар емес. Әсіресе университетке перзенттік сүйіспеншілігім. Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда деген өлеңді еске түсіретін студенттік орта, кеудеме білімнің жарық сәулесін аянбай құйған, ойы да, жаны да жомарт оқытушылар, – бұлардың бәрі де – КазГУ. Дүниенің не атақты қаласын араласаң да, Алматыдай қайдан болсын дегізетін шаһар, көшесінің қос жиегін ала сылдырап аққан күміс бұлағы, алтын алма – апорты, аспанға өрлеген шымқай жасыл жапырақты реңкі, мәртебесін әуелетіп, асқақтатып тұрған ақшаңқан Алатау – осы теңдесі жоқ суреттің бәр-бәрі мен үшін – КазГУ, қазір әл-Фараби аталатын білім ордасы. ҚазҰУ атауына біздің көз де, құлақ та әлі үйренісе қойған жоқ, оқырман айып етпесе, дәл осы мақалада университетімді өзіміздің кезіміздегі атымен-ақ жаза берейін.
Өз басым университетке ұлан-асыр борышкермін. Бұл күндері мына 80 жылдығымда аз мақтау естіп жатқаным жоқ. Соның шындыққа жанасатындарының дені де, дәні де бойыма КазГУ-де егілген. Тағдырымның белесті кезеңінің бәріне осы оқу орнының арқасында көтерілдім десем, бұл қызыл сөз емес. Мен осы ұядан бір емес, үш дүркін ұшыппын.
Алғаш рет – Шығыс Қазақстанға, туған өлкем – Алтай аясына.
Қазіргі кезде “Дидар” деп аталатын облыстық “Коммунизм туы” газетінің редакциясы Ушанов көшесінің (қазіргі аты – Тәуелсіз Қазақстан) ақ Ертіске барып тірелетін тұсында бірінші кірпіш қабаты әкпен сыланған ақ, бөренеден қиған екінші қабаты қара коңыр үйде орналасқан екен. Көне жай болуға керек. Бөренелері жауын-шашынды бұл өңірдің мазасыз ауа райынан әбден қарайып кеткен. Бірақ іші самаладай жарық, ауасы таза, жеңіл. Жарты ай шамасы әдебиет қызметкері болып істеген соң маркстік-лениндік теорияны насихаттау бөліміне меңгеруші болып тағайындалдым. Ол кезде оншама мән бере коймаған едім, бертіндері түсіндім. Айналайын алтын ұям – КазГУ бес жыл баулығанда даяр журналист етіп шығарған екен ғой деп.
Оқытушыларымыз журналистік мамандыққа баулу ісін информация, корреспонденция жазуға ауыздандырудан бастады. Жанрдың теориялық, пішіндік қыр-сырын түсіндірген соң: өмірде күнде жаңалық, келесі семинар сабағына хабар жазып алып келесіңдер, – деп тапсырма берді. Өзімше жазып келген әжік-біжігімді көрсетіп едім, газеттің біріне ұсын, бір редакция баспаса, екіншісінің есігін қақ, қайсар мінезді болмасаң, сенен журналист шықпайды деді. Әлгі хабарым “Ценная инициатива” деп, аты өзгертілген тақырыппен газет бас мақаласының дәл астына жарияланыпты. Біраз күннен соң почта арқылы 5 сом перевод келді. Ол кез – соғыстан кейінгі жоқшылық уақыт. Үйден салған аз-маз ақшаны бірге оқитын, жатақханада жататын достарыммен бірігіп жұмсаймыз. Стипендия алып тұрамыз. Бірақ қалай екенін, қашанда ашқұрсақ жүреміз. Жүгерінің талқанын қара суға қайнатып, ботқасын жегенімізде маңдайымыздан тер бұршақ-бұршақ моншақтайды. “Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны” демекші, әлгі бес сомға бір мәрте болса да қарнымызды қампитқан соң дәндей бастадық. Күндердің күні қаламақыма сағат сатып алдым. Қазіргі жас адам “Мерседес” мінгеніне қалай масайрайтын болса, мен содан кем масайрамаған болуым керек.
Университеттен екінші рет старт алып ұшуым – 1959 жылы КазГУ-ге аға оқытушылық қызметке конкурс бойынша сайлануыма байланысты. Төрт жылдай журналистика ғылымы терісінің бір пұшпағын илестім, әрі сабақ бердім. Содан 1963 жылы Мәскеуге жол түсті. СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық академияның әдебиет теориясы аталатын аспирантурасына конкурс жарияланып, оған қатысуға бір орын КазГУ-ге бөлініпті. Бәйгенің қиындығын мынадан да байқауға болады. Қазақстаннан барған 12 адамнан Мәскеу академиясында екі-ақ кісі қалдық. Бұл эссенің бас кейіпкері – университет қой, сондықтан осы бәйгеде атымның озып шығуына тигізген шарапатын айтайын. Конкурстың бір шарты – сенен болашақ әдебиетші шығатын, шықпайтынын көрсететін реферат жазу. Алдымен бағаланатыны да – сол материал. Оны қойылған шарт бойынша күні бұрын, емтихан басталмай тұрып жібергенмін.
Журналистика факультетінің басшылары Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин мен Тауман Салықбайұлы Амандосов екеуінің маған очерктік прозадан курс оқуға тапсырма бергені мұндай жақсы болар ма. Очерк зерттеуден “Бейнелеу ме, баяндау ма? (“Жұлдыз”), “Замандастың очерктегі бейнесі” (“Социалистік Қазақстан”), “Разговор нужно продолжить” (“Простор”), “Очерктің түрлері” (“Қазақстан баспасөзі” бюллетені), т.б. мақалалар жаза бастағанмын. Рефератым “Образ современника в казахском очерке” деп аталды.
Академияда алдымен “Основы марксизма-ленинизма” деген пәннен сынақ алынды. Бір билетінде үш сұрақ: бірі – партия тарихынан, екіншісі – саяси экономиядан, үшіншісі – философиядан. Және “первоисточниктерді” білуің керек. Талабы кандидаттық минимумнан кем емес. Насихат мақаласынан өткізген сабақтарымның, бұрын студент кезімде, айталық, экономист ғалым Федор Алексеевич Жеребятьев, философ Николай Петрович Дардыкин, партия тарихшысы, ғалым Нығметулла Күсепұлы Киікбаевтардың дәрістерінен жазып алған, өзім “первоисточниктерден” қорытқан студенттік конспектілеріме дейін пайдаланайын. Емтихан алушының бірі – мосқалдау орыс ғалымы үш сұрақтың үшеуіне жауап беріп болғанымнан соң, маған кетпей тұра тұр деген белгі беріп, үстел үстіндегі телефонның түймелерін теріп, сөйлесе бастады. “– Алло, Сашамысың? Сәлемәт пе? Сен Елеукеновке тым қатты кетіп жүрме деп едің, бұл жас жігіт (“молодой человек”) ағып тұр ғой...” – демесі бар ма... Бөркім қазандай болды. “Иә, сәт!” – деймін ішімнен.
Саша деп отырғаны – профессор Александр Мясников, кафедра меңгерушісі, Владимир Маяковский шығармашылығын зерттеуші атақты саңлақ. Кейін білсем, менің рефератымды ұнатыпты. Мазмұны өз алдына, рефераттың әдеби-көркем сын стилінде жазылғанына мән беріпті. Міне, осы жерде университеттің орыс әдеби тілін үйреткен еңбегін қалай еске алмайын.
Орталау мектепті соғыс кезінде, орта мектепті соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін, 1946 жылы бітіргенмін. Ол кезде жоғары білімді мұғалім көп емес. Математикадан ЖенПИ-ді тәмамдап келген мұғалім сабақ беріп, бір жырғап қалғанымыз бар. Мен қазақ аулының ең түкпіріненмін. Көретін орысымыз – неміс. Оның бер жағында соғыс кезінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақты бізге оныншыны жаңа бітірген бойжеткен өткізетін. Оныншыны Өскеменде оқығанда ғана “языковая среда” дейтіннің орыс тілін меңгеруге әжептеуір ықпалы болатынын сезіндім. Бірақ, тәңірі, орыс тіліндей күрделі әлемнің ішіне кіру үшін бір жылда не қырмақсың.
Онсыз да, орта мектепті қазақша бітірген адамға орыс тілінде шығарма жазу оңайға соқпайтыны белгілі. Сол қиыншылықты жеңуге қалтқысыз жәрдемдескен КазГУ мұғалімдері Хомутовты (аты-жөнін есіме түсіре алмадым), Евгения Олимпиевна Зенкованы қалайша ұмытайын.
Хомутов орта жастағы, дембелшелеу, мұртты кісі. Мінезі орнықты, білмегеніңді білдіруге келгенде шыдамы ересен. Қазақ тобындағы студенттерге “совершенный, несовершенный виды глаголов” деген тақырыптан сабақ өткізіп отыр, “Говорил” деген етістік сөйлеуші сөзінің аяқталмағанын білдіреді. Ал “сказал” айтарын айтып болғанды айғақтайды. Түсінікті ме? – дейді.
Біз басымызды шайқаймыз. Бір синонимдік қатардағы сөздерді үйтіп жіктеу, миды ашыту емей немене?
Хомутов біртоға момын мінезінен жазбайды. Біраз үнсіз отырды да бәрімізге қаратып сұрақ қойды:
– Ребята, вы верите, что я паровоз поднимал? – деді.
Бәріміз шу ете түстік.
– Нет, не верим!
Хомутов жез мұртын сыйпап қойып күлімсіреді.
– А вы, поверьте. Я паровоз поднимал, но не поднял! – деді соңғы сөзін қаттырақ дауыстап айтып, сұқ саусағын көтеріп.
Бұл бейнелі сөздің миымызға қона қалғаны сондай, жамырай күлісіп, мұғалімнің педагогтік тапқырлығына сүйініп, қол шапалақтадық.
Евгения Олимпиевна грамматиканы, жазу-сызу ережелерін орыс классиктерінің шығармаларынан алынған мысалдар арқылы оқытты. Әне жерде неге үтір, болмаса сызықша қойылған? Мынау тиренің мәнісі не? Бұл жөнінен грамматиканың қандай ережесін білесіңдер? Бір абзацты оқып болғанша, бүкіл грамматиканы ақтарып шыққандай терлейсің. Оқу залына кіріп морфология мен синтаксиске кайта үңілесің. Жазылуы бір басқа, айтылуы бір басқа сөздердің ережесі – фонетикада. Соны аударып шығасың.
Осының бәрінің пайдасы конкурста тиді. Бәйгеде ғана емес, әлі күнге дейін университет сабағы бірде болмаса, бірде көмекке келеді. Ана бір жылы өз басым қатты сыйлайтын, сүйіп оқитын “Литературная газета” “Я – чревоугодник” деген мақала жариялады. Мақаланың авторы, даңқты кинорежиссер Станислав Говорухин еш шімірікпестен: царек Никита Хрущев Қазақстанға Ресейдің бақандай бес облысын сыйлыққа тартты депті. Шылғи өтірікке жаным шыдамай, “Ворошиловский чревоугодник” деген жауап сын жаздым. Сыншылдық қуатын күшейту мақсатында Оноре де Бальзактың “Кузен Понс” атты тамақсау туралы романын пайдаландым. Понс хикаясы бір кезде шет ел әдебиеті жөнінен сабақ берген өзі де, сөзі де көрікті Рубинованың оқыған дәрісінен есімде қалыпты.
Үшінші старт былайша болды. “Қазақ романы және замана” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған соң тағы да университетке қайта оралып, проф. Бейсембай Кенжебаевтың басқарып отырған әдебиет кафедрасына оқытушылық қызметке сайландым. Сол қызметте істеп жүргенімде Қазақстан КП Орталық комитеті аппаратына жауапты қызметке шақырылдым. Мұнда да университет шапағаты аз тиген жоқ. Бейсекең былай жуас көрінгенімен, жуастан жуан шығадының нақ өзі болатын. Қазақ әдебиетінің тарихи шеңберін кеңейткен бағытынан не сынға ұшыраса да, еш қайтқан жоқ. Ақыры жеңіп шықты. Маған өмір бойы оқып келе жатқан курсынан сабақ беруді тапсырды. “Қазақтың XX ғасырдың басындағы демократ ақын-жазушылары” атты Бейсекең оқулығына сүйеніп, өз жанымнан Мәскеуден алған білімімді қосып, студенттерге дәріс оқи бастадым. Бейсекеңнің ұлағаты: әдебиет – қатып-семген дүние емес. Жанды организм. Бір оқығаныңды екінші рет қайталай берме. Ізден, жаңалық тап. Сонда сенен оқығандар да ізденімпаз болады, дейтін. Сол рухта екеуміз бірлесіп “Жанрына қарай талабы” деген, кезінде айтыс туғызған мақала да жарияладық.
Университет Қазақстан КП Орталық комитетінде істеп жүргенімде де аз ой салған жоқ. Осында қызмет бабында “курировать” деген сөз жиі қолданылады екен. Бұл міндетті атқарушы өзіне тапсырылған саланы басқармаса да, оның күй-жайынан қанық болуға керек. Бастапқыда нұсқаушы ретінде маған Қазақстандағы орыс әдебиетінің бағыт-бағдарын зерттеп біліп отыру тапсырылды. Ол кезде бұл әдебиеттің көшбасы саналатын, есіміне күллі Кеңес Одағы әдеби жұртшылығы қанық, атақты орыс жазушысы Иван Петрович Шухов маған өзі бас редакторы болып істейтін “Простор” журналының цензура басуға рұқсат бермей қойған материалын табыс етті. Мағжан Жұмабаев шығармашылығымен алғаш танысуым сол материалдан басталды.
ЦК-ға келген бойда естігенмін: КазГУ-дың филология факультетінің орыс тілі кафедрасында ғалым Хайрулла Хабибұлы Махмудовтың басшылығымен ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармагерлігі туралы талқылау өткізілген. Баяндамашы кафедра меңгерушісі Хайрекең, шығып сөйлеген аудармашы Александр Лазаревич Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов Мағжанның ақталғанын, шығармасына қарағанда ұлы ақын екенін айтқан. Мен “Красный флаг”, басқа да аударма өлеңдерін сан қайталап оқыдым. Мұның кейін “Мағжан” атты монографияны іркілмей тез жазуыма аз пайдасы тиген жоқ.
Қысқасы, Қазақ университетіне борышым – шаш-етектен. Түлектер кездесуінде alma mater деген сөз ауызға жиі алынды. Бұл латын сөзінің мәнісі – питающая мать, асыраушы ана деген мағына беретіні мәлім. Қайда жүрмейін сол ананың жылы алақанын сезінемін. Осындағы әріптестеріммен бірлесіп жазған тұңғыш кітап – “Газет жанрлары” маған баспа ісіне араласуға жол ашты. Оқыған дәрістер екі-үш жыл бойы үсті-үстіне жаңаланып, студенттік аудитория сынағынан өтіп шыққан соң оқулық кітапқа айналды. “Қазақ кітабының тарихы” (Ж.Шүлембаевамен бірге) және “Кітаптану негіздері” өткен ғасырдың аяқ шенінде шықты.
Университет дидарынан әрқашан жастық оты ұшқындайды. Түлектері қартайып жатса да, өзі ешқашан картаймайды. Аяғын заманамен бірдей алады. Ал уақыт ағысы ұлтының мұң-мүддесіне қиғаш келген жағдайда университеттің, Мағжан ақын тілімен айтқанда, Алаш айбынды ұран салғанынының талай рет куәсі болдым. 1961 жылы Тың өлкесінің зымияндық пиғылмен құрылғанын әшкерелеген 80 студенттің петициясы осы университетте жазылды. Ол оқиғаның жайын “Ғасырмен сырласу” атты (2004) кітаптан оқуға болады.
Университет 1986 жылғы жастардың Желтоқсан көтерілісінің алдыңғы сапынан табылды. Тәуелсіздік дәуірінде енді ұлттық университет дәрежесіне ие болса, бұл биік атаққа ол өзінің отаншылдығы арқасында кол жеткізді деп түсінуіміз керек.
Жетпіс бес жасының ішінде еліне 125 мың түлек ұшырған, Алатау бөктерінен қазағының ұлы даласына нұрын шашып тұрған алтын ұя жасай берсін!
БАҒДАРШАМ
Кенжеғали САҒАДИЕВ.
Менің балалық шағым “тарихтың қойып кеткен арбасындай” деп ақиық ақын Ғафу Қайырбеков жырлаған Торғай өңірінде өтті. Осы қасиетті жерде болған оқиғалардың қандайы да қазақ халқының жер үшін, тәуелсіздік үшін күресімен байланысты. Торғай даласы кең, ана шалғайы мен мына шалғайы күндік жер. Жастайымыздан Қабырға, Саға өзендерінен бастау алған Торғай өзенінің кәусар суынан сусындап, жайқалған тоғайындағы бүлдіргенін теріп өстік. Туған ауылдың әрбір тұрғынын өзімізге туыс-бауырдай сезінетін сол бір шақ әлі күнге дейін есімде. Мен өмірімде өзім туып-өскен Торғайым мен алғаш ғылым мен білімге жол көрсеткен КазГУ-імді ешуақытта ұмытқан емеспін. Ұмыта да алмаймын.
Құштарлық кернеген, қияға құлаш сермеген, көгілдір арман көгінде қалықтайтын жастық шақ, дана Абай келісті кестелегендей: “талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген”, яғни адам ғұмырындағы осынау беу, шіркін, алтын шақ, жалынды дәурен өзгеше ғой! Әр жылы дүниеге келген ұрпақтың өз тағдыры бар. Менің балалық бал дәуренім Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен, жастық өмірдің қиындығы айтпаса да түсінікті.
Мен де өз қатарластарым сияқты ерте ержеттім, білімге ерте ұмтылдым. Көрген қиындықтарды білім ғана ұмыттыратынын ұқтым. 1945 жылы Жангелдин ауылындағы мектептің алғаш рет табалдырығын аттадым. Менің тұлға ретінде қалыптасуыма мектептегі ұстаздардың да сіңірген еңбегі зор. Сабақтан қолым бос кезде ауылдағы кітапханадан шықпайтынмын. Жас кезімнен кітапқа құмар болып өстім. Әсіресе қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердиевтің жастарды ғылым-білімге, өнерге баулудағы ой-тұжырымдары үлкен ой салды.
Алаяқ сұмдарға ерсең болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.
Өнер-ғылым үйренсең, еңбек етсең,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың, – деп, білім, ғылым игеру қазақтың қолын теңдікке жеткізетінін насихаттап, жастардың сана-сезіміне әсер еткен ғой.
Қоғамның ұлттық-мәдени даму жолында өзінің күрделі қырларымен өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі – ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов әдебиетші болғанмен де, қоғамдық сананың, саяси-тарихи, әлеуметтік-экономикалық ойдың да шебері болған. “Мәдениетке қай кәсіп жуық” деген мақаласында қазақтың кәсіп таңдау, кәсіпке мамандануына халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, табиғат жағдайы және тұтынған кәсібі әсер етеді деген зор дүниетанымдық пікір айтады. Ал “Ғылым” атты еңбегінде білім-ғылымның дамуын адамзат дамуының жолдарымен диалектикалық байланыста алып қарап, ғылымды да өндіріс әдістері туғызады деп есептеген.
Елдің болашағын болжаған қазақ зиялыларының бірі Смағұл Сәдуақасовтың “Жетті күйзелулер. Енді еңбек пен ғылымға бет бұру керек” деп үндеу тастағаны осы жылдар. Қазақ зиялыларының демократиялық ұмтылыстары мен көзқарастары білім, ғылым және басқа да құндылықтарды байлықтан жоғары қойды. Бар байлық білімде екенін бізге ұғындыра білді.
Қазаққа ғылым, білім жолын нұсқаушылардың бірі қазақ ойшылы – А.Байтұрсынов. “Қазақ” газетінде басылған мақалаларының бірінде былай деп жазады: “Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат бағаға сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшілік – білім-ғылымнан қалыс қалушылық” деп елін білім-ғылымға үндейді. Менің экономика саласын таңдауымның бір себебі де осы.
1955 жылы мектепті күміс медальмен бітіріп, сол жылы білімнің қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) экономика факультетіне оқуға түстім. Ол кезде КазГУ республикада жалғыз университет болатын, онда оқуға қабылдану қай жастың да арманы еді. Қазір де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық білім кеңістігінің беделді оқу ордасы, ақыл-ой қазынасының мөлдір бұлағындай, еліміздегі ғылыми шаңырақтардың ішіндегі шоқтығы биік, тарихы мол, білімнің Ақ Ордасы екені айқын.
КазГУ қазақтың рухани мәдениетін айырықша сатыға көтерген шаңырақ. Ол қазақ халқының жаппай орта білім алуға көшкен кезінде, қазақ интеллигенциясының қалыптаса бастаған тұсында ашылды, сол кезден бастап қоғамның рухани мазмұнын, дүниетанымын өзгертуге теңдесі жоқ үлес қосты. Университеттен ұшқан қарлығаштар білімге, мәдениетке құштарлық дәстүрін қалыптастырып, республикамыздың сан-салалы экономикасын, білімін, ғылымын, мәдениетін арттыруға мейлінше белсенділікпен, біліктілікпен араласып, еліміздің өркендеуіне өздерінің үлестерін қосуда, өзінен кейінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге бола білді. Бұл дәстүр әлі жалғасын табуда.
Университетте оқып жүргенде жастар ұйымдарының жетекшілерінің бірі болуым, Лениндік стипендия иегері болуым, түрлі студенттік-ғылыми конференцияларға қатысып, Алматы, Самарқант және КСРО-ның басқа да қалаларында баяндамалар жасауым толығымен ғылымға құштарлығымды оятты. Ғылым жолы осы кезде басталды. 1960 жылы университетті қызыл дипломмен тәмамдадым. Сол жылы ҚазМУ-дің халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасында ассистент етіп қалдырды. Ғылым саласына әр адам өзінің табиғи мінезі, бітім-болмысымен келіп кірігеді. Ғылым жолында осы қасиет ерекшеленіп тұруы қажет. Бұл да менің сол кезеңнен бастау алған қағидам.
Бізге факультетте Ленинградтан, Мәскеуден келген атақты экономист ғалымдар: Ф.Жеребятьев, С.Нейштадт, И.Бровер, Ц.Фридман, М.Бутин, экономика ғылымының қазақстандық мектебін қалыптастырушы біліктілігі жоғары ұстаздарымыз С.Бәйішев, Т.Шәукенбаев, Т.Төлебаев, С.Толыбеков, Г.Чуланов, Я.Әубәкіров, Д.Қабдиев және басқалары дәріс берді. Осы ұстаздарымның берген білімі, ілімі менің өмірлік жолымды әлі де нұрландырып тұрғандай.
Елімізде ғылым мен жоғары мектептерге сай мамандар дайындау қажеттілігінен біз оқыған тұста жаңа кафедралар ашыла бастады. Экономика факультеті “Саяси экономика” кафедрасы негізінде ұйымдастырылды. Көп жыл көлемінде ол жалпы университеттік кафедра ретінде ҚазМУ студенттеріне саяси экономиялық білім берді. Экономика факультеті құрамында саяси экономия мамандары дайындала бастады. Біз оқыған кезде “Өнеркәсіп экономикасы” атанған “Салалық экономика” кафедрасы 1996-1997 оқу жылына дейін жұмыс жасады. Факультетте өнеркәсіп экономикасы, қаржы және несие, бухгалтерлік есеп, салалық экономика, материалдық-техникалық жабдықтау экономикасы, статистика және еңбек экономикасы, халық шаруашылығының экономикасы салалары бойынша мамандар дайындалды. Факультеттен ұшып шыққан экономист-мамандар Қазақстанның экономикасын дамытуға өз үлестерін қосуда.
Университеттің экономика факультеті 1963 жылы Алматы халық шаруашылығы институты (қазір Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) болып бөлініп шыққан соң саны мен сапасы жағынан айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бұл Қазақстанда экономикалық білімнің өрістеуі мен көтерілуінің белгісі еді.
Экономикалық реформа негізінде болған еліміздегі ауқымды оқиғалар оқу жүйесінде қайта құру мәселелерін талап етті. ҚазМУ-де (1968 жылғы қараша) философия және экономика факультеті ұйымдастырылды.
Факультет тарихындағы жаңа кезең тарихи өзгерістерге байланысты болды, яғни КСРО ыдырауы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі және жалпы экономикалық құрылыстың ауысуынан туындады. Бұл тарихи оқиғалар кеңестік тұрпаттағы жоспарлы экономикадан ашық нарықтық экономикаға өту кезеңінде Қазақстанның жоғары экономикалық білім беру орындарына жаңа талаптар қойды, сол себептен ҚазМУ-дің философия және экономика факультеті еліміздегі жетекші, сонымен қатар алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны ретінде бұл өзгерістерге өз үлесін қосты.
1997 жылдың маусым айында факультет кезекті қайта құруды бастан кешті. Екі факультет негізінде – экономикалық және заң факультеті – Экономика және заң институты болып құрылды. Институт Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің ең ірі бөлімшесі ретінде танылды.
2001 жылдық қыркүйек айында ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Экономика және заң институты екі факультетке бөлінді: заң, экономика және бизнес факультеттері. “Әлемдік экономика” мамандығы экономика және бизнес факультеті құрамынан халықаралық экономикалық қатынастар факультетіне берілді. Сонымен, 2001-2002 оқу жылында факультеттің қазіргі жағдайы мен құрылымы қалыптасты. 1963 жылы Халық шаруашылығы институты бөлініп шыққаннан бері факультет бірыңғайланып, экономика саласы бойынша мамандар дайындай бастады.
2003 жылдың 1 қыркүйегінен бастап экономика және бизнес факультеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үлкен бөлімшесінің бірі және өз құрамында толық циклді жоғары дәрежелі бакалавриат, магистратура, PhD докторантура мамандарын дайындауда. 2002-2003 оқу жылында магистратура, 2003-2004 оқу жылы бакалавриат кредиттік технология оқу жүйесіне көшті.
Бүгінде Қазақстан өз алдына әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу секілді биік мақсат қойып отыр. Ал бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы – білім сапасы. Тәуелсіздік таңы алаулап атқаннан бері Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында еліміздің мыңдаған жас өрендері шетелдік оқу орындарында сапалы білім алса, бүгінде екі жарым мыңнан астам жастарымыз ғылым қуып, өз білімдерін шетелде жалғастыруда. ҚазҰУ – Түркия, Қытай, Иран, Корея, Египет және тағы басқа елдердің университеттерімен тығыз байланыста. Иә, біздің Ұлттық университет – ұлттық дәстүрлерімізбен қатар, Шығыс пен Батыстың ең озық ғылымы мен білімін талғаммен бойына жиып, оны жас ұрпақ көкейіне сіңіріп келе жатқан рухани құндылықтар ордасы.
Экономикалық дамудың өркениетті үлгісі – тұрақтылықта, соны қамтамасыз ететін тетіктер жаңарып, өзгеруде. Мұның өзі экономикалық дамудың мүмкіндіктерін ашып, өнім мен тауар сапасын, олардың халықаралық бәсекелестіктігін қамтамасыз ететін озық технология, халықаралық интеграциялық іс-әрекет, халықаралық деңгейде қалыптасқан құқықтық негіз бен стандарттық нормаларды үйлестіру қажет екені айқын көрінеді. ҚазҰУ-де халықаралық стандартқа икемді технологиялық орталықтарды ұйымдастыруға да аса мән берілген.
Бізде биотехнология ғылымының даму деңгейі өте төмен. Кеңес өкіметі кезінде КСРО Ғылым академиясының көмегімен Ақмолада Биотехнологиялық орталық ашылып еді. Сол орталық жұмысын жандандыра бастаған болатын. Кейінгі уақытта аты естілмейді. Биоинженерлер мен биотехнологтар даярлау мәселесінің де республиканың жоғары оқу орнында алатын орны мәз емес. Осыны дамыту негізінде ҚазҰУ-де “биотехнология” мамандығы ашылыпты, биология факультетінің жанынан биотехнология орталығы ашылмақшы. Бұл құптарлық іс. Мұндай ірі жобаларды жасауда ҚазҰУ-дің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұловтың еңбегі зор екенін атап өткен орынды.
Елбасымыздың әр жылғы халыққа Жолдауы ел өмірінде ерекше маңызға ие, алайда биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі – әлеуметтік саясаттың басымдығы. Экономикамыз өркендеп, табысымыз артқан кезде мемлекеттің әлеуметтік салаға бұрынғыдан бетер қолдау көрсетуі қуанарлық жәйт. Халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту, ХХІ ғасырдың өскелең ұрпақтары мен жалынды жастарын сапалы біліммен қамтамасыз ету Президент атап көрсеткен басым бағыттардың бірі ғана. Сонымен бірге Елбасы Жолдауының ерекше маңызды салаларының бірі – экономикалық реформалардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, “ноу-хау” жаңалықтар енгізу арқылы кәсіпорынды тиімді басқару, корпоративті басқару жүйесін жетілдіру – ел экономикасының дамуын айқындаушы басты критерийлер.
Мемлекет тарихымен үндестікте қалыптасып, дамып келе жатқан университетіміздің басты өзгешелігі өткен мен болашақ алдындағы жауапкершілікті ойда ұстай отырып, ХХІ ғасыр талабына сәйкес маман даярлау, білім мен ғылым көкжиегін кеңейтуде жатыр. Сондықтан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бүкіл республика үшін ғылым мен білімнің ең ірі орталығы әрі жаһандық өркениеттің асқар шыңы. Тәуелсіз елдің инновациялық идеялары мен ғылыми технологиялық құндылықтардың да ордасы.
Өткен жылдың 21 сәуірінде белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұловты университеттің жаңа ректоры етіп тағайындағанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев университеттің ең басты мақсаты – Қазақстанның қарқындап дамып келе жатқан экономикасына арнап жоғары класты кадрларды даярлау, сонымен қатар жеткіншек ұрпақты патриоттық рух пен Отанға қызмет ету барысында тәрбиелеу деп ҚазҰУ-ге үміт артты.
ҚазҰУ – еліміздегі іргелі оқу орындарының арасындағы көшбасшы. Мұның бір дәлелі – 2008 жылы 2-курс студенттеріне жүргізілген мемлекетаралық бақылау бойынша алғашқы орында болды, биылғы 2009-2010 оқу жылына арналған мемлекеттік оқу грантының 2568-ін иеленіп, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл еліміздегі мектеп бітіруші түлектердің ҚазҰУ-ге деген зор сенімі екені даусыз. Ғылымның қозғаушы күші – білім. Білім мен ғылым бірге болғанда ғана нәтижелі болмақ, яғни жастарға білім бере отырып, ғылыми тәжірибеге үйрету қажет. Осы негізде ҚазҰУ-дің жанынан ашылған ғылыми-зерттеу институттарының да жастардың білімін ұштауға берері мол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін мерейтойымен құттықтай отырып, болашағың жарқын болсын қасиетті қара шаңырақ демекпін. Университет ұжымының саналы да салиқалы ғұмыры, жемісті еңбегі жылдардан жылдарға жалғасып, ел игілігі үшін саналы қызметі парасаттылықпен ұштасып, білім-ғылым биігіне асқақтай берсін.
Қазақтың қара шаңырағы тек ғылым мен білім ордасы ғана емес, бұл өмір мектебі. “Тарыдай болып кіріп, таудай білімді алып шығатын Ақ орда”. Бір сөзбен айтқанда, ҚазҰУ – бақытқа жетелейтін бағдаршам.
|