А Н Н О Т А Ц И Я
Қазақтың көрнекті эпик ақыны Несіпбек Айтұлының шығармашылық өрлеуі тәуелсіздік тұсында жаңа көркем ойлау жүйесіне көтеріліп, халқымыздың басынан кешкен тарихи кезеңнің шын мәніндегі жыршысына айналды. Соның басты бір айғағы – «ХХІ ғасырдағы ұлттық поэзиямыздың елдік жырының үлгісі болып табылатын «Бәйтерек» дастаны» (С.Әбдірахманов). Мұнда Елбасының бейнесі ұлттық тәуелсіздігіміздің символы дәрежесінде бейнеленіп, бүкілхалықтық ілтипатқа ие болды. Азаттық рухты ақындық шабытпен қабылдаған ақын сол асқақ диапазонды деңгейді биікте ұстай отырып, ұлттық рухани қасиетті танытатын тарихи тұлғаларды эпикалық жанрға арқау етті.
Тарихи тамырға үңіліп, тұлғалар арқылы Отанымыздың тәуелсіздігінің жеңістері мен жемістерін арқау еткен «Тоғыз тарау» атты тоғыз поэмадан тұратын дастандар жинағы – Н.Айтұлының ғана емес, жалпы қазақ поэзиясының кейінгі он бес жылдағы үлкен көркемдік жетістігі болып саналатын шығармалар шоғыры болып табылады.
Ақын тарихи тұлғалардың тағдыры арқылы халқымыздың басынан кешкен ауыр кезеңдердегі толғанысын, қайғы-уайымын, қуаныш-сүйінішін, асқақ рухын тебіреністі тегеурінмен толғайды. «Тоғыз тарау» – еліміздің өткені мен бүгінгісінің арсын жалғастырып тұрған тоғыз тұғыр. «Сардар», «Бердіқожа батыр», «Шақантай» дастандарында Абылай, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбей, шапырашты Наурызбай, шанышқылы Бердіқожа, Шақантай сияқты елі үшін еңіреп өткен ерлердің айбынды бейнелерін асқақтата жырлай отырып, олардың арман-мақсаттарын, ой-мүдделерін, ұлағатты өсиеттерін бүгінгі ұрпақпен үндестіреді. Кейіпкер образдарын Тәуелсіздіктің таңымен нұрландырып, Елбасы шақырған береке-бірлікті, ұлттық тұтастықты, патриоттық ар-намысты ұштастыра жырлайды. Көркемдік тұрғыдан алған да да орындалу деңгейі, жеткізу формасы, баяндау тәсілі, бейнелеу кестесі ерекше. Батырлардың басынын кешкен тебіреністі сәтті дәл таба отырып, сол оқиға арқылы эпикалық кең тыныспен ой толғайды. Елдің тағдырын талқыға салған тарихи оқиғаларды еске сала отырып, соны бүгінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырады.
Ал танымдық-философиялық ой желісіне құрылған «Көкала үйрек», «Ерлік пен тектілік», «Кәмей ұшқан», «Түс – елес» дастандарында «Қорқыт сарынын» сар өзегіне зар етіп құйған ұлтымыздың рухани абыздарының тағдырлы тұлғалары шабытпен жырланады. Мұндағы қобызшы Тілеп, әнші Шашубай, аңызнамашы Қондыбай сияқты күрделі тұлғалардың ой иірімі де елдік пен ездіктің, иман мен имансыздықтың, мейірім мен қатыгездіктің, адамгершілік пен қайырымсыздықтың арасындағы мәңгілік күрес үстінде сомдалады. Дастандардың әр шумағындағы туған елге деген ұлы да ыстық махаббат, бірлік пен берекеге шақырған аян-өсиет, ертеңгі күнге ұлттың қандай рухани дайындықпен баратынына деген алаң-аманат жадыңда жатталып қалады.
Соның ішінде «Түс – Елес» атты философиялық дастан ақынның қырық жылдық шығармашылық өміріндегі көркем ойларын жинақтаған нысаналы туынды. Мұнда парасат иесінің бүкіл адамзатқа қаратыла айтылған арман -парызы көркем тебіреніспен кестеленген.
Ал «Игорь жорығы туралы жыр» атты орыстың көне де күрделі дастаны жатық та көркем аударылған. Сонымен қатар осы шығарманы өзінің эпикалық дастандар жинағына енгізуі – ақынның бүгінгі Қазақстан халқының мұраларына деген құрметін танытады.
«Тоғыз тарау» – бүгінгі қазақ поэзиясында кенжелеп қалған және кез-келген ақынның тынысы жете бермейтін эпикалық жанрдағы елеулі жинақ, ақынның шығармашылық жаңа табысы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |