Қыран қазақ
Тоқтар Әубәкіров туралы мақала жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Биылғы Баспасөз күнін “Егемен Қазақстанның” ұжымы Қосшы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің жағасында қарсы алды. Сонда сөзден сөз шығып отырып, әңгіме қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы да өрбіп кетті. Бір топ журналист Тоқтар туралы әлде аңыз, әлде ақиқатқа бергісіз біраз жайдың басын шалғанбыз.
Редакцияда Алаштың ардақтысына айналған, немесе есімі елдің есінде жүрген қазақ азаматтарының мерейтойына арнап, арнайы мақала жазуға тапсырыс беру талайдан келе жатқан үрдіс. “Жақында Тоқтар Әубәкіров алпысқа толады, әнеукүнгі әңгімелердің негізінде сіз бір дүние жазыңыз. Шығатын сияқты”, деп басшымыз айтқанда, неге екенін қайдам, ойланбастан келісім берген екенмін. Әдетте мерейтойлық мақалалардың табиғаты біркелкі болып келеді: өмірбаян беттерінен деректер, азаматтың атқарған қызметі, жасаған жұмыстары мен шыққан еңбектері тәспіше тізбектеліп, баяндалады. Тоқтар туралы жазуым керектігі анықталып, алдағы “Етжеңді “Егеменнің” нөміріне материалды дайындау жайында Жанболат Аупбаев тағы бір шегелеп өткенде: “Құдайым-ау, мен атақты Тоқтар Әубәкіров туралы не жазамын, қалай жазамын?” деген ой басыма сарт ете қалды. Көмір, темір, анда-санда өмір туралы жазып жүрген жазған басым тылсым тақырыпқа келгенде еріксіз селт еткендей. Тура ғарышқа қазір ұшатын адамша бойымды әлдеқандай бір үрей биледі. Француздың атақты жазушысы, адамзаттың қиялына қанат бітірген Антуан де Сент-Экзюперидің ұшқыш болғаны белгілі. Оның: “Бар болғаны бойыңдағы үрейді жеңе білсең жетіп жатыр: бұл кәдімгі қатардағы кәсіптің біріне айналады да шығады. Он мың метр биіктікке көтеріліп ұштың не, жерде отырып, сәмбіталдан орындық өрдің не, бәрібір. Өйткені, сен бойыңдағы үрейді жеңдің”, – деген даналық сөзі санаға сәуле шашқанда ғана үрей жайына қалып, төмендегі әңгіменің тиегі ағытылды. Домбыраның құлақ күйін келтіргенде бірінші пернеге көп нәрсе байланысты. Қажетті дыбысты тап баса білсең, қалғаны сол заматта қалпына келеді. Біз үшін Антуан ағатайымыз айтқандай, жазу – кәсіп болған соң, бойды билеген үрейді қайтсек те жеңуге тырыстық. Сонымен...
Бірінші перне немесе “Гауһартас”
Бұл әңгімені маған Сауытбек Абдрахманов айтып еді. “Қатты есімде қалыпты. Бір жеріне осыны келтірерсіз”, деген. Біздің газетке басшы болып бекітілердің алдында, “Қазақстан” телерадиокорпорациясында бірінші вице-президент қызметінде жүргенде “Отандастар” атты тікелей эфир хабарына Тоқтарды шақырған екен. Тоқаң эфирге бір сағаттай ерте келеді. Уақыт жеткенше кабинетте біраз әңгіме айтылады. Бір кезде: “Мені қайрап, түлетіп шығарған қазақтың әні ғой”, деп қалады Тоқаң. Бұл сөздің сыры былай екен.
...Қиыр Шығыс. Қақаған қыс. Орман іші. Тоқтар жалғыз. Тұнжыраңқы. Туған жерден жырақ жүргені жанына батты ма, жоқ әлде жүрегіне жақын тұтқан сол бір жанның берген сертте тұрмағаны еңсесін түсірді ме, әйтеуір не керек, жас жауынгер тайганың бір шетінде, желдің өтінде тұрғанда өне-бойын өксік қысқан сәт туған... Көңіл күйі болыңқырамай, кілең ішуге келгенде алдарына жан салмайтын топтың ортасына түскенге қатты қамықты ма, кім білген? Талғат Сүйінбайдың Тоқтар туралы жазған “Тұңғыш қазақ ғарышкері” деп аталатын кітабында батырдың әпкесі Гүлсімнің қыздар туралы сыр шертетін тұсы бар. “Ойбай-ау, ондай жігіттің төресіне қыз ғашық болмаушы ма еді, өзің ойлап қарашы. Әрине, болды. Өткен өмір ғой, оны несіне жасырайын. ...Екі жас бір-бірін жақсы көрді. Тоқтар Армавирдегі әскери-ұшқыштың оқуын бітіріп, Қиыр Шығыстағы бөлімдердің біріне ұшқыш болып кетерде, үйленбек ойы да болған. Бірақ қыздың әке-шешесі “Ойбай-ай, жердің түбінде не бар, қайдағы бір ұшқышпен” деп, келісімін бермей қойды. Қысқасы, не керек, қыз да қанша жерден жылап-сықтағанмен әке-шешесінің айтқанынан шыға алмады. Әлі есімде, Тоқтар қатты булығып, екі-үш күн ешкіммен сөйлеспеді. Үндемеген сол күйі өзі қызмет ететін Амур өзенінің жағалауындағы гарнизонға қайтып кетті. Бәріміз де қатты қапа болдық, бірақ қолдан келер шара бар ма?” – дейтін кезі болуы керек шамасы... Адамның мұндайда өмірден түңіліп те кететін уағы болады. Сондай бір дай-дай шақта Тоқтардың да қабағы қатуланып, сұры қашып, екі иығына ауыр жүк артылғандай әбіржіңкіреп кетеді. Сүйген қыз, сүйікті ел алыста. Бойды сағыныштан гөрі сарыуайым көбірек билеген шақ. Өмірдің мәні жоғалғандай, кең тайга қатар құлазығандай. Қапа көңілмен отырып Тоқтар әлгінде өзімен ала шыққан транзистордың құлағын бұрайды ғой баяғы. “Маяк” деген радиостанция болатын баяғыда. СССР халықтары әндерінен бір концерт бере қалыпты сол радио. Кенет… Әдемі бір сыбызғы әуен естіледі.
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі-ай көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай..,
– деп сиқырлы сазы жанды баурап, жас жауынгердің жүрегін елжірете жөнеледі. Әннің қайырмасына келгенде Тоқтар тіпті елітіп, айдалада, Қиыр Шығыстың бір қиыр шетінде қамығып жүргені мүлдем естен шығып, ерекше бір күйге бөленеді. Әсем әннің әуені жүрегіне майдай жағып, өмірдің бар қиындығы ұмыт қалғандай болады. Қазақтың бұлбұл үнді әншісі Бибігүл Төлегенованың орындауындағы “Гауһартас” осылайша өршіл жастың жүрегінде жатталып қалады. Қамыққан көңіл орнына түседі. Жас жігерін сонда Тоқтар былайша жаныған тәрізді: “Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай ғажап халық. Сол халықтың мен де бір баласымын. Қой, бүйтіп қамыға бергенім жарамас. Белді бекем буайын. Ата жолын қуайын. Қайратыма мінейін. Қапаланбай жүрейін. Елге қызмет етейін. Мақсатыма жетейін”.
Сөйтіп, қыран дүр сілкінеді. Қайта түлейді.
Араға біраз жыл түседі. Мәскеуде СССР Жоғарғы кеңесінің кезекті бір сессиясы өтіп жатады. Одақ парламентінің депутаты Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың қонақүйдегі нөмірінің есігін тықылдатады Тоқтар.
– Апай, мен сізді әуежайға дейін шығарып салайын, – деп Тоқаң балаша қиылады ғой.
– Рахмет, әуре болмай-ақ қой. Көлік бар. Рахмет, қарағым, – деп Бибігүл апамыз да Әубәкіровті әуре еткісі келмейді. Сонда Совет Одағының Батыры қоярда-қоймай отырып, Совет Одағының халық әртісін “Домодедово” әуежайына шығарып салады. Рульге өзі отырады. Жолда келе жатып:
– Апай, мен Сізге рахмет айтайын деп едім. Бір кезде басымнан осындай жағдай өтіп еді, сонда сіздің салған әніңізді тыңдап, өмірге қайта келгендей болып едім. Қайратыма – қайрат, айбатыма – айбат қосқан еді сіздің салған әніңіз. Осындай ән шығарған біздің халқымыз шынында да керемет ел емес пе?!. – деп алғысын айтып, сыр шертеді.
“Гауһартас” әнінің сиқырлы сазы талай жүректі тебіренткен, талай жүректі елжіреткен. Әлі де талайларды тебірентіп, елжіретіп жіберері анық. Шын асылға екінің бірінің қолы жетпейді. “Гауһартастың” ғаламаттығы да сонда: оны екінің бірі дәл Бибігүл Төлегенова сықылды елжіретіп сала алмайды. “Гауһартас” – ғұмырлы ән. Қазақпен қатар жасайтын ән. Сол әнге сонша елти алған азаматты айтсаңызшы?!
Екінші перне немесе Қонаевқа хат
Қазақ “Тәуекел ет те тас жұт” дейді. Ер адамның ең басты серігі сол тәуекел. Тәуекелге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні тағы анық. Тоқтар Әубәкіровтің сегізінші сыныпты бітіре салып, Теміртаудағы құю-механикалық зауытта токарь болып істеуі үшін де сол тәуекелдің керек болғаны даусыз. Кешкі мектепті жұмыспен қатарластыра оқып шыққан соң, 1965 жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Осы училищені 1969 жылы бітірген соң СССР әскери-қарулы күштерінде қызмет етуге бел байлайды. Былай қарағанда өмірбаян беттеріне тізбектелген осы жылдар оп-оңай өте шыққан сияқты. Бірақ ол кезде қазақ баласының ұшқыштар мектебіне түсуі, шынын айтқанда, талайлар үшін тек арман болатын. Тіпті Елбасымыздың өзі жас күнінде ұшқыш болуды армандағаны белгілі ғой. Өйткені, қаншама бауырлас елміз дегенімізбен Советтер Одағының былайғы халықтары үшін темір шымылдықты жерлері көп еді. Қазақтың арманы аэроклубтан ары аспайтын. Ары қарай тәуекел етуге екінің бірі бел байлай да бермейтін. Тұмсығы тасқа тірелетінін білген соң да солай болды ма?.. Біздің кейіпкеріміз сынақшы-ұшқыш болуға Совет Одағының Батыры А.Федотовпен кездескеннен кейін мықтап бел байлағанын айтқаны бар. МИГ фирмасының атақты сынақшы-ұшқышы жас жігіттің өміріне өмірлік өзгеріс енгізсе керек. Училищені бітірген соң Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастыра береді. Сонда СУ-15 ұшағымен ұша бастайды. Төрт жылғы әскери қызметінде Тоқтар ерекше қабілетімен көзге түседі. Қиыр Шығыстағы ең үздік ұшқыш атанады. Сондағы авиация зауытына жиі барып, сынақшы-ұшқыштармен танысады. Олар әңгіме арасында егер сен эскадрилия командирі болсаң, сынаққа мүлдем жібермей қояды деген сөзді айтады. Өзін сынақшы-ұшқыштар мектебіне ауыстыруды өтініп, қайта-қайта сұранады. Өтініші қанағаттандырылмай, арызы кейін қайтарыла берген соң “жығылсаң нардан жығыл” дегендей, Тоқтардың ойына керемет бір идея сап ете қалады. Ол дереу Қонаевқа хат жазу қажет деп шешеді. Отыра қалып, хат жаза бастайды. “Мен, Тоқтар Әубәкіров, аға лейтенантпын. Сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ Қорғаныс министрлігі мені бұл жаққа жіберетін емес. Қазақтың бір баласы сынақшы-ұшқыш болса, несі жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз”, деп үшбу хатты жолдап кеп жібереді. Арада алты ай өткенде әскери бөлімнің топалаңы шығады: ойбай, Саяси бюро мүшесіне арыз жазған кім? Бұл не ғып жүрген қазақ? Сонымен, мән-жай анықталады. Қонаев ол кезде Коммунистік партия Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесі. Брежневтің досы. Дәурені жүріп тұрған кез. СССР Қорғаныс министрі А.Гречконың тапсырмасы бойынша Тоқтар Әубәкіровті Авиация өнеркәсібі министрлігіне ауыстыру туралы жоғары жақтан пәрмен келіп түседі. Сөйтіп, Тоқтар Оңғарбайұлы Мәскеудегі МИГ авиация фирмасына тап болады. Сол жерде көптеген сынақшы-ұшқыштармен танысып, небір асау әуе тұлпарын ерттеп міне бастайды. МИГ-23-тен бастап МИГ-29 ұшағына дейін түгел сынақтан өткізеді. 1988 жылы бірқатар сынақ ұшуларын сәтті өткізгені үшін Совет Одағының Батыры атағы беріледі.
Қиыр Шығыста жүріп Дінмұхамед Қонаевқа хат жазу, онда да қазақтың бір баласының сынақшы-ұшқыш болса, несі айып, – деп мәселені төтесінен қою үшін де жүрек жұтқан батырлық керек. Егер сонда Тоқтар солай тәуекел етпесе, қатардағы көп ұшқыштың бірі болып қала берер ме еді? Өмір жолы мүлде басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін?!.
Үшінші перне немесе Гиннесс кітабына кірген қазақ
Кейде ғұмыр кірпік ұшында тұрады.
Көзіңді ашып-жұмғанша... Мәселені сағаттар емес, минуттар емес, секундтар шешетін уақыт болады.
Бала Тоқтар Теміртауға келгенде, Қарағандыдағы аэроклубқа жазылып, кеудесіне ұшқыш болсам деген үкілі үмітті қондырғанда мұндай жағдайлар болады дегенді қаперіне әсте алмаған да шығар-ау! Алғаш жасы жетпегендіктен парашютшілер секциясына жазғанда, аэродинамика дегеннің не екенін ең алғаш білгенде, парашюттің қалай қалықтайтынын тұңғыш сезінгенде адам өмірінің кірпік ұшына байланған нәрсе екенін аңғарып үлгермеген де болар.
Адамның жаны мұрнының ұшына келетін кез. Ойпыр-ай, әлгі МИГ-29 ұшағын шторм уақытында крейсер палубасына қондырған ерлігі ерен болған екен. Қара теңіз – теңіз біткеннің ішіндегі қанқұйлысы. Алапат теңіз дауылы тұрғанда корабльдер желге қаңбақтай ұйытқып кетер еді. Шторм кезінде жал-жал толқын пайда болады. Бұл, әрине, мұхит толқынынан шағындау болғанымен, зардабы зіл-батпан. Бірінің артынан бірі келіп ұрғанда корабльдің пәрша-пәршасын шығаруға шамасы жетер-ді.
Тоқтар Әубәкіров сондай сұрапыл теңіз дауылы ышқынып тұрған шақта дыбыстан жылдам ұшатын ұшақты кеме үстіне қондырып үлгерген ғаламат ерлік жасаған. Әдеттегі сынақ ұшуы деп есептелгенімен осындай күрделі жағдайда ұшақты кеме үстіне қондыру таза жүрек жұтқандық қой!
Тоқтардың бұл ерлігі сол кезде еленбей қала бергенін қайтерсіз? Әскери шені көтерілмеген. Жалақысына да жарытымды ештеңе қосылмаған. Марапаттау деген атымен жоқ. Судың жал-жал толқындарының салмағына ұшақтың салмағы келіп қосылғанда 80 мың тоннаға тең келерлік жойқын жүктен кеме шайқалғаны сондай: қауырсын секілді шырқ айнала жөнелген ғой. Тоқтардың бойына сонда да үрей ұя салып үлгермеген. Қорқыныш, үрейлену сезімі ұшақ қонған соң барып келсе керек. Япыр-ау, мен мұнда қалай тап болдым, бұған қонып нем бар? – деген ой ең соңынан келгенде қыр арқасын қара тер басқан...
Гиннесстің рекордтар кітабына кірген ерлігін де осы ұшақпен жасады. “Тбилиси” крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады. Совет ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ, бұрқ етіп жоқ бола ма, деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып, қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды. Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін Тоқтардың бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл 1989 жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді.
Совет Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов ағамыздың Тоқтар Әубәкіровтің ерлігіне тәнті болғанда айтқан сөзіне қосыла бас иземеске амал қайсы? “Мынау деген кез келген ғарышкер-ұшқышыңыз сынақшы-ұшқыш бола алмайды. Былай қарасаң, олардың дәрежелерінің бір-бірінен еш кемістігі, не артықшылығы жоқ. Тек, ғарышкерлер елдің алдында, халықтың алдында жүретін топ, ал сынақшылар құпия өмір сүреді. Сынақшы мен ұшқыштың ара-жігін ажыратып алу керек. Мәселе – олардың қызметінің сынақшылық құпиялылығында да емес, бар мәселе – олардың жүрегінде. Ең алдымен жүрек керек, жүрек!”
Жүрек жұтқан батыр ағасының жүрек жұтқан батыр інісі туралы айтқан сөзі бұл. Қазақ “жүрегінің түгі бар” деп осы Талғат пен Тоқтар сияқты кісілерді айтса керек.
Төртінші перне немесе Назарбаевтың қолқасы
Кім көрінген кесімді сөз айта алмайды. Адамның өз беті болады. Өз бетінше өмір сүру, өз бетінше шешім қабылдау ер мінез адамның ғана қолынан келетін шаруа. Тоқтарға ғарышқа ұшу туралы екі мәрте ұсыныс жасалыпты. Мұның алғашқысында сүйікті ісін тастағысы келмегендігі себептен бас тартса, екінші жағдайда оның келісімін алмастан-ақ жарияланып кетіп, қызық болған екен.
Шымбұлақта демалып жүрген жерінде бір танысы телефон соғып, “Теледидарды қосшы, сен туралы айтып жатыр”, дейді. Онда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшуға дайындалып жатыр деп хабарлайды. Өмірбақи өз бетінше өмір сүріп келе жатқан батыр жігіт өзінің сыртынан бұлай тон пішкенге күйіп-пісіп, “Менің жеке өміріме, тағдырыма қол сұққандары қалай?”, деп тұрғанда Президент Назарбаевтың қабылдауына таңертең келіңіз деген хабар алады.
Ертесіне Президентпен кездесуге барады. Барған бетте ғарышқа ұшудан бас тартатынын мәлімдейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Тоқтар, бауырым! – деп майда қоңыр даусымен бауырына тартып сөз бастайды. – Мені дұрыс түсін, бұл ұшу сен үшін, я болмаса мен үшін қажет емес, біздің қазақ халқы үшін керек. Білесің бе: Байқоңырдан осынау отыз жылдың ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Ал сол жердің иесі – қазақтар “Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады?” деп армандаумен келеді. Өзіңді туған сол халықтың арманын орындаудан неге бас тартпақсың, а? Оның үстіне сен барлық жағынан дайын тұрсың... Керек десе, Кеңес Одағының Батырысың! – дейді.
Аталы сөзге тоқтаған қазақ емеспіз бе: Тоқтар осы сөзге тоқтайды. Бірақ батырдың аты – батыр ғой, Елбасына өзінің келісімін бере отырып, бірнеше шартын да қойып үлгереді. Онысы Қазақстанның ғарыштық ғылыми бағдарламасы болсын деген тілек еді.
Талғат Сүйінбайдың кітабында Елбасы мен Тоқтар Әубәкіровтің арасындағы әңгіме түйіні былай көрініс тапқан.
“Қалайда осы қазір ұшуға тиіссің!”, – деді Елбасы.
“Ұшамын!..” – дедім мен.
“Қазағың үшін басыңды қауіп-қатерге тігесің”, – деді ол.
“Тігемін!..” – дедім...
– Байқоңырдағы “Энергия” ғылыми-өндірістік бірлестігінде “Халқым үшін, қазағым үшін өліп кетуге дайынмын!..” деген таспаға жазылған сөздер бар. Қажет деп тапсаң, барып көруіңе болады...
Тоқтардың ғарышқа ұшу кезеңі қазақтың Азаттық туралы арманының орындалуға бет бұрған уақытпен тұспа-тұс келді. Елбасымыздың күш салуымен 1991 жылғы 21 қаңтарда Тоқтар Әубәкіровтің кандидатурасы жедел түрде бекітіліп, бас-аяғы төрт айдың ішінде бүткіл дайындықтан сүрінбей өтіп, 1991 жылдың 2-10 қазаны аралығында қазақстандық бағдарлама бойынша ғарышқа жол тартты. 7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд ғарыш кеңістігінде болған Тоқтар Әубәкіров тұңғыш қазақ ғарышкері атанды.
Советтер Одағы ыдырауға бет алып, буыны босап тұрғанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тоқтар Әубәкіровке жоғарыдағы әңгімені айтып, қолқа салғаны дұрыс болған тірлік екенін қазір бәріміз білеміз. Назарбаев ұлтының үмітін оятуға барын салған екен. Тоқтар, былай қарағанда, СССР-дің соңғы космонавты іспеттес. Бірақ бәрібір қазақтың тұңғыш ғарышкері! Дулат Исабековтің бір әңгімесінде қазақтар капитализмнен социализмге жүн түтіп отырып өтіп кетеді... Қоғамдық формациялардың ауысар тұсында қазаққа аса көп ауыртпалықтың келмегені әуелі Алла-тағалаға деген халықтың ынтызар тілегінен туса керек.
Тоқтар Әубәкіров – Жаратушы мен Азаттық аңсаған халқының арасын жалғап жібергендей көрінеді де тұрады!..
Тоқтар ұшқан соң, арада небәрі бір жарым ай өткенде қазақ халқының қолы ғасырлар бойы аңсаған азаттығына жетті!
Бесінші перне немесе “Шайтанкөл” хикаясы
2001 жылы “Жас Алаш” газетінің 80 жылдық мерейтойы болды. Біз осы бір айтулы датаны “Атамекен” атты экспедиция ұйымдастырып, әуелгі сапарды Қарағанды облысынан бастадық. Құрамында бірқатар белді-белді республикалық басылымдардың жетекшілері бар арнаулы топ жүрген жерде қазақтың бірлігін, ұлттық тұтастығын насихаттау мақсатымен Қарқаралы өңіріне қадам басты. Сонда студент күнімізден құлағымызға “Шайтанкөл” әні арқылы таныс болып қалған атақты “Шайтанкөлге” келдік. Етектен ентіге көтеріліп, биік төбенің басына шыға келгенде қарсы алдымыздан шап-шағын көл жарқ ете қалды.
– Ассалаумағалейкүм! – дедім дауысымды соза амандасып. Қасымызда жол бастап келе жатқан ұлттық қорықтың директоры менің бетіме жалт қарады. Бірдеңе айтқысы келгендей... Мен о кісіге барлай қарап едім, сәл күлімсірей түсті де, көлге беттеді.
– Суға түсуге бола ма? – дедім.
– Беті-қол шайса да жеткілікті ғой, – деді де елағасы сөзінің соңын жұтты.
– Жаңа сіз “Ассалаумағалейкүм!” дегеніңізде менің есіме Тоқтар Әубәкіров түсіп кетті.., – деп сосын сөзін сабақтай түсті. – Қай жылы, Тоқтар ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралған соң осында, туған жеріне келді. Қарқаралы халқы хан сықылды күтіп алды Тоқтарды. Содан осында “Шайтанкөлге” келдік. Ол мұнда келген бетте дереу шешінді де суға қойып кетті. Ай-хой, ой-хой деп ары-бері әбден жүзді. Туған жерін сағынған ғой деп біз де еміреніп жатырмыз. Содан не керек, оның арты қиын бір жағдайға ұласты. Ертесіне ғарышкердің денесінде адам көргісіз бір жаралар пайда болды. Дереу дәрігерлер қарай бастады. Жақпаған мазь жоқ. Кетер емес. Жағдайдан Алматы құлақтанса керек, апыл-ғұпыл Тоқтарды сонда алып кетті. Сізге өтірік, маған шын, жаңағы жара оңайлықпен жазыла қоймады. Бір күні Тоқтар түс көріпті. Түсінде аппақ киімді, аппақ сақалды бір ақсақал “Әй, Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!” десе керек. Содан Тоқтар Қарқаралыға дәрігерлердің қарсылығына қарамай салып-ұрып жетіп келеді ғой. Келе сала осы “Шайтанкөлге” беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала “Ассалаумағалейкүм” деп амандасады. Бір түн түнейді. Түсінде манағы шал ырза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын қолмен бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмай, жаза алмай қойған әлгі жара демде, әп-сәтте жоқ боп кетеді. Тоқтар құлан-таза айығып шыға келеді. Ғарышкерлердің денсаулығын қарайтын дәрігерлер аң-таң деседі. Сіз әлгінде көлмен амандасып жатқаныңызда менің есіме осы оқиға түсіп еді, – деп ағасы әңгімесін бітірді.
“Бұл не деген керемет!” десіп бәріміз таң қалып жатырмыз. Тоқтар ағамыз өткен Парламент сайлауында Қызылорда қаласы бойынша депутаттыққа түсті. Көрші округ болған соң, бір жағы ұлтымыздың маңдайына басқан перзенті, оң сапар болсын деп арнайы сәлем бере бардым. Сайлау науқаны қызып, әлденеге көңілі алаңдап тұр екен. Шаршаулы секілді көрінді. Көңілін көтермекке “Шайтанкөл” хикаясын айтып едім, томағасын сыпырған қырандай жанары жалт етті. Артынша балаша мәз болып күлді. Сөйтті де мені қапсыра құшақтап, бауырына басты. Тоқаңның бойынан тараған жылы нұрды сол сәтте жан-тәніммен сезінгенім бар...
Алтыншы перне немесе Тоқтардың туған жері
44-ші Қызылорда сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың арасында кімдер жоқ дейсіз: әкімдер де бар, бизнесмендер де жетерлік, нанталаппен жүргендер де табылады. Солардың арасында шоқтығы биік жандардың бірі де, бірегейі де Тоқтар Әубәкіров болды.
Кейде қазақ десек өзімізге тиетіні бар.
Тоқтардың басқа облыста дүниеге келгені үміткерлер арасында ең басты қарсы аргумент ретінде қарастырылды. Кездесулер кезінде, ел аралағанда қасақана сондай мұқату әрекеттері алдан шығып отырды. Сонда Тоқтар Әубәкіровтің айтқаны бар.
– Айналайын, халайық! Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жер Қарағанды облысы екені рас. Бірақ мен ғарышқа осы жерден, мынау Байқоңырдан ұштым ғой. Менің жаңа паспортым бар! Менің мекенім – ғарыш, тұрағым – Қазақстан, туған жерім – Байқоңыр. Мен аспанға ұшып, аман-есен оралғанда табаным осы жерге тиді. Ана жаққа барып қайтқан адам жаңадан туған сәбидей емес пе?!. Сонда менің бұл жерге жаттығым қайсы? Біле білсек, қазаққа осы қазақтың жерінің бәрі – туған жер емес пе?!. – деп баяғы Қаз дауысты Қазыбек бабасы құсап таза қазақша сөз төгілткені бар.
Ұлттық тұтастық ұғымы әлі де болса талайдың санасынан сырт қалып жатыр ғой. Бүкіл түркі дүниесі ардақ тұтып отырған арда ұлға басқа өңірде тудың деп көзтүрткі жасауға ұмтылғандар ақыры жеңіліс тапты. Осындайда қазақтың намысы неге оянбай жатқанына қынжыласыз, еріксіз бас шайқайсыз.
Саяси бюроның кезекті бір мәжілісі өтіп жатқан уақытта партияның Бас хатшысы Михаил Горбачев бас конструктор Ростислав Беляковқа: – Сіз бен біз осы қазір орыс әуе флотының тарихын жазып жатыр емеспіз бе... Солай ма, жолдастар?! Ертең әлемдік авиацияда тұңғыш рет әскери кемеге ұшақ қондырып, ұшырайын деп жатырсыздар. Мен бұл әрекеттеріңізді өте құптаймын. Бірақ та, айтыңызшы, сол “МИГ” фирмасы сынақшыларының арасынан осынау аса жауапты міндетті орындайтын қалайша ғана бір орыс фамилия табылмады? – дейді. Сонда Беляков: – Құрметті Михаил Сергеевич! Қымбатты Саяси бюро мүшелері, егер, біз орыстың әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, бұл ұшақты крейсерге алдымен 1-сыныптағы сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров қондырып көруге тиіс. Менің бұған басқа алып-қосарым жоқ! – деп табандап тұрып алған екен. Жүз сексен миллион халықты мойындатқан тұлғаны тоғыз миллион халықтың арасында танығысы келмейтіндердің табылатынына не дерсіз!
...Сол сайлауда елдің патриоты болып жүрген әжептеуір бір кісінің Тоқтар Әубәкіровке қарсы уәжді пікір айта алмай:
– Тұңғыш космонавт деп әлдеқандай қыласыңдар, аспанға кім ұшпаған, әуелі ит те ұшып еді ғой, – деп тұқыртқысы келгені бар.
Қаншалықты биікке шыға алатынымызды дәлелдеген ел едік. Соншалықты төмен түсіп кетудің сыры неде екен, а?!.
Жетінші перне немесе Дөңгелек дүние дидары
Кіршіксіз жан дүниесін неге кірлетеді екен, адамдар?!.
Қарқаралыда болғанымызда аудан әкімі Нихан Омархановтың Тоқтар туралы шешіле төгілдірген бір сыры тіл ұшына оралып отыр.
– Тоқтар келгелі қасынан қалмай жүрдім. Көп сөйлестік. Терең адам ғой. Бірталай әңгімесін бейнетаспаға жазып та алдық. Бірде, түнде жұлдыздар жыпырлап төбемізден төніп тұр еді. Тоқтар бір әңгіме айтып тұрды да кенет сөзін үзіп, көкке қарай басын көтеріп тесіліп қарап тұрып қалды. Қарап тұр. Қарап тұр. Біздің мойнымыз ауырып кетті. Бір кезде барып: – Қайтқым келеді! – деді үздігіп. – Мұнда не бар? Бәрі лас... Керемет ана жақта ғой! – деп аспанға тесіліп қайта қарайды. Сонда ол жақ шынымен ғаламат болғаны ғой, шамасы!.. – деп еді.
Мен осы әңгімені айтқанымда “Егемен Қазақстанның” бас редакторы Жанболат Аупбаев үнсіз тыңдап тұрған. Таяуда сол Жақаң айтады. – Сен сол әңгімені айтқанда менің есіме Антуан де Сент-Экзюпери түсіп кетті. Ол да керемет ұшқыш болған ғой. Аспанға көтерілген ұшақпен. Ары қарай ешкім білмейді. Қайда кетті? Не болды? Сірә, ауа қабатынан көтеріліп, кеңістікке шығып кетудің сырын білген болса керек!.. Ұшқыш жазушы өз құпиясын өзімен бірге ала кеткен. Солай!.. – деп Астана аспанына қарады.
Зеңгір көк аспан. Ар жағында не бар? Ол жағы әуелі бір Аллаға, сосын біздің ғарышкерлерге аян болар...
Антуан де Сент-Экзюпери де адамдардың арпалысынан қажыды ма екен?!. Кіршіксіз жаратылған дүние дидарының кірлемегені жақсы ғой!
Адамдардың ізгілікке құмартқаны, жақсылыққа жақын тұрғаны жақсы емес пе!?.
Адамсүйгіштік қасиет ана сүтімен бойға даритын болса керек. Тоқтар Оңғарбайұлы өз анасын әрдайым ыстық ықыласпен еске алады. “Маған мақсатқа жетуді анам үйретті. Жоғары білімі болмаса да ішкі мәдениеті мен жан-дүниесі келіскен сондай асыл адамның маған қаншама ізгі қасиетті қалай дарытып үлгергеніне қайран қаламын. Айналаңдағы адамдарға жақсылық жаса, жасағаның өзіңе жақсылық боп қайтады. Саған қайтпаса, балаңа қайтады. Әйтеуір, жақсылық ізсіз кетпейді” – дейтін еді анашым деп толғанады Тоқтар батыр.
Бала демекші, Тоқтар ағамыздың үлкен ұлы Тимур да әкесінің жолын қуып, ұшқыштықты қалаған екен. Оған Америкадан “Боинг” фирмасында жұмыс істеуге ұсыныс түскен көрінеді. Сонда Тимур Тоқтарұлы: – Бәріміз жан-жаққа жамырап кете берсек, Қазақстанды кім көтереді? Елге тимеген жақсылықтан не пайда?!. – деп Қазақстанда қалыпты. Азаматтықтың жарқын үлгісі осындай-ақ болар.
Тоқтар Әубәкіровтің ой-толғамдарына құлақ түрсеңіз, бойыңызды елдік сезім керней бастайды.
– Бізге қуатты қорғаныс күші керек болса, одан қаржы аямайық. “Қай ел өз әскерінен қаражатын аяса, басқа елдің әскерін асырайды” деген Наполеон Бонапарттың сөзі бар. Сондықтан, әскерден ештеңе аяуға тиіс емеспіз...
– Біздің ата-бабаларымыз өзінің ұрпағына ес біліп, етек жапқан кезден бастап қолына садақ беріп, атуға үйретіп, найза мен қылышты серік еткен. Асау аттың жалына жармасып өскен қазақ баласының қай-қайсысы да Отанын қорғауға дайын болған. Қазір ше... баланың қолына бар болғаны қамшы береміз, домбыра ұстатамыз, еркелетсек “Сникерс” сыйлайтынымыз бар. Осы дұрыс па?
– Армиядағы өзгерістерді біз отбасынан, ошақ қасынан бастауымыз керек. Авиациясыз әскер – қауқарсыз әскер. Қанаты жоқ құспен тең. Кең-байтақ даласы бар Қазақстан үшін мұның сипаты мен сапасы айрықша...
– Қазақтың киіз үйіне не тең келеді? Кезінде Үштөбедегі киіз үй зауыты жыл сайын жиырма мың киіз үй шығаратын. Соны қайта қолға алып, көшсең де, тіксең де әрі тез, әрі ыңғайлы осынау киіз үйді өндіріске неге қоймасқа?!.
– Қазір дәулетті қазақтар элиталық еуро үйлерінің жанына киіз үй қоя бастады. Қазақтың көне тарихынан тамыр тартып, кешегі өткенімізді еске салып тұратын осындай баспананың ішін ұлттық ою-өрнекке, қымыз бен шұбатқа, құрт пен ірімшікке толтырып, тірліктің сәнін келтіруге неге болмасқа?!.
Айта берсе, көп. Тоқтар байырғы ата-бабалары секілді атқа құмар. Естуімізше, Астана маңында мініс аттары бар көрінеді...
Ер қанаты – тұлпар, – деген сөз бар. Асау тұлпарды да, темір тұлпарды да ерттеп мінген нағыз батыр, нар тұлғалы, көркем мінезді, келіскен қазақ жігіті – Тоқтар Әубәкіров аршындап алға басып барады.
Нағыз қазақ!
Қыран қазақ!
Қанатың талмасын!
Дәл бүгін бар қазақтың осы бір нар қазаққа айтар тілегі осындай.
Авторы: Нұртөре ЖҮСІП.
Достарыңызбен бөлісу: |