Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер туралы; адам қоғамдарына қажеттілік осыған жатады.
Содан кейін, адам баласы ұмтылған (алдына қойған) мақсаттарына жетуде бір-біріне көмекке келуіне жол ашатын қоғам түрлері еске алынады, ол қоғамдардың қайсысы үлкен, қайсысы кіші және орташасы қайсы екендігі. Азаматтық қоғам деген не және оның басқа қоғам түрлерінен айырмашылығы қандай, ізгілікті қала деген не, бұл қала қандай үйлесімділіктен құралған және бөлімдерінің саны қанша, бөлімдерінің бөлімдерінен мәртебелері не болмақ, оның басқару әдістері не, ол қалай реттеледі, қалай бір-бірімен байланысты әрі жүйелі болады. Ол қаланың патшасы мен бірінші басшысы қандай болу керек, қала патшасы лауазымына лайықты болуы үшін оның қанша шарты болуы керек, ізгілікті қаланың патшасы лауазымына ұсынылуы үшін туғанынан, сәби кезінен және жастық шағынан қандай белгілері (нышандары) мен шарттары болуы тиіс екендігі, ізгілікті патша кәсібін иеленуге оны тәрбиелейтін әдеттер мен өнерлердің не екендігі. Бұл қаланың бірінші басшысы ұстанатын басшылық түрлерінің қандай болу керек екендігі туралы.
Содан кейін, ізгілікті қалаға қарама-қарсы қалалардағы қоғам түрлері келеді, олардың надан қалалар, адасқан қалалар, пасық (бұзылған) қалалар екендігі, олардың патшалары туралы, ол патшалардың қандай екендігі және әрқайсысының басшылығы қандай болмақ және ол басшылығы неден тұратындығы, бөлімдерінің әрқайсысы бір-бірлерімен қалай байланысатыны, шамамен не нәрсеге ұмтылатындары, қандай мақсатқа жету үшін бір-біріне көмекке келетіндігі жөнінде.
Содан кейін, ізгілікті қала тұрғындарының жандары ақыретте (өлгеннен кейін) жететін бақыттың түрлері еске алынады. Ізгілікті қалаға қарама-қарсы қала [лар] тұрғындарының жандары ақыретте тап болатын азаптың түрлері және қала тұрғындарының қайсысы апат құшатыны еске алынады.
Содан кейін, ізгілікті қала тұрғындарының жоғарыда айтылған бақытқа жетуі үшін және аталған азаптан арылуы үшін бірлесе отырып әрқашан қолдануы тиіс немесе сонымен жұмыс жасауы тиіс болатын нәрселердің түрлері және өздеріне тиесілі бір қала болмаған жағдайда ізгі қаланың тұрғындары екендіктерін ерекшелеп тұратын әрі өз қалаларына қарама-қарсы қалаларда өздері жат (бөгде) көрінетін белгілері еске алынады.
Содан кейін, ізгі қала тұрғындарын ақиқаттың өзін емес, оның мысалдары болып табылатын нәрселерде түрлі болуға мәжбүрлейтін себеп еске алынады, ол айырмашылық бірдей, ұқсас нәрсеге бағыттайтыны және олардың (нәрселердің) арасында қайшылық пен дұшпандық емес, керісінше ымыра бар екендігі әрі олардың (тұрғындардың) айырмашылығы өнер иелерінің өз өнерлеріндегі айырмашылық мысалына жақын нәрселер екендігі еске алынады.
Бұдан кейін, ізгі қалаларда жасап жатқан адамдар мен олардың салғырттығы бұл қалалардың жойылуына себеп болатындығы, ол адамдардың түрлері қанша екендігі, әрқайсысы бір-бірімен не арқылы байланыс жасауы керектігі еске алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |