Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Аймақтану және әлемдік экономика



Дата15.06.2016
өлшемі77.5 Kb.
#136179
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Аймақтану және әлемдік экономика

кафедрасының доценті, т.ғ.к. Б.З.Бюжеева
Негізгі құқықтар жөніндегі Еуропалық Одақ Хартиясының мазмұны мен мәні
2000 жылдың 7 желтоқсанында Негізгі құқықтар жөніндегі Еуропалық Одақтың Хартиясы қабылданған болатын. Бұл құжат тек Еуропада ғана емес, бүкіл әлем елдерінің конституциясында және халықаралық құқықта орын алған барлық адам құқықтары идеясының дамуын қорытындылағандай болды.

Конституциялық және халықаралық құқық саласында қала отырып, бұл Хартия гуманитарлы құқықтар саласындағы алғашқы негізгі «ұлттық деңгейден жоғары тұратын» акт болып табылады. Және де бұл құжат тұңғыш рет өзінің мақсаты етіп жеке тұлғаны мемлекет және оның органдарынан ғана қорғап қоймай, сондай-ақ мемлекеттік деңгейден жоғары тұратын ұйымдар мен оның органдарынан қорғауды қарастырады.

Бұл құжаттың тағы бір маңыздылығы мемлекеттер арасында болуы мүмкін интеграциялық одақтардың қалыптасуына негіз болатын әрбір елдің заңнамалары мен адам құқықтары саласындағы құжаттары үшін үлгі бола алады және де оның жүзеге асырылуына да үлгі көрсетерлік. Еуропалық Одақ Хартиясы сабақтастықты және түп нұсқалықты өз бойына сыйыстыра алған. Хартиядағы адам құқықтары мен еркіндіктері мүлтіксіз жаңа үлгі түрінде баяндалады. Бұған дейінгі дәстүрлі адам құқықтары ұстанымы бойынша маңдай алды немесе аса маңызды мәні бар құқықтар мен бостандықтарға адамның саяси және азаматтық құқықтарын, ал екінші дәрежеге әлеуметтік-экономикалық құқық топтары жатқызылса, Хартияда және оның Кіріспесінде Еуропалық Одақ азаматтарының құқықтық мәртебесі тұтастай қарастырылады. Хартияда топтастырудың негізі ретінде құқық түрі немесе оны қолдану аясын емес, оған негіз болатын және оларды қорғай алатын құндылықтарды қарастырады. Бұл құжаттың Кіріспесінде көрсетілгендей негізгі құқықтар мен бостандықтардың ажырамас қағидасы айқындалады. Негізгі құқықтар жөніндегі Еуропалық Одақтың Хартиясы Кіріспеден, топтастырылған 7 тараудан және 54 баптан тұрады [1]. Кіріспеде Хартияны қабылдаудың алғы шарттары және мақсаты, оның қайнар көзі, негізге алынатын құндылықтары айқындалған. Еуропа халықтары өзара тығыз одақ кұру мақсатымен ортақ құндылықтарға негізделген бейбіт болашақты бөлісуге табандылық білдіреді. Өзінің рухани және өнегелі мұрасын саналы тұтқан Одақ адамның қадір-қасиеті, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтындығы, бостандық пен әділдік және татулық атты бөлінбейтін, әмбебап құндылықтардың негізінде құрылады; ол демократия мен заң тәртібі негізінде қаланады.

Одақтың азаматтығын енгізе отырып және бостандық, кауіпсіздік және сот әділдігі кеңістігін құру арқылы Еуропалық Одақ жеке адамды өз әрекеттілігінің қайнар көзі ретінде қарастырады. Одақ осы құндылықтарды сақтау мен дамытуда өз септігін тигізеді, сонымен қатар, Еуропа халықтарының мәдениеттері мен әдет-ғұрыптарының алуан түрлігіне қарамастан оны құрметтейді, әрі мүше-мемлекеттердің ұлттық сана-сезімдері мен ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық биліктерін қадірлейді және адамдар, тауарлар, қызметтер мен капиталдың еркін жүруіне кепілдік береді. Хартия мәтінінде адам құқықтары мен негізгі бостандықтары адамның қадір-қасиетін сыйлау қағидасы, адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету қағидасы, теңдік қағидасы, ынтымақтастық немесе татулық қағидасы, демократия қағидасы және құқықтық мемлекет қағидасы сияқты негізгі жеті құндылық-қағидасы төңірегінде баяндалады. Және де осы қағидалар Еуропа халықтарының рухани, діни және тарихи мұрасына негізделген. Хартия тараулары: І – Қадір-қасиет, ІІ – Бостандықтар, ІІІ – Теңдік, ІҮ – Ынтымақтастық, Ү – Азаматтық, ҮІ – Сот әділдігі. Яғни, бұл тараулар бірлесе келе біздің түсінігіміздегі демократияны білдіреді.

Алғашқы тарауда барлық адамдардың қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы және оның қадірленуі мен қорғалынуының тиіс екендігі айтылады. Тараудың 2-бабы барлық адамдардың өмір сүруге, бостандықта болуға және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы екендігін қарастырады. Ешкім өлім жазасына тартылмайды.

3-бабында әркімнің өзінің физикалық және ақыл-парасаттылығын қадірлеуге құқығы бар. Адамдардың сұрапталуын мақсат ететін тәжірибелерге және пайда табу көзі ретінде адам денесі мен оның мүшелерін пайдалануға тыйым салынған.

4-бабында ешкімнің де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтын адамгершілікке жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге немесе жазалануға тиіс еместігі айтылады. Азаптауға және адамға қарсы немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын жәбір көрсетуге, не жазалау шарасын қолдануға тыйым салу.

5-бабында ешкім де құлдықта немесе кіріптарлықта ұсталуы тиіс емес. Ешкімнен мәжбүрлі, не міндетті еңбек көрсету талап етілмейді. Адамдар саудасына, қандай түрде болса да, тыйым салынады.

ІІ – Бостандықтар тарауының 6-бабында әркімнің бостандықта болуына және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы екендігі айтылса, 7-бабында әр адам жеке өзінің және отбасы өмірін, тұрмысы мен байланыстарын қадірлеуге құкығы бар.

Азаматтардың жеке басына қатысты құқықтарын жинақтай келе Хартияның келесі баптары әркімнің өзіне қатысты жеке басының мәліметтерінің қорғалынуы құқығына, үйлену құкығына және отбасын құру құқығына кепілдіктер берген. Ежелден келе жатқан діни-наным құқықтары бойынша әркімнің ойлау, сана және дін еркіндігіне құқығы бар екендігі нақтыланған. Жеке тұлғаның өз ой-пікірін білдіру еркіндігі де қарастырылған. Бұл құқық әркімнің өзіндік көзкарасының болуын айқындап, оған қоғамдық билік тарапынан шектеуліктердің қойылмайтындығын атап өткен.

Хартияның 12 бабы әркімнің барлық деңгейдегі, яғни, саяси, кәсіподақтық және азаматтық істерде, бейбіт жиналыс пен бірлестік бостандығына құқығы бар екендігін белгілей келе бұл бостандық әркімнің өз мүддесін қорғау үшін кәсіподақтар құруға және оларға қосылу құқығын білдіретіндігін бекітеді. Одақтың саяси партиялары Одақ азаматтарының өз еріктерін білдіруге көмектеседі делінген.

Одақ азаматтары өнер мен білім саласын да кең көлемде қамтылған. Өнер мен ғылыми зерттеулер шектеуден босатылып, академиялық бостандық құрметтелінеді деп 13 бапта көрсетсе, келесі бабында әркімнің білім алуға және кәсіптік пен кешкі дайындықтарға қатысу құқығы қамтылады. Бұл құқық тегін міндетті білім алу мүмкіндігін құрайды. Оқу орындарын құру бостандығы демократиялық қағидаларға сай және өз балаларын оқытуға және оған кепілдік алу құқығын ескере отырып, ата-ананың өзінің діни, философиялық және педагогикалық сенімдеріне сәйкес қадірленуге тиіс. Бұл еркіндіктер аталған бостандықтар мен құқықтардың сақталуын бақылайтын ұлттық заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

Осы орайда әркімнің жұмыс бастылыққа және ерікті түрде таңдаған не қабылдаған мамандықты игеруге құқығы бар. Одақтың әрбір азаматы жұмыс орнын іздеуге, жұмыс істеуге, жұмыс орны құрылымының құқығын жүзеге асыруға және кез-келген мүше-мемлекетте қызмет етуге ерікті. Мүше-мемлекеттердің кеңістігінде жұмыс істеуге құкығы бар үшінші мемлекеттердің азаматтары Одақ азаматтарымен пара-пар жұмыс жағдайымен қамтамасыз етіледі деп Хартияның 15 бабында көрсетілген.

Ал іс жүргізу бостандығы Одақтың заңы мен ұлттык заңдарына және тәжірибелеріне сәйкес танылуға тиіс деп көрсетілген (16 бап).

Негізгі құқықтар жөніндегі Еуропалық Одақтың Хартиясында жеке меншік құқықтарына да ерекше көңіл бөлінген. Әркім өзінің заңды жолмен жинастырған мүлкін иемденуге, пайдалануға, одан бас тартуға және мұрагерін таңдауға құқылы. Тек қоғамдық қажеттілік үшін және заңмен қарастырылған жағдайларға сәйкес болмаса, ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Мүлік алынған жағдайда оған уақытында лайықты өтемақы төленуге тиіс. Қоғамдық мүдде қажеттілігіне сай меншік заңға сәйкес реттелінуі мүмкін. Зияткерлік меншік қорғалынады.

1951 жылғы 28 шілдедегі Женева Конвенциясы мен 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындардың мәртебесіне қатысты Хаттама ережелерін ескеріп, Конституцияға сай баспана құқына кепілдік беріледі.

Хартиядағы адам бостандығына қатысты екінші тараудың 19 бабы ұжымдық қудалауларға тыйым сала отырып, ешкімді жер аудартуға, қудалауға, азаптау, не басқа адамға қарсы немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын жәбір көрсету шараларына, не өлім жазасына тартпақшы мемлекетке беруге болмайтындығын белгілейді.

Хартияда адам құқықтарына қатысты теңдік қағидалары айқындалған үшінші тарау барлық адамдардың заң алдында тең екендігінен басталады. Теңдік қағидалары Одақтың жеке тұлғаларын кемсітпеу мәселеріне кең көлемде тоқталған. Бұл бағытта 21 бапта адамдардың жынысы, нәсілі, түсі, этникалық не әлеуметтік тегі, гендік қасиеттері, тілі, діни наным-сенімі, саяси не кез-келген басқа көзқарасы, ұлттық азшылық тобына мүшелілігі, меншігі, туылуы, қабілетсіздігі, жасы не жыныстық бағдары сияқты негіздегі кез келген жікшілдікке тыйым салынады. Конституция шеңберінде оның кез келген ерекше шартына нұқсан келтіретін жағдай тумаса, ұлттық негіздегі кез келген жікшілдікке жол берілмейді.

Теңдік қағидаларын алға тарта отырып, Хартияның 22 бабында Еуропалық Одақтың мәдени, діни және тілдік көп түрлілікті қадірлейтіндігі көрсетілсе, келесі бабы еркектер мен әйелдер арасындағы теңдік барлық салада орындалуы тиіс деп белгіленген.

Хартияның теңдік мәселелерінде балалар құқықтары да шет қалмай, нақтылы белгіленген. Әрбір баланы өзінің әл-ауқаттылығына қажетті деңгейде қорғау және қамқорлыққа ие болу құқықтары мен балалардың жоғарғы мүдделерінің ескерілуі қарастырылған.

Одақ қоғамдағы кәрі адамдардың қадір-қасиетіне қатысты құқықтары мен дербес өмір сүруіне, әлеуметтік, мәдени өмірге қатынасу құқықтарын танып, қадірлейтіндігін атап көрсетеді. Хартияның 26 бабы денсаулығына қарай ауытқулары бар адамдардың дербестігін, әлеуметік және кәсіптік үйлесуін, қауымдастық өміріне қатынасуын қамтитын шараларды пайдалану құқығын танып, қадір тұтатындығын нақтылай түскен.

Яғни, Хартияда көрсетілгендей Еуропалық Одақ азаматының құқықтық мәртебесінің жалпы құрылымы құқықтар мен еркіндіктерді шектеуге жол бермеу қағидаларын күшейте түскен. Адамға қамқорлық көрсетудің басты қағидаларын басшылыққа алған Хартия сонымен бірге жергілікті жерлерде, аймақтық, ұлттық және еуропалық деңгейде саяси тұрғыда ұйымдастырылған азаматтық ұжымдардың да құқықтары мен еркіндіктерін назардан тыс қалдырмаған. Сондықтан да жалпы құндылықтарды дамыта отырып, Одақ «Еуропа халықтарының алуан түрлі мәдениеттері мен дәстүрлерін, сондай-ақ мүше-мемлекеттердің ұлттық ерекшелігі мен жалпы билікті ұйымдастыру ерекшеліктерін» қадірлеуді алға қояды.

Хартияның төртінші тарауы ынтымақтастық қағидаларына арналған. Жұмыс жасау шеңберінде жұмысшыларға немесе олардың өкілдеріне қажетті деңгейде Одақ заңынан, ұлттық заңдар мен тәжірибелерден туындайтын шарттар мен жағдайлар жайында мәлімет пен кеңес алу кепілдігі айқындалады.

Сонымен бірге қажетті деңгейде келіссөз жүргізуге және ұжымдық келісімдер кабылдауға, мүдделер қарама-қайшылығы туындаған жағдайда өз мүдделерін қорғау үшін, тіпті ереуілдік әдіс-тәсілді пайдалануға, яғни ұжымдық әрекет жасау құқықтарына ие. Әркімнің бос жұмыс орындары болған сәтте соларға қол жеткізуге құқығы бар.

Ал егер жұмыстан әділетсіз түрде босатылуы орын алған жағдайда әрбір жұмысшының Одақ заңына, ұлттық заңнамалар мен тәжірибелеріне сай өзін қорғауға құқығы бар.

Хартияда әрбір жұмысшының денсаулығына қолайлы, қадір-қасиетіне зиян келтірмейтін жұмыс жағдайларын талап ету кұқығы да бар. Сонымен бірге Хартия балаларды жұмысқа алуға тыйым салады. Жұмысқа алынған жастар өздерінің жасына карай колайлы жұмыс жағдаймен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар экономикалық канаушылықтан, олардың денсаулығына, не физикалық, психикалық, рухани не әлеуметтік дамуына зиянды болатын не білім алуына кесел келтіретін жұмыстан қорғалынуы тиіс.

Отбасы мен кәсіптік өмір заңды негізде қорғалынған, отбасында баланың дүниеге келуі, не асырап алу жағдайында ананың, не әкенің ақылы демалысқа шығу құқығы қарастырылған.

Одақ заңынан, ұлттық заңнамалар мен тәжірибелерден туындайтын ережелерге сай Одақ аналық ауру, өндірістік оқиғалар, тәуелділік не кәрі жас жағдайында және жұмыс орнынан айырылу жағдайында әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемі мен қорғау құқықтарын қамтыған. Әркімнің денсаулық сақтауға қатысты құқықтары мен тиімді дәрігерлік емдеуді алу құқықтарын айғақтаған.

Хартия табиғи ортаны қорғауды жоғары дәрежеде қамтамасыз ету қажеттігіне кең көлемде көңіл бөлген.

Хартия толығымен бесінші тарауды азаматтық құқықтар қағидасына арнаған. Еуропалық азамат ретінде Еуропалық Парламентке, жергілікті сайлауларға дауыс беруге және сайлау барысында үміткер болу құқына ие екендігі белгіленген. Әркімнің өз істерінің Одақ институттарымен, органдарымен және агенттіктермен әділ жолмен және қажетті уакыт шеңберінде жүргізілуіне және құжаттарымен танысуына құқығы бар. Қандай жағдайда да құқықтары бұзылғандығы жөнінде әрбір азамат Хартияда белгіленген шеңберде Еуропалық Омбудсманға немес тіпті Еуропалық Парламентке шағым жасау құқықтарына ие.

Хартияның 45-бабында Еуропалық Одақтың әрбір азаматының мүше-мемлекеттер аумағы шеңберінде еркін қозғалыс немесе еркін жүріп-тұру және қоныс аудару құқықтары қаралған. Ал 46-бап Одақтың әрбір азаматы ол азамат болған мүше-мемлекеттің өкілдігі ашылмаған үшінші мемлекет аумағында Еуропалық Одақтың кез-келген мүше-мемлекетінің дипломатиялық және консулдық өкілдіктері тарапынан жоғары деңгейде қолдау табатындығы көрсетілген.

Хартияның алтыншы тарауы төрт бап көлемінде әділет қағидасын нақтылай түскен: Әркім алдын ала заң негізінде құрылған тәуелсіз және бейтарап сот арқылы уақытында әділ және қоғамдық істің тыңдалуына құқылы. Әркімге кеңес алуға, корғалуға және өкілдікке мүмкіндік беріледі. Әділетке тиімді кол жеткізуде көмек қажет болғандарға заңды көмек жеткілікті дәрежеде беріледі. Заңға сәйкес кінәсі дәлелденбегенше жала жабылған әрбір адам айыбы жоқ деп есептелінеді. Жазалардың қатаңдығы қылмыстық кұқық бұзушылыққа лайықты болуы тиіс. Ешкім заңға сәйкес Одақ шеңберінде соңында ақталған немесе айыпталған құқық бұзушылығы үшін қылмыстық үрдістерде қайта сотқа тартылмайды және жазаланбайды.



Негізгі құқықтар жөніндегі Еуропалық Одақ Хартиясының соңғы тарауында негізгі қағидаларға түсіндірмелер мен олардың қолдануын бақылайтын жалпы шарттар қамтылған.

Жоғарыда келтірілген Хартияның ережелері Еуропалық Одақ құқықтары көмегінің негізінде қорғалатын адам құқықтары мен бостандықтары мүше-мемлекеттердің осыған сәйкес құқықтық тәртібін ығыстырмайтындығын және де алмастырмайтындығын атап өтеді. Шын мәнінде, Еуропалық Одақ деңгейінде адам құқықтарын қорғау тағы бір құқықтық тәртіп болып табылады, адам құқықтары мен бостандықтарының іс жүзіндегі ұлттық жүйесін бірыңғайлап, халықаралық-құқықтық құжаттармен бірлестіріп және солармен қатарласа отырып оларды толықтайды десе болады.



Хартияны дайындау барысында пайдаланылған жаңа тұжырымдамалық көзқарастарда қазіргі құқықтық дамудың жаңа үрдістері айқын берілген. Бұл құжат негізгі құқықтарды нығайта түсіп, Еуропалық Одақ азаматтары мен осы аумақтағы басқа да жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейте түсті.
--------------------

1. Constitution for Europe.-Luxembourg,2003.-P.55-78.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет