Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары Жалпы ережелер Осы Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықты жұмыспен қамту туралы»



Дата08.07.2016
өлшемі67.48 Kb.
#185559
Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары


  1. Жалпы ережелер

1. Осы Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс іздеген адамдарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оралмандарға, сондай-ақ студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);

2) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;

3) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

4) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсiп пен қызмет түрін таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;

5) жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда делдалдық көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;

6) жұмыс күшi – жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;

7) жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар – жұмыспен қамтылмаған немесе жұмыссыз болып табылмаған адамдар;

8) жұмыс орны – еңбек қызметі процесінде жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;

 9) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;

10) халықты жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруына байланысты еңбек қызметі;

11) жұмысқа орналастырудың жеке картасы – жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаты және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;

12) жұмыссыздар – жұмыспен қамтылған халыққа жатпайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге дайын адамдар;

13) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені;

14) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;

15) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

16) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және осы Заңға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;

17) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында білім беру қызметтерін көрсетуді басқару функцияларын іске асыратын жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері;

18) әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды ұйымдастырушы – халықты жұмыспен қамту орталығы;

19) кәсіптік ақпараттандыру – еңбек нарығының жай-күйі, Жалпы ұлттық деректер базасындағы мәліметтер, бар мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу, қатысушының кәсіптік біліктілігіне сәйкес қайта оқытудан, біліктілік арттырудан өту мүмкіндігі туралы ақпарат беру;

20) кәсіптік кеңес беру – жұмыс орнын және белгілі бір мамандық таңдауда қатысушының психикалық және физикалық ерекшеліктерін, қабілетін, кәсіби қызығушылығын ескере отырып, оған көмек көрсету

21) кәсіптік іріктеу – қатысушының нақты кәсіпке, мамандыққа, жұмыс орнына кәсіби бейімділігінің дәрежесін айқындау;

22) кәсіптік бейімдеу – қатысушының өндіріске, еңбек жағдайларына және нақты мамандықтың ерекшеліктеріне бейімделу процесі.

3. Қатысушылардың жеке қызығушылықтарына, қабілеттеріне, бейімділігіне және нарық қажеттіліктеріне сәйкес кәсіп таңдау процесін оңтайландыру әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудың негізгі мақсаты болып табылады.



2. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру тәртібі
4. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:

1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандық бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;

2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияны;

3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.

5. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:

1) жұмыс іздеген адамдар;

2) жұмыссыздар;

3) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;

4) оралмандар;

5) студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін жүзеге асырылады.

6. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар және мемлекеттік сатып алулар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттігін және (немесе) өзге ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталығы жүргізеді
2.1. Студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу тәртібі
7. Халықты жұмыспен қамту орталығы студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына еңбек нарығының жай-күйі, білікті кадрларға экономиканың болжамды қажеттіліктері туралы концультациялар береді.

8. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу үшін студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары қатарынан контингентті айқындайды және халықты жұмыспен қамту орталығына ұсынады.

9. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы:

1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу кестесін жасайды, халықты жұмыспен қамту орталығымен келіседі;

2) халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп оқу орындарында ата-аналардың, жұмыс берушілердің және кәсіптік білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жылына кемінде екі рет кестеге сәйкес жұмыстар ұйымдастырады;

3) кәсіптермен таныстыру үшін және әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудың өзге рәсімдерін жүргізу үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын айқындайды;

4) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуге жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына алдын ала даярлық жұмыстарын жұмыстарын жүргізеді.

10. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудың, консультацияның қорытындылары бойынша одан әрі жұмыс үшін болашақ кәсібін әлі таңдамаған оқушылардың тізімі қалыптастырылады.

11. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау кездесу, дөңгелек үстелдер және семинар-тренингтер және басқалар нысанында жүргізіледі.

2.2. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды, оралмандарды және жұмыс іздеген адамдарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
12. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету үшін жүгінген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды, оралмандарды және жұмыс іздеп жүрген адамдарды кәсіптік бағдарлауды өздігінен жүргізеді.

13. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

1) өңірдегі еңбек нарығының жай-күйі туралы кәсіби ақпараттандыруды жүргізеді, семинарлар, тренингтер және түрлі кәсіп өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырады;

2) жүгінген адамдардың жеке тілектерін, психикалық ерекшеліктерін және еңбек нарығындағы нақты жағдайды ескере отырып, кәсіби консультация ұсынады;

3) сауалнама жүргізуді ұйымдастырады;

4) сауалнама және кәсіби консультация қорытындылары бойынша кәсіптік іріктеуден өту қажеттілігі туралы ұсынымдар дайындайды;

5) ұсынымдардың негізінде қатысушының жеке-психикалық ерекшеліктерін диагностикалауды, нақты мамандық талаптарына оның жеке қасиеттерінің сәйкес келуін және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндігін бағалауды қамтитын кәсіптік іріктеу жүргізеді;

6) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі бойынша бос жұмыс орындарының болуын және қатысушы одан әрі жұмысқа орналасуы үшін таңдаған кәсібі бойынша кадрларға қажеттілікті айқындайды;

7) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен және кәсіпорындармен, ұйымдармен, мекемелермен бірлесіп, қатысушы таңдаған кәсіпке дайындалу процесімен және таңдалған мамандық бойынша жұмыс орындарын таныстыру бойынша жұмыс жүргізеді, кәсіптік бейімдеуді ұйымдастырады.

14. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен бірлесіп, болашақ мамандығын таңдап қойған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады.


________________________

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет