Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Филология факультеті
БӨЖ
Тақырыбы: «Әлеуметтік өзгеріс» ұғымы. Технологиялар мен әлеуметтік өзгерістердің өзара байланысын зерттеудің әлеуметтанулық бағыттары: құрылымдық функционализм мен қақтығыс теориясы. Жаңа технологиялардың мүмкіндіктері мен шектеуліктері»
Қабылдаған: Джаппарова Р
Орындаған: Бегман Аяулым
Тобы: ФҚӘ-211
Түркістан-2024 ж.
Жоспары
І КІРІСПЕ
ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. «Әлеуметтік өзгерістің теориялары»
2.2. «Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық модернизациясы»
ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ
ІV ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
І КІРІСПЕ
Әлеуметтік өзгеріс дегеніміз әлеуметтік құрылымдардың уақыт өте келе түр өзгертуі. Әлеуметтік өзгерістің басты субъектісі – адам. Әлеуметтік өзгерістер жаңа технологияның шығуына себепкер болады. Инновация – әлеуметтік өзгерістің қозғаушы күші. Яғни жаңа технологиялар өзгеріске әсер етеді. Әлеуметтік өзгерістің бір көрінісі – әлеуметтік даму. Әлеуметтік дамудың түрлері: прогресс, регресс, имитация.
ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. «Әлеуметтік өзгерістің теориялары»
Әлеуметтану ғылымы негізгі үш теориялық тармақтан тұрады: құрылымдық-функциялық теория, конфликт теориясы және символдық өзара әрекетке түсу теориясы. Осы үшеуін қоғамды түсінуге мүмкіндік беретін балама линза ретінде қарастыруға болады. Олардың әрқайсысы әлеуметтік құрылымдардың адам мінез-құлқын қалай қалыптастыратынын түсіну құралы ретінде бағалы.
Құрылымдық функционализм әлеуметтік құрылымдарды айқындайды және олардың әлеуметтік үйлесім мен тұрақтылыққа тигізер зиянын талдайды. Айқын және жасырын функциялар мен дисфункцияларды анықтау оның аналитикалық негіздерінің бір бөлігі болып табылады.
Конфликт теориясы Карл Маркстың адамның мінез-құлқына және қоғамдық өміріне конфликтінің және бәсекенің маңызды әсері туралы идеялары арқылы қалыптасты. Ол әлеуметтік құрылымдарды «Бұдан кім пайда табады?», «Олар бұл артықшылықтарды қалай сақтап тұрады?» деген сұрақтар қою арқылы талдайды. Бұл теория ымыраға келуге қарағанда қақтығыстың маңызды екенін және өзгеріс қақтығыстың оң нәтижесі екенін айтады.
Символдық интеракционизм теориясы адамдар арасындағы өзара әрекетке түсудің субъективті мәнін және адамдардың ортақ символдық мән-мағыналарды дамытатын және қалыптастыратын процестерін зерттейді.
Әлеуметтану эмпирикалық дәлелдерді сыни және жүйелі тексеруден тұрады. Әлеуметтік зерттеу процесі мәселені анықтау, негіз әзірлеу, деректерді жинау, үлгілерді табу, теория.
Қоғам туралы ілім түзу деген бес кезеңнен тұрады. Бұл қадам «ғылым дөңгелегі» деп аталатын үздіксіз циклді құрайды. Деректерден теорияға қарай ауысу индукция деп аталады, теориядан болжамға ойысуы дедукция деп аталады.
Кез келген зерттеу жобасы зерттелетін айнымалы шамаларды анықтап, олардың операцияланған анықтамаларын тауып, сол айнымалы шамаларды зерттеуге арналған кейстердің өкілдік үлгілерін қалай алуға болатынын пысықтайды.
Себеп-салдарлық болжамдарды сынаудың жақсы жолы – эксперимент. Дегенмен эксперимент мінез-құлықты жасанды жағдайда зерттейді және адамдар эксперимент кезінде өздерін басқаша ұстауы мүмкін. Сонымен қатар эксперимент кейде субъектілерге зиян келтіруі ықтимал.
Сауалнама барысында көп адамға стандартты сұрақтар қойылады. Бұл әдіс кездейсоқ үлгілерді пайдалана отырып, құбылыстың таралуын, ондағы трендтер мен дифференциалды (ағымдар мен жіктелуді) сипаттау үшін пайдалы. Бірақ адам мінез-құлқының контексін талдауда, себеп-салдарлық қатынастарды анықтауда нәтиже бермейді.
Қатыса отырып бақылау әдісі – аз адамды бақылау немесе олармен тереңдетілген сұхбат жүргізу тәсілі. Бұл – адамдардың өзара қарым-қатынасы және оның субъективті мән-мағынасы туралы шағын детальдар жинауға болатын тамаша әдіс. Алайда ол жалпы қоғам өкілдерінің арасында емес, шағын топ ішінде жүргізіледі және жалғыз ғана зерттеушінің пайымдауына сүйенеді.
Қазіргі және тарихи жазба құжаттарды талдау әдісін контент талдау дейміз. Оның артықшылығы – зерттеу қымбат емес және зерттеуші деректерді өз бетінше өзгерте алмайды.
Дегенмен мұнда тек қолда бар құжаттарды ғана пайдалануға болады және зерттеушінің жеке пайымдарына ғана негізделеді.
Әлеуметтанушылар зерттеулерін көбіне мемлекеттік органдардан, коммерциялық емес ұйымдардан және басқа дереккөздерінен алынған статистикаға негіздейді. Бұл арзан әдіс өткенді де, қазіргі кезді де зерттеуге мүмкіндік береді, бірақ, мұны тек қажетті деректер болған кезде ғана пайдалануға болады.
Қоғам – тұрақты қауымдастық, ұлт немесе бір аумақтағы, экономикалық, мәдени және саяси байланыстарды және әлеуметтік сенімдерді тоғыстыратын үлкен топтастық.
Әлеуметтану – адамзат қоғамын, әлеуметтік топтарды және әлеуметтік өзара әрекеттерді жүйелі түрде зерттейтін ғылым.
Әлеуметтік құрылым – белгілі бір қоғамды құрайтын топтық қарым-қатынастардың қайталанып отыратын үлгілері.
Әлеуметтік қиял – жеке адам мәселесін, негізгі әлеуметтік құрылымдарды, аз дегенде ішінара түсінуді көрсететін қабілет.
Эмпирикалық зерттеулер – дәлелдемелерді жүйелі түрде сараптауға негізделген ғылым саласы.
Құрылымдық-функционализм – әлеуметтік ұйымдар (құрылым) мен оның қызметін (функциясын) зерттейді.
Символдық интеракционизм – ортақ мәндердің қалыптасып, дамуына ықпал ететін адами әрекеттер мен процестердің субъективті мән-мағыналарын зерттеумен айналысады.
Конфликт теориясы – қоғамдағы күйзеліске және қақтығыстар мен әлеуметтік өзгерістерге ықпал ететін жолдарды талдау, түсіндіру.
Теория – байқалған үлгілерді анағұрлым кең ауқымда түсіндіретін идеялар жиынтығы.
2.2. «Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық модернизациясы»
Даму - үнемі өзгеріс бола алады. Ал, өзгеріс дегеніміз міндетті түрде даму емес. Өзгеріс – позицияның өзгеруі; ілгерілеу немесе құлдырау бағытында жүруі мүмкін: яғни жағымды және жағымсыз өзгерістер түрінде. Әлеуметтік өзгеріс жоспарланған және жоспарланбаған түрде іске асады.
Әлеуметтік өзгерісті қалыптастырушылар:
Елеулі жаңалықтар
Халықтардың байланысы
Глобализация
Техникалық өзгерістер
Әлеуметтануда қоғам дамуына деген екі ғылыми көзқарас бар. Бірінші ғылыми көзқарас - эволюционизм. Өкілдері О.Конт, Г.Спенсер, Э.Дюркгейм. олар қоғам эволюциялық жолмен дамып отырады деген. Екінші ғылыми көзқарас – марксизм. Негізгі өкілі – Карл Маркс. Қоғамның революциялық жолмен дамитындығын айтқан. Оған әсер ететін жағдай – теңсіздік деген.
Прогресс – өрлеу, даму. Яғни қажеттіліктердің қанағаттандырылуы, халықтың өмір сүру сапасының артуы, тұтынушылық қызметтің артуы, қызмет көрсету саласының дамуы.
Адамзат қоғамының прогрессивті дамуы:
қарапайым қоғам
дәстүрлі қоғам (аграрлы революциядан кейін орнады)
индустриалды қоғам
постиндустриалды қоғам (немесе ақпараттық қоғам).
Адамзат қоғамының жабайылық жағдайынан өркениет шыңына шығу жолындағы ғаламдық үрдіс - әлеуметтік прогресс деп аталады. Бұл өте кең түсінік. Ол өзіне құрамдас бөлік ретінде экономикалық, техникалық және мәдени прогрестерді қосады. Әлеуметтік прогресс фундаменті – техникалық прогресс болып табылады.
Прогреске қарама-қарсы үрдіс регресс деп аталады. Ол қоғамның өз жетістіктерінен бас тартуын, жеткен деңгейінен кейін қайтуын білдіреді. Прогресс пен регресс масштабтарында үлкен айырмашылық бар. Егер прогресс адамзат қоғамының барлық тарихи кезең дәуіріндегі қозғалысын білдіретін ғаламдық үрдіс болса, ал регресс жеке бір қоғамды, аз ғана тарихи уақытта қамтитын шағын үрдіс. Жалпы адамзат қоғамы әлі регреске ұшыраған жоқ.
Әлеуметтік прогрестің негізінен екі түрі бөлінеді – реформалық және революциялық. Реформа - өмірдің белгілі бір аймақтарын бөліктеп дамыту, өмір сүріп тұрған әлеуметтік құрылыстың негізіне тиіспей-ақ бірқатар өзгерістер енгізу. Революция - қоғамдық өмірдің барлық не көптеген жақтарын толығынан немесе комплексті өзгерту. Өмір сүріп тұрған әлеуметтік құрылыс негіздеріне тиіседі.
Егер реформалар қоғамдық өмірдің адамдарға тікелей қатысты, олардың өмір сүру деңгейіне, денсаулығына әлеуметтік артықшылықтарға ие болуына әсер етуші жақтарына арналса, онда бұлар әлеуметтік реформалар деп аталады.
Әлеуметтік реформалармен қатар экономикалық және саяси реформалар да бөлінеді. Экономиканың нарықтық бағаларға көшуі, жекешелендіру, өнеркәсіп орындарының банкроттығы туралы заң, жаңа салық жүйесі – экономикалық реформалар, ал конституцияны өзгерту, сайлауда дауыс беру нысанын өзгерту, азаматтық бостандықтарды кеңейту, басқарудың бір түрінен екінші түріне өту – саяси реформалар болып табылады. Қоғамдағы адамдардың күнделікті мінез-құлқын реттеуге арналған кодекстерді өзгерту – заң шығару реформалары деп аталады. Сөйтіп реформалардың төрт түрі бар: әлеуметтік, экономикалық, саяси, заң шығару реформалары.
Реформа – барлық қоғамды емес, оның тек жеке бөліктерін, аймақтары мен институттарын қамтитын өзгерістер. Реформалар прогрессивті немесе регрессивті болуы мүмкін. Белгілі бір реформалар көптеген елдерді емес тек бір ғана елді қамтиды, себебі ол әр мемлекеттік ішкі ісі және әр мемлекеттің өзіне тән реформалары болады, яғни қоғамдық өмірдің қай аймағын реформалау қажет деп табады, сол аймағын реформалайды. Реформаларды әрқашан да жоғары жақтан үкімет жүргізеді.
Егер қоғам мінезін түгелдей өзгертуге қажеттілік туса, белгілі бір партия немесе адамдар бірлестігі революцияны жүзеге асырады.
Революция – бір мезгілде жүргізілетін реформалар комплексі. Революция іске асу үшін ең алдымен қарулы саяси төңкеріс жасалынады, содан соң жаңа билік құрылымдарына сүйене отырып, қоғамдық құрылымды түпкілікті өзгертуге бағытталған реформалар комплексі бір мезгілде жүзеге асырылады.
Бір елде басталған революция басқа елдерге де ауысуы мүмкін. Егер олар революциялық үрдіске стихиялы түрде араласып кетсе, ал үрдістің өзі тізбектік реакция түрінде болса онда ол күштеусіз, қысқа мерзімді революция болып табылады. Мыс: 1848 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция Еуропаның әртүрлі елдерін қамтыды.
Әлеуметтану ғылымында адамзат қоғамын жалпы алғанда түбірлі өзгеріске ұшыратқан кейбір үрдістерді де революциялар деп атайды. Негізінен бір қоғамға қатысты революциядан оның ерекшелігі, олар тарихи кезеңдерге бөлініп қарастырылады.
Неолитикалық революция жаратылыстық революция болып табылады. Соның арқасында өркениет иемденуші шаруашылықтан (аңшылық, терімшілдік) өндіруші шаруашылыққа (мал шаруашылығы, жер шаруашылығы) көшті. Ол таптарды қалаларды, мемлекеттерді тудырды. Неолитикалық революция 10 мыңдай жыл бұрын басталып, 3 мың жылға созылды. Осы кезеңде дамыған отырықшы-қалалық өркениеттер Месопотамияда, Египетте, Үнді, Грек елдері мен Таяу Шығыста пайда болды.
Екінші ғаламдық үрдіс XVIII-XIX ғ.ғ. өнеркәсіптік революция. Ол бір экономикалық құрылыстың (феодализм) орнына екіншісін (капитализм) әкелді, бір техникалық жетістікті (мануфактура) екіншісімен (машиналық өнеркәсіп) өзгертті. Өнеркәсіптік революция арқасында көптеген елдердің саяси бейнесі мен әлеуметтік құрылымы түпкілікті өзгеріске ұшырады. Саяси өмірде буржуазиялық демократия пайда болды, әлеуметтік өмірде мұрагерлік артықшылықтар мен сословиялық шектеулер жойылды, жалпыға бірдей азаматтық құқықтар шақырылды.
Ғаламдық революциялар түріне, сол сияқты маңызы жоғарыда аталғандардан төмен кейбір үрдістер де жатқызылады. XX ғасырдың ортасында дамыған елдерде менеджерлік революция іске асырылды. Капиталист-меншіктенушілер тобы шешуші позициялардан кәсіпкер менеджерлер тобымен ысырылды. Ал менеджерлер меншік иелері емес, жолдамалы қызметкерлер болып табылады.
XX ғ. 70 жылдары ғылыми айналымға «үнсіз революция» термині енгізілді. Бұл батыстық жастардың еңбек құндылығынан демалу (досуг) құндылығына кеткенін бейнелейді.
Ғаламдық революциялар қоғамның барлық аймағымен қатар көптеген елдерді қамтиды, сондықтан ол ұзақ уақыт бойына жүреді. Олардың барлығы да қоғамның сапалық өзгерісіне әкеледі.
XX ғасырда көптеген елдерде әлеуметтік прогресс реформалық та емес, революциялық та емес мүлде жаңа түрге ие болды. Социологтар бұл түрді модернизация терминімен белгіледі. Модернизация – уақыт аралығына созылған реформалар комплексі жолымен іске асырылады. Ол қоғамның барлық аймағын қамтып әлеуметтік институттар мен адамдардың өмір үлгісіне өзгерістер әкеледі. Оның негізі «модернити» мәдениетінің таралуы мен дамуы. «Модернити» мәдениеті: нарықтық қатынас, рационалды құндылықтар, бизнес, ақша жетістігіне бағытталушылық. Басқаша айтқанда модернизация – сол елді капитализм мәдениетіне, технологиясына, ғылыми жетістігіне сәйкестендіру.
Модернизация сөзі ағылшын тілінен келген және қоғамның ескі формалардан бас тартып, жаңа талаптарға сәйкес жаңаруы дегенді білдіреді.
Модернизацияның екі түрі бар: органикалық және органикалық емес.
Органикалық модернизация елдің жеке өз даму кезеңі болып табылады және осыған дейінгі эволюция арқылы әзірленеді. Мыс.: XX ғ. фордизм енгізілу қорытындысындағы американ өнеркәсібінің қайта құрылуы. Мұндай модернизация экономикадан емес мәдениеттен, қоғамдық сананың өзгеруінен басталады.
Органикалық емес модернизация дамыған елдер тарапынан тасталынған сыртқы әсерге жауап болып табылады. Ол «қуу» арқылы даму тәсілі болып табылады. Органикалық емес модернизацияны артта қалушылық пен дамыған шетелдік мемлекеттерге тәуелділігінен құтылу үшін үкімет жүзеге асырады.
Органикалық емес модернизация шетелдік құралдар мен патенттерді сатып алу, өзге технологияны пайдалану (кейде экономикалық шпионаж әдісімен), шетелдік мамандарды шақыру, өз мамандарын шет елдерде оқыту, шет елдік инвестициялар көмегімен іске асырылады. Саяси және әлеуметтік аймақтар да сәйкесті өзгерістерге ұшырайды: басқару жүйесі тез өзгереді, жаңа билік құрылымдары пайда болады, ел конституциясы шетелдік аналогтарға сәйкестендіріледі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония, сәл кейінірек Шығыстың кейбір елдері, ал бүгінгі таңда ТМД елдері әлеуметтік прогресстің осы түрімен даму үстінде.
Жапонияға өзі технология мен қаржы алған АҚШ-ты қуып жетіп, одан озуға 20 жылдай уақыт жетті. Қысқа мерзім ішінде органикалық емес модернизация органикалықпен ауыстырылды. Қазір Жапония өз негізінде даму үстінде және басқа елдерге үлгі болып табылады.
Органикалық емес модернизацияның органикалықтан айырмашылығы ол мәдениет пен қоғамдық сана өзгерісінен емес, экономика мен саясаттағы өзгерістерден басталады. Басқаша айтқанда органикалық модернизация «төменнен», ал органикалық емес модернизация «жоғарыдан» жүреді. Органикалық емес модернизация кезінде «модернити» ұстанымдары тұрғындардың көпшілігін қамтып үлгермейді және тығыз әлеуметтік қолдау ала алмайды. Ол тек қоғамның анағұрлым дайындалған бөлігінің ғана сапалы қолдауына ие болады.
Қазақстандық жолдың жаңа сатысы – бұл экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жаңа міндеттер. Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы байлансты табу өмірлік маңызы бар болып табылады. Қазіргі заманда бұл әлеуметтік-экономикалық жаңарудың іргелі сұрағы. Бұл Қазақстанның жақын онжылдықта дамуының басты векторы.
XXI ғасырдың басталуымен бүкіл әлемде ғалымдар инновация, индустриализация және модернизация тақырыптарына бет бұра бастады. «Модернизация» түсінігі қоғамдық құрылымның барлық мүмкін деңгейлерін қамтитын және тіршілікті қамтамасыз етудің қандай да бір саласын жетілдіру мен жаңартудан бастап, бүкіл әлеуметтік мәдениет жүйесін кешенді қайта құруға дейінгі әр түрлі масштабтағы салдары бар өзгерістерді талдауда қолданылады.
Бүгінгі күні «модернизация» термині экономиканың дағдарыстан кейінгі даму тақырыбындағы дискуссияларда өте жиі қолданылатын болды. Экспорттық-шикізаттық экономикадан инновациялық даму жолына өтуді қарастырғалы модернизация теориясына деген қызығушылық арта түсті.
Модернизация үрдісі аясында келесідей өзгерістер орын алады:
1) Бүкіл экономикалық қатынастар жүйесін трансформациялау және тұрмыс салтын өзгерту;
2) Экономикалық қатынастарды реттейтін жаңа процедуралар мен механизмдердің пайда болуы;
3) Озық технологиялардың пайда болуы және оларды қолдану, жұмысшылардың кәсіби дайындығының жоғары деңгейіне қол жеткізу;
4) Ақпараттық ресурстарды инновацияларға айналдыруға мүмкіндік беретін адам қызметінің шығармашылық құраушысының өсуі.
Бұдан модернизация үрдісінің бірнеше сипаттамаларын бөліп көрсетуге болады:
– Кешенділік, себебі, бұл үрдіс шаруашылық қызметтің барлық саласын қамтиды;
– Жүйелілік, себебі, оның кез-келген сферасының немесе саласының өзгеруі экономиканың басқа да элементтерінің өзгерісіне алып келеді;
– Көпнұсқалылық, бұл модернизацияның біртипті және тура емес, дифференциалданған сипатын білдіреді;
– Мерзімділік сипаты, оның бірнеше сатыны қамтитын, бір сәтті емес, ұзақ мерзімді іс әрекетімен байланыстылығын білдіреді;
– Жаһандық сипаты, себебі, ол Батыстың дамыған елдерінде басталып, дамушы аймақтарда етек жаюда.
Модернизацияның сипаттамаларының бірі – белгілі бір қоғамның, мемлекеттің немесе аймақтың көбірек дамыған елдер деңгейіне жетуге бағытталған әрекеттерін сипаттау болып табылады. Дәл осындай толықтырулар арқылы әлеуметтік мәдениетті зерттеудің эволюциялық тәсілі арнасында модернизация концепциясы қалыптасты. Саясат, экономика, әлеуметтану және мәдениеттің пәндік салалары аясындағы өзгерістерге жүгінген кезде, модернизация секілді тарихи феноменді зерттеудің теориялық-мәдени ғана емес, сонымен қатар пәндік-эмпирикалық әдісінің қажеттілігі туындайды.
Әлеуметтік-экономикалық модернизация өнеркәсіптік саясатты, ғылыми техникалық және инновациялық әлеует дамуын, әлеуметтік инфрақұрылымның жетілуін қамтитын өзара байланысты бағыттардың кешені болып табылады.
Әлеуметтік-экономикалық модернизацияның келесідей мақсаттары бар: ең жаңа ғылыми-техникалық жетістіктер мен прогрессивті технологияларды енгізу негізінде экономиканы жаңарту мен жетілдіру; экономика тиімділігін арттыру мен аймақаралық және халықаралық еңбек бөлінісіндегі оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған институционалдық өзгерістер мен прогрессивті құрылымдық жылжытуларды жүзеге асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |