Әлихан бөкейхан ұлт көсемі



Дата07.06.2023
өлшемі18.97 Kb.
#474804
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН баяндама


ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН - ҰЛТ КӨСЕМІ
Аннотация
Бұл жұмыста Алаш қозғалысы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік- экономиялық, қоғамдық- саяси және рухани- мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов туралы жазылған. Қазақ халқының ауыр тауқыметі мен қасіретті тұрмыс тіршілігі қабырғасын қайыстырған Әлихан Бөкейханов Алашорданың ұйымдастырушысы, ұйытқысы бола білгені, Алаш тарихын зерттеуші ғалымдар ешқашанда Бөкейхановсыз ештеңе елестете алмайтындары туралы дәлелді пікірлер айтылған.
Алашорда үкіметінің құрылуы мен оның алғашқы кезі кеңестік ажал эскадроны аталған қызыл империяның күшейіп келе жатуымен тұспа - тұс келіп жетті. Қара халықтың сенімі мен күш жігерін мейлінше пайдаланған, бірнеше миллиондаған адамның тағдыры мен өмірін ойран еткен, ажал құштырған кеңестік қызыл империя Алашорда үкіметін және оның құрушылары Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт көсемдерін жігі қадағалап, өз бақылауында ұстап отырды.
Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылды, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. «Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін», - деп мәлімдеді.
Алашорданың тағдыры мен құрылу тарихын алып қарар болсақ, оның басы қасында жүрген Әлихан Бөкейхановты атамай кету, айтпай қою үлкен ағаттық болар еді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, аласұрып, қазақтың ертеңі мен болашағы үшін күрескен қайсар мінез, апай төс, шалғы мұрт Бөкейханов шептің алдында, өр мінезі ұлттың серкесіндей болып көзге көрініп еді. Қазақ даласының отаршыл империясының талан – таражға түскенін, ұлттық байлық көздерінің аяусыз тоналғанын ашына отырып жазып та, айтып та мәселе етіп көтере білді. Қазақ халқының ауыр тауқыметі мен қасіретті тұрмыс тіршілігі қабырғасын қайыстырған Әлихан Бөкейханов Алашорданың ұйымдастырушысы, ұйытқысы бола білді. Алаш тарихын зерттеуші ғалымдар ешқашанда Бөкейхановсыз ештеңе елестете алмайтындарын жақсы біледі.
Қазақтың ардақты ұлы, һәм алаш қозғалысының, Алашорда үкіметінің көсемі, ұлт және мемлекет қайраткері, ірі тұлға Әлихан Бөкейханов дербес ұлттық демократиялық мемлекет құру жолында, басты идеялогиялық қаруы ретінде ту етіп көтеріп, ұстанған Алаш идеясының негізгі алға қойған ұлы мақсаттары мен көзқарастарын «Ұраным-Алаш» атты еңбегінде Тұрсын Жұртбай атап көрсеткен. Алаш идеясын Тұрсын Жұртбай бес түрге бөліп жіктеп, былай түсіндіреді.
Бірінші идеясы:Қазақстандағы жер мәселесі еді. Жер-Отан, жер– күнкөріс, жер –саясат. Бұл алаштықтардың ең түйткілді мәселесі ретінде қарастырылған. Империяның отаршылдық саясаты кезінде тартып алынған шұрайлы қазақ жерлерінің тағдырына байланысты жерсіз қалған қазақ ұлтының қасіретті жағдайын қайталамауын ойлаған.
Екінші көзқарасында: жер асты-үстіндегі қазба байлықтарды, тіпті аспандағы ауаға дейін қазақ ұлты үшін пайдалану қажеттілігі. Ұлттық мемлекет құрудың материалдық мүмкіндігін жасақтау, табиғи байлық базасын қалыптастыру, бәрін де ұлт мүддесі үшін пайдалану. Жаратылыстық табиғи байлықтардың мол ресурстарын пайдалану арқылы ұлттық мемлекетті нығайтуды көздеу, «Қазақ даласының бір түйір тасы, қазақ баласының кеудесіне түйме болып қадалуы керек, онан соң асып бара жатса, экспортқа шығаруға болады», -дейді Әлихан Бөкейханов.
Үшінші идеясы: Қазақстандағы қолда бар шикізаттар, әсіресе мал өнімдері, қазақ мемлекеті, қазақ ұлты үшін пайдаланылуы керек. Қазақ қойының бір уыс жүніне дейін қазақ ұлты үшін тоқыма болып тоқылып, киім болып тігілуі керек деді. Онан соң асып-төгіліп жатса экспортқа шығаруды қуаттады. Тәуелсіз экономикалық дербестікті сақтау арқылы ұлттық мемлекетті нығайтуды армандады.
Төртінші идеясы: бұл ең негізгі идея тіл, дін, діл үстемдігі. Ұлттық мемлекет құрудың діңгегі, түп қазығы саналатын сүйенер алып бәйтерегі осы үшеуі еді. Тілсіз, дінсіз, рухсыз мемлекеттің табан тіреп тұра алмайтынын терең пайымдайды. Бір –бірімен тығыз байланыстағы осы үш діңгек ұлттық мемлекет деген қара шаңырақтың мызғымас тіреуі еді. Осы үшеуінің тұтастығы мемлекеттіліктің негізі ретінде, ажырамауға тиісті ұғым ретінде қалыптасуы керек. Өзара тұтастық жойылған жағдайда мемлекеттің негізі шайқалатынын терең сезіне білді.
Бесінші идеясында: дәстүрге негізделген заң мен тәуелсіз ғылым арқылы ұлттық демократиялық мемлекет құру идеясын ұсынды. Жапония үлгісінде кемелденген заң мен дербес ғылыми зерттеу құндылықтарын жолға қою. Сол арқылы ұлттық демократиялық мемлекетті кемел заңдар арқылы басқарып, шет мемлекеттермен тең дәрежеде бірдей өмір сүру, ғылым –білім арқылы материалдық-техникалық базасы қалыптасқан ұлттық мемлекет құру арманы.
Төрт аяғын тең басқан ұлттық демократиялық мемлекетті құру Алаш арыстарының ұлы арманы еді. Алайда елім, жерім, жұртым деп қан жылаған, қазақ ұлтының азаттыққа жетуін аңсаған, күрес жолында ерлікпен қаза тапқан ұлы тұлғалардың, ұлт үшін айтқан кемел ойлары мен терең білімі, көрегендігі кім- кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды. Олардың айтқан әрбір ауыз сөзінде, қазақ даласының мұңы мен зарына қоса, түпкір-түпкірі қағыс қалмай, Әлиханша айтқанда әрбір түйір тасына дейін қамтылып жатты. Ұлттық мемлекет құрудың, ел болудың кемел ойлары мен идеялогиясы алаш рухынан батау алып, қанаттанып жатса да, ұлттық рух пен сана тәуелсіз Қазақстанда әлсәреп жатуы, ұлтым, елім дейтін әрбір азаматты бей – жай қалдырмаса керек.
Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным-Алаш» еңбегінен көргеніміздей, Әлихан Бөкейханның 1926 жылғы Қазақстандағы шаруаларға тиселі жер нормасын анықтау жөніндегі профессор Швецов басқарған экспедицияға қатысып, дұрыс есептеулер жүргізіп, Қазақстанда артық жер телімі жоқ екендігін дәлелдеп, соны экспедицияның қорытынды есебіне енгізуі, сол жылдары ішкі Ресейден қазақ жеріне 360 мың қарашекпенділердің жөн –жосықсыз қоныс аударуына тосқауыл болғанын көпшілік білмейді. Тарихтағы мұндай елдік үшін жасалған ерлік істерді әрбір қазақ жадында ұстауға міндетті деп санаймыз. Алаш қайраткерлерінің сол кездері ортаға салған ойлары, ұтымды пікірлері, қазақ ұлтының ұлттық мүддесі үшін аянбай күрескен рухына тағзым етеміз. Әрине біздің ұлттық идеологиямыз Алаш қайраткерлерінің ұлы идеяларынан бастау алатыны белгілі. Қазіргі таңда ұлттық идеология Алаш қайраткерлерінің идеясынсыз жасалуы мүмкін емес. Алаш зиялыларының қазақ ұлтының мүддесін бірінші орынға қойып, ұлттық мемлекет құруды армандаған, аңсаған ізгі ойлары кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы керек. Алаштық ұлы тұлғалардың сол кездегі саяси және қоғамдық, әлеуметтік мәселелер тұрғысында алға қойған мақсаттары мен көзқарастары бүгінгі күннің де үдесінен шығады деп ойлаймыз. Ұлттық идеялогияның тамыры да, қайнары да Алаш зиялыларының ойынан бастау алуда.
1989 жылдың 14-мамырында Әлихан Бөкейхановты КСРО Жоғарғы Сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақтады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. І том.
2. Алаш қозғалысы. Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы
3. Жұртбай Т.Біртұтас Алаш идеясы. Алматы:Орхон,2014
4. Жұртбай Т.Ұраным Алаш.-«Ел шежіре», 2008

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет