Әлихан бөкейханов және біртұтас алаш идеясы



Дата14.06.2016
өлшемі90.58 Kb.
#136060
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ЖӘНЕ БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

Т.ЖҰРТБАЙ,

Филология ғылымдарының докторы,

профессор

Мен оппозиционер емеспін, қазақ мемлекетіне ешқашанда оппозиционер болмаймын, бірақ өз отанымның тағдырына қатысты, оның ішінде «Алашорда» мен Әлихан Бөкейхановты «рушыл», «жүзшіл» етіп көрсетуге тырысып, сыпсың таратып жүрген қасиетсіздікке төзгім де келмейді. Сол пікірді оңаша пыш-пыштап айтып, интернет арқылы таратып жүргендердің өзі нағыз «сасық рушыл», ұлттық иедеяны аздырушылар және кезінде айтылып жүрген: қазақ өзін өзі билей алмайды, оларды ру арқылы таластырып, тәуелсіздігін әлсіретіп, қайтадан Ресейге тәуелсіз ету керек – деген тоқсаныншы жылдардағы Кеңестік одақты жақтаушылар жасаған 950 әскери-саяси доктринаның жеміс бере бастағаны деп санаймын.

Бұл доктринаның басты түйткілі – мемлекетке ұлтсыздық иедясын сіңіру болатын. Ал ондай идея бар ма еді. Бар еді. Ол, 1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік иденың негізін қалаған БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ. Онда алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ұйытқысы – Әлихан Бөкейханов болатын.

Мен барлық себептерді қазбалап жатпайын, өзіме жақын, өзім қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея – Алаш идеясы және Бөкейханов деген мәселеге байланысты тоқталайын.

1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек («Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...». Х.Досмхамедов).

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. («Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды». З.Тоған)

Суверенитет туралы мәлімдемеде қамтылған ұлттық идея бұтақталып келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін, қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық құтылып, массондық мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік? Саясат, экономика, қоғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізді қадірлей алмадық.

1.Қазіргі дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді.

2. Тәуелсіз экономика мен ғылым жоқ. Онсыз тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ.

3. Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған.

4. «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды).

5. Мемлекеттік Тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды.

6. Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.

Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр.

Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.

Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Осы орайда Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.

Бірінші: массондық идея дегеніміз не және массондық ұйым нені мақсат тұтады? Әлихан Бөкейхановтың оған қатысы қандай?

Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға нәсіліне, дінінен қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтау еркін беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы. Ендеше саяси мақсаты бір партияның құрамына неге кірмеуі тиіс? Х–ХІ ғасырда қалыптасқан, Напалеон жүзеге асырған массондық идея нені негізге етіп алды? Конституциялық демократияның ұстанымдары: адамға адам – бауыр, дос, бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін, нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік, азаматтық қоғам сияқты тура коммунизмнің принциптері. Міне, сол мақсатқа жету үшін кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында ол бауырлас түркі халықтарының барлық ұлтшыл иялыларын топтастырды. Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының бірінші құрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін түркі тектес зиялылардың өкілдері өзара кеңесе отырып бұл міндетті Заки Валиди Тоғанға жүктеді. Іс жүргізу ісіне Әлиханның ұсынысы бойынша Мұстафа Шоқай тартылды. Ал Құрылтай үкіметінің құрамына кірудегі мақсаттарын сұраған түрме тергеушісіне Х.Досмұхамедов:

«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзі-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.

Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды.

Ал 1917 жылы Керенский:

«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасағаннан кейін ол ресми түрде кадет партиясынан шықты.

Оған: партияның мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын – деді.

Бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі. Осындайда Аятолла Хомейнидің өзінің күнделігіне: «Мен ғылым үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» – деген сөзі еске түседі. Ә.Бөкейханов та алаштың азаттыған қол жеткізуден басқа мақсат болған жоқ.

Екінші: «шоқыншы», еуропашыл» дегенге байланысты. Мына жетпіс жылда біздің діни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзіміздің мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Бізге бұйырылған жол, иммам Ағзамның жолы ғой. Бұл туралы Абайдың 17 түрлі тәпсірлі түсінігі бар. Ол Абайдың «Имамсыздық намазда қызылбастар салған жол» – деген түсінігімен тікелей байланысты. Қадыми діншілдердің кесірінен мұсылман әлемі жаратылыстану, өнеркәсіптік ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктер әлі де өнеркәсіптік ғылымды жатырқап келеді. Соның нәтижесінде, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда бүкіл мұсылман қауымы отарланып қалды. Соған қарсы мұсылман және түркі әлемінде жадидтік ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфандияров «Алаш идеясының оянуын әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес» – деп ашық жазған. Ал Өзбекстан мен Түркменстандағы 1927 жылға дейінгі созылған басмашылар соғысы – тек кеңестік соғыс емес, қадым мен жәдидшілердің арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтің Қоқан автономиясының премьер-министрлігінен бас тартуының өзі сол екі ағымның бітіспейтін майданының нәтижесі болатын.

Ал Түркістан идеясы деген не? Ол Қазақстанның тәуелсіздігіне кепілдік беретін идея ма, жоқ па? – деген сұраққа тарихшыларымыз тура жауап бермей, бетін бүркемелеп өтті. Сол идеяны өткізу үшін кешегі алаш ұранды азаматтарды қолдан жікке бөлді: олардың қателігі – Түркістан иедясын бөліспеді, ана тұлғаға, мына тұлғаға қарсы шықты – десті. Сонда, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланғанда, оның тәуелсіздігін таныған елу төрт ел қандай мемлекетті, оның қандай шекарасын мойындады? Ол шекара қашан және қалай құрылды, олардың басында кім тұр еді? Өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бектіліп, автономиялы мемлекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. «Одақтас республикалардың кез-келген уақытта дербес мемлекет ретінде бөлініп кетуіне құқы бар» – деген бапты кімдер кеңестің конституциясына кіргізіп еді? Әрине, оның ішінде Украина мен Грузия өкілдері, «Алашорда» үкіметінің көсемдері, оның ішінде тікелей осы мәселемен айналысқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х. және Ж.Досмұхамедовтер бар. Егер Түркістан идеясын қолдаса, онда солтүстіктегі бас облыс – Ресейге, оңтүстіктегі бес облыс – Өзбекстанға қалар еді. Олардың мақсаты – біртұтас қазақ мемлекетін құру. Мысалы Х.Досмұхамедов өзінің трмедегі тергеушіге берген жауабында:

«Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты.

«Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда – кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады, деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті.

Міне, Бөкейхановтың да түпкі мақсаты мақсаты осы.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы да мына мысалды көрсете кеткім келеді.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:

Ал алашордашылар саяси эмиграция туралы:



««Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,– деген астыртын қаулы қабылдаған болатын.

Міне, Алаш идесы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған идеологиясының бір тарамы осындай. Менің ойымша, бұл идея – мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейді деп ойлаймын.


.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет