04.12.2015
Жас музыканттар сыйы
Алматыда 80 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы кәсіби музыкалық өнер мен музыкалық білім беретін қасиетті қара шаңырақ – П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты концерт өтті. Кеш қонақтары арасында Қазақстан ұлттық федерациясы ЮНЕСКО клубының бас директоры Сабина Чукаева, «Дәуір» баспасының директоры Светлана Назарбаева, әйгілі балуан Дәулет Тұрлыхановтың анасы, «Құрмет» орденінің иегері, Мәрзия Тұрлыханова, қалалық мәслихаттың депутаты Дәулет Әбенов, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Дінзухра Тілендиева, «Нұр Отан» партиясы жауапты хатшысының көмекшісі Қанат Мұсақұлов, т.б. болды.
Біз білім ордасының ғимаратына жақындай бергенде-ақ музыканың сазды әуені құлаққа жағымды естіле бастады. Ішке кірсек, фойе мен дәліз мерекедегідей безендірілген. Келген қонақтарды ұлттық киімдегі қыздар қарсы алса, Георгий Тихоновтың жетекшілігіндегі студенттік үрмелі оркестр классикалық шығармалар орындап, керемет көңіл-күй сыйлады. Әуезді музыканы сағынғандықтан ба, қонақтар жиналғанша Үлкен концерт залына кірмей біраз уақыт жас орындаушылардың өнерін тамашалап тұрдық. Өйткені, орындау шеберліктері құдды кәсіби атақты оркестрден бір кем емес еді.
– Бүгін біздің білім ордасында ерекше күн, – деді салтанатты кешті ашқан колледж директоры Біржан Хасанғалиев. – Міне, осы айтулы күнде әрқайсымыз Елбасының Қазақстан халқына, еліне жасаған жақсылығын атап көрсетуіміз керек. Олай дейтініміз, Қазақстан тәуелсіздік алған небәрі 24 жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық, саяси, халықаралық байланыстар да жаңа деңгейге көтеріліп, қазіргі таңда Мемлекет басшысының реформалары арқасында еліміздің дүние жүзіндегі беделі күннен-күнге арта түсуде. Ұлттық музыкамыз да биік шыңдарды бағындыруда. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының өнерге, жалпы музыкаға деген көзқарасы өте жоғары. Қашанда еліміздің рухани саласын қолдап, әрдайым қамқорлығын көрсетіп жатады. Сондықтан да Елбасына құрмет ретінде бүгінгі концерттік бағдарламада ол кісінің жақсы көретін әндерін таңдадық.
Концерт шымылдығы студенттік қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Ал әннен шашу шашқан Елбол Қуанбек, Ақжігіт Дәулетбек, Гаухар Сардарбек, Балауса Ерталина «Жаса Қазақстан» әнін құйқылжыта салса, Елбасының сүйіп тыңдайтын «Весна на Заречной улице» кинофильміндегі «Туған көше» әнін «Эстрадалық ән салу» бөлімінің студенті Ерназар Токе жүрекпен, нақышына келтіре жеткізді. Колледж студенті, жапон қызы Аяка Мукаяма гитарада Юкиджиро Йоко варияцияларын тарту етсе, Сабыржан Манашев жетекшілік ететін ұйғыр халық аспаптары ансамблі «Койлуңда бахар» күйін орындап, көрермендерді бір желпінтіп тастады. Сондай-ақ, «Жігер» домбырашылар ансамбліне, Астор Пьяцолланың «Либертангосын» орындаған Евгений Ястремский (гитара), Рафис Зарипов (аккордеон), Асан Нарботаевтарға (гитара), «Үш қоңыр» әнін екі дауыста жеткізген вокалдық дуэтке де залда отырғандар ұзақ қол соғып, ықыластарын білдірді.
Өз кезегінде қонақтар атынан сөз алған ұлағатты ұстаз Мәрзия Тұрлыханова апай 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні еліміздегі айрықша мерекенің бірі екенін, сол айтулы күнді үлкен дәрежеде өткізіп отырған колледж ұжымына рахмет айта келіп, талантты балаларға аналық тілегін білдірді.
– Елбасымыз қазақ деген халықтың маңдайына біткен ұлы тұлға. Ендеше, Тұңғыш Президенттеріңіз қалай оқыса, сендер де солай оқыңдар деп тілеймін. Қалай еңбек етсе, солай еңбек етіңіздер. Ол кісі өмір жолын керемет атшаптырым кабинеттен бастаған жоқ. Қарапайым қара жұмыстан бастап, маңдай терін төгіп, қиындықтың бәрінен өтті. Яғни, еңбекпен шыңдалған адам. Ал қандай адам шыңдалады? Тек қана шыдаған адам. Сондықтан сіздерді қандай жағдайда да шыдамды, төзімді болуға шақырамын. Барлық қиындықты жеңе біліп, бір-бірлеріңе қайырымды, жанашыр, тату бола біліңдер. Сонан соң оқу керек. Көп оқыған адам ғана үлкен жетістікке жетеді. Өздерің білесіңдер, Елбасымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жан. Керек жерінде қазақтың қара домбырасын қолына алып, әдемі қоңыр дауысымен ән де салады. Иә, сендер жастар – біздің келешегімізсіңдер. Ендеше, Елбасы бастаған саясатты қолдап, Мәңгілік Елді жайнатуға үлес қоссаңыздар деймін, деді ардақты ана.
Кеш соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әнін халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен және «Академиялық ән салу» бөлімінің хорымен Ерназ Халықов нақышына келтіре орындады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Достарыңызбен бөлісу: |