(Библиографиялық шолу)
|
Әлия-саптан ұмтылып, Жүгіріп шықты аптығып,
Құшақтап алған мылтығын,
Кіршігін қақпай қалт тұрып.
Сағи Жиенбаев
|
Қазақтың қаһарман қызы Кеңес Одағының Батыры. Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келді. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленді.
Ол жастайынан тағдырдың тауқыметін көреді. Оның майданнан жазған хаттарынан мәлім. 1931 жылы Әлияның анасы Маржан қайғылы қазаға ұшырап, алты жасар Әлия мен үш жасар Бағыдатты әкесі Темір ауданындағы Шығырлы ауылында тұратын қарындасы Қанышаның қолына апарады. Барған соң көп ұзамай інісі ауырып қайтыс болып, 1933 жылы әкесі Әлияны Ақтөбедегі Маржанның бауыры Әбубәкір Молдағұловтың қолына әкеліп береді.
Әлия нағашысының отбасымен бірге Әулиатаға көшеді. Осындағы темір жол мектебіне бірінші класқа барады. 1935 жылы Әлияның нағашысы Академияға түсуіне байланысты оның жанұясымен бірге Москваға келеді. Осындағы № 35 мектепте оқуын жалғастырады. 1938 жылы Әскери-транспорт академиясын Ленинградқа көшіруге байланысты Әбубәкір сонда қоныс аударады да, Әлия осындағы № 46 балалар үйіне орналасып, № 140 мектепте оқиды (қазір ол мектеп Әлия Молдағұлова есімінде).
Бірге оқыған сыныптарының естелігіне қарағанда, өзіне өте сенімді һәм төңірегіндегілерге талапшыл жас болған. Оны мақсаткерлік пен адалдық және адамгершілік сергектік қасиеттері басқалардан айрықша ерекшеліндірген. Әлия Молдағұлова келе салып, бәрімен тез тіл тауып кетті, зерделі зейінімен, білімпаз біліктілігімен түгел баурап алды.
1942 жылы Москвадағы мерген қыздар мектебіне қабылданды, мергендер мектебін үздік бітірді. 1943 жылы шілде айында Калинин майданы 54 атқыштар бригадысына жіберілді. Бірақ біраз уақытқа дейін командование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Бірақ жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазды. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататын.
|
|
Ашық шайқасқа ол 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26 атқыштар дивизиясы құрамында түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды. 1944 жылы Новосокольники стансасы маңындағы ауыр шайқаста Әлия қаһармандықпен қаза тапты.
Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Бүгінде Ә. Молдағұлова есімінде республикамызда көшелер,мектептер, ұжымшалар мен кеңшарлар, аллеялар мен бульварлар бар. Оның өшпес ерлігін өзек етіп жазылған өлең кітаптары мен роман хикаяттары да көп. Жарық дүниеде бар болғаны 19 жыл ғана өмір сүрген Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі қазақ халқы үшін мәңгілік мақтаныш. Аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған қысқа ғұмырында ел сүйсінерлік ерлік жасап, артында аңызға айналдырарлық әңгіме қалдырды.
|
Алматыда Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкке көрнекті жерге ескерткіш орнатылды.
Мәдени, рухани құндылықтарды жеткізу мақсатында қазақтың батыр қызының атын ел есінде мәңгі сақтау үшін Орал қаласында мұражай ашылған.
|
Екінші жаһан соғысында қазаққа тән қайсарлығымен көзге түскен шығыстық қос жұлдыздың бірі-Әлияның есімі тарих беттеріне алтын әріптерімен жазылғаны анық. Атқан оғы қиыс кетпейтін мерген қыз Әлия Молдағұлованың жанкешті жетпіс жылға жуық уақыттан бері ұрпаққа ұран болып келеді. Ал ерлік ісі ғасырларға жыр болып кетті.
|
Сағи Жиенбаев ақынның таңдамалы жинағы «Алтын қалам» аттты өлеңдері мен поэмалары ішінде батыр қыз Әлия Молдағұловаға арнаған «Әлия» атты поэма.
|
|
Поэма бірнеше бөліктен тұрады, Әлияның күнделігінен, алғашқы кездесу, № 956 винтовка, Әлияның хатттарынан, «Казачиха» тұрғындарының айтқаны. Ақын батыр қыздың ерлігі мен қайсарлығын жазған. Әлияның соғыс кезіндегі күнделіктегі естеліктерін насихаттаған.
|
Мәншүк атың бар әлемге аңғырып,
Есіміңді ұрпағың жүр ән қылып, Асқан ерлік ұмытылмас ешқашан Сақталады ел ішінде мәңгілік.
Мұқағали Мақатаев
|
Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова 1922 жылы 16 қазанда Орал облысы, Орда ауданы Жасқұс ауылында дүниеге келіпті.
Мәншүктің әкесінің аты Жиенғали емес, Жеңсігәлі екен. Ал туған анасының аты Тойылша. Мәншүктің Қадер, Нағи деген екі ағасы болған. Үлкен ағасы Оралда пединститутта оқып жүргенде қайтыс болса, екінші ағасы әскерде жоғалып кетіпті. Туған анасы Тойылша да ерте қайтыс болған. Сонда екі ұл, бір қызымен жалғыз қалған әкесі Жеңсігәлі: «Сіздер оқыған адамсыздар. Адам етсеңіз, осы қызды адам етерсіз», -деп төрт жасында Мәншүкті немере інісі Ахмет Мәметовке беріпті. Оның үстіне Ахметтің баласы жоқ екен. Ахмет ол кезде Н.Чернышевский атындағы Саратов университетінің медицина факультетінде, ал жары Әмина Сүлейменқызы филолог мамандығында білім алыпты.
Міне, Мәншүк осындай зиялылар отбасында тәрбиеленеді.
Мәншүк Оралда мектеп бітіріп, Алматыға келгеннен кейін Әмина анасының қолында бір жарым жылдай тұрды. Сол Әмина анамыздың айтуы бойынша, Мәншүк бала кезінде өте өжет, бірбеткей болған. Негізі Мәншүктің азан шақырып қойған аты Мәнсия екен.
1937 жылы қуғын-сүргінге Мәметовтер отбасы да ұшырайды. Соғыс басталғанда ол небәрі он сегіз жастағы бойжеткен болатын. Мәншүктің құрбылары ол кезде оқу, жұмыс, тұрмыс құру сынды мәселелерді ойлап жүргенде, батыр қыз, еш ойланбастан соғысқа аттануға сұранған еді. Өз өтінішінде ол: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз,1939 жылдан бері комсомолмын» деп мәлімдеген. Ал, бұл өтінішті Мәншүк 1941 жылдың 7 тамызында жазған екен. Алғашында М.Мәметованың мұндай талап-тілектерін басшылық қабыл алмады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда ол медицина институтында оқып жүрді. Ол 1942 жылы өзі сұранып майданға кетті, 21-атқыштар дивизиясында болды. Әскери өмірге Мәншүк тез үйренді. Ерлермен бірге ол жорғалады, су кешті, ну ормандарды кесіп өтті және де пулемет атуды үйренеді. Қарудың тілін жетік меңгерген Мәншүк 21 гвардиялық атқыштар дивизиясының ең жақсы пулемет атқышы атағына да ие болды. Майдангерлері Мәншүкті үнемі мақтан тұтатын және ерліктің үлгісі ретінде көретін. Алғы шепте айқасқа түскен алғашқы күннен-ақ қаруластарын қайсарлығымен, табандылығымен, ержүрек батылдығымен қайран қалдырды. Невель қаласын қорғау кезінде Мәншүк ақырғы оғы таусылғанша жауды жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты. Оның қасық қаны қалғанша қарысып баққан қас батырлығы мен асқақ өлімі соғыс даласында да, «еңбек майданында» да әрбір отаншыл азаматтың жүрегінде ерлік жыры боп жаңғырып, Жеңіс жалауын тезірек желбіретуге жігерлендіре түскені хақ.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры берілді. Қаршадай қыздың ерлігі көптеген жауынгерге үлгі болды. Бүгінде туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылған.
Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталды. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» атты көркем фильм түсірілді.
Әдебиеттер тізімі.
-
Бапанова Е. Қаһарман қызымыз. // Президент және халық..- 2013.- 3 мамыр.
-
Әдігенқызы С. Қазақтың қайсар қызы-Мәншүк Мәметова. // Жұлдыздар отбасы.-2014.- № 9.- б.48-49.
-
Әлия Молдағұлова. // Қазақстан Кеңес Одағының Батырлары: Энциклопедиялық жинақ.- Алматы: Өнер, 2010.- б.169-170.
-
Әлия Молдағұлова. // Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым.- Алматы: Алматыкітап, 2006. - б.355.
-
Жиенбаев C. Әлия поэмасы. // Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Атамұра, 2003.- б.183-204.
-
Жүсіпова К. 37 жылдан соң: Әлия мен Мәншүктің өшпес ерліктері әрқашан жадымызда. // Парасат.- 2011.- № 1- б.21-23.
-
Қоспағанбетова И. Әлия мен Мәншүк-ұқсас қыздар. // Айқын апта.- 2010.- 17 маусым.
-
Мәншүк Мәметова. // Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым.- Алматы: Алматыкітап, 2006.- б.354.
-
Мұтанова А. Мәншүк қазақтың қаһарман қызы. // Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал.- 2013.- № 12.- б.72-76.
-
Жиенбаев C. Әлия поэмасы. // Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Атамұра, 2003.- б.183-204.
-
Сәуірбай С. Мерген қыздың аруағын мазаламайық. // Егемен Қазақстан.- 2013.- 3 қазан.
-
Хусаинов А. «Әлия-Мәншүк» патриоттық жастар қозғалысының Үндеу //Аружан.-2010.- 5 мамыр.
Құрастырушы: Казиқанова А.Қ.
Ақпараттық - библиографиялық бөлім
Достарыңызбен бөлісу: |