ӘӨЖ 33. 338. 4 А. М. Бержанова, И. Абылгазина



Дата08.06.2016
өлшемі136.07 Kb.
#122262
ӘӨЖ 33.338.4
А.М.БЕРЖАНОВА, И.АБЫЛГАЗИНА
ҚР ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Түйін

Әлемдік экономиканың қазіргі даму жағдайында туризм жетекші және серпінді дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Казіргі уақытта мемлекеттердің экономикасының дамуындағы, адамдардың сұранымын қанағаттандырудағы, елдер арасындағы әлеуметтік байланыстарды өзара байытудағы туризмнің маңызы мен рөлін ескермеу мүмкін емес.

Мақалада Қазақстан Республикасындағы туризм саласын дамытудың экономикалық шарттары қарастырылған.

Негізгі ұғымдар: халықаралық туризм, ақпараттық жүйелер, брондау, болжау, экономикалық тиімділік.
Қазақстанда туризм өндiрiсiнiң дамымай қалуының бiр себебi оның экономика саласы ретiнде мемлекеттiк деңгейде қарастырылмауы. Туризмдi аймақтық ұйымдастыру және мемлекеттiк емес туристiк құрылымдарды кешендi болжауға, ұзақ мерзiмді жоспарлауға назар аударылмады. Туризм табысының үлкен бөлiгi жергіліктi бюджетке түсетiндiгiне қарамастан, жергiлiктi басқару органдарының тарапынан туристiк қызметтi басымдық деп танымауы саланы дамытуды тежеушi фактор болып табылады.

Әлемдік экономикадағы халықаралық туризмнің үлесі қазіргі таңда келесідей болып табылады: әлемдік инвестициялардың 7 %-ы; әлемдік тұтыну шығындарының 14 %-ы; салықтық түсімдердің 5%-ы; Батыс Еуропа, Солтүстік Америка және Оңтүстік-шығыс азия елдеріндегі әрбір 13-ші жұмыс орны туристік индустрияға тиесілі. Халықаралық туристік сапарлар шығындарының бөлінуі тоқталатын болсақ: Еуропалықтар 60 %-ды; Американдықтар 25 %- ды; Азия құрлығының тұрғындары 14%-ды құрайды. Халықаралық туризмді дамытуға кері әсер ететін факторлар: халықаралық конфликтілер, әскери іс-әрекеттер, халықаралық терроризм, қылмыс болып табылады. Аталған факторларға қатысты талдау жүргізсек, Қазақстанның осы саланы дамытуға барлық мүмкіндіктері бар екендігін ескеруіміз қажет.

 Әлемдік экономиканың қазіргі даму жағдайында туризм жетекші және серпінді дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша туризм тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлемдік экспортында (7,4 %) тек автомобильдер, химия және отын өнімдерінің экспортына жол бере отырып, төртінші орынды иеленеді[1,15 б.]. Ал кіріс жағынан бұл сала әлемде мұнай өндіру өнеркәсібі мен машина жасаудан кейінгі үшінші орында.

Қазақстан бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие бола отырып, туризмнің жеткілікті деңгейде дамымауымен сипатталады. Мұның негізгі себептеріне тоқталайық:

- Қонақ үйлер қызметтерінің деңгейі жоғары орналастыру орындарында тұру бағасы әлемнің жетекші туристік дестинацияларындағы осыған ұқсас қонақ үйлерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Астана және Алматы қалаларындағы 5 жұлдыз санаты бар халықаралық бренд қонақ үйлеріндегі нөмірдің құны Еуропаға қарағанда 2-3 есе жоғары;

- Басқа орналастыру орындарында – пансионаттарда, туристік базаларда, кемпингтерде, келушілерге арналған жатақханаларда және басқаларда көрсетілетін қызметтердің бағалары айтарлықтай төмен;

- Жоғарылатылған бағалар орналастыру орындарының төмен деңгейде толуына, бәсекелес ортаның жетіспеушілігіне және бизнес-туристерден күшті тәуелділікке байланысты. Қонақ үйлер қызметтерін қоса алғандағы, ұсынылатын туристік қызметтер шектеулі сервиспен көрсетіледі және әлсіз реттелген болып табылады;

- Тұруға және авиабилеттерге жоғары бағалар Қазақстанға тур бағасын едәуір арттыратынын және тиісінше халықаралық нарықтағы баға бойынша оның бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін атап өткен жөн[2].

Қазақстандағы ішкі және келу туризміне сұраныстың 2000 жылдан бастап 2007 жыл кезеңінде артуы, экономикалық дағдарысқа байланысты 2008 және 2009 жылдары төмендеуі байқалды. 2010 жылы экономиканың қайта қалпына келуімен 2011 жылы туризмге сұраныс жаңғыртылды және 2012 жылы туристік келу саны 6,3 %-ға және орналасу саны 6,7 %-ға артып, рекордтық деңгейге жетті- 2000 жылғы 43298 келушіден 2012 жылы 3026 227 келушіге дейін артты.

2012 жылы туристік келу құрылымы мынадай көрсеткіштермен сипатталды: орналасу объектілерінің үлгілері бойынша: келушілердің 88,7 %-ы қонақ үйлерге (келушілердің 46,3 %-ы санаты бар қонақ үйлерге, 42,4 %-ы санаты жоқ қонақ үйлерге), келушілердің 11,3 %-ы өзге орналасу жерлерге орналасқан.

Өңірлер бойынша: тіркелген келушілердің 49 %-ы Астана (18,4 %) және Алматы қалаларында (18,2 %) және Шығыс Қазақстан облысында (12,4%) тіркелген. Қарағанды – 7 %, Атырау – 6,9 %, Маңғыстау – 5,9 % және басқа облыстарда 31,2 % келушілер тіркелген.Шыққан елдер бойынша: 82,8 %-ы қазақстандық келушілер, резидент емес келушілердің (519222 адам) – 27,3 %-ы Ресей Федерациясынан келушілер, 10,4 %-ы Ұлыбритания Құрама Корольдігінен және Солтүстік Ирландиядан келушілер, 7,6 %-ы Америка Құрама Штаттарынан келушілер, 6,2 %-ы Түркия Республикасынан келушілер, 6,1 %-ы – Италия Республикасынан келушілер, 4,7 %-ы – Германия Федеративтік Республикасынан келушілер, 4,5 %-ы – Қытай Халық Республикасынан келушілер және 33,2 % – ы басқа елдерден келушілер.

Сапарға шығу мақсаттары бойынша: іскерлік және кәсіптік – 64 %, демалыс және бос уақыт – 30 %, достары мен туыстарына бару – 4,1 %, басқа мақсаттарда – 1,9 %. Қазақстандықтар шетелдік келушілермен салыстырғанда демалыс және бос уақыт мақсатында көбірек саяхатқа шыққанын (34,6 %), бұл уақытта резидент еместер көбінесе іскерлік және кәсіптік мақсаттарда (88,1 %) келгенін атап өту қажет.

Жоғарыдағы талдауға сүйенсек, Қазақстандағы туризм негізінен жергілікті халыққа, сондай-ақ шетелдік резиденттердің іскерлік және кәсіптік сапарларына келіп тірелетіндігі көрінеді.2012 жылы Қазақстанға келген барлық шетелдік резиденттердің жалпы саны 6163204 адамды құрады, бұл 2011 жылға қарағанда 8,4 %-ға көп. Шетелдік резиденттердің көпшілігі көршілес үш елден: Өзбекстан Республикасынан (37,1 %), Қырғыз Республикасынан (23,6 %) және Ресей Федерациясынан (22,2 %) келген. Олардың келуінің негізгі себептері жеке (75,9 %) және транзиттік сапарлар (18,2 %) болды, ал іскерлік туризм мен бос уақыт және демалыс мақсатындағы туризм 5,9 %-ды құрады. Республикаға шет елден келушілердің көпшілігі отбасыларында немесе достарында тоқтайды, транзитпен өтеді немесе бір күнге ғана келеді (бір күндік келушілер). Сыртқа шығушылар туризмі бойынша келушілер саны 2012 жылы 9065579 адамды құрады, бұл 2011 жылға қарағанда 13 %-ға көп. Сыртқа шығушылар туризмінің мұндай көлемі елдің төлем балансында теріс туристік сальдоның қалыптасуына ықпал етеді (434 млн. АҚШ долларынан көп).

Қазақстан Түркия Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд Корольдігі сияқты елдерге «туристік донор» болып қалып отыр, онда туризм индустриясы қарқынды дамуда, жаңа жұмыс орындары құрылып, төлем балансының құрылымы жақсаруда және халықтың әл-ауқаты артуда.

Қазақстандық туристердің сыртқа шығу туризміне сұранысы Қазақстандағы туристік дестинациялар мен орналастыру объектілері үшін бизнес үлесінің жоғалуын білдіреді. Сондықтан, республикада туризмнің сапалы дамуы арқылы қазір шетелде демалатын жергілікті туристердің белгілі бір саны туризмге жұмсалатын шығындарды ел шегінде қалдыра отырып, қазақстандық туристік дестинацияларды таңдайды деп болжауға болады.

Республикада туризмді жеделдетіп дамытуға қиындық келтіретін негізгі себептерге мыналар жатады:

- туризм орындарындағы инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, туристік объектілерге жетудің қиындығы, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету деңгейінің жоғары болмауы, жол бойы инфрақұрылымы объектілерінің сервис сапасының және санының жеткіліксіздігі;

- туризм саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі – оның ішінде білімнің академиялық сипаты, білім бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарынан, өндірістердің қажеттіліктерінен, жұмыс берушілердің күтуінен біршама алшақтығы және т.б.;

- орналастыру орындарын айқындаудың, сондай-ақ орналастыру орындарының белгілі бір түріне қолданылатын стандарттардың болмауы, заңнамада жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қатысты қолданылатын әлеуметтік туризмді реттеу қағидаларының болмауы (туристік сертификаттар жүйесінің болмауы), туристік саланы салықтық ынталандыру шараларының болмауы бөлігінде туризм индустриясы мен қонақ үй бизнесін нормативтік реттеудің жеткіліксіз деңгейі;

- туристік бизнесті дамыту үшін ықтимал кедергілер, оның ішінде әкімшілік кедергілердің болуы бұдан әрі жетілдіруді талап ететін, мемлекеттік қолдау құралдарының болуы.

Туризмді дамытудың негізгі экономикалық көрсеткіштерінің өзгерісін талдай келе, қазақстандық туризмнің әлеуеті толық іске асырылмай отыр деген қорытындыға келуге болады, өйткені туристік саланы дамыту көліктік-логистикалық жүйенің қажетті инфрақұрылымын қамтитын, оның ішінде туристік көрсетілетін қызметтерге қазақстандық және шетелдік азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кең мүмкіндікті қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (автомобильдік, әуе жолы, теміржол) арқылы өткізу пункттерін реконструкциялауды ескере отырып, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті туристік кешенді құруға тікелей байланысты. Туристік кешенді құру бюджетке салықтық түсімдер, шетелдік валюта ағыны, жұмыс орындары санының өсуі есебінен еліміздің экономикасының дамуына да едәуір үлес қосады, сондай-ақ мәдени және табиғи мұраның сақталуына және оңтайлы пайдаланылуына бақылауды қамтамасыз етеді.

Туризмді Қазақстан Республикасындағы дамудың ұлттық басымдықтарының бірі ретінде қарастыру үшін бес негізгі экономикалық және әлеуметтік мүдделер бар: 

-туризм саласында, оның ішінде дәстүрлі ауылдық өмір салтынан қол үзбей, ауылдық және шалғайдағы аудандар халқы мен жастарды 230 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз ету мүмкіндігі; 

-отбасылар, шағын және орта кәсіпорындар үшін бизнес мүмкіндіктер жасай отырып, халықтың қалың санаты арасында кәсіпкерлік қызметтің мәдениетін дамытуға жәрдемдесу;

-Қазақстан Республикасының өңірлері мен ауылдық аудандарын дамытуға үлес қосу, оның ішінде шалғай аудандардағы инженерлік-көліктік инфрақұрылымды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту; 

-ауыл шаруашылығын, машина жасауды, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, өндірістік емес секторды қоса алғанда, экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастыққа жәрдемдесу және мүмкіндіктер жасау;

-ұлттық және мемлекетаралық өзара түсіністікті ілгерлетуге ықпал ететін жағымды және өнімді мәдениетаралық қатынастар құруға жәрдемдесу. 

Қазіргі уақытта Қазақстан өзінің ғылыми ресурстарына қосымша халықаралық жоғары технологияларды бизнесте қолдану жөнінде, оның ішінде ең бастапқы міндеттері негізінде бастама көтеретін уақыт келді деп ойлаймыз. Бұл жерде осы саланы дамытуға қатысты инновациялардың рөлі өте маңызды екенін білуіміз керек. 

Біз экономикалық даму бағыттарындағы аса «Озат» алдыңғы қатарлы технологиялық идеяларды қамту үшін барлық әлем бойынша жаңа немесе құрылып жатқан жоғары технологиялы компаниялардың акциялар пакеттерін, басқа елдердің жетістіктерін алуымыз керек. Осылайша біз тиісті авторлық құқық пен интеллектуалдық меншіктің иелері болуымыз керек.

Қазіргі кезде әуе және темір жол билеттерін брондау, үйде отырып орындарды брондау, көлікті жалға беруді компьютерлік желілерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан, АҚШ-тың ірі компаниялары жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдарының басында әуе қатынастарын брондауды іске асыра бастаған. Бұл автоматты басқару жүйесін АҚШ әуе компаниялары, билеттерді сатуды ұлғайту үшін іске асырған. Сол кездері ақпаратты дер кезінде және үлкен көлемде өңдеу қиынға түскен. Сондықтан осы жағдай компьютерлік жүйелерде ірі әуе компаниялармен компьютерлік брондау жүйесін жасауға себеп болды. Брондау жүйесін орталық техникалық қамтамасыз етумен IBM фирмасы айналысты. Қазіргі кезде серверлік операциондық жүйелер арқылы іске асырылады. Бұл жүйенің дамуының бірінші қадамы әуе компанияларының офистерінде терминалдар орнатумен байланысты болды. Осының арқасында көптеген деректер қорымен жұмыс істеу тиімділігі артты.Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында АҚШ-тағы туристтік фирмалар әуе компанияларына автоматтандырылған жүйе арқылы қосылуға мүмкіндік алды. «APPOLLO» («United Airlines» әуе компаниясы) және «SABRE» («American Airlines» әуе компаниясы) ең алғашқы жүйелер болып табылады. Бұл жүйелер турфирмаларға авиарейстер туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді[3, 50 б.].

Осы жүйелердің арқасында копьютерлік жүйе тек қана белгілі бір әуе қатынаста орын барын, олардың нақты бағаларын және туристтік бизнес саласында басқа да ақпараттар алуға мүмкіндік берді. Міне, осындай ақпараттық жүйенің белгілі бір әуе компанияларының орындарын брондау арқылы туристік қызметтердің дүниежүзілік сипатқа ие болуына көмектесті.

Қазіргі куқытта біздің еліміздеде үйде отырып, интернет арқылы брондауға болады, әрине ол үшін банктегі есеп шотыңызда ақша болу керек.

Ақпараттық жүйе арқылы брондау жүйесімен қатар турфирмаға орындар туралы мәлімет беру уақыты қысқарған. Ақпараттық жүйе жоқ кезде бұл уақыт 2 сағаттан 2 күнге дейін жүргізілетін еді. Себебі, ол қолмен жүзеге асырылатын. Ақпараттық жүйе арқылы бұл жұмыс бірнеше сағатқа қысқарды. Бұл жағдай турфирмаға үлкен мүмкіндіктерге жетуге және жаңа деңгейлерге шығуға мүмкіндік жасады.

Мысалы, турфирманың клиенті офистерде отырып, кез келген уақытта брондауды пайдалана алатын деңгейге жетті. Бұл ақпараттық брондау жүйесі АҚШ-тан кейін басқа да елдерге тарады. Атап айтатын болсақ, 1987 жылы Еуропада 2 консорциум құрылды «GALILEO» және «AMADEUS». Еуропалық және американдық брондау жүйесінің арасында тығыз байланыстар болды. Еуропалықтар үшін американдықтар басты қамтамасыз етушілер болып табылады. Ақпараттық брондау жүйелері басқа да әлем елдеріне тарай бастады. Азия тынық мұхиты аймағында «AMADEUS» жүйесі 1987 жылдан бастап жұмыс істеді.

Заманауи ақпараттық жүйелердегі брондау қызметі, турфирмалардың, әуекомпаниаларының үлкен мүмкіндігін ашып қана қоймай, сол ақпараттық жүйелердің иесіне тиімді болатын шарттармен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда ең көп таралған ірі авиакомпаниялардың беделі арқасында, сол компанияның кодын пайдалану арқылы, жасалатын келісім шарттар жасауға болады. Бұл шарттар ірі және кішігірім компаниялар арасында код алуға мүмкіндік жасайды. Ол екі жаққа да тиімді. Тиімдісі сол, кішігірім компаниялар қызмет көрсетеді, ал ірі комканиялар қомақты қаржы тауып отырады.Ірі туристік компаниялар ақпараттық жүйе арқылы брондауда, әуекомпанияларынан өзінің комиссияға төленетін табысынан үлкен пайда көріп отыр. Қазақстанда Эйр Астана әуекомпаниясы www.airastana.com сайты арқылы билеттерді тәулік бойы брондау және сатып алу қызметін ұсынып отыр. Билеттерді онлайн желісінде брондау көп уақытты алмайды. Жүйе тұтынушыларға брондау сәтіндегі ең төменгі бағаларды көру мүмкіндігін береді. Сіздің электрондық билетіңіз электрондық поштаңызға брондау аяқтала бастаған сәтте жіберіледі. Енді сізге тек билетіңізді басып шығарып, оны жарамды жеке куәлікпен немесе төлқұжатпен жолаушыларды тіркеу бағанында көрсету керек. Осы компанияның www.airastana.com веб-сайтында билетті онлайн желісінде брондау үлгісін ашып, брондау үлгісін табуыңызға болады. Мұнда сіз керекті рейсіңізге байланысты ұшақтың ұшып шығу және ұшып бару қалалары, рейстің орындалу күні, ұшатын адамдар саны, ұшақ бортында қызмет көрсету класы (эконом немесе бизнес) сияқты ақпаратты таңдауыңызға болады.Балалар үшін алатын қосымша орынды және өзіңізбен бірге ұшатын сәбилерді де осы жерде белгілеп көрсете аласыз. «Ұшу күнін өзгертуге болады» нұсқауын бассаңыз, жүйе белгіленген 3 күнге дейінгі және кейінгі ең төменгі бағаларды көрсетеді. Ал «Рейсті іздеу» нұсқасын басу арқылы рейсіңізді, уақытыңызды, бағаңызды таңдап, өзіңіздің жеке қалауларыңызды көрсетіп болған соң, төлем терезесіне көшеіп, ақшасын төлеп брондай аласыз.

Әлемдік турфирмаға сүйенетін болсақ, қазіргі уақытта «AMADEUS» брондау жүйесі 1987 жылы Еуропалық 3 ірі әуекомпаниялары «Air Feranc», «Iberia», «Lufthansa» және 25 кіші әуекомпанияларымен бірге негізі қаланған. Қазіргі кезде бұл ең ірі брондау жүйесі болып табылады. Оның орталығы Эрдинг атты неміс қалашығында орналасқан. Мадридте және Ниццеде маркетинг бөлімдері ашылған. «AMADEUS» жүйесі Россияда 1994 жылдан бері қолданылып келеді. Қазіргі кезде брондау жүйесін ұйымдастыратын бірнеше компаниялар бар. Олар: «AMADEUS», «GALILEO», «SABRE», «WORLDSPAN» және ресейлік брондау жүйелері «Сирена», «Сирена-1», «Сирена-2», «Сирена-3». Осындай теміржол билеттерін басқару түрлері, әдістері мен құралдарды жетілдіру іс шаралары, жүйені функционалды құрылымдық ұйымдастыруды айқындайтын заңдылықтар, әкімшілік органдар басқару міндеттерді орындаудың технологиялық ерекшеліктері, басқа ұйымдармен және мекемелермен қатынасу шарттары туралы нақты білімдерге сүйенсе ғана, олар тиімді болып саналады.

Аталған заманауи жүйелерді талдай келе, қазақстандық туристік агенттіктердің ұйымдастырылуы мен басқарылуындағы негізгі кемшіліктеріне мыналарды жатқызуға болады:

-құжаттарды тез дайындамау;

-ақпаратты орындаушыға уақытында жеткізбеу;

-сапалы бақылаудың жоқтығы, ал кейбір кезде өте қатаң бақылау;

-сенімді телекоммуникациялық байланыс каналдарының жоқтығы.

Жоғарыда аталған өндірістің барлық ішкі және сыртқы кемшіліктері ұйымдастыру және басқару дәрежесінің жетіспейтіндігінен туындайды және туристтік агенттігі іс қимылының техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің төмендеуіне маңызды әсер етеді.

Казіргі уақытта мемлекеттердің экономикасының дамуы, адамдардың сұранымын қанағаттандыру, елдер арасындағы әлеуметтік байланыстарды өзара байыту үшін туризмнің маңызы мен рөлін ескермеу мүмкін емес. Туризм индустриясы көп елдердің экономикасында маңызды орын алады. Қазір кезде материалдық құндылық негізгі қазына болып табылатын индустриалық заманды постиндустриалық заман алмастырды. Мұндағы негізгі назар әсер мен түйсікке беріледі. Көліктің, байланыстың дамуы, урбанизация, жұмыс уақытының қысқартылуы, қоғамдық байлықтың артуы туризмнің дамуына әсер ететін маңызды факторлар болып табылады. Осы жағдайда туризмнің әлеуметтік – экономикалық ұстанымдары тез нығаюда[4,35б.].

Халықаралық туризмның жылдық кірісі 2013 жылы 373 млрд. долл. құраған. Сонымен қатар 567 млн. халықаралық саяхаттар жасалған. Туризм 137 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Туристік саланың қаржы-экономикалық орнының тез күшеюі туризмнің әлемнің көп елдерінде аймақтық дамудың негізгі факторы болып айқындалуына әкелді.Қазiргi туризм - бұл әлемдiк экономиканың құлдырауды білмейтiн саласы. Мамандардың есебi бойынша, орташа есеппен, бiр шетелдiк туристiң беретiн табысын алу үшiн оған барабар, шамамен 9 тонна тас көмiр немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдiк рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикiзат сату елдiң энергия көздерiн азайтады, ал туристiк өндiрiс таусылмайтын ресурстармен жұмыс iстейдi.Шетелдiк экономистердiң есебi бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екi сағат болған кезде кемiнде 350 мың доллар немесе адам басына бiр сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтiп, шикiзат сату өзiндiк экономикалық тығырыққа тiрелу болса, ал туризмдi дамыту - ұзақ мерзiмдi, экономикалық тиiмдi болашақ.

Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi:

1. Шетел валютасының келуін қамтамасыз етедi және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткiштерге оң ықпал жасайды.

2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. Дүниежүзілік Туристік Ұйым мен Дүниежүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбiр жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiнгі жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.

3.Елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседi.Туризм елдiң тұтас аудандарының экономикасына белсендi әсер етедi. Туризм саласындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң құрылуы және жұмыс істеуi жол көлiгiн, сауданы, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсетудi дамытумен тығыз байланысты.

Сөйтiп, туризм индустриясы басқа экономикалық секторлардың көпшiлiгiмен салыстырғанда, неғұрлым пәрмендi мультипликаторлық тиiмдiлiкке ие екендігі сөзсіз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1 В.А.Черненко, С. В. Федорова Экономика международного туризма : учеб. Пособие, Санкт-Петербург : - СПбГУСЭ, 2010. - 211 с. ;

2 www.adilet.zan.kz

3 Е.С.Тимофеева. Становление и развитие международных форм предпринимательства в гостиничном бизнесе: учеб. Пособие, - Санкт-Петербург:Изд-во Политехнического ун-та, 2011. - 121 с.



4 У.С.Алимбетов, Г.К.Койшинова, А.Е.Калиева Халықаралық туризмнің тарихы: Оқу құралы, Өскемен. – 2010. – 71 бет.
ЭКОНОМИЧЕСКИЕ УСЛОВИЯ РАЗВИТИЯ ТУРИСТИЧЕСКОЙ ОТРАСЛИ В РК

Аннотация

В современных условиях развития мировой экономики туристическая отрасль относится к одной из ведущих и динамично развивающихся отраслей.На сегодняшний день туризм играет большую роль в развитии экономики страны, в удовлетворении спроса людей и в развитии социальных связей между государствами.В данной статье рассматриваются экономические условия развития туристической отрасли в РК.
ECONOMIC CONDITIONS OF DEVELOPMENT OF TOURISM IN THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN

Summary

In the present conditions of the global economy tourism industry is one of the leading and fastest growing industries. To date, tourism plays an important role in the economic development of the country, meeting the demand of the people and the development of social ties between nations.This article discusses the economic conditions of the tourism industry in Kazakhstan.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет