Әож 37. 013: 53: 001. 895-057. 86 Қолжазба құқығында аблязимова нұржамал махаматқызы



бет1/4
Дата29.06.2016
өлшемі0.52 Mb.
#165173
түріАвтореферат
  1   2   3   4
ӘОЖ 37.013:53:001.895-057.86 Қолжазба құқығында

АБЛЯЗИМОВА НҰРЖАМАЛ МАХАМАТҚЫЗЫ


Болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды

жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың

педагогикалық шарттары


13.00.08 – Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі


Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Шымкент, 2010

Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалды


Ғылыми жетекшілері

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қалыбекова А.А.
педагогика ғылымдарының кандидаты Нұралиева А.Ж.


Ресми оппоненттері

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оспанова Б.А.
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Казимова Д.А.


Жетекші ұйым

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Қорғау 2010 жылы «___» ______________ сағат _____ М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.20.01 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5.

Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5 үй, 2- қабат).

Автореферат 2010 жылы «___» _______________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы Жолдасбекова С.А.

КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстанның Еуропа аумағындағы жоғары білім беруге байланысты біліктілікті мойындауы жөніндегі Лиссабон конвенциясы мен Болон процесіне ат салысуы отандық білім беру жүйесінің сапасын қазіргі талаптарға сай қамтамасыз ету мақсатында қайта қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ХХI ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деумен қатар, «...қазақстандық жоғары оқу орындардың міндеті – әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру» деп атап көрсеткен болатын. Бұл міндеттің ойдағыдай жүзеге асырылуы педагогикалық жоғары оқу орындарының жаңа тұрпаттағы мұғалімді, яғни шығармашылық ойлау қабілеті, кәсіби - педагогикалық біліктілік деңгейі жоғары, білім беру саласындағы инновациялық процестерді жүзеге асыруға қабілетті маманды даярлау мәселесіне жаңа тұрғыдан келуіне тікелей байланысты.

Болашақ мұғалімнің кәсіби мәдениетінің мәнді бөлігі, оның кәсіптік қызметті жүзеге асыруға қабілеттілігі және даярлығының бейнесі болып табылатын кәсіптік құзыреттіліктің негізі жоғары оқу орнында қаланады. Мұғалімнің инновациялық іс-әрекетті жүзеге асыру құзыреттілігі, жалпы кәсіптік құзыреттілік сияқты, оның бүкіл кәсіптік өмірі барысында қалыптасып, дамиды. Жоғары оқу орындарында болашақ физика пәні мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі, кең мағынасында, отандық экономиканың, өндірістің инновациялық дамуымен байланысты жаратылыстану пәндерін оқытудың жаңа міндеттерінен туындайды. Мысалы, мектептегі физика пәнінің мазмұны оны оқыту үдерісіне енгізіліп жатқан жаңалықтардың қарқынды өсуімен, 12-жылдық орта білім тұжырымдамасының талаптарына сәйкес мектепті бітірушінің бойында негізгі құзыреттілікті қалыптастыру міндеттерімен байланысты. Физика ғылымы, мектептегі физика пәнін оқыту әдістемесі, оқыту технологиялары бойынша жаңалықтарды іздеу, меңгеру және қолдану міндеттерін жүзеге асырмай, оқушының аталмыш оқу пәні деңгейіндегі құзыреттіліктерін қалыптастыру мәселесін шешуге болмайды.

Біздің зерттеу жұмысымыз үшін болашақ мұғалімдерді дайындаудың жалпы теориялық және әдіснамалық мәселелерін зерттеген жетекші педагог - ғалымдар В.И.Загвязинский, В.В.Гоноболин, А.И.Щербаков, В.А.Cластенин, Л.И.Новикова, Н.И.Болдырев, В.С.Ильина, Б.Т.Лихачев, З.И.Васильева, Н.В.Кузьмина, Н.Д.Хмель және т.б. еңбектері ерекше маңызға ие.

Болашақ мұғалімдерді кәсіптік даярлаудың жалпы мәселелері О.А.Абдуллина, С.Г.Вершловский, Л.Г.Арчажникова, Э.Б.Абдуллин, А.А.Қалыбекова, Қ.Ж.Қарақұлов, К.Ә.Дүйсенбаев, М.Н.Сарыбеков, Г.К.Нұрғалиева, Г.К.Ахметова, А.А.Калюжный, С.А.Жолдасбекова, А.Б.Абибулаева және т.б. еңбектерінде қарастырылды.

Оқыту үдерісінде инновациялық технологияларды жобалау теориясын дайындауға Г.К.Селевко, Н.Е.Щуркова, В.П.Беспалько, П.И.Пидкасистый, В.Н.Кваша, С.А.Лазарев, Л.В.Занков, Т.М.Ковалева, Е.М.Давыдова, И.Довгаль және т.б. ғалымдар қомақты үлесін қосты. Ал, инновациялық технологияларды қазіргі мектептің оқу-тәрбие үдерісінде мұғалімнің пайдалануы мәселелері В.М.Монахов, С.И.Зиновьев, С.Н.Лактионова, Т.И.Шамова, С.И.Архангельский, З.Ф.Есарева, Е.Михайлова, В.Ф.Самохин, Ж.К.Жанпейісова, А.Е.Әбілқасымова және т.б. зерттеулерінде көрініс тапқан.

Соңғы жылдары отандық педагог–ғалымдардың, мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеті, болашақ педагогтарды оған даярлау мәселелеріне деген қызығушылықтарының артқандығын байқауға болады. Осы тұрғыда Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева, Ғ.Құсайынов, А.Б.Нұрлыбекова, Д.М. Жүсібалиева, Б.Әбдікәрімұлы, Б.А.Оспанова, Г.Е.Санай, К.Бұзаубақованың және т.б. еңбектері ерекше атап өтуге лайық. Мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігі мәселесі бойынша бірқатар зерттеу жұмыстары жүзеге асырылған. Олардың ішінде Б.Т.Кенжебеков, С.И.Ферхо, Г.Т.Ахметова, Н.Р.Шаметов, Ш.К.Жантілеуова, Е.В.Набиева, Г.А.Колесникова, Г.О.Рахимбекова, А.Т.Қапанова, М.В.Семенованың еңбектері ерекше маңызға ие.

Сонымен қатар болашақ физика мұғалімін кәсіптік даярлау мәселесінің түрлі аспектілері М.Құдайқұлов, С.C.Маусымбаев, М.Құрманов, Қ.Жаңабергенов, А.А.Жолдасбеков, Р.Б.Молдақасов, Л.Ф.Жеребятова, П.И.Сапарходжаев, З.Н.Күдебаева, Ж.С.Райымбек, К.О.Зиктин, Қ.Абдықалықов, С.Рысмағанбетова, Т.Аязбаев, А.М.Опабекова, А.П.Полатбекова, Н.Ильясовтың еңбектерінде зерттелген.

Дегенмен, зерттеу мәселесінің әртүрлі аспектілері бойынша еңбектердің көптігіне қарамастан, болашақ физика пәні мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі психологиялық-педагогикалық зерттеулерде әлі де жеткілікті деңгейде қарастырылмаған.



Осыған байланысты болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың қажеттілігі мен оның теориялық және әдістемелік аспектілерінің дайындалмауы арасында қарама-қайшылық туындайды.

Осы мәселенің ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде қоғамдағы түбегейлі өзгерістер тұрғысынан қарастырылмауы, болашақ физика пәні мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру жүйесінің болмауы бұл мәселенің өзектілігін дәйектеп, зерттеу жұмысының тақырыбын «Болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары» деп анықтауға негіз болды.

Осы жағдайлар зерттеу жұмысының мәселесін мынадай түрде тұжырымдауға мүмкіндік берді: болашақ физика пәні мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыз ететін педагогикалық шарттар қандай?

Зерттеудің мақсаты: болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттарын теориялық тұрғыда негіздеу және эксперименттік сынақтан өткізу.

Зерттеудің нысаны: жоғары оқу орындарындағы болашақ физика мұғалімдерін кәсіптік даярлау үдерісі.

Зерттеудің пәні: болашақ физика мұғалімдерінің жалпы білім беретін мектеп жағдайында инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру.

Зерттеу болжамы: егер жоғары оқу орындарындағы болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі студенттердің дәстүрлі, іс-әрекеттік тұрғыдан ескірген компоненттерден арылып, жаңа құралдарды пайдалану арқылы жаңа педагогикалық нәтижелерге қол жеткізу бойынша іс-әрекеттерін ұйымдастыруға негіз болатын теориялық білімдерін, жаңа технологияларды жобалау және пайдалану қабілеттерін, тәжірибелік дайындықтарын жүйелі түрде қалыптастыру жолымен жүзеге асырылатын болса, онда зерттелетін сапаны студенттерде тиімді қалыптастыруға болады.

Зерттеудің міндеттері:

1. Болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыру бойынша кәсіптік құзыреттілігінің мәні мен құрылымын ашып көрсету.

2. Жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісінде болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мүмкіндіктерін анықтау.

3. Болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтау.

4. Студенттердің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесін жасау және оның тиімділігін эксперимент жүзінде тексеру.

Жетекші идея: болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу - тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру студенттердің жаңа педагогикалық нәтижелерге, құралдарға, оларды алудың және қолданудың тәсілдеріне қол жеткізуге бағытталған оқу-танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыруға негіз болатын теориялық білімдерін, тәжірибелік дайындықтарын және қабілеттерін жүйелі түрде дамыту жолымен жүзеге асырылады.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін біртұтас педагогикалық үдерісіне жүйелілік тұрғысынан келу тұжырымдамасы (Ю.К.Бабанский, М.А.Данилов, М.Н.Скаткин, В.А.Сластенин, В.В.Юдин, Ю.А.Конаржевский, Н.Д.Хмель және т.б.); жеке тұлғаға іс-әрекеттік тұрғыдан келудің психологиялық тұжырымдамасы (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн және т.б.); білім беру мазмұнын құрудың қазіргі тұжырымдамалары (И.Я.Лернер, В.С.Леднев және т.б.); білім беру технологиялары саласындағы зерттеулер (В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Т.М.Давыденко, Т.И.Шамова, П.Юцявичене және т.б.); білім беруді белсендіру теориясы (Т.И.Шамова, И.Ф.Харламов); жалпы және педагогикалық инновацияның негізгі теориялық ережелері (В.А.Сластенин, Н.Р.Юсуфбекова, Ш.Т.Таубаева және т.б.); кәсіптік білім беруге құзыреттілік тұрғысынан келу теориясы (А.И.Савенков, Г.К.Селевко, Н.С.Розов және т.б.) құрайды.

Зерттеудің дерек көздері: философтардың, әлеуметтанушылардың, психологтардың, педагогтардың, әдіскерлердің зерттеу мәселесі бойынша жарияланған еңбектері; білім беруге құзыреттілік тұрғысынан келуді жүзеге асыру мәселесі бойынша нормативтік-ресми құжаттар - ҚР «Білім туралы» Заңы; ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың Тұжырымдамасы; ҚР 12 - жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасы; жоғары оқу орны мен жалпы білім беретін мектептің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу жоспарлары мен бағдарламалары; жоғары оқу орындарының болашақ физика мұғалімдерін инновациялық іс-әрекетке кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру тәжірибесі; жалпы білім беретін мектептердің инновациялық іс-әрекетін ұйымдастыру тәжірибесі; диссертанттың педагогикалық және зерттеушілік жеке тәжірибесі.

Зерттеудің әдістері: зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтанушылық, тарихи, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау; жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарын, оқу-әдістемелік құралдарын зерделеу және талдау; арнайы сұрақ-жауап, әңгіме, диагностикалық байқау, педагогикалық бақылау жүргізу; озық педагогикалық тәжірибені зерделеу және жалпылау; студенттердің шығармашылық жұмыстарын талдау; студенттердің инновациялық іс-әрекеттерінің нәтижелерін бағалау; педагогикалық эксперимент; тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелерін өңдеу.

Зерттеудің тәжірибелік базасы: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Шымкент институты), Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімшілігі Білім Басқармасының білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы.

Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарға жоғары оқу орындарының 247 студенті мен 32 оқытушысы қатысты.

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2004-2006 ж.ж.) зерттеу мәселесі бойынша философиялық, әлеуметтанушылық, психологиялық, педагогикалық, тарихи, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасалды. Зерттеудің ғылыми және ұғымдық аппараты дайындалды. Болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыру бойынша кәсіптік құзыреттілігінің мәні мен құрылымы анықталды; жоғары оқу орындары педагогикалық үдерісінің студенттерде маман тұлғасының аталмыш сапасын қалыптастырудағы мүмкіндіктері айқындалды.

Екінші кезеңде (2006-2008 ж.ж.) болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыз ететін педагогикалық шарттар анықталып, зерттелетін сапаны студенттерде қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесі дайындалды; сонымен қатар студенттердің мектептегі инновациялық іс-әрекетті жүзеге асыруға құзыреттілігін қалыптастыру бойынша тәжірибелік -эксперименттік жұмыстар жүзеге асырылды.

Үшінші кезеңде (2008-2009 ж.ж.) тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелеріне талдау жасау және өңдеу, теориялық тұжырымдарды нақтылау, қорытындыларды тұжырымдау, диссертацияны рәсімдеу, болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру бойынша алынған негізгі нәтижелерді жоғары оқу орындарының іс-тәжірибесіне енгізуді қамтамасыз ететін әдістемелік ұсыныстарды дайындау жүзеге асырылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

- болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыру бойынша кәсіптік құзыреттілігінің мәні мен құрылымы ашып көрсетілді;

- жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісінде болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мүмкіндіктері айқындалып, оның өлшемдері (критерийлері) мен деңгейлері анықталды;

- болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі педагогикалық шарттар анықталды;

- студенттердің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесі дайындалып, оның тиімділігі эксперимент жүзінде анықталды.

Зерттеудің практикалық маңыздылығы:

- зерттеу мәселесі бойынша «Мектептегі физика пәнін оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану» (жоғары оқу орнының студенттері үшін) атты элективті курс бағдарламасы және «Болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыру құзыреттілігін қалыптастыру» (жоғары оқу орнының оқытушылары үшін) атты арнайы семинардың бағдарламасы дайындалып, олардың тиімділігі іс-тәжірибеде тексерілді;

- зерттеу жұмысының барысында алынған нәтижелер мен олардың негізінде дайындалған нақты ғылыми-әдістемелік ұсыныстарды, зерттеу материалдарын педагогикалық жоғары оқу орындарының, педагогикалық колледждердің, жалпы білім беретін мектептердің тәжірибесінде, педагог мамандардың біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау жүйесінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

1. Болашақ физика пәні мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін біз теориялық білімдердің, практикалық дайындықтың, инновациялық іс-әрекеттің түрлері, формалары мен әдіс-тәсілдерін пайдалану қабілеттілігінің бірлігінде көрініс табатын маман тұлғасының сапасы ретінде сипаттаймыз. Болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігінің құрылымын когнитивтік, іс-әрекеттік құрамдас бөліктер, тұлғалық сапалар мен тәжірибенің жүйелі интегративті тұтастығы ретінде қарастырамыз.

2. Жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінде болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыруда оқу пәндерінің, педагогикалық іс-тәжірибенің, элективті курс мен арнайы семинардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттілігі айқындалды.

3. Болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімділігін анықтайтын педагогикалық шарттардың жиынтығы мынадай қағидаларды қамтиды: болашақ мұғалімдерді жалпы педагогикалық және арнайы кәсіби даярлаудың мазмұнын дайындауға құзыреттілік тұрғысынан келу; болашақ мұғалімдердің инновациялық технологияға және оларды меңгеруге құндылық қарым-қатынастарын (қызығушылықтарын) қалыптастыру; жоғары оқу орнындағы оқыту үдерісінің студенттерде инновациялық технологияларды жобалауға және мектептің оқу-тәрбие үдерісінде жүзеге асыру қабілетін қалыптастыруға бағдарлануы; студенттердің өзіндік жұмыстарында инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың көрініс табуы; педагогикалық іс-тәжірибенің барлық кезеңдерінде студенттерді белсенді инновациялық іс-әрекетке кірістіру; студенттердің оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының инновациялық технологияларды жобалаумен және жүзеге асырумен байланыстылығы.

4.Студенттердің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі іс-әрекетті кезеңдік ұйымдастыру әдістемесі негізінде жүзеге асырылады. Мұндағы бірінші кезеңнің мақсаты - студенттердің инновациялық технологияларды қолдануға тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыру, оларды кәсіптік іс-әрекетке құндылықты бағдарлау; екінші кезеңнің мақсаты- студенттердің инновациялық іс-әрекетінің мәні, мазмұны, құрылымы жөніндегі білімдерді меңгеру саласындағы әдіснамалық құзыреттіліктерін қалыптастыру; үшінші кезеңнің мақсаты – студенттердің жобалаушылық қабілеттері мен дағдыларын қалыптастыру болды. Мәселеге осы тұрғыдан келу болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігінің біртұтас құрылымын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі автордың бастапқы теориялық және әдіснамалық ұстанымдарымен, зерттеу мәселесіне сай кешенді әдіс-тәсілдердің пайдаланылуымен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, эксперименттік бағдарламаның педагогикалық мақсатқа сай келуімен, зерттеу жұмысы нәтижелерінің сандық және сапалық талдануымен, экспериментке қатысқан студенттер деңгейіндегі оң өзгерістермен, болашақ физика мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесінің тиімділігі педагогикалық эксперимент барысында тексеріліп, оның нәтижесі жоғары педагогикалық оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісіне енгізілуімен қамтамасыз етілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және іс-тәжірибеге ендіру тәжірибелік –эксперименттік жұмыстар барысында және Шымкент (2004, 2006, 2007, 2008), Астана (2006), Екатеринбург (Ресей Федерациясы, 2005) қалаларында өткізілген Халықаралық, Республикалық ғылыми - практикалық конференциялардағы ғылыми баяндамалар түрінде, сонымен қатар Қазақстан Республикасының ғылыми-педагогикалық басылымдарында – «Ұлт тағылымы» (Алматы, 2007), «Ізденіс» (Алматы, 2010) жариялануы арқылы жүзеге асырылды.

Зерттеу жұмысының негізгі қағидалары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасының, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің (Шымкент институтының) «Педагогика» кафедрасының, Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімшілігі Білім Басқармасының білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының мәжілістерінде баяндалды.

Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі негізделіп, зерттеу мақсаты, объектісі, пәні, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, болжамы, практикалық маңыздылығы, ғылыми жаңалығы, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі және тәжірибеге ендірілуі тұжырымдалады.

«Болашақ физика мұғалімдерін инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық негіздері» атты бірінші бөлімде зерттеу мәселесінің философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтанушылық, тарихи, ғылыми-әдістемелік әдебиеттердегі және тәжірибедегі жай-күйі анықталады; болашақ физика мұғалімдерін инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мәні мен құрылымы ашып көрсетіледі; жоғары оқу орындары оқу-тәрбие үдерісінің болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық іс-әрекетті жүзеге асыру бойынша құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық мүмкіндіктері анықталып, оны пайдаланудың жолдары ашып көрсетіледі.

«Болашақ физика мұғалімдерінің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастыру бойынша тәжірибелік - эксперименттік жұмыс» атты екінші бөлімде жоғары оқу орындарында студенттердің инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыз ететін педагогикалық шарттар анықталып, негізделеді; болашақ физика пәні мұғалімдерінің мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды жүзеге асыруға кәсіптік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесі дайындалып, олардың тиімділігін тексеру бойынша тәжірибелік-эксприменттік жұмыстардың барысы мен нәтижелері баяндалады.

Қорытындыда зерттеу мәселесі бойынша негізгі нәтижелер мен қорытындылар тұжырымдалады; тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижесі бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі, сонымен қатар зерттеу мәселесінің даму болашағы белгіленеді.

Қосымшада тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың жекелеген материалдары ұсынылады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Білім беру жүйесіндегі әлемдік денгейге жету мақсатындағы талпыныстар, түрлі кәсіптік бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орындарының пайда болуы болашақ мамандарды даярлау ісіне нақты талаптар қояды. Қоғам сұранысына сәйкес жүргізіліп жатқан өзгерістер жоғары оқу орындарында жаңа типтік құрылымдар мен әдістерді енгізуді, әлемдік стандарттарға сай мамандарды даярлау мақсатында жоғары оқу орны оқытушыларының өз кәсіптік іс-әрекетін ғылыми негізде жүзеге асыруын шарттайды. Нарық экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыру және экономиканың, өндіріс салаларының дамуына сай жастарды құзыретті тұлға ретінде қалыптастыру үшін оқытушылар оқытудың инновациялық технологияларын пайдаланып, оны онан әрі жетілдіруді жүзеге асыра алуы қажет.

Соңғы кезде білім беру саласында жаңа үдеріс – педагогикалық инновация орын алды. «Инновация» ұғымы ең алғаш рет ХIХ ғасырда мәдениеттанушылардың зерттеулерінде қолданылды. Инновация (латын тіл.-«жаңа, жаңалық, жаңарту») бұрын болған нәрсенің ішінде жаңа нәрсенің пайда болуын, дамуын білдіреді. С.Ожеговтың сөздігінде инновация ұғымына мынадай анықтама беріледі: «Инновация - бірінші рет шыққан, жасалған, жуық арада пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған, бұрыннан таныс емес, енгізілген жаңалық». Э.Роджерстің пікірінше: «Инновация – нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея». Майлс «Инновация –арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан міндеттеріміздің жүйелі түрде жүзеге асырылуын күтеміз» дейді. Ал, Ресейде «инновация» ұғымына көптеген уақыттар бойы күдікпен қарады. Мысалы, ХIХ-ХХ ғ.ғ. бірде -бір білім реформаларында бұл ұғым кездеспейді, яғни инновациялық үдеріс жүзеге асырылған, бірақ «инновация» ұғымы еш жерде қолданылмайды. Н.Р.Юсуфбекова білім беру жүйесіндегі жаңартуды «инновациялық үдеріс» деп атап көрсетеді. Ол инновациялық үдерісті жаңалықтарды жасау, оны педагог қауымның оқыту мен тәрбие беру тәжірибесінде пайдалануы ретінде түсіндіреді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет