Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында



бет1/3
Дата24.02.2016
өлшемі303 Kb.
#12332
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 94(574.1): 332.2.021(043) Қолжазба құқығында



СҮЛЕЙМЕНОВ БАЗАРБАЙ

1946-1980 жж. кеңестік аграрлық саясаттың Қазақстандағы ерекшеліктері: экстенсивті бағдар және дағдарыс (Қазақстанның

батыс өңірінің облыстарының материалдары негізінде)

07.00.02. – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Ақтөбе, 2010

Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының

Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Н.А.Абдоллаев



Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Б.Табылдиев

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Ұ.Ш.Исмағұлов

Жетекші ұйым: Еуразия гуманитарлық институты

Диссертация 2010 жылы 02 шілде күні сағат 12.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162.
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы 02 маусымда таратылды.


Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Б.Г.Шинтимирова



КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан егемен ел ретінде тәуелсіз өркениетті даму жолына түсіп, барлық ұлттық-рухани байлығымызды қайта жаңғыртқан тұста, елдің өткен тарихын жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді. Өйткені еліміздегі тарихи мәселелерге деген методологиялық ұстаным, тұжырымдардың өзгеруі, шығармашылық ойлауға еркіндіктің берілуі, бұрынғы зерттеушілердің қолына тимеген көптеген құнды тарихи деректердің ғылыми айналымға тартылуы, т.б. жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Қазіргі таңда тарихымыздың ақтаңдақтарын ашуда, жекелеген аймақтың, ауыл шаруашылығы салалары мен өнеркәсіп орындарының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін баяндау, олардың даму барыстарын саралап, зерттеу тарих ғылымының негізгі бағыттары қатарына жатады. Соның ішінде 1946-1980 жылдар аралығындағы ел экономикасының дамуында ауыл шаруашылығының алатын орны, оның дамуы, қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегі, олардың әлеуметтік тұрмысын зерделеу өте маңызды. Өйткені зерттеу тақырыбының өзектілігі қоғам өмірінде ауыл-селоның алатын орнымен тығыз байланысты. Себебі кез-келген ұлттың шығу тегі, өзінің бастау бұлағы, дәстүрлі мәдениетінің қалыптасқан кеңістігі – ауыл-село. Ал ауыл-селоның тарихы – қазақ ұлтының тарихы. КСРО ыдырағанға дейін қазақтардың басым бөлігі ауыл-селоларда тұрып, аграрлық салада еңбек етті. Оның үстіне халықты азық-түлікпен, индустрияны шикізатпен аграрлық сала қамтамасыз етеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2003-2005 жылдарды ауыл мұқтажын шешуге арнауы да кездейсоқтық емес. Осы тұрғыдан келгенде ХХ ғасырда Қазақстанда жүргізілген кеңестік аграрлық саясат тарихын қайта саралап, талдау қажеттілігі айқындала түседі. Жалпы аграрлық мәселелер бойынша көптеген елдердің даму үрдісі қиын әрі қайшылықты болып келгені белгілі. Мұндай жәйт Қазақстанға да байланысты екені анық. Себебі Қазақстанның ХХ ғасырдағы ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы күрделі процестердің бірі болып есептеледі. Егер, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ өлкесінде социалистік меншікке негізделген ұжымдастыру саясатын жүргізу қолға алынып, ұжымшар, кеңшар құрылысының негізі қаланып, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жаңа сипатқа ие болса, ал соғыстан кейінгі жылдарда аграрлық саясат одан әрі жалғасып, республикада 1950 жылдардың аяғына қарай кеңшар, ұжымшар құрылысы толық жеңіске жетіп, 1960-1980 жылдарда бұл саясат одан әрі тереңдеп, Қазақстанда ірі экономикалық жағынан қуатты, энергетикалық техникалық жағынан жоғары еңбекті ұйымдастыру тұрғысында сол кезеңге сай тиімді ірі аграрлық ұжымшарлар мен кеңшарлар барынша қызмет етті. Сөйтіп, Қазақстан КСРО-ның шығыстағы ірі аграрлық-экономикалық аймағына айналды.

Кеңестік дәуірде Қазақстан ауыл шаруашылығы өнеркәсіп саласымен салыстырғанда әлдеқайда кейін қалды. Өйткені кеңестік аграрлық саясат, яғни социалистік жолмен даму, ауыл шаруашылығын құлдыратуға әкеліп, шешімін таппайтын мәселелерді көлденең тартты. Республика экономикасы сыңаржақ, шикізаттық сипатқа ыңғайластырылып дамытылды, ал ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы азық-түлік мәселесін шешетін аймаққа айналдырылды.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары орналасқан Батыс Қазақстан өңірі республикадағы ауыл шаруашылығы дамыған ірі аймақтардың бірі болып табылады. Республикадағы ауыл шаруашылығының дамуына өңірде өзінше үлес қосты. Оның айқын дәлелі Батыс Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда мал саны өсіп, жоғары егіншілік дамып, нәтижесінде бұл өлке ірі аграрлық-экономикалық аймақ дәрежесіне көтерілді. Дегенмен, республика жағдайындағы ауыл шаруашылығына қатынасты жетістіктер мен күрделі қарама-қайшылықтар, тежелу процестері Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына да тән еді. Батыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығының республика мен одақтың халық шаруашылығындағы қаншалықты орын алғандығын, оның даму ерекшеліктерін айқындау, ұлттық мамандардың дайындалуы мен әлеуметтік жағдайын жан-жақты саралау аса маңызды. Мемлекетіміздің экономикасындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің алар орнының ерекшелігін ескеріп, ауыл-село еңбеккерлерінің сүбелі үлестерін түсініп, өкімет маман кадрлардың елеулі еңбектерін жіті назарда ұстап және оларды жан-жақты қолдауы, біз зерттеп отырған тақырыптың өзектілігін одан әрі айқындай түседі.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандағы кеңестік аграрлық саясатқа қатысты дәуір үрдісіне сәйкес көптеген еңбектер жарық көрді. Оларды ғылыми мақсаты мен мазмұнына, нәтижелеріне жіктейтін болсақ, бірнеше топқа бөліп көрсетуге болады: 1) Ауыл шаруашылығын ұйымдастыру мен дамытудағы Қазақстан Компартиясының рөлі мен оның іс-тәжірибесі туралы жазылған тарихи-партиялық зерттеулер. 2) Тарихшылар, философтар, экономистер, ауыл шаруашылығының әр саладағы ғалымдарының еңбектері. Оларда ұжымшар ісі, оны ұйымдастыру, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастарға талдау көрініс тапқан. 3) Әлеуметтік өзгерістер, мәдени құрылыстар. 4) Ауыл мен селоның әлеуметтік-таптық құрылымы, оның кәсіби мамандары мен интеллигенциясы туралы арнайы жазылған кітаптар, диссертациялар мен түрлі ғылыми көпшіліккке арналған мақалалар.

Енді, осы жоғарыда аталған еңбектер ішінен тақырыпқа тікелей немесе жанама қатысы бар зерттеулерді төмендегідей тарихнамалық талдауға алуға болады. Қазақстандағы кеңестік аграрлық саясат пен теорияны, тарих пен тәжірибені қарастырған еңбектер қатарында Я.А.Аубакиров [1], Г.Ф.Дахшлейгер [2], К.Н.Нұрпейісов [3], Ж.Жұмабеков [4], Х.Маданов [5], Ф.К.Михайлов [6], В.К.Савосько [7], И.Ш.Шамшатов [8], Б.А.Төлепбаев [9], Ф.И.Колодин [10], М.Т.Кенжебаев [11], А.Б.Т9рсынбаев [12], Қ.С.Қаражанов [13], т.б. ізденісімен жазылған зерттеулерді атауға болады. Аталған еңбектерде ауыл-селодағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы, ұжымшар-кеңшар өндірісінің динамикасы мен тағдыры, оның мамандармен, механизаторлармен қамтамасыз етілуі, мәдени өмірі мен инфрақұрылымы зерделенген.

КОКП-ның аграрлық саясатын жүзеге асыруда Қазақстанда қол жеткен жетiстiктер айтылатын Х.М.Мадановтың еңбегінде негiзiнен Қазақстан ұжымшарлары мен кеңшарларын техникалық жағынан жарақтандыру iсiндегi, электрлендiрудегi, химияландыру мен суландырудағы, ауыл шаруашылығын мамандандыру мен шоғырландырудағы, кадрлар мәселесiн шешудегi, ауылды көмекпен қамтамасыз етудегi Компартияның жұмысшы табының рөлiн көтеруге байланысты шаралары талданады.

В.К.Савосько мен И.Ш.Шамшатовтың монографиясында ұжымшар құрылысының тарихи тәжірибесі ұжымшар өндірісінің материалдық-техникалық базасының нығаюы, ұйымдастыру мен еңбек төлемі, мамандардың өсуі және т.б. көрсетілген. Ал, басқа еңбегінде зерттеуші И.Ш.Шамшатов ұжымшар өндірісінің отыз жылдық даму жолын қамтып, сонымен бірге КОКП ОК-нің 1965 жылғы наурыз пленумынан кейінгі аграрлық саясаттың жүзеге асу барысындағы әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне көңіл аударады.

Ауыл, село еңбеккерлерінің қажырлы да бейнет-қиындыққа толы өмір тұрмыстары белгілі ауыл шаруашылығын зерттеуші Ф.К.Михайлов пен И.Шамшатовтың еңбектерінде жақсы бейнеленген. Осы авторлардың «Қазақстандағы тың жерлерді игеру барысындағы халық қозғалысы (1953-1960 жж.)» атты бірігіп жазған еңбегі шынайы жазылған құнды дүниеге саналса керек. Бұл еңбекте де соғыстан кейінгі жылдардағы ұйымдық шаруашылық жұмысы, ұжымшар өндірісін механикаландыру, шаруалардың еңбектегі ерлігі тағы да басқа әрекет-мінездері шынайы көрсетіледі.

Ұжымшар құрылысының даму тарихына 70 жылдардың аяғына дейінгі ауыл шаруашылығы өндірісінің мәселелерін қарастырған Б.А.Төлепбаевтың, ұжымшар өндірісінің шоғырлануы мен ұжымшарларды ірілендіру мәселелерін, қосымша шаруашылық пен ұжымшарлық демократияны қарастырған Ф.И.Колодиннің еңбектері арналған.

Ж.Жұмабеков, К.Н.Нұрпейісов, М.Т.Кенжебаев, Х.М.Маданов, т.б. зерттеулерінде республикадағы аграрлық саясатты жүзеге асырудағы Коммунистік партияның қызметі, ауыл шаруашылығын интенсивтендіру, жер өңдеу мәдениетін көтеру, саланың материалдық-техникалық базасын құру, оны кешенді механикаландыру мен химияландыру, ұжымшарлар мен кеңшарлар үшін механизаторлар және басқа да мамандарды дайындау мәселелері баяндалады.

Қоғамның таптық жіктелуі мен тап күресін тарихтың локомотиві ретінде ұлықтаған коммунистік билік тұсында қоғамдық-гуманитарлық ғылым ауыл-селоның әлеуметтік құрылымын зерттеуге айрықша ден қойғаны объективті құбылыс. Бұл бағытта философ ғалымдар іргелі нәтижелерге қол жеткізді. Кеңестік Қазақстанда жұмысшы табының, оның аграрлық тобының, ұжымшаршылардың қалыптасуы мен құрамындағы сандық және сапалық өзгерістер заңдылықтары, соғыстан кейінгі кезеңдегі ерекшеліктері М.Аженовтың [14], В.И.Зориннің, А.Ишмухамедовтың [15], Н.Капесовтың [16], С.Н.Соскиннің [17], т.б. монографияларында маркстік-лениндік ілім тұрғысынан зерделенді.

Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығында жүргізілген өзгерістердің өзектісі ұжымшарларды ірілендіру болып саналады. Қазақстандық тарихнамада осы мәселеге көбірек көңіл бөлінген. Ұжымшарларды ірілендірудің қажеттілігі мен себептерін зерттеушілер әр түрлі көзқарастар арқылы түсіндіреді. Мәселен, К.Абдвахитов, М.Бесбаев [18] ірілендіруді экономикалық қажеттілік түрінде бағаласа, В.К.Савосько, И.Ш.Шамшатов, Ә.Тұрсынбаев [19] ұжымшарларды біріктіруді заңды үдеріс ретінде қарастырады.

Соғыстан кейінгі жылдардың тарихнамасында ұжымшар өндірісінің материалдық-техникалық базасының өсуі, шаруашылықтарды электрлендіру, механикаландыру, мал шаруашылығы, еңбекақы төлеу, социалистік жарыс мәселелерін қарастыратын және партияның рөлін дәріптейтін зерттеулер орын алады [20]. Мұндай еңбектерде ауыл шаруашылығында соғыстан кейінгі кезеңде қалыптасқан жағдайдың тарихи шындығы толық ашылмаған.

Қазақстандық тарих ғылымында тың игеру барысындағы ұжымшарларды кеңшарларға айналдыру үрдісіне айтарлықтай көңіл бөлінгені белгілі. Зерттеушілер тың игеруді заңдылық, ұжымшарларды кеңшарларға айналдыру үрдісін қажеттілік құбылыс ретінде санады. Соңғы жылдарда республикада тың игерудің оңы мен солын айқындайтын, ондаған жылдар бойы тасада қалып келген көлеңкелі тұстарын, келеңсіздік салдарын ашатын зерттеулер жарық көруде [21]. Бұл еңбектерде тыңның тұмшалаған шындығы ашылып, оның түрлі зардаптары тың деректер негізінде сараланады.

1960-1980 жылдардағы аграрлық реформалар сараланған зерттеулерде ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері негізінде ауыл шаруашылығын интенсивті қарқынмен дамыту, электрлендіру, механикландыру, химияландыру мен мелиорация сияқты т.б. Компартияның аграрлық салада қол жеткен табыстары пайымдалады [22]. Бірақ тарихшылар Компартияның аграрлық саясатының мемлекеттің ауыл шаруашылығына орасан зор мөлшерде дотация бөлуінің арқасында іс-жүзіне асырылғандығын назардан тыс қалдырады. Зерттеулерде ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін ауыл шаруашылығына ендіру нәтижесінде меншіктің екі түрінің: мемлекеттік және ұжымшар-кооперативтік жақындауына ықпал етуі жайында тұжырымдар жасалады. Ал шын мәнінде осы кезде ауыл шаруашылығының даму қарқыны баяулап, дағдарыстық үрдістер өрістей түскені кейінірек дәлелденген еді.

Жаппай интеграциялау және ұжымшараралық кооперация негізінде ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандануы мен шоғырлануы аграрлық саланы өркендетудің өзекті мәселелерінің бірінен саналады. Аталмыш мәселелер жоғарыда аталған Ә.Тұрсынбаев, Х.Маданов, К.Рыспаев, И.Шамшатов зерттеулерінде көрініс тапты. Еңбектерде агроөндірістік бірлестіктер мен ұжымшараралық кооперация қызметі ірі шаруашылық кешендері, өнеркәсіптік негіздегі арнайы шаруашылықтық бірлестіктердің құрылуы түрінде көрсетіледі. Дегенмен зерттеулерде республика ауыл шаруашылығындағы шынайы қалыптасқан жағдайда қарама-қайшы келетін пайымдаулар орын алады. Зерттеушілер өздері қарастырған мәселелердің біржақты тиімді тұстарын ғана көрсетіп, кемшіліктері мен сол кездегі жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің баяулап, даму қарқынының тежеле бастауының себептерін ашпастан оларды айналып өтіп отырады.

Мәдени құрылыс мәселелеріне қатысты еңбектерден де тақырыпқа қарасты мәліметтерді табуға болады. Тарихшылар бұл орайда жарық көрген зерттеулерді екі топқа жіктеуге болатындығын алға тартады. Бірі – Қазақстандағы мәдени құрылыс тарихын тұтастай алып зерттегендер, екіншілері – ауыл-село мәдениетінің тарихына арнайы тоқталғандар. Қазақстанда социалистік мәдениетті қалыптастырудың тарихи тәжірибесі мен қорытындыларын өз зерттеулерінде Р.Сүлейменов, Ә.Қанапин, А.Д.Яндаровтар кешенді аша алды. Ал осы үдерістің соғыстан кейінгі ауыл-селода қалай өрбігеніне Ә.Құдайбергеновтың [23], Ж.К.Бодановтың [24], Н.Күзембаевтің [25], В.П.Гноевыхтың [26], А.И.Икеновтің [27], Б.Мадышев, Т.Қожамқұловтың [28] монографиялары жауап береді. Бай деректік негізде жазылған осынау еңбектерде ауыл-село тұрғындарының біліми және мәдени тұрғыдан кемелденгені, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметі, әлеуметтік инфрақұрылым жайы, қаланың мәдени қамқорлығы, білікті мамандардың, механизаторлардың жаңа толқыны өсіп шыққаны баяндалады.

Отандық тарих ғылымында ауыл-село интеллигенциясының тарихнамасы біршама қалыптасты. Интеллигенцияның аграрлық тобы әлденеше диссертация мен мақалаларда қарастырылды. Мәселен, тарихшы Х.Әбжанов «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма» [29] монографиясында 60-70-ші жылдардағы ауыл-село интеллигенциясының өсу жолдарын, әлеуметтік келбетін, кәсіби және қоғамдық-саяси қызметін талдаған. Сонымен бірге автордың «Қазақстан: тарих, тіл, ұлт» атты еңбегінде «Тұтастай алғанда, соғыстан кейінгі Кеңестік Қазақстанның аграрлық тарихы фактологиялық тұрғыдан тәп-тәуір ашылды. Ендігі міндет анықталған деректерді жаңаларымен толықтыра отырып, саясаттан, идеологиядан ада зерттеу жұмыстарын жалғастыру. Өйткені тәуелсіздік тұсында ғалымдарымыз социалистік құрылыстың 20-30-шы жылдардағы «ақтаңдақтарын» анықтаумен көбірек айналысып, 1946-1991 жылдардағы ауыл-село тағдырына онша мойын бұрмай келеді» [30] деп пайымдауы, аталған кезеңдегі кеңестік аграрлық саясаттың Қазақстандағы ерекшеліктерін жаңаша саралаудың қажеттілігін айқындай түседі.

Кеңестер мен өзге де қоғамдық ұйымдардың қызметі жөнінде аса құнды еңбек болып Т.З.Рысбековтың «Қазақстан Кеңестері» монографиясы болып табылады. Онда автор «Республика Кеңестері әрдайым өз өкілдігін шаруашылық қожайыны ретінде жүзеге асыра бермеді, өз қол астындағы территориялардағы әлеуметтік және экономикалық мәселелерді кешенді шешуге қол жеткізе алмады» деген қорытындыға келеді [31].

Қазақстандық авторлардың монографиялық жұмыстары ауыл шаруашылығындағы өзгерiстердi көрсетуде, әлеуметтiк өзгерiстердi таптық тұрғыдан болса да талдап, қорытқан кеңестiк тарих ғылымына қосылған айтарлықтай үлес болып табылады. Оларда ұжымшар шаруалары мен кеңшар қызметкерлерiнiң ерен еңбегi, еңбек өнiмдiлiгiнiң артқаны баяндалады. Сондай-ақ, авторлар әлеуметтiк талдау арқылы ауыл шаруашылығындағы өзгерiстердi озық тәжiрибе ретiнде талдап саралайды.

Көптеген авторлар өз еңбектерiнде ауыл шаруашылығындағы өзгерiстердi және ауылдағы экономикалық әлеуметтiк жағынан өркендеудi аграрлық өндiрiстi индустрияландыру процесiмен байланыстырады. Қазақстандық ғалымдар С.И.Абдулпаттаев, М.Т.Кенжебаев, К.Рыспаев, Ә.Н.Құдайбергенов, Қ.С.Қаражанов және т.б. өздерiнiң докторлық диссертациялары мен монографияларында мәселенiң әртүрлi қырларын талдаған. Аграрлық мәселелердiң көптеп жарық көруi iргелi еңбектердi ғана емес, мақалаларды да жан-жақты талдайтын тарихнамалық талдауды қажет еттi. Осындай алғашқы еңбек Х.Маданов пен Т.Омарбековтың «Историография аграрной политики партии в Казахстане» деп аталатын көлемдi мақаласы едi [32]. Жариялылық рухында жарық көрген бұл мақала негiзгi еңбектердi талдап ғана қоймай, оларда орын алған кемшiлiктердi де сынады және осы бағыттағы жаңа зерттеулер бағыттарын белгiледi.

Қазақстан тарих ғылымының жаңаша даму кезеңі, бұрынғы еңбектерді ой-елегінен өткізіп талдау жасау, оған жаңаша көзқарас егемен ел болудан басталды. Осы уақыттан бастап ұлттық тарихымыздың өткен-кеткені жан-жақты қарастырыла бастады. Тың деректердің ғылыми айналысқа енуі, тарихи ой-пікірдің жаңаша өрбітілуі төл тарихымызды толықтыра түсті. Бұл жылдары тоталитарлық мемлекеттің ауыл шаруашылығындағы дағдарыстық құбылыстары мен тоқырау мәселелері қайта зерттеліп, бірқатар зерттеулер жарияланды.

Қазақстанның аграрлық дамуын талдауға жасалынған қадамдардың бірі деп К.А.Берденова, С.И.Иманбердиеваның «Аграрная политика тоталитарного государства как фактор кризисного состояния сельского хозяйства Казахстана» деген бірлескен зерттеуін атап өтуге болады [33]. Еңбекте 60-80 жылдардағы Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы тарихта шынайы қөзқараспен талдау жасалынған. Бұл жұмыс жаңа тарихи принцип тұрғысында жазылып, сол тұстағы бүкіл Кеңес Одағындағы аграрлық салада етек алған тоқыраудың себептері айқындалған. Оның негізгі себептерін авторлар ауыл шаруашылығы саласындағы социалистік меншіктің орын алуының аграрлық теория мен практиканың алшақтығы салдарлары ретінде түсіндіреді. Әйтседе авторлардың зерттеуінде тоталитарлық жүйе кезеңіндегі аграрлық өндірістегі келеңсіз мәселелерге және олардың себептерін толық ашу жеткіліксіз деуге болады.

Аталмыш кезеңдегi зерттеушiлер арасында докторлық ғылыми дәреже алу үшiн дайындалған Б.Г.Аяғановтың еңбегін атап өтуге болады [34]. Зерттеуші 1970-1990 жылдар аралығындағы Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын, нарық қатынастарына көшудiң жолдарын, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар қызметiн арнайы зерттеп ортаға салады.

О.Х.Мұхатованың докторлық диссертация негiзiнде жарық көрген монографиясының [35] төртiншi тарауы бiздiң зерттеу кезеңiмiзге қатысты жұмыстарға нақты тоқталады. Бұл бiз зерттеп отырған кезеңдi жаңаша көзқараспен талдайтын алғашқы тарихнамалық еңбек екенiн атап көрсеткен жөн. Зерттеушiнiң «1970-1980 жылдардың бiрiншi жартысында Кеңес қоғамының барлық салаларында дағдарыстық құбылыстар орын алғандығы белгiлi. Алайда кеңес дәуiрiнде жарияланған зерттеулерде ауыл шаруашылығында да дағдарыстың етек жайғандығы баяндалмаған. Себебi, «кемелденген социализм» өмiр сүрiп тұрған кезiнде үстемдiк еткен идеология ол жайында айтуға қатаң тиым салды» - деген пiкiрі, аталмыш кезеңді бүгінгі күн биігінен жаңа көзқарас негізінде зерделеудің қажет екендігін аңғартады.

Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын басқаруда жүргізген саясатын арнайы зерттеп, ғылыми үлес қосқан тарихшылар Б.Қ.Бірімжаров, С.А.Байтілен, К.А. Әліқұлов, Қ.Байсариналардың еңбектерін атауға болады.

1996 жылы жарық көрген Б.Қ.Бірiмжаровтың «Социально-экономическое развитие аулов и сел Казахстана в 60-е – 80-е годы (по материалам западных областей)» атты төрт тараудан тұратын монографиясы, біздің зерттеуімізге кезеңі жағынан да тақырыбы жөнінен де жақын. Тақырыбынан көрiнiп тұрғандай, бұл зерттеуде ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдардағы Батыс Қазақстан ауыл-селоларының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарастырылып, өңірдің аграрлық әлеуеттегі үлесін анықтауға мән берілген, мәдени-тұрмыстық қызмет сапасының әр кезеңдегі деңгейі сараланған. Ауылдар мен селолардың артта қалуын зерттеуші көптеген объективті және субъективті себептермен байланыстырады [36]. Сонымен қатар автордың келесі еңбегінде соғыстан кейінгі жылдардағы Батыс Қазақстанның жарты ғасырлық ауыл шаруашылығының даму тарихы жан-жақты сараланады [37].

Зерттеуші С.А.Байтілен «Кеңес мемлекетінің Қазақстандағы аграрлық саясаты: ауыл шаруашылығындағы экстенсивті бағдар және дағдарыс (1965-1990 жылдар)» деген тақырыпта жазылған докторлық диссертациясында кеңес қоғамының аграрлық салада ғана емес, қоғамның барлық саласында дағдарыстық құбылыстар орын алғандығын атап көрсетеді [38].

К.А.Әліқұловтың «Қазақстан ауылдары мен селоларының 1946-1980 жылдардағы әлеуметтік жағдайы: тарихы мен сабақтары» [39] деген докторлық диссертациясында аграрлық мәселенің тарихнамасы және аталған кезеңдегі ауыл шаруашылығының жағдайын зерделеп бірқатар тұжырымдар жасайды.

Қ.Қ.Байсаринаның «Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуы: тарихы және сабақтары (1946-1965 жж.) деген тақырыпта жазылған докторлық зерттеу жұмысында соғыстан кейінгі жылдарда ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың басты бағыттары, оның қайшылықты тағдыры, өмірге енгізілу әдісі, түрі мен тәжірбиелері, сол секілді аграрлық саясаттың ащы сабақтары, қиыншылықтары мен зардаптары зерттелген [40].

Е.И.Исибаеваның «Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы (1985-2006 жж.)» деген тақырыпта қорғалған кандидаттық диссертациясында Қазақстан тарихындағы мәні жағынан маңызды және қиынды мәселелердің бірі қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы аграрлық қатынастардың тарихы баяндалады [41].

Тағы да бір күрделі тақырыпты зерттеп 2008 жылы докторлық диссертация қорғаған А.С.Сарсеновтың еңбегін атап өту ләзім. Еңбекте 1946-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі жан-жақты сараланып, байыпты байламдар, жаңаша тұжырымдар жасалған [42].

2009 жылы қорғалған Ә.Б.Аманның кандидаттық диссертациясында 1920-1980 жылдардағы Батыс Қазақстанның ауыл халқының демографиялық дамуындағы өзгерістер тың деректер негізінде сипатталады [43].

Қорыта келгенде, Кеңес мемлекетiнiң 1946-1980 жылдардағы Қазақстаның батыс өңіріндегі аграрлық саясаттың ерекшеліктерін, жетістіктері мен кемшіліктерін дәйектiлiкпен кешендi зерттеу, олар жөнiнде тарихи тәжiрибеге негiзделген салиқалы қорытындылар жасау тақырыпты бүгiнгi күнi отандық тарихта жаңаша зерделеу қажеттiгiн дәлелдей түседi.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. 1946-1980 жылдардағы кеңестік аграрлық саясаттың Қазақстандағы ерекшеліктерін Батыс Қазақстан облыстары материалдары негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысынан ашып көрсету – зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:

- 1946-1980 жылдардағы кеңестік аграрлық саясаттың мән-мазмұнын, сипаты мен салдарын айқындай отырып, осы кезеңдегі еліміздің батыс өңіріндегі ауыл шаруашылық өндірісіндегі негізгі нәтижелерді саралау;

- Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы интенсивтендіру бағытын және оның ерекшеліктерін ашып көрсету;

- Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру жолындағы Батыс Қазақстан өңірінде атқарылған іс-шараларға талдау жасай отырып, ғылыми баға беру;

- Ауыл халқының мәдени-техникалық деңгейі мен материалдық жағдайын тарихи деректер негізінде саралай отырып, ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң материалдық-техникалық базасын жасақтаудағы кемшiлiктер мен қателіктердің себептерiн тарихи шындық негiзiнде айқындау;

- Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау мен оны шешу жолдарына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік және еңбек белсенділігі мәселелеріне талдау жасау;



- Республикада осы жылдар аралығында жүргiзiлген кеңестік аграрлық саясаттың шынайы бағыт-бағдарын, қайшылықтары мен зардаптарын анықтай түсіп, тәжірибесін ой елегінен өткізе отырып, ауыл шаруашылығы жағдайының сапалық жағынан жоғары деңгейге жеткізе алмауының себептерін ашып көрсету.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет