Сана Мұхиты
Жаңа дін Ауғанстандағы үңгірлерден немесе Таяу Шығыстың медреселерінен шыға қоймас. Мүмкін, зертханалардан бастау алатын шығар. Бір кезде адамзатты электрлендіру арқылы құтқарамыз деген уәдемен әлемді жаулаған социализм сияқты, техно-діндер де алгоритмдер және гендер көмегімен құтқарамыз деп, алдағы онжылдықтар ішінде әлемді жаулауы мүмкін.
Радикал ислам мен христиан фундаментализмі туралы түрлі әңгімелерге қарамастан, діни тұрғыдан қарағанда, әлемдегі ең қызығушылық тудыратын орын – ДАИШ иеленген аумақ немесе Библия белдеуі емес, Силикон алқабы. Сол жерде хай-тек гурулары бізге арнап Құдайға еш қатысы жоқ, тек технологиялармен байланысты жаңа діндер дайындап жатқан болар. Бұл техно-діндер де алдыңғы діндер сияқты, бақыт, бейбітшілік, гүлдену, тіпті мәңгілік өмірге кепілдік береді. Бірақ мұның бәрі адам өлген соң тылсым күштердің көмегімен емес, жер бетіндегі технологиялардың көмегімен келмек.
Бұл техно-діндерді негізгі екі топқа бөлуге болады: техногуманизм және мәліметтер діні. Мәліметтер діні адамдар өздерінің ғарыштық міндетін орындады, сондықтан алауды тіршіліктің мүлдем жаңа формаларына беруі керек деп санайды. Мәліметтер дінінің арманы мен қорқынышы туралы келесі тарауда айтамыз. Бұл тарау техногуманизмнің біршама консервативті нанымына арналған; ол әлі де болса адамды ең жоғарғы жаратылыс деп санайды және көптеген дәстүрлі гуманистік құндылыққа сенеді. Homo Sapiens-тің өз тарихи жолын жүріп өткеніне және болашақта оның өзектілігі болмасына техногуманизм келіседі, бірақ ендігі мақсат – адамның әлдеқайда жетілген үлгісін, яғни Homo Deus-ті жасау үшін технологияларды қолдану деген қорытынды жасайды. Homo Deus-те адамның ең маңызды қасиеттері сақталады, бірақ оларға қоса, жаңарып-жетілген физикалық және ақыл-ой қабілеттерін иеленеді, сөйтіп, осылардың арқасында ең күрделі бейсана алгоритмдермен тайталаса алады. Интеллект санадан бөлініп жатыр және бейсана жасанды интеллект те қарқынды даму үстінде. Сондықтан ойыннан шығып қалғысы келмесе, адамдар уақыт оздырмастан өз миын жаңартуға кірісуі керек.
70 мың жыл бұрын когнитивті революция Sapiens-тің миын трансформациялаған. Нәтижесінде ол еш артықшылығы жоқ африкалық маймылдар әлемнің билеушісіне айналды. Sapiens-тің жетілген миы кенет кең-байтақ интерсубъектив әлемге өтіп кетіп, соның арқасында Құдайлар мен корпорациялар жасады, қалалар салып, империялар құрды, жазу мен ақшаны ойлап тауып, ақыр соңында, атомды бөлшектеп, Айға да барды. Білуімізше, осының бәрі – Sapiens ДНҚ-сында болған санаулы ғана кішкентай өзгеріс пен олардың миының шамалы қайта құрылуының нәтижесі. «Олай болса, – дейді техногуманизм, – біздің геномдағы тағы бірнеше қосымша өзгеріс пен мидың тағы бір мәрте қайта құрылуы екінші когнитивті революцияны бастауға жеткілікті. Бірінші когнитивті революция нәтижесінде болған ақыл-ой жаңаруы арқасында Homo Sapiens интерсубъектив кеңістікке өтіп, Жердің билеушісіне айналды; екінші когнитивті революция ықпалымен Homo Deus қиял жетпес жаңа кеңістіктерге өтіп, галактиканың билеушісіне айналуы мүмкін».
Бұл идея – бір ғасыр бұрын суперадам жасауға үндеген эволюциялық гуманизмнің ескі армандарының жаңарған нұсқасы. Гитлер мен оның жолын қуушылар селекциялық сұрыптау мен этностық тазарту арқылы суперадам жаратуды жоспарласа, ХХІ ғасырдағы техногуманизм бұл мақсатқа әлдеқайда бейбіт жолмен – гендік инженерия, нанотехнологиялар және ми-компьютерлік интерфейстердің көмегімен жеткісі келеді.
Ақыл құрдымдары
Техногуманизм адам ақылының көкжиегін кеңейтіп, бізді бұрын-соңды сезбеген әсер мен сананың беймәлім күйіне бөлемек. Алайда адам ақылын қайта құру – аса күрделі әрі қауіпті іс. 3-тарауда айтылғандай, біз ақылды түсініп болған жоқпыз. Оның қайдан шығып, қалай жұмыс істейтінін білмейміз. Сынақтар мен қателіктер арқылы менталдық күйді қолдан туғызуды үйреніп жүрміз, бірақ мұндай манипуляциялардың салдарын толық болжай алмаймыз. Одан да сорақысы – менталдық күйдің толық спектрі белгісіз болғандықтан, алдымызға қандай менталдық мақсаттар қою керегін де білмейміз.
Біз мұхит айдынындағы кішкентай аралда тұратын, енді ғана қайық жасап алып сапарға шыққалы тұрған, бірақ бағытын қай жақтан бастауды білмейтін, қолында картасы да жоқ жан сияқтымыз. Шынтуайтында, жағдайымыз бұдан да ауыр. Басқаларды былай қойғанда, қиялымыздағы аралдың тұрғындары ұланғайыр тылсым мұхиттың кішкентай ғана пұшпағын да мекендеп отырғанын біледі ғой. Ал біз болсақ, бөтен менталдық күйлердің, бәлкім, шексіз мұхиттағы титімдей ғана сана аралында тұратынымызды түсінбей жүрген болармыз.
Жарық және дыбыс спектрлерінің адам көріп, ести алатыннан әлдеқайда ауқымды екені сияқты, менталдық күйлер спектрі де қарапайым адамның қабылдау мүмкіндігінен әлдеқайда кең. Біз тек 400 бен 700 нанометр аралығындағы толқын диапазонындағы жарықты көре аламыз. Адам көзі жететін осы бір кішкентай иеліктің жоғарғы жағында инфрақызыл сәуле, микротолқындар және радиотолқындардың ұланғайыр патшалығы, ал төменгі жағында ультракүлгін рентген сәулесі және гамма-сәулелердің түнек патшалығы жатыр. Осы сияқты ықтимал менталдық күйлердің спектрі де шексіз болуы мүмкін. Бірақ ғылым оның кішкентай екі сегментін ғана – субнорматив пен WEIRD-ді (western, educated, industrialized, rich and democratic – батыстық, білімді, индустриалды), бай және демократиялық, психологиялық зерттеулер тек батыс елдерінің тұрғындары қатысатын эксперименттерде жасалады, сондықтан психологиялық процестерді дүниежүзіне ортақ деуге болмайды дейтін пайым бар. – Ред.) ғана зерттеді.
Бір ғасырдан аса уақыт бойы психологтар мен биологтар аутизмнен шизофренияға дейінгі түрлі психикалық аурулар мен рухани кеселдерден зардап шегетін адамдарға зерттеу жүргізді. Осыған орай, қазір қолымызда субнорматив менталдық спектрдің картасы бар. Субнорматив менталдық спектр деп отырғанымыз – сезу, ойлау және қарым-қатынас орнату қабілеттері нормадан төмен болатын адами тіршілік аймағы. Бұл карта әлі де толық емес, әйтсе де егжей-тегжейлі жасалған. Мұнымен бір мезгілде ғалымдар дені сау және нормаға сай саналатын адамдардың менталдық күйлерін зерттеді. Алайда адам ақылы және адами әсерлер мен тәжірибеге қатысты зерттеулердің барлығы дерлік батыстық, білімді, индустриалды, бай және демократиялық (WEIRD) қоғамдардың тұрғындарына жүргізілді. Ол тұрғындарды адамзаттың репрезентатив іріктемесі деуге келмейді. Адам ақыл-ойын зерттеу бертінге дейін Homo Sapiens дегеніміз – Гомер Симпсон деп ұйғарып келді (Гомер Симпсон – танымал америкалық мультсериалдың кейіпкері. – Ред.).
44. Адамдар электромагнитті спектрдің болмашы бөлігін ғана көре алады. Толық спектр көрінетін жарықтан шамамен он триллион есе ауқымды1. Менталдық спектр де осыншалық көлемді болуы мүмкін бе?
2010 жылы ғалымдар Джозеф Хенрич, Стивен Дж. Хайне және Ара Норензаян 2003–2007 жылдар аралығында психологияның алты түрлі саласы бойынша жетекші ғылыми журналдарға шыққан мақалалардың бәрін зерттей келе, қайран қаларлық жаңалық ашты. Адам ақылы туралы жалпылама қорытындылар жасаған бұл мақалалардың басым бөлігі WEIRD елдерінен алынған іріктемелерге негізделген. Мысалы, әлеуметтік психология саласындағы ең беделді басылым деуге болатын Journal of Personality and Social Psychology («Жеке тұлға психологиясы мен әлеуметтік психология» журналы) басылымы жүргізген зерттеуге алынған адамдардың 96 пайызы – WEIRD тұрғындары және 68 пайызы америкалық болған. Ол – ол ма, америкалықтардың 67% және америкалық еместердің 80% психология мамандығын оқып жатқан студенттер екен! Басқаша айтар болсақ, осынау беделді журнал жариялаған мақала авторлары зерттеуге іріктеген адамдардың үштен екісінен астамы Батыс университеттерінің психолог-студенттері болған. Хенрич, Хайне және Норензаян бұл басылымның атауын «Америкалық психолог-студенттердің тұлға психологиясы мен психологиясы журналы» деп өзгерту керек деген әзіл-шыны аралас ұсыныс жасады2.
Зерттеулердің көбінде психолог-студенттер жүреді, өйткені профессорлар оларды эксперименттерге қатысуға міндеттейді. Гарвард университетінің профессорына Бостонның қылмыс белең алған аудандары тұрғындарынан гөрі өз студенттеріне тәжірибе жасау әлдеқайда оңай. Ал Намибияға сапар шегіп, Калахари шөлін мекендейтін аңшы-терімшілерді зерттеу туралы сөз қозғаудың өзі артық. Алайда Гарвард студенттерін сала құлаш анкеталар толтыруға және МРТ сканерлеріне бастарын сұғуға мәжбүрлегенмен, Бостонның нашар аудандарында тұратындар мен Калахаридың аңшы-терімшілері қандай менталдық күй кешетінін біз біле алмаймыз.
Тіпті Жер шарын әрі-бері шарлап, әр қауымды зерттеген күннің өзінде Sapiens-тің менталдық спектрінің азғантай ғана бөлігін қамти алар едік. Бүгінде адамдардың бәрі заманауи тіршілікке бейімделген, олар жалғыз жаһандық ауылдың тұрғындары сияқты өмір сүруде. Тура Гарвард студенттері сияқты заманауи болмағанмен, Калахаридың аңшы-терімшілерінің бағзы дәуірлерден қалған уақыт капсуласы емес екені анық. Олар да христиан миссионерлерінің, еуропалық саудагерлердің, ауқатты экотуристердің және білім қуған зерттеушілердің ықпалына түскен (Калахари шөлінің типтік аңшы-терімші тайпасы жиырма аңшы, жиырма терімші және елу антропологтан тұрады деген әзіл бар).
Жаһандық ауыл пайда болардан бұрынғы планета бір-бірінен оқшау адами мәдениеттердің галактикасы еді. Ол мәдениеттер қазірде жоғалған менталдық күйлерді туғызған болар. Әртүрлі әлеуметтік-экономикалық ақиқаттар мен күнделікті тіршілік сананың сан алуан күйлерін дамытты. Тас дәуіріндегі мамонт аулаушы, неолит дәуірінде өмір сүрген фермер немесе Камакура самурайларының санасын қалай тексеріп бағалайсыз? Оның үстіне, жаңа дәуірге дейін мәдениеттердің көбі жоғары сана күйлері бар, ол оған адамдар медитация, рәсімдер немесе дәрілер арқылы жетуге болады деп сенді. Шамандар, монахтар мен тақуалар ақылдың құпия жатқан атыраптарын жүйелі түрде барлап, қайран қаларлық хикаялар жинап әкелетін. Олар аса жоғары деңгейдегі сабыр, сезімнің өткірлігі сияқты үйреншікті емес күйлер туралы айтатын. Сананың шексіз кеңеюі жайлы немесе оның жоқта мүлдем ыдырап кететіні туралы да сөз болатын.
Гуманистік революция нәтижесінде қазіргі заманғы батыс мәдениеті жоғары күйлерге сенімі мен қызығушылығын жоғалтып, қарапайым Джоның пенделік әсерлерін қастерлейтін болды. Қазіргі заманғы батыс мәдениетінің өзгешелігі – онда әдеттен тыс айрықша менталды күйлерге жетуге маманданған адамдар табы жоқ. Бұған ұмтылатын кез келген адам я нашақор, я жынды, я алдамшы дүмше болып қабылданады. Осылайша, бізде Гарвардтың психология факультеті студенттерінің менталдық аясының егжей-тегжейлі картасы бар, бірақ үндіс-шамандар, буддист-монахтар және сопы-әулиелердің менталдық аясы туралы білетініміз тым мардымсыз3.
Сосын бұл – тек Sapiens-ке қатысты дүние. 50 мың жыл бұрын осы ғаламшарды неандертал туыстарымызбен бірге мекендеген едік. Олар ғарыш кемесін ұшырып, пирамидалар тұрғызып, империялар құрған жоқ. Әрі менталдық қабілеттері де өзгеше болды және біз секілді талантты бола қоймады. Десе де олардың миы біздікінен үлкен еді. Олар сонша нейронды қайтті екен? Бұл жайында мүлдем бейхабармыз. Оларда Homo Sapiens ешқашан сезінбеген менталдық күйлер болған шығар. Әбден мүмкін.
Бірақ жер бетін мекендеген адам түрлерінің бәрін есепке алғанның өзінде, менталдық спектрді толық қамти алмаймыз. Өзге жануарлар біздің ақылымыз жетпейтін әсерлерге бөленетін болса керек. Мысалы, жарқанат әлемді эхолокация арқылы қабылдайды. Ол аса жоғары жиіліктегі дыбыстардың жылдам ағынын шығарады, мұны адам құлағы мүлдем естімейді. Сосын қайтып келген жаңғырықты қабылдап, қоршаған ортаның көрінісін алу үшін интерпретациялайды. Бұл көріністің егжей-тегжейлілігі және дәлдігі сонша – жарқанат ағаштар мен үйлердің арасымен жылдам ұшып, жынды көбелектер мен шыбын-шіркейді ұстағанымен қоймай, осы аралықта жапалақ және басқа да жарқанаттардан қашып үлгереді.
Жарқанат жаңғырықтар әлемінде өмір сүреді. Адам әлемінде әр заттың өзіне тән формасы мен түсі болатыны сияқты, жарқанаттар әлемінде де әр заттың өз жаңғырық-бейнесі бар. Жарқанат үлбіреген қанаттарға соғылып қайтқан дыбыстың жаңғырығына қарап, дәмді көбелек пен улы көбелекті ажырата алады. Жеуге жарамды жынды көбелектердің кейбірі қорғану үшін өзінің жаңғырық-көрінісін улы жынды көбелектікіне өте-мөте ұқсас етіп өзгерткен. Ал енді бірі бұдан да ғажап қабілет дамытты – жарқанаттың радарынан келетін толқындарды басқа бағытқа бұрып жіберуді үйренді. Біз білетін дыбыс және жарықтар әлемі қандай күрделі және у-шуға толы болса, эхолокация әлемі де сондай. Бірақ ол әлем бізге мүлдем бейтаныс.
Ақыл философиясы тақырыбындағы ең маңызды мақалалардың бірі «Жарқанат сияқты болмақ қандай?» деп аталады4. 1974 жылы жарияланған бұл еңбекте философ Томас Нагель жарқанаттардың субъектив әлемін түсінуге адам ақылы ешқашан жетпейтінін айтқан. Жарқанаттың денесі, жарқанаттың эхолокациялық жүйесі және жарқанаттың нейрондары туралы білгіміз келетіннің бәрін алгоритмдермен жазармыз-ау. Бірақ бұл бәрібір бізге жарқанаттың сезіну күйінің қандай боларын жеткізе алмайды. Қанат қағып бара жатқан жынды көбелекті жаңғырық арқылы тапқан кезде қандай күйге бөленеді? Бұл оны көрген кездегі сезімге ұқсас па, әлде мүлдем өзгеше ме?
Көбелекті радар көмегімен тапқан кезде жарқанаттың қандай сезімде болатынын Sapiens-ке түсіндіруге тырысу, сірә, Караваджоның картинасын көрген адамның не сезінетінін көртышқанға ұқтыру сияқты мағынасыз дүние болса керек. Жарқанаттың эмоциясы да ол үшін аса маңызды эхолокация сезіміне тікелей байланысты шығар. Sapiens үшін махаббат – қызыл, қызғаныш – жасыл, күйзеліс – көк түс. Ұрғашы жарқанаттың балапанына сүйіспеншілігі немесе еркек жарқанаттың бәсекелестеріне сезімі қандай эхолокацияларға бояларын кім дөп басып айта алады?
45. «Грендланд киті» әнінің спектограммасы. Мұндай әннен кит қандай әсер алады? «Вояджер» алтын дискісінде Бетховен, Бах және Чак Берримен қатар, киттің әні де бар. Жақсы ән болар деп үміттенеміз.
Жарқанат басқалардан ерекше даралана қоймас. Табиғатта бұған ұқсас жағдайлар сансыз көп болуы мүмкін. Жарқанат болудың қандай боларын білмейтініміз сияқты, кит, жолбарыс немесе бірқазанның қандай сезімдерді басынан кешіретінін түсіне алмаспыз. Олардың әлденені сезетіні анық, бірақ қалай екенін білмейміз. Кит те, адам да эмоцияны мидың лимбик жүйесі деп аталатын аймағынан шығарады, бірақ киттің лимбик жүйесінде тұтас бір қосымша бөлік бар да, ал адамда ондай бөлік жоқ. Бәлкім, осы бөліктің арқасында кит бізге беймәлім, аса терең және күрделі эмоциялар сезінетін шығар? Киттер Бах пен Моцарт түсінбейтін ғажап музыкалық әсерлерге бөленуі мүмкін. Олар бір-бірін жүздеген километр қашықтықтан ести алады және әр китте бірнеше сағатқа созылатын, тым күрделі әндерден тұратын репертуар бар. Ара-тұра кит жаңадан бір хит ән шығарады. Сосын оны бүкіл мұхиттағы өзге киттер үйреніп алып айтады. Ғалымдар бұл хиттарды жазып алып, компьютердің көмегімен талдайды. Бірақ осынау музыкалық әсерлерді түсініп, кит-Бетховен мен кит-Джастин Биберді ажырата алатын адам бар ма екен?
Бұған таңданудың қажеті жоқ. Sapiens-тің әлемді басқарып отыруының себебі эмоцияларының басқаларынан терең немесе музыкалық әсері күрделірек болуында жатпаса керек. Кейбір эмоциялық күй мен сезіну тұрғысынан кит, жарқанат, жолбарыс пен бірқазаннан төмен тұруымыз мүмкін.
Адамдардың, жарқанаттардың, киттердің және басқа да жануарлардың менталдық спектрінен тысқарыда бұдан да кең және түсініксіз атыраптар жатуы мүмкін. Жердегі төрт миллиард жылдық эволюция барысында тиісті қабілеттері болмағандықтан, Sapiens те, жарқанаттар та, динозаврлар да ешқашан сезініп көрмеген менталдық күйлердің шексіз түрлері бар деп сенімді түрде айта аламыз. Алайда келешекте мықты дәрілер, гендік инженерия, электрондық шлемдер және ми-компьютерлік интерфейстер бұл кеңістіктерге жол салуы ықтимал. Сонда жаңа аралдар мен беймәлім құрлықтарды барлау үшін көкжиектің ар жағына жүзген Колумб пен Магеллан сияқты, біз де бір күні ақыл антиподтарын іздеуге бет түзерміз.
Достарыңызбен бөлісу: |