Әож 94(574) «552/756» Түрік қағанатындағы ішкі саяси өзгерістер мен қайшылықтар



Дата29.02.2016
өлшемі55 Kb.
#31901
ӘОЖ 94(574) «552/756»

Түрік қағанатындағы ішкі саяси өзгерістер мен қайшылықтар

Сырбаева А.А., «Сырдария» университеті, Жетісай қ.


Түрік қағанатында мемлекеттің негізін қалаушы ағайынды Бумын мен Истеми қайтыс болған соң олардың ұрпақтарының арасында ауыз біршілік болмады. Әр бегзада өзіне мұралыққа алған иелігінде дербес билік жүргізуге тырысты. Мысалы 575 жылы Истеми қаған қайтыс болған соң оның ұлдары Қара Шора Жетісуды иеленсе, екінші бір ұлы Түркістан, төменгі Еділ мен Орал маңын мұралыққа алады. Истемидің орнына отырған Таспар қаған өз алдына бір билеуші еді. Ал бұл кезде қағанаттың шығыс бөлігінде Мұқан қағанның інісі және мұрагері Тобо қаған билік етіп тұрған болатын. Бұлардың ешқайсысы да қағанатқа түгел әмірі жүретін билеуші бола алған жоқ. Осы екі қаған бірінен кейін бірі өмірден өткен соң, нақтырақ айтсақ 583 жылға қарай билеуші ақсүйектер арасында азамат соғысы басталып кетті. Бұл Түрік қағанатында 20 жылға созылған (583-603) түрікаралық ішкі соғысқа алып келді[1].

Әсіресе ішкі бақталастық Батыс Түрік қағанатында қатты жүрді. Қағанаттың шарықтау шегі Тон-ябғу қаған кезінде болды. Тон-ябғу қағанға Византия императоры Ираклидің өзі тәж кигізді.[2] Испиджабтан Шашқа, Оңтүстік Ауғанстанға, солтүстік-батыс Пакистанға дейін созылған жер иелігін қамтыған қағанаттың жергілікті жердегі билеушілерінің сепаратистік пиғылы күшейді. Тон-ябғудың деспоттық билігіне жаулап алу соғыстары кезінде күшейген тайпа ақсүйектері қарсы шыға бастады. Өзара қақтығыстың алдын алуға тырысқан Күл-Баһатур өзінің жиені Тон-ябғуды өлтіріп Күл-Елбілге қаған атпен қаған сайланды.[2; 90 б.] Бірақ тайпа ақсүйектерінің келесі бір бөлігі басқа бақталасты қолдады. Сөйтіп тайпаралық соғыс басталды. Осындай ішкі тартыс нәтижесінде қағанат 630-634 жылдары Сырдарияның батысындағы иеліктерінен айырылып қалды. Мемлекет ішінде өзара билікке таласушы дулулар мен нушубилердің екі тайпалық одағы қалыптасты.

634 жылы билікке нушибилерге арқа сүйеген Ышбара Елтеріс Шир - қаған келді. Ол орталықтанған билікті сақтап түру үшін «он оқ» жүйесін күшейтті. Жаңа реформалар бойынша тайпа ақсүйектерін қаған тағайындайтын болды. Сонымен бірге әрбір тайпаға ру ақсүйектеріне тәуелсіз қаған өкілі - шад жіберілетін болды. Бұл жергілікті басшылардың саяси ықпалын тез түсірді. Бірақ қағанның әскери-саяси мүмкіндігі мұндай әрекетке жеткіліксіз болды. Нәтижесінде 638 жылы дулу тайпасы өздеріне жіберген шадтардың біреуін қаған қылып сайлап алды.Дулулар мен нушебилер арасындағы ұзаққа созылған ауыр соғыстың нәтижесінде, қағанат Іле өзені бойымен екі бөлікке бөлініп кетті. Ышбара қаған Ферғанаға қашты. Тайпааралық және әулеттік соғыс 17 жылға (640-657) созылды.

Ал бұл кезеңде Қытайда керісінше процесстер болып жатты. 581-588 жылдары бұған дейін ыдыраңқы күйде болған Қытай жұрты Суй династиясының қол астына біріктірілді (581-618); онда жасалынған экономикалық реформалар Қытайдың экономикалық және әскери қуатының тез өсуін қамтамасыз етті. Қытайдың күшейуі тұсында түркілердің басшы топтарының, әсіресе Ашин руының ішінде әр түрлі араздықтармен ашаршылық қатар жүріп жатты.

Түркі аристократиясы үздіксіз соғыстар жүргізіп, басып алған жерлерінде жеке билік орнатуға ұмтылу саясаты қарапайым көшпенді халықты қалжыратты. Оған 581-583 жылдардағы жұт келіп қосылды [3]. Осының барлығы қағандықты дағдарысқа еріксіз алып келді.

Түркі руларының жорықтары арқылы үйреншікті пайда табуы келмеске кетті Түркілер құрған мемлекет өзінің сексен жылдық тарихында көп өзгеріске түскен. Биліктің бәрін өз қолында ұстаған қаған жалпы халықпен байланысты үзіп, аз ғана топтың мүддесін қорғады. Соғыстар соларға ғана тиімді болды. Елдің негізгі бөлімі мал шаруашылдығының өнімімен күнелтті. Түркілердің басым көпшілігін жорықтардан гөрі асыл тастар мен мата саудасы қызықтырды. Қол астындағы елінің мүң-мұқтаждығымен санасқан кейбір қағандар Қытайдың империялық үкіметіне сауда қатынастарына кедергі жасамау жөнінде жиі-жиі өтініш жасап тұрды. Бірақ Қытай үкіметі шекарадағы сауданы саяси бақылау құралы ретінде қарап, неше құбылтып, шектеп отырды. Бұдан шекараға жақын аймақта бейбіт сауда жүргізуге тырысқан халық зардап шекті. 620-629 Ел қаған мен оның әскер басшылары сан мыңдаған әскерді тынымсыз жабдықтауды, атты әскерді толықтыруды қолға алды. Соғыстан түсетін табыстар мен сыйлықтарға қанағаттанбаған қаған өз халқына салынатын салықты өсіре берді. Салық әсіресе жұт жылдары (627-629) халыққа өте ауыр тиді. [4].

Ел қаған өзінен бұрынғылардың рулық-тайпааралық ел басқару жүйесіне өзгерістер енгізді: басты орындардағы басшыларды түсіріп, олардың орындарына қытайлықтар мен соғдылықтарды қойды. Жат жұрттықтардың басқаруындағы халық шектен тыс қанауға түсіп, өз билеушілеріне қарсы күрес ашуға мәжбүр болды. 629 жылы Ел қаған Шаньсида көтерілісшілерден жеңіліс тапты. Оған қарсы ілесе оғыз тайпалары көтерілді. Қытай императорының армиясы осы жағдайды пайдаланып қағанат жеріне басып кірді. Жат жұрттық басшылар тері бұрылып кетіп, Ел қаған тұтқынға түсті (630). Осылайша бірінші Түрік қағанатының тарихы аяқталды. Суй патшалығының (581-618) тұтқиыл шабуылы барысында 603 жылы Батыс және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлініп кетті[5]. Ал 630 жылы Шығыс Түрік қағанаты Таң патшалығының (618-907) тегеуірінді соққысынан ойсырай жеңіліп тәуелсіздігінен айырылды. Шығыс Түрік жері Тан патшалығы арнайы құрған «тізгіндеуші аймақтық өкімет» дейтін әскери-әкімшілік мекемелер арқылы басқаруға көшті [6]

Батыс Түрік қағандығындағы жағдай басқарақ болды. Тан патшалығы тікелей әскери күшпен бақылай алмасын сезгендіктен де Батыс Түрік жері мен Он Оқ елін Тан ордасына қызмет етуге құлшынған қуыршақ хандар арқылы басқару саясатын ұстанды. Әлкей Марғұлан ол хандарды «табғаш хандар деп атады.[7]

Түрік халқы тұтастай алғанда кіріптарлыққа, бодандыққа тап болып ауыр күнді басынан өткізуге мәжбүр болды. «Түрік бектері түрік атын жоғалтып табғаш бектердің табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды. Елу жыл ісін, күшін берді»[8]. Мұнда аталып отырған 50 жыл дәл 630-679 жыл аралығындағы бодандық дәуірдің өзі болатын. Бұл дәуірде Орта Азия мен Тан империясы арасындағы саяси-әскери жағдайда орасан өзгерістер болып жатқан еді.

Құтылық қаған таққа отырысымен (682-684) алдымен Тан империясының әскери қамалдарын талқандап ордасын Қарақұмнан Отукенге апарып орнату арқылы Гоби құмының екі жағындағы империяның тізгіндеуші үкіметін жойды. Сөйтіп азғана уақыт ішінде Шығыс Түрік қағанатының байырғы территориясын қалпына келтірді де, енді Батыс Түрік жерін бағындырып, біртұтас Түрік қағанатын қалпына келтіру жоспарына кірісе бастады. Ол үшін алдымен Батыс Түрік жеріндегі «Табғаш қағандар» билігін жойып, Тан патшалығының әскери базаларын талқандау керек еді. Ол бұл жорыққа мұқият дайындалды. Жорық екі кезеңге бөлінді:

1-кезең 685-690.

2-кезең 690-691.

Тан патшалығының билігі 685 жылы жесір патшайым У Зытиянның қолына өтті. Ол ел билеумен дипломатияда өзінше көптеген өзгерістер жасауға ұмтылғанмен империяны ауыр зардаптарға ұрындырды. Асана Хұсрау қолбасшы Тан империясына «Төрт қала бекінісін» қаратып берді Өзі Суяб қаласына орнығып алды да Шығыс Түріктердің батысқа жорығын тоқтатып тастады.

Тан патшалығы 689 жылы көктемде тобандарға қарсы кең көлемді әскери жорыққа аттанды. Тан патшалығының жорыққа аттанған таңдаулы армиясын тобандар талқандап, «Төрт қала бекінісінің» Суябтан басқасын басып алды. Сол тұста Шығыс Түрік қағанатына қарсы аттанған Тан патшалығының армиясы да ешбір әскери табысқа жете алмай қайтып оралды. Осындай оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған Құтылық әскері батысқа бірінен соң бірі аттанып он тайпа жеріне ішкерілеп ене бастады.

Бұл тұста Он тайпа еліндегі Бес Дулаттың белді тайпасы болған түргештер барынша күшейіп келе жатты. Түргештердің көсемі Өжелі Баға тархан еді. Ол өз кезегінде табғаш қаған Хұсраудың қол астындағы Баға тархан болып істеген. Ол бытыраған елінің басын қосып Суябтың батыс-солтүстігіне шоғырлана қоныстандырды. Шығыс Түрік әскері Суябты басып алған кезде түргештер пәлендей қарсылық көрсетпеген болатын. Бірақ Құтылық қаған армиясының Суябқа біржола орнығып қалуына да көнгісі келмеді. Сондықтан Өжелі Бағы тархан өзіне қарасты елін басқаруға әкімдер тағайындап әскер дайындығын күшейтуге тырысты. Тан патшалығы да өзінің батыстағы бірқатар бекіністерінен айырылып қалғанына өкініп қайтарма шабуыл арқылы қалпына келтіруге кіріседі Түркештердің Баға тарханымен астыртын байланыс орнатты шығыс түрік қағанатына қарсы әскери жорық жоспарына келіседі. Суяб бекінісі үшін Түркештермен болған соғыста шығыс түріктер ойсырай жеңіліп шегінуге мәжбүр болды.

Осындай өте қолайлы геосаяси жағдайда Түркеш қағанаты құрылып шықты. Бұл дәуірде Түркештердің төрт тарапында аса қуатты әрі агрессиялық Тан империясы, шығыс Түрік қағанатында Тобанбар, Араб халифаты тұс-тұсынан анталап бәрі де Түркештерді бағындырып алуға, тым болмаса өзіне одақтас күш ретінде пайдаланып қалуға ұмтылды.

Өжелі Баға тархан түркештер болса өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ең алдымен ел ішіндегі бес дулат пен бес нушебе арасындағы татулықпен бірлікті қамтамасыз ету мақсатында әскери әкімшілігін құру арқылы қатаң тәртіп бойынша бақылауды күшейтті. Әсіресе Тан империясына арқа сүйеген он оқ еліне өктемдігін жүргізіп келген табғаш қағандарының қалдық күштерінің бүлдіру әрекетімен аяусыз күресуге тура келді. Әрі Тан патшалығының ашық күресінен сақтанып оны шығыс Түрік қағанатына қарсы күресте одақтас етуге ұмтылды. Тобандармен негізінен одақтық негізде тату көршілік сақталды деуге болады. Ал арабтармен бұл кезде ашық қарым-қатынас бола қайған жоқ.

VII ғасырдың соңында Құтлық қаған бастаған шығыс түркі тайпалары Қытайға қарсы өлермендікпен жүргізген соғыстың нәтижесінде өз тәуелсіздіктерін қалпына келтірді. Құтлық өзіне Елтеріс қаған деген лауазым алды. Қағанаттың орталығы Өтікенде (Хангай таулары) орналасты, ал оның батыс шекарасы Алтай тауларымен шектесті. 691жылы Елтеріс қайтыс болғаннан кейін, билікке оның ағасы Қапаған қаған (691-716) келді. Оның кезінде Шығыс Түрік қағанатының әскери-саяси қуаты күшейді.Солтүстік Қытайдағы қытай армиясына қарсы бірнеше сәтті жорықтар, қидандарды талқандау (696-697), Туваны басып алу, Енисей қырғыздары мемлекетін талқандау (709-710) Қапағанды Орталық Азиядағы билеушіге айналдырды. [2; 92б.]

Сонымен қатар осы кездері Батыс Түркі қағанатындағы шашыраңқы билікті құрамындағы ең күшті тайпа түркештер бір орталықтандырып өздерінің мемлекеті Түркеш қағанатын құрды.

699 жыл түргештердің билеушісі Үш-Елік Батыс Түрік қағанатындағы бәсекелесі Хосрау Бөрі шадты Қытайға қарай қуып жіберіп, Шаштан Турфанға, Бесбалыққа дейінгі жерде өз билігін құрды. Хосрау Бөрі шадпен бірге Бесбалыққа оған бағынышты 50-60 мың адам көшіп кетті. Бесбалықтағы ірі Қытай гарнизонымен қосылған Ашина руының ақсүйектері Түргештер үшін өте қатерлі қауіп болды.

704 жылы билікке таласушылардың бірі Ашина Сянь Бөрі шадпен бірге Жетісуға аттанды. Түргештер бірнеше жауап жорықтарын жасады және Шығыс Түркістанға үлкен жорыққа дайындала бастады.

Үш-Еліктің мұрагері Сақал қаған кезінде тайпалық ақсүйектер қытайлықтарға сүйене отырып алғашқы көтерілістерін бастады. Сақал көтерілісшілерге ауыр соққы беріп, Кучедегі Қытай наместнигінің армиясын талқандады. 708 жылғы Кучеге жасалған жорықты Тан империясының Жетісуға шапқыншылығын тоқтату үшін кезінде Үш-Елік дайындаған болатын. Далалық шайқаста қытай әскерлері ауыр соққы алып, наместник Аньси Ню Шицзяннің өзі көптеген қолбасшыларымен қаза тапты. Осылай түргештерге қауіп біраз уақытқа сейілді. Көп ұзамай көтерілісті Сақалдың інісі бастады. Ол Шығыс Түрік қағаны Қапағаннан көмек сұрады. 711 жылы Қапағанның баласы Инел және әскери қолбасшы Тонұкөк бастаған шығыстүрік әскерлері Сақал армиясын Жоңғариядағы Болучу өзенінде талқандады. Жауласқан екі бауырда Қапағанның бұйрығы бойынша жазаланды.

Түргеш қағанаты өз дамуының шырқау шегіне жеткен кезде Тан патшалығының арандатуына елігемін деп 711 жылы Болучу даласындағы жеңіліске тап болады. Қағанынан үлкенді- кіші Шор, Еркінен айырылған түргештің қара халқының бір бөлегі Шығыс Түрік қағанатына бағынды аздаған бөлігі Кеңерес жаққа барады. Тағы біраз бөлігі Тан патшалығы иелігіндегі «төрт қала бекінісі» маңайына Тан ордасын қолпаштап отырған табғаш Қаған Асана Шияңды жағалайды. Шығыс Түрік қағанатымен тікелей қақтығысқа араласпай «төрт қала бекінісі» негізгі күшін сақтап Тан империясы ендігі жерде бірден белсенді әскери қимылға көшкенін көреміз.

Қорыта келе, мемлекеттің негізін қалаушы Бумын қаған мен Истеми жабғу өмірден өткен соң олардың ұрпақтары әскери күш-қуаттарын дұрыс емес бағытта жұмсауының нәтижесінде қағанаттың беделімен қоса аймақтық ықпалын да әлсіретті. Мұның ақыры кейін түріктерді қытай бодандығында болуға алып келді. Жарты ғасырдай уақыт өткен соң қағанат қайта қалпына келтірілгенмен бұрынғы қуатын қайтара алмады. Даланың қатал заңына сәйкес әлсіреп қалған Түрік қағанаты тарих сахнасынан кетіп, көшпенділер өлкесіндегі билеушілік құқықты өздерінің құрамында өмір сүрген Түргеш тайпасына өткізді. Түргеш қағанаты өзі өмір сүрген алпыс жылдай уақытты тәуесіздіктерін сақтап тұру үшін шетел басқыншыларына қарсы, атап айтсақ Тан империясы мен Араб халифатына қарсы күреспен өткізді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в средней Азий древние времена. Том I. М-Л.; 1950, 229 стр.

  2. История Казахстана и Центральной Азий под.ред., Абусейтова М., Кляшторный С.Г. 90 стр.

  3. Аманжолов К., Рахметов . Түркі халықтарының тарихы. Алматы, 1996. 1-кітап., 86 б.

  4. Дәулетханов Ә. Түркеш қағанаты (саяси және мәдени тарихи зерттеу
    жылдар) Тар. ғыл. кан. автореф. 2002, 23 б.

  5. Груссе Р. Империя степей: история Центральной Азии. Аламаты, 2003, 109 стр.

  6. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Исследование. Л.1990, 287 стр.

  7. Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар. Алма-Ата, Жазушы, 1985, 98 б.

  8. Күлтегін үлкен жазу.78-қатар. М.Жолдасбеков аудармасы.Алматы, 1996, 48 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет