1.3. Міржақып Дулатұлы тілдік тұлғасының лингво-когнитивтік деңгейі. Когнитивтік лингвистика өз бастауын философиядан алатыны мәлім. Себебі бұрын тіл және ой, ой жүйесі мәселелері біріктіріле қарастырылған. Когнитивтік тіл білімі мәселелері шығыс ойшылдары Әл-Фараби және көне грек ойшылдары Аристотель, Платон, Сократ еңбектерінде алғаш қарастырылады. Бұндағы басты ерекшелік тілдің танымдық деңгейін айыруға ұмтылыс жасауда жатыр. Шетел тіл білімінің В.фон Гумбольдт және оның ізбасарлары еңбектерінде алғашқы тілді тану талпыныстары жасалды. Когнитивтік лингвистиканың алғашқы мәселелерін шешу Н.Хомский, М.Джонсон, Дж.Лакофф, Р.Лангакер, А.Вежбицкая т.б. зерттеушілердің еңбектерінде орын алады.
Бұл мәселелер орыс тіл білімінде Ю.Д.Апресян, Е.М.Кубрякова, Ю.Н.Караулов, А.Вежбицкая, Н.Д.Арутюнова, Д.С.Лихачев, В.А.Маслова, т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен қарастырылады. Танымдық тіл білімі тілдегі ұлттық мәдениет нышандары мәселесімен түйіседі де, бір-бірінің жүйелік деңгейлері аралас күйде ғылымға айналады. Лингвомәдениеттану ғылымы мен когнитивтік лингвистиканың бірлесе қарастыратын мәселелері осы байланыстан туындайды. Когнитивтік лингвистика мен лингвокультурология бір-бірімен тығыз байланыста, алайда өзіндік зерттеу ілімдері әр қилы. Мұны В.А.Маслова былайша жіктеп береді: «Если когнитивная лингвистика, вкупе с когнитивной психологией и когнитивной социологией, образующие когнитологию, пытаются ответить на вопрос о том, как в принципе организовано сознание человека, как человек познает мир, какие сведения о мире становятся знанием, как создаются ментальные пространства, то все внимание в лингвокультурологии уделяется человеку в культуре и его языку, здесь требуется дать ответы на многие вопросы, в числе которых следующие: каким видит человек мир, какова роль метафоры и символа в культуре, какова роль фразеологизмов, удерживающихся в языке веками, в репрезентации культуры, почему они так нужны человеку?» [1,8].
Қазақ тіл білімінде Ә.Қайдар, К.Хұсайын, Ж.А.Манкеева, Г.Н.Смағұлова, Н.Уәлиев бастаған лингвомәдениеттану мектебі қалыптасты. Бұнда когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану мәселелері кейде аралас, кейде өз алдына жеке зерттелу үстінде. Мәселен, Ислам Айбарша «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті», Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана», Э.Оразалиева «Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы» т.б. Осы мектеп өкілі Ш.Елемесова «Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары» еңбегінде «концепт» термин түсінігін үш топқа бөліп жүйелейді: 1.Концепт ұғымға синоним ретінде қолданылады. 2.Концепт – тіл иесі халықтың жеке тұлғаның (индивидуалдық) және ұжымдық санасындағы ұғымдардың орнын алмастырушы. 3.Концепт салт-дәстүр, ауыз әдебиеті үлгілері, дін мен идеология, адамның өмірлік жеке тәжірибесі мен мәдени маңызды құндылықтар жүйесінің өзара әрекетінің нәтижесінде қалыптасатын «әлем бейнесінің» ментальді құрылымын көрсетеді [11,94].
Өз жұмысымызда когнитивтіктен гөрі мәдени концептілік мәселесін жеке автор тілінен іздейміз. Мәдени концепті когнитивті концепті сөзінің беретін мәнінен өзгеше. Мәдени концепт – лингвомәдени таным бірлігі, онда ұлттық мәдениет көріністерінің жиынтығы бейнеленеді. Біздің мақсатымыз - М.Дулатұлын қазақ ұлтының бөлшегі ретінде қарап, оның тіл ерекшелігіндегі мәдени концептілердің жүйелік өзгешелігін ашу. Себебі адам - өз ұлттық мәдениетін бойына жинақтаушы субьект. Мәдени концептке ұлттық мәдениетке жататын барлық ерекшеліктер тән: 1) ұлттық ойлау; 2) ұлттық қабылдау; 3) ұлттық этикет; 4) ұлттық сөйлеу; 5) ұлттық ой қорыту; 6) ұлттық діл; 7) ұлт ұстанатын дін ерекшеліктері. М.Дулатұлының ағартушылық еңбектеріндегі «ұлтсүйгіштік, ұлтқа жаны ашушылық» концептілер ерекше түрде келеді. Бұл концептілердің мәнін айқындауды көкейкесті, қызықты, игілікті, борышты іс деп ұғыну қажет. Сонымен концепт туралы ойларды қорыта айтқанда, концепт жайлы А.Вежбицкаяның анықтамасын келтірген дұрыс деп есептедік: «Адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген және атаулары бар ғаламның тілдік бейнесі» [12,85].
М.Дулатұлының шығармаларындағы басты ерекшелік - ХХ ғасыр басында пайда болған ағартушылық ниеттен туған жаңа мәдени концептілер жүйесінің мол көрінуі. М.Дулатұлының көркем, көсемсөз, сыни, зерттеу шығармаларының өн бойындағы қазақ ұлтының ұлттық мәдени нышандарын бейнелейтін концептілер жүйесін былай топтадық: 1) «Ұлтжандылық» концептісі; 2) «Ислам діні» концептісі; 3) «Әйел теңдігі» концептісі; 4) «Надандық» концептісі; 5) «Оқу, білім, өнер» концептісі; 6) «Қазақ тілі» концептісі. «Ұлтжандылық» мәдени концептісі. М.Дулатұлы шығармаларында «ұлтжандылық» концептісі оның қазақ ұлтының бір бөлшегі ретінде ұлтына қызмет ету мәнінен көрінеді. М.Дулатұлы шығармаларында ұстанған ең басты кредосы - «ұлтжандылық», ұлтына жаны ашу. Мұндағы тірек концептілер (тірек сөздер) күшті логикалық мәнде құрылған күйінде қолданылады. «Ұлтжандылық» концептісі Махамбет, Абай жырларынан бастау алып, ағартушылар шығармаларынан жалғасын тапқан. Мәселен, Махамбеттен келтірсек; Қорлықта жүрген халқына; Абай: Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, т.б. М.Дулатұлының «Ұлтжандылық» концептісіндегі ең басты тірек сөзі «Оян, қазақ!». «Ояну» семемасы «ұйқыдан тұру» болса, «надандықты» ақын «ұйқы» лексемасымен береді. «Надандық» сөзі мынадай синонимдер парадигмасымен беріледі: қараңғы, ұйқы, түкпір, ұмыт қалу, таршылық, ғафилдік, тұманға кіру, ғафилдік ұйқысы, надандық шәрбәтіне мас болу т.т. Бұған «ұлтжандылық» концептісіндегі «ояну» ауыс мағынадағы мәдени категориясын ақын қарсы қояды: көз қою, көңіл ашу, файда табу, дінді тану, ғылым оқу, һүнерлі (өнерлі) болу, орысша оқу, зейін арту, талап тау кеседі, ғақыл тағу, тағлым алу т.т. Ұлтжандылық концептісі М.Дулатұлының мәдени кеңістігінің бір тармағы ретінде ашылады. «Мәдени кеңістік – мәдениеттің оның өкілдерінің санасында өмір сүру формасы. Мәдени кеңістік когнитивтік кеңістікпен сәйкес, өйткені бір мәдени-ұлттық қауым өкілдерінің жеке немесе ұжымдық кеңістігінің жиынтығынан құралады» [1,48]. Қазақ мәдени кеңістігі үшін, «жер», «еркіндік» ұғымы болса, Міржақып мәдени концепциясының жүйесіндегі категорияны «қазақ жері» сөз тіректері құрайды.
«Ислам діні» концептісі.М.Дулатұлының «ислам діні» концептісі - дүниеліктен арылған, яғни діни фанатизмнің жұрнағы жоқ дүниетаным. Керісінше, ислам діні қазақтарды оқуға, имандылыққа, тәртіпке шақырып, әлемдік мәдениет ғасырлар бойы жинаған дінде көрініс тауып, бекіген құндылықтарды меңгеруге шақырушы күш. Сол кездегі ағартушылар ислам дінін қазақты алға сүйрер күш ретінде есептейді, М.Дулатұлының ойынша, ислам діні белгілі бір тәртіппен уағыздалса, сонда ғана қазаққа мол пайда боларын кәміл түсінеді.
Әуелі үйренетін бір ғылымың,
Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
Шарттарын исламның кәміл білсең,
Ахиреттік азық берер шын ғылымың.
Бұйырған, тыйған ісің шариғаттың: [Іт,80б].
«Ислам діні» концептісінің тірек сөзі - «аллаға сыйыну» М.Дулатұлында да кездеседі. Оның «Я, алла!» өлеңінде жаратқаннан өз халқына әділдік, ғылым, өнер, білім сұрайды. Бұл оның рухани дүниесіндегі «сенім» категориясының бәйтерегі, яғни жоғары ұлттық мәдениеттегі көрсеткіші. Міржақып «Алланың алдында бәрі пенде» деген қағида ұстанады. «Әйел теңдігі» концептісі, тезаурусы, концептілік құрылымы.Әйел теңдігі концептісі бұрын қазақ тілінде ғашықтар өмірі, мұңы, сүйген адамдардың суреттеген лирикалық шығармаларынан көрінетін. Мәселен, Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу т.б. М.Дулатұлының шығармашылығында екі тақырыпта байқалады: 1) Көркем шығармалары. («Бақытсыз Жамал» романы, «Балқия» пьесасы); 2) Мақалалары. Әйел теңдігі мәселесін қазақ әдебиетінде тұңғыш жазған адам – М.Дулатұлы, сондықтан бұл концептінің тезаурусын көптеген тірек сөздер құрайды. Бесікте жатқан ұл мен қыз балаға, Ата-анасы болады құда, Өскен соң бірін-бірі сүймей тұрса, оны нешік қосуға көп болады. Бір адамның қатыны өлген болса, өзі алпыс-жетпіс жасқа келген болса, айттырып он бес жасар қыз алады. Атасына малды көп берген болса. Әйел теңдігі концептісінің когнитивтік моделі. 1) Әйел – ана. Әйел біреудің анасы; Бүкіл халықтың тәрбиесі -әйелдің қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Қазақ –қырғыз әйелінде теңдік, адамгершілік, сүйіспеншілік болмаған соң, ол кімді жақсылап тәрбиелесін. Сатылып кейбір қыздар кете барар. 2) Қыз - қалың мал құрбаны.Айттырып он бес жасар қыз алады. Атасына малды көп берген болса; қалады бейшараның обалына, оның дағы өзі теңі бар еді ғой; адамның қызығады малына адам; 3) Қыз – кемдік. Хисабы күң орнына бағаланар; тақия тігетін беретін, «әйел бала демеңіз», әйел дәріс айтып елге бас болмас; тоқалдан туған қыз; «ұрғашының шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы; «қатын-дұшпан» деген осы; «Әйел теңдігі» концептісінің концептілік құрылымы. 1.Малына қызығады – фрейм. Әйел құрбандық, тауар құндылығы ғана. Мысалы, Біреу байдың малына «қызығады», «құда боп қызымды ал»,- деп қыздырады. 2. Көз жасы – ойсурет. Малға сатылған қыздың бейнесі «аянышты» коннотекасына ие. Мысалы, Жылаған көз жасына қарамайды, обал, сауап болғанын санамайды. 3. Тоқал алу – фрейм. Санада әбден бекіген дәстүр. Мысалы, Байлар тоқал алады қызмет үшін. 4.Қор болу – сценарий. Теңсіздіктен туған, қалыптасқан ұғым. Мысалы, Разы болып Жұманға барсам, ғұмырымша қор боламын ғой. 5.Қалың мал – фрейм. Стереотипті жүйе: қыз - қалың мал – қор болу. Мысалы, Қалың мал аз күннің ішінде жоғалып бітпейді. Міржақып шығармашылығындағы «әйел теңдігі» концептісі бұрынғы келе жатқан кертартпа салтқа қарсылық жүйесінен тұрады. Бұл концепт те бұрын қазақта болмаған тың ой жүйесі. «Надандық» концептісі. Ағартушы танымында бұл концепт адамды тұңғиыққа батырар, зор «Күшті жауымыз – надандық. Бұл надандықты жеңбей, одан құтылмай отырып, тоқсан тоғыз бостандық болса да, жұрттың ілгері басуы қиын» деп қауіптенеді. «Надандық» концептісіне құрылған тезаурус қараңғы, ұйқы, түкпір, ұмыт қалу, таршылық, саңырау, түнек, ғафилдік, тұманға кіру, ғафилдік ұйқысы, надандық шәрбәті, қара тас, сөз тіркестерін құрайды. «Оқу», «ғылым», «өнер» концептісінің когнитивтік моделі. Бұл концептіде үш ірі ұғым біріктіліп беріледі, себебі Міржақып үшін Абай, Шоқан, Шәкәрім ұстанған жүйе – ең басты жол. Оқу, ғылым, өнер қазақ үшін ең асыл, қол жетпейтін арман болғандықтан, ағартушылар бұл ұғымды бірдей қолданады. 1.Өнер – ғажап. Жүргізді автомобиль ат жекпестен; Ғамал ғып пароходпен; аз күнде жеткізеді бұл отарба; телеграф және шықты сым темірсіз; машина электрический және келді; 2.Өнер – жастардікі.Шығады асыл – тастан, һүнер – жастан; һүнерпаз қара жерге салар қайық; қанағат, көп білдім деп етпе һүнерге; біздің халық һүнерден жатыр жырақ 3.Оқу, білім – ояну. Орысша оқып һүнерлі болалық; оян, қазақ, көтер басты; құтылып надандықтан ғылым тапса; қазақты ояталық етіп һүммәт; қазақты төрге сүйреп жеткізші; ғылымның талиблары нұрын төккей, жатпалық жастар. 4.Оқу, ғылым – шәкірт. Шәкірт кітап ұстап, ойлайды ол: «ашсам сырын, тапсам ғылымжұртым-ау, қылсам еңбек, болып құлың...»; көніп жүр таршылыққа неше жылдай,қыс оқып, жаз ақша іздеп, ешбір тынбай; ұлтына қараңғыда қамаулы өскен, жарқырап жарық сәуле болғандай бас; 5.Оқу, ғылым – жалғыз үміт, тірек. Басқалармен жарысуға, тартысуға оқу- білім керек; қазақ баласына оқуға жабысудан басқа жол қалған жоқ. Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақсақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. 6.Оқу, ғылым – Абай, Шоқан үлгісі. Ғылымсыз сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып; орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқаны; мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп; танымы ауқымды; әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай;Абайдың аты жоғалуы, ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей: (Оқу, ғылым → Абай → қазақ ұлтының оқу, ғылымға ден қоюуы құрылымы туындайды). 7. Оқу, ғылым – медресе, мектеп. Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта; Медресеге сайлансын екі молла, бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша; мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі жеңіл һәм мақсатқа тез жетерлік орысша, ана тілінде араб харпімен оқытылуы тиіс; бізде кеудемізді қағарлық мектеп-медреселер жоқ; Медресе «Ғалияны» естімеген қазақ жоқ;