Ерлігі ерек ер екен



Дата25.02.2016
өлшемі45.87 Kb.
#20663
Ерлігі ерек ер екен

Жәкен Әңкішұлы Тілеубаев 1920 жылы қазіргі Ұлытау ауданын­да­ғы Арғанаты өңірінде дүниеге келеді. 1939 жылы Қарағанды облы­сы, Қарсақбай аудандық әскери ко­мис­сариатынан азаматтық боры­шын атқаруға шақырылып, Примор­ск бронетанк және механика­лан­дырылған дербес бригадасының құ­ра­мында әскери қызмет жасайды. Ұлы Отан соғысы басталған бетте, осы құрама тұрақты әскер ретінде алғашқылардың қатарында майданға кіріскен.

Жәкен заманына сай 7 сынып­тық орта білім алып, одан соң оқы­тушылар семинариясын бітірген ма­ман екен. Әскерде №56 армияның құ­рамындағы №63 Таман танк бри­гадасында, Т-34 танкінің атқыш-радисі болыпты. Ол қызмет жасаған әскери құрама 1942 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік-Батыс ба­ғыт­тағы ұрыс қимылдарына қатыс­қан. 1943 жылғы 11 қарашада Ук­раи­наның Қырым автономиялық рес­публикасындағы Керч облы­сы, Ленин ауданына қарасты Бонда­ренково селосы маңайында, Тимиров тауының 104,7 биігінде орналасқан неміс әскери плацдармын жою үшін өткен қиян-кескі ұрыста қаһар­мандықпен қаза болыпты /САОМ де­ректері/. Жау снаряды тиген тан­кісі отқа оранған шақта өз жанын арашаламай, өрт құрсауында тұрып фашистерге оқ жаудырған. Ұрыс барысында немістің үш зеңбірегін, екі дзотын, отыз шақты солдаттары мен офицерлерін жойып, жастығын ала кеткен танк командасының ер­лігінде Жәкеннің үлкен үлесі бар. Бұл дерек Керч қаласының солтүстік шығысында, 3,5 шақырым жерде жан тәсілім еткен майдангердің №49808 жеке ісінің қосымшасында қол­мен жазылған /Марапаттама құжат­тарынан/. Приморск бронетанк және механикаландырылған же­ке құрамасының командирі полков­ник Дегуновтың 1943 жыл­ғы 25 желтоқсандағы №03К ұсыны­сымен Кеңестер Одағы Жоғарғы Ке­ңесінің Президиумы Жәкен Әң­кіш­ұлы Тілеубаевты неміс басқын­шыларымен соғыста көрсеткен қа­һармандығы мен ерлігі үшін 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен ма­рапаттапты. Алайда, Кеңес Ар­миясы мұрағатына қатысты дерек­терге «Секретно» деген қара құлып салынуы салдарынан көп адам тағдырының сыры көп жылдар бойы ашылмай келді. Сорақысы сол, облыс аумағынан әскерге алынған майдангерлер жайлы мағлұмат бе­ретін «Боздақтар» кітабының 255 бетінде «ТИЛЕУБАЕВ Жакен. Род. в 1920 году. Призван нынешним Жездинским РВК. Пропал без вести» деп жазылған.

Жәкеннің әкесі Әңкіш 1959 жылы, анасы Үміт 1966 жылы дүниеден өтті. Мен осы атам мен әжемнің баурында өстім. Екеуі де 15 ұл-қыздан қалған жалғызды өлдіге қимай, «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деп, үміт сауып өтті. Көздері тірісінде ешқандай аят, дұғаға атын қостырған жоқ. КСРО әскери мұрағаттарына ұзақ жылдар бойы қайта-қайта сұрау салып, хат жолдаған ағаларым Хамит Әбілов пен Сайлаубай Әңкішев те қайран бауыр тағдырының ақи­қатына көздері жетпей дүниеден баз кешті. Жәкен жайлы айтылған «Пленге түскен екен», «Америкаға өтіп кеткен екен» деген сияқты ел ау­зындағы жел сөздер ата-анасы мен туыстарының жүрегін қанжар сұқ­қандай жаралайтын-ды.


Үміт үзбей, талмай іздестіру нә­тижесінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соны дерекке қол жеткіздік. Ресей федерациясы, Подольск қаласы, РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұ­рағаты берген анықтамада «...ра­дист 63 танковой бригады 56 армий, ст. сержант Тлеубаев Жакен Анкичевич, 1920 г.р., уроженец Карагандинской обл. призван Карсакпайским РВК Карагандинской области. Погиб 11 ноября 1943 года, высота 133,3 что 3,5 км северо-восточнее г. Керч, Автономная республика Крым, Ук­раина...» делінген. Өкініштісі, бұл хабарды ата-анасы мен бауырлары естіген жоқ. Тек, атамның баурында болған мен, Сайлаубайдың балалары, өзге де туыстарымыз біліп отырмыз. Жоғарыдағы құжаттарды негізге алып, марқұмның жерленген ор­нын нақтылау үшін 2010 жылғы 17 тамызда Украинаның Керч қала­лық әскери комиссариатына хат жол­дадым. Арада он күн өткенде «Керч тарихи-мәдени қорығы» ме­ке­месінен, 1 қыркүйекте Керч әс­кери комиссариатынан жауап кел­ді. Екеуінің мазмұны бірдей, мәтіні төмендегіше: «...ст. сержант Тлиубаев Жакен Анкичевич, 1920 г.р. воевавшего в составе 63 Таманской танковой бригады 56 армии, братская могила или мемо­риальные знаки с указанием имен погибших, сообщаем, что инте­ре­сующая высота расположена около села Бандаренково, Ленинского района, Автономной республики Крым. Братских могил и мемориалов в районе этой высоты нет.
С ноября 1943 г. по апрель 1944 г. частями Красной Армии пред­принимались неоднократные по­пытки овладеть этим районом. Однако взять хорошо организованный фа­щис­тами участок обороны не уда­лось, пока 11 апреля 1944 г. немецко-фащистские войска не оставили его.

Информация ЦАМО РФ о том, что местом захоронения является вы­сота 133,3, на наш взгляд под­тверждает факт, что Тлиубаев Ж.А. действительно сгорел в танке в ра­йоне этой высоты». Сұрапыл со­­ғыс жағдайында қыршын кеткен ер­лерді ақ жуып, арулап қоятын жағ­дай жоқ, әркімнің пешенесіне не жа­зылса, сол болады ғой.


Жоғарыдағы хабарды алған соң, қаза тапқанына 67 жыл өткен кезде, яғни, 2011 жылғы шілдеде Жәкеннің аруағына бірінші рет арнайы дұға бағышталып, құдайы ас берілді. Ендігі мақсат, Алла қаласа, марқұмның қаза тапқан жеріне дүниеге шыр етіп келгенде кіндік қаны тамған туған топырағынан бір уыс ала барып, аруағына құран бағыштату, тәу ету. Әйткенмен, бұл игі мақсаттың орындалуы, Керч қаласын қорғап қаза тапқан бауырластар қабірінің мемориалдық тақтасына, нақты жерленген орны белгісіз болса да, сол кездегі отандас елдің азаттығы үшін қаза болған ердің есімін енгізуге байланысты. Аталған мәселені шешетін Керч калалық әкімшілігі мен әскери ко­миссариаты екен. Оларға арнайы сұ­раныс хат және тиісті әскери құ­жаттардың көшірмелері жолданды. Алайда, Жәкен қаза тапқан жер қазір бөтен мемлекеттің аумағында орналасқандықтан, жеке адамға қатысты сауапты істі атқаруда бі­раз қиындықтар кездесуде. Осыған орай, майдангерге қатысты туыс­тарының сұранысын орындатуға мемлекетаралық келісім шарттар негізінде облыс басшылығы, әскери комиссариат пен ардагерлер кеңесі өз тараптарынан қолдау жасағаны дұрыс болар еді.

Отан үшін опат болған қыршын жастың тағдырына қатысты ақиқат кесірлі кеңестік қоғамның керанау саясаты салдарынан 70 жылға жу­ық бүркемеленіп келді. Елі үшін шыбын жанын құрбандыққа шал­ған есіл ердің елеусіз қалған есі­мі құжаттар негізінде қайтадан жа­рыққа шығып, адамдық арына, азаматтық борышына селкеу түсір­меген әрекетіне, қаһармандық қи­мылына көз жеткенде ағайын-ту­ыстың қуанышында шек болған жоқ. Ер есімін еш қалдырмай, кеш те болса ұлықтар сәттің туғаны бұқара жұрттың назарында болса деген оймен қолға қалам алдық. Жәкеннің жалындап өткен ғұмыры, Отан үшін от оранған ерлігі бүгінгі жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі болса екен. Имани шараны Алланың ризалығы үшін іске асырудың шарапаты са­лауаттан, парызы сауаптан болары екібастан.

Батырдың туып-өскен жері – Қарағанды облысы, қазіргі Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылдық округі. Әскерге шақырылған шағында Қарсақбай кентінде тұрған мекені – Огородный көшесі, 20 үй. Әлі бар. Қарсақбайдың мектебінде бала оқытып, 1939 жылы осы жерден әскерге шақырылған. 23 жылдық қыс­қа ғұмырында жер бетінде тек өнегелі іс, өшпейтін із қалдырып үлгерген боздаққа Алланың рахымымен жұ­мақтың төрінен орын тисін дейміз. Ал, бүгін қайта жаңғырған есімі мен ерлігі ұрпақ жадынан өшпеуі үшін жергілікті билік өкілдері – аудан һәм кент әкімдері мен депутаттар, өзге де зиялы азаматтар күш біріктіріп, оң әрекет жасайды деп үміттенеміз.
Мұқанбетжан ӘБІЛҰЛЫ.

ТЕМІРТАУ қаласы.



Орталық Қазақстан. - 2012. - 24 қаңтар (№ 13). - 3 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет